Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте инвестиция тарту мәселесі қаралды.
Жиын барысында кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту, ауыл шаруашылығы басқармаларының және «Тараз» ӘКК ҰК» АҚ басшылары баяндама жасады.
Ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларында облыс бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 63,1 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13 пайызға артық. Инвесторларды көбіне ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, жаңартылатын энергия, туризм және балық аулау салалары қызықтырады.
Ағымдағы жылы жалпы 100,5 млрд. теңгеге 15 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, нәтижесінде 1011 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Олардың қатарында «АЕК АСА «Отан Пауэр» ЖШС (күн электр станциясының құрылысы), «Тараз КТО» ЖШС (көкөніс сақтау қоймасының құрылысы), «Шенгелді ЖЭС» ЖШС (жел электр станциясының құрылысы), «Қазфосфат» ЖШС (Минералды тыңайтқыштар зауытында аммофос өндірісі), «Satellie GS» ЖШС (құрамында алтыны бар кенді өндіру және байыту), «Қордай Жем» ЖШС (құрама жем өндіру бойынша жаңа қондырғыны енгізу) және тағы басқалар бар.
- Аудандардың әлеуетін ескеріп, терең талдау жүргізе отырып, тағы қандай жобаларды жүзеге асыруға болатынын анықтау қажет. Биыл 15 жоба жүзеге асыру көзделген. Бұл көп пе, аз ба? Біз басқармалардың, аудандардың инвесторлармен жұмысын қалай бағалаймыз? Бұл сұрақтарға ағымдағы жағдайды талдау жүргізген соң ғана жауап бере аламыз. Бізде нақты іс-қимыл жоспары болуы тиіс, - деп талап етті облыс әкімі.
Нұржан Нұржігітов өңдеу өнеркәсібі саласында негізгі капиталға инвестиция тарту бойынша бірқатар аудан әкімдерінің жұмысын сынға алды.
- Ауыл шаруашылығы саласындағы жобалар әрбір ауылдық округте жүзеге асуы тиіс. Біздің мақсатымыз – агроөнеркәсіп кешенін дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, - деді өңір басшысы.
Сондай-ақ, «Тараз» ӘКК ҰК» АҚ-да агротехникалық сервис, Таразда ауыл шаруашылығы техникаларының шоу-рум салоны бар сервис және сервистік-дайындау орталықтарын құру мәселелері талқыланды.
Басқосу барысында әлеуетті инвесторлардан түскен ұсыныстарды талдау нәтижелері де қаралды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, біз жағымды инвестициялық ахуалды сақтауға мүдделіміз. Жұмыс істеуге, инвестиция тартуға ниеттілерді қолдауымыз керек. Инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы басқарма басшылары мен аудан әкімдерінің жеке бақылауында болуы тиіс, - деп түйіндеді сөзін Нұржан Нұржігітов.
Жауаптыларға нақты тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар, жиында ауыл тұрғындарының табысын арттыру пилоттық жобасының Байзақ ауданы бойынша жүзеге асу мәселелері талқыланды.