Жаһандық бастамалардың белсенді қолдаушысы

Жаһандық  бастамалардың  белсенді қолдаушысы

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері халықаралық қауымдастықтың тұрақты әрі белсенді мүшесі ретінде өз орнын алып үлгерді. Соның ішінде Қазақстанның бітімгершілік күштерінің қызметін арнайы қарастырған жөн. Қазақ жауынгерлері тәуелсіздіктен кейін ең алдымен Тәжікстандағы қимылдарға белсене қатысып, дұшпандардың бетін қайтарғандығының өзі бір дастанға арқау болар ерлік жыры еді. Сонан бергі ширек ғасырдан астам уақытта Қазақстанның қарулы күштерінен іріктелген жауынгерлер алыс шетелдердегі түрлі қақтығыс ошақтарында БҰҰ-ның Бітімгершілік күштері қатарында жемісті еңбек етіп келе жатыр.

Жалпы адамзаттың тыныштығы үшін жасалып жатқан бұл қадамдардың барлығы да жас мемлекеттің халықаралық аренадағы абырой-беделін арттырамаса, кеміткен жоқ. Қазақстанның жаһандық бастамалары, соның ішінде бітімгершілік бастамалары бұдан кейін де өз жалғасын табатын болады. Оның бір мысалы ретінде биылғы маусымның соңында Парламенттің соңғы отырысында қаралған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысы туралы сөз қозғаудың реті келіп тұр.

 

Қазақ сарбаздары Африкаға аттанады

Бұл күнгі жиналыста мемлекет басшысының БҰҰ-ның миссияларына қатысу үшін бітімгершілік күштерін жіберу жөніндегі ұсынысы талқыға салынды. Конституцияның 53-бабының 5-тармақшасына сәйкес Президенттің ұсынысы бойынша Парламент палаталарының бірлескен отырысында халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Республиканың қарулы күштерін пайдалану туралы шешім қабылдайды. Осыған байланысты мемлекет басшысының ұсынысын ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов оқып берді. 

Жақсылықов Руслан Фатихұлы — Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі«Қазіргі уақытқа дейін қарулы күштердің әскери қызметшілері Парламент қаулыларына сәйкес бейбітшілік пен қауіпсіздікті қорғау жөніндегі халықаралық міндеттемені орындау үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссияларына жіберіп отырды. 2014 жылдан бастап 45 офицер Батыс Сахарада, Кот-д’ Ивуардағы және Ливандағы миссияларына әскери байқаушылар және штабтық офицерлер ретінде, 2018 жылдан бастап 520 қазақстандық әскери қызметші бітімгерлік бөлімше құрамында «БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері» миссиясына қатысты. Қазір Батыс Сахарада 6, «Ливандағы уақытша күштерге» 9 әскери қызметші қызмет өтеуде. Ұйым басшылары біздің әскери қызметшілердің даярлық деңгейін жоғары бағалап, бітімгерлер санын арттыруға қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді. Контингентті бітімгершілік операцияға жіберіп, жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосып, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі мен ролін арттыруға ықпал етеді. Өңірде және әлемде болып жатқан соңғы оқиғалар қауіпсіздікке төнетін сын-қатерді жоққа шығармайды. Осыған байланысты әскердің жауынгерлік әзірлігін онан ары нығайту, қазіргі сын-қатерге қарсы әрекет етуде тәжірибе жинақтау мәселесі өзекті болып отыр. Осы тұрғыда ұйым жарғысының 7-тарауына сәйкес, қарулы күштердің Орталық Африкада, Конго Демократиялық Республикасында мәміле бітімгершілік миссиясына қатысуын орынды деп санаймын. Қазақстан штаб-офицері әскери байқаушы ретінде қазіргі уақытта миссияда анағұрлым тапшы болып табылатын жаяу әскер, медициналық барлау,   инженерлік,  әскери полиция бөлімшесін бөлуге дайын. Бұл тәжірибе әскеріміз жауынгерлік даярлықты жетілдіру, оларды онан ары дамыту бойынша ұсыныс дайындау үшін қолданатын болады. Бүгін бітімгершілік миссиясын қысқарту аясында бітімгершілік күштерін беретін елдер арасында бәсекелестік артуда. Осыған орай нақты бөлімше ұйым миссиясы, оны өрістету мерзімі, ұйымның қарсылығы мен жұмыс нәтижесінде айқындалатын болады. Сонымен қатар әрбір жеке елестету үшін тиісті нормативтік база жасалады. Осының негізінде Конституцияның 53-бабына сәйкес бітімгершілік контингент жалпы саны 409 әскери қызметшіні бірінші Орталық Африкада тұрақтандыру жөніндегі миссияға, екінші Конго Демократиялық Республикасындағы тұрақтандыру жөніндегі миссияға, үшінші Малидегі тұрақтандыру жөніндегі миссияға, төртінші Ливандағы уақытша күштер миссиясына жіберу туралы ұсыныс енгіземін». Президенттің бұл ұсынысын оқылып біткеннен кейін, халық қалаулылары министр Руслан Жақсылықовқа қарата біраз сұрақтар қойды.

 

Депутаттар сауалы

Депутаттар тарапынан берілген сұрақтардың дені Бітімгершілік миссиясына қатысатын әскери қызметкерлеріміздің жағдайына қатысты болды. Алғашқы болып сөз алған Зарина Айдарханқызы: «Әскерлерімізді әлеуметтік және медициналық қамтамасыз ету қалай жүзеге асырылады?» – деп сұрады.

«Заңға сәйкес қатысу кезінде үш есе жалақы, қайтып келгеннен кейін мемлекет есебінен емделу, жыл сайынғы демалысқа екі апта қосымша демалыс беріледі», – деді Руслан Фатихұлы. 

Депутат Нұрлан Бекназаров: «Тәуелсіздік жылдары еліміздің қарулы күштері бітімгершілік қызметте аса үлкен тәжірибе жинақтағаны белгілі. 2000 жылдарға дейін бітімгершілік қызметке Қорғаныс министрлігінің шекара қызметінің және ішкі әскерлерінің жиынтық бөлімшелері тартылғаны белгілі. Кейіннен контингент басқа әскерлер және әскери құрылымдардың қатысуынсыз тек қана Қорғаныс министрлігінің әскери қызметкерлерінен құрала бастады. Осы ретте сұрағым болашақта бұл қызметке Ұлттық ұлан өкілдерін тарту есебінен Ұлттық контингентті кеңейту жоспарларыңызда бар ма?» – деді. 

«2000 жылдарға дейін Бітімгершілікке Қорғаныс министрлігі Шекара қызметтері, ішкі әскер бөлімшелері тартылды. Қазір Қорғаныс ведомствосы – бұл салада негізгі мемлекеттік орган. Дегенмен заңға сәйкес бұл мәселе барлық мемлекеттік орган үшін қолжетімді», – деді Қорғаныс министрі.

Осылайша, Мемлекет басшысының Қазақстан Қарулы күштерінің Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссияларына қатысуын кеңейту мәселесі жөніндегі үндеуі елдің заң шығарушы органы палаталарының бірлескен отырысында бірауыздан қолдау тапты.

 

Қақтығыстар туралы қысқаша деректер

Жоғарыда сөз болған елдердің барлығында қазір ішкі тұрақтылыққа қатер төніп тұр. Біз төменде осы елдердегі жағдайға қысқаша тоқтала кетуді жөн көрдік.

Орталық Африка Республикасындағы қақтығыс 2012 жылы 10 желтоқсанда басталды. Бұл, негізінен, Үкімет күштері мен Үкіметке қарсы «Селека» қарулы коалициясы арасындағы қақтығысты білдіреді. Яғни Орталық Африка Республикасындағы азамат соғысы деуге де болады. Қарулы қақтығыс оппозиция өкілдерінің ел президенті Франсуа Бозизені «2007 жылы қол қойылған бейбітшілік келісімін орындамады» деп айыптағаннан кейін басталды.

2013 жылдың 11 қаңтарында Габон астанасы Либревильде Үкімет пен көтерілісшілер атысты тоқтату туралы келісімге қол қойды. Көтерілісшілер президент Франсуа Бозизенің отставкаға кетуін талап етуден бас тартты, бірақ оның 2013 жылдың 18 қаңтарында оппозициялық партиядан жаңа премьер-министрді тағайындауын талап етті. 13 қаңтарда Бозизе көтерілісшілермен қол қойылған келісімге сәйкес премьер-министр Фаустин-Арчанж Туадераны қызметінен босату туралы жарлыққа қол қойды. 17 қаңтарда Николас Тиенгай жаңа премьер-министр болды. 2013 жылы 24 наурызда көтерілісшілер ел астанасы Бангиді басып алып, президент Бозизе қашып кетті.

Селеканың жетекшісі Джотодия басқарған жаңа Үкімет «Селека» мүшелерінің христиандық бейбіт тұрғындарға жасаған зұлымдықтарын тоқтата алмады, бұл христиан жасақтарының көтеріліске шығуына және кек алу үшін мұсылмандарға шабуыл жасауға әкелді. 2013 жылдың желтоқсанында христиандық «антибалака» жасақтары ел астанасы Бангиге шабуыл жасады. 2014 жылдың қаңтарындағы мәлімет бойынша, этникалық қақтығыстарда 1000-нан астам адам қаза тауып, 1 миллионға жуық адам босып кеткен. 2014 жылдың 10 қаңтарында Джотодиа мен премьер-министр Тион Гай отставкаға кететіндерін мәлімдеді.

Орталық Африка Республикасы 2012 жылдан бері ішкі тұрақсыздықпен күресіп келеді. Христиандық анти-Балака жасақтары мен мұсылмандардан құралған Селеканың көтерілісшілер коалициясы арасындағы шайқаста мыңдаған адам қаза тауып, миллионнан астам адам босып кеткен. Қазіргі уақытта елдегі бейбіт тұрғындар гуманитарлық көмекке зәру болып отыр. Бұл мәселе БҰҰ-ның басын қатырып отырған күрделі мәселеге айналып кетті. Қазір бұл елде БҰҰ-ның бітімгершілік күштері қызмет етіп жатыр. 

Конго Демократиялық Республикасы Африкадағы үлкен мемлекеттердің бірі еді. Өкінішке қарай, соңғы 20 жыл бойы жалғасып келе жатқан тұрақсыздық бұл мемлекетті әлемдегі ең кедей елдердің қатарына қосты. Жылдар бойы жалғасқан толқулар, қарулы қақтығыстар мен тайпалар арасындағы зорлық-зомбылық миллиондаған адамдарды босқынға айналдырды. Қазіргі уақытта халық қарулы күштер мен топтар, жасақтар мен секталар арасындағы қарулы қақтығыстардың құрбаны болып отыр. Соңғы кездері БҰҰ бұл елдегі дағдарысқа қарата гуманитарлық көмектерді молайтып, елдегі жағдайды орнықтыру үшін бітімгершілік күштерін жіберіп жатыр.

Малидегі тұрақсыздықты «азаматтық соғыс» деп сипаттауға да болады. Ол, негізінен, 2012 жылдан бері жалғасып келе жатқан, Малидің солтүстігіндегі қарулы қақтығысты білдіреді. 2012 жылдың қаңтарында туарегтердің қарулы тобы «Азавад Ұлттық азаттық қозғалысы» Малидің солтүстігінде жаңа тәуелсіз ұлттық Азавад мемлекетін құру үшін қарулы көтеріліс бастады. Мали Үкіметінің күштері шайқаста сәтсіздікке ұшырады.  Бұл қақтығыс кезінде кейбір сарбаздар «соғысу үшін жеткілікті қару ала алмадық» деп шағымданды және Үкіметтің дәрменсіздігіне наразы болды. 2012 жылдың наурызында Үкіметке наразы болған сарбаздар ел астанасы Бамакода көтеріліс жасап, оларды басып алғанын жариялады және президент Амаду Тумани Туре сәуір айында отставкаға кетуге келісті. Оңтүстіктегі жағдай күрделеніп тұрған тұста исламшыл содырлардың көмегімен туарег сепаратистері Малидің солтүстігін, яғни Мали аумағының шамамен үштен екісін бақылауға алды. 6 сәуірде Үкіметке қарсы содырлар солтүстігінде астанасы Гао қаласы бар «Азавад» деп аталатын елдің құрылғанын жариялады.

2012 жылдың маусымында туарегтердің «Ансар Дине» содырлық тобымен альянсы келіспеушіліктерге байланысты бұзылды. Біріншісі зайырлы Азава елін құрғысы келсе, екіншісі бүкіл Малиде шариғат заңдарын жүзеге асырғысы келді. Осылайша қайта туындаған қақтығыстар кезінде мұсылмандар Гао аймағында туарег сепаратистерін талқандады және солтүстіктегі бірнеше ірі қалалар ислам содырларының бақылауына өтті. Дегенмен шетелдік әскери күштердің мемлекет армиясына жасаған қамқорлығы нәтижесінде соңғы кездері Үкімет әскерлері біршама жеңістерге қол жеткізді. Алайда ел ішінде бейбітшілік орнаған жоқ. 

Ливан Таяу Шығыстағы қуатты елдердің бірі еді. Алайда ішкі және сыртқы арандатушы күштердің кесірінен қазіргі таңда бұл елдің ішкі жағдайы барған сайын күрделілене түсті. Бұған тағы бір себеп елдегі діни алуандық пен радикалды топтардың қарсылығы еді. Қазір Ливан Үкіметі 2021 жылдың қазан айында болған электр қуатының үзілуі, өрт, наразылық шерулері мен қақтығыстардың кесірінен 13 айға созылған саяси тығырықтан шығу кезеңін бастан кешіріп жатыр.

Ливанда көптеген діни топтар бар. Мысалы, Президент пен Премьер-министр және спикер христиандар, суннит мұсылмандары және шиит мұсылмандары. Үкіметтегі кейбір министрлік қызметтер де ұзақ уақыт бойы белгілі бір сектаның бақылауында болған. Ливандағы тәртіпсіздіктер Таяу Шығыстағы ірі державалар арасындағы геосаяси ойынның ошағына айналып кетті. Бұл елге бұрыннан бері Түркия, Сауд Арабиясы, Израиль, Мысыр және Иран сияқты елдердің ықпалы күшті болған еді. Қазір БҰҰ-ның шешімімен бұл аймақта бітімгерлік күштері әрекет етіп жатыр.

P.S. Енді қазақ сарбаздары БҰҰ-ның Орталық Африка Республикасы, Конго, Малидегі тұрақтылық жөніндегі кешенді миссиясына, «БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері» миссиясына баратын болады. Біздің әскери қызметкерлері штаб-офицері, әскери бақылаушы, арнаулы жаяу әскер, медицина, барлау, инженер бөлімдері мен әскери полиция қатарында қызмет етеді. Бүгінде БҰҰ-ның Батыс Сахара мен «Ливандағы уақытша күші» миссиясында Қазақстанның 15 жауынгері жүр.

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
11.08.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 127
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 126
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 642
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 760
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 672
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 685

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8819
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8218
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11445
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9200
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10429