Жамбылдықтардың игілігіне жаңа нысандар берілді

Жамбылдықтардың игілігіне жаңа нысандар берілді

Елорда күні қарсаңында жамбылдықтарға бірнеше жаңа нысан пайдалануға берілді. Осы күні Жамбыл ауданы Өрнек ауылында спорт кешені ашылып, салтанатты іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты. Өңір басшысы су жаңа нысанның жұмысымен жақынырақ танысты

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бой көтерген спорт кешенінің құрылысы екі жыл бұрын басталған. Жобалық құны 313 миллион теңгеге бағаланған нысан құрылысын «Авторремстрой» компаниясы жүргізген. Осы уақытқа дейін балалар бұқаралық спортпен жаздыгүні аулада, ал күн суықта мектепте шұғылданып жүрген. Енді 200 балаға арналған кешен ауылды жерде мықты спортшылардың шығуына, жеткіншектердің кәсіби деңгейде спортпен шұғылдануына сеп болмақ. Ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтаған облыс әкімі Әулиеата өңірінің спорт саласындағы әлеуетіне тоқталды. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен елімізде салауатты өмір салтын қалыптастыруға айрықша назар аударылып келеді. Халықты бұқаралық спортпен шұғылдануға ынталандыру үшін талапқа сай келетін спорт нысандарының қолжетімді болуы маңызды. Жалпы, өңірде өткен жылы 22 спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп, тоғызы пайдалануға берілсе, қалған 13 спорт кешенінің құрылысы ағымдағы жылы аяқталады. Соның бірі – бүгінгі дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Осы кешен болашақ чемпиондардың үлкен спортқа жасаған алғашқы қадамы болатынына сенімім мол. 250-ге жуық жасөспірімнің қазақша күрес, самбо, дзюдо, бокс, футбол, волейбол, баскетбол секілді 7 спорттың түрінен айналысуына мүмкіндік беретін бұл кешен стандартты үлгіде жабдықталған. Жамбыл ауданында Қазбеков Нұржан, Бекбауов Дулат, Бейсен Алмас, Бақыткерей Дилара сынды дарынды спортшыларымыз дүниеге келді. Олар өңіріміздің мәртебесін көтеріп, ел мақтанышына айналды. Қасиетті Әулиеата өңірінің жақсы спорттық дәстүрі мен жеңісті жолдары ежелден қалыптасқан. Біздің спортшыларымыз сан мәрте Әлем, Азия чемпионаттары мен Олимпиадалық ойындарда Қазақ елінің көк Туын көкке желбіреткенін жақсы білесіздер. Сол дәстүрді жоғалтпау, абырой биігінен түсірмеу біздің басты міндетіміз екенін естен шығармау керек, – деді облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы. Екі қабаттан тұратын ғимаратта жаттығуға арналған құрал-жабдықтар қамтылып, толықтай заманауи үлгіде жасақталған. Мекеменің сыртқы ауласы абаттандырылып, іші толық жылу жүйесімен қамтылған. Мұнда балалар футбол, күрес, волейбол, бокс сынды түрлі үйірмелерге қатыса алады. Жиында сөз алған ауыл тұрғыны, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ілесбек Амалов елді мекен тұрғындарының спортта жеткен жетістіктеріне тоқталып өтті. Ауыл тұрғындары бұқаралық спорт түрлерімен тұрақты айналысады. Жергілікті жұртшылықтың спорттың түрлі саласы бойынша жеткен жетістіктері аз емес. Атап айтқанда, осы ауылдан қазақ күресінен спорт шеберлері Самат Қосаев, Азиз Айнабеков, Жасұлан Абишев, Азия чемпионы, Әлем кубогінің екі дүркін иегері Ардақ Құлжановтар шыққан. Сондай-ақ, бұл қатарда дзюдо, самбо, қазақ күресінен әйелдер арасында спорт шебері Ақмарал Ерназар бар. Сондықтан аталған спорт кешені дер кезінде халық игілігіне берілді деп санаймын, – деді Ілесбек Сәрсенбекұлы. Айта кетейік, Жамбыл ауданында 142 спорт кешені бар. Бүгінде мұнда тұрғындардың спортпен шұғылдану пайызы 40,5 пайыз болса, аймақтағы спорт кешендерімен жабдықталу үлесі 63 пайызға жеткен. Биыл жыл соңына дейін ауданда бірқатар елді мекенде футбол алаңшалары соғылып, бес ауылда футбол алаңдары заманауи үлгіде жаңартылмақ. Бұдан бөлек, өңір басшысы Аса ауылындағы 33 жылдан астам өз өзектілігін жоғалтпай, халық сарыла күткен теміржол стансасы арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпірдің ашылу салтанатына қатысты. Тұрғындардың ұсынысын ескеріп, жергілікті мәслихат депутаттарының қолдауымен жүзеге асқан жоба өткен жылдың тамыз айында басталған. Құрылысын «Д&K» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген нысанның жобалық құны 336 миллион теңгені құрайды. Көпірдің биіктігі – 6 метр, ұзындығы – 41 метр. Алты тораптан тұратын көпірде қауіпсіздік шаралары да қарастырылған. Мұнда жаяу жүргіншілер жолағы, мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайластырылып, лифт қойылған. Бұған дейін 13 мың тұрғыны бар асалықтар айналма жолдан өтуге қиынсынып, теміржолды төтесінен кесіп жүрген. Олардың арасында жасы да, үлкені де бар, тыйым салынған белгілерге қарамастан пойыздардың астымен өтетін. Жаңа нысанда облыс әкімі аспалы көмірдегі лифтінің жұмысымен танысып, мұнда тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда болуы керектігін айтты. – Ең бастысы – балалардың қауіпсіздігі ескерілуі қажет. Аталған лифтіде мүмкіндігі шектеулі жандардың мініп-түсуіне қолайлы жағдай қарастырылуы аса маңызды. Нысанның тазалығы ескеріліп, нысан ашық қалмай, балалардың ойын алаңына айналып кетпеуін қадағалау керек. Осы бағыттағы жұмыстарды мердігер компания назарға алсын, – деді Ербол Шырақпайұлы. Айта кету қажет, осы күні ауданда Қаракемер ауылында да жаңа спорт кешені халық игілігіне берілді. Сонымен қатар алдағы уақытта Тастөбе мен Қызылқайнар ауылдық округінде спорт кешенін соғу жоспарлануда. Өңір экономикасын өркендетуде жаңа өндіріс орындарын ашу да аса маңызды. Бұл аймақтың даму динамикасын еселей түсетіні анық. Осы мақсатта облыста автоклавты газоблок шығаратын жаңа зауыт ашылды. Өндіріс орнының ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек, Парламент Мәжілісінің депутаттары Жигули Дайрабаев, Серік Егізбаев, Мұқаш Ескендіров, Ерболат Саурықов, қала әкімі Бақытжан Орынбековпен қатар, облыстық мәслихат депутаттары қатысты. Жиында алғаш құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек тұрғындарды жаңа жұмыс орындарымен қамтитын қуатты өндіріс орындарын ашудың маңыздылығына тоқталды. Облыс әкімінің орынбасары аймақта бағыттағы жұмыстар Президент тапсырмасы аясында кешенді түрде жүргізіліп жатқандығын айтты. – Мемлекет басшысы экономикалық өнім түрлерін кеңейту мақсатында өңірлердегі өндіріс ошақтарын жаңартып, бірқатар жаңа өндіріс орындарын ашуды да тапсырған болатын. Осы мақсатта өңірде құрылыс индустриясын дамыту үшін қолайлы орта қалыптастыру басты мақсатымызға айналып отыр. Өңірде 117 кәсіпорын тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Бүгін осы қатарды «ALASHPROM» ЖШС толықтырды. Зауыт құрылысына жергілікті бюджеттен 50 миллионнан астам қаражат көлемінде қолдау көрсетілді. Алдағы уақытта да мемлекет тарапынан өнімді өндіру мен өткізуге қатысты барлық қолдау көрсетілетін болады, – деді Ә.Тамабек. Жалпы қуаттылығы жылына 50 мың текше метрді құрайтын зауыт әртүрлі өлшемдегі автоклавты газоблоктан бөлек, құрамы күшейтілген желім, қарапайым желім, сылақ секілді құрғақ құрылыс қоспаларын шығарады. Зауыт бүгінде 85 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Аталған жоба «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қаржыландырылған. Өндіріс басшысы Талғат Жолтаев аталған зауыттың нарықта бәсекеге қабілетті өндіріс орнына айналатындығын атап өтті. – Өңір экономикасының әлеуетін арттыру мақсатында зауыт құрылысына бел шешіп кірістік. Бүгінде мұндай өндіріс орындары Алматы мен Шымкент қалаларында ғана орналасқан. Мұндай зауыттарға өзге елдерде орташа есеппен 7 миллиард теңге көлемінде қаржы жұмсалады. Жергілікті атқарушы биліктің кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бастамалары арқасында аталған зауыт 1 миллиард 620 мың теңгеге реконструкцияланып, іске қосылды. Жаңа ашылған өндіріс орнына көрші өңірлердегі әріптестеріміз оң бағасын беруде. Бүгінгі күннің өзінде көрші Қырғыз Республикасы тарапынан газаблокқа сұраныс түсіп отыр. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды қолға алуға ниеттіміз. Бүгінде зауытта өндірілетін өнімдер нарықта бәсекеге қабілетті болғандықтан, облысымыздың экономикасына тигізетін әсері үлкен деп есептейміз, – деді зауыт құрылтайшысы Талғат Базарбекұлы.

Айта кету қажет, облыста құрылыс индустриясындағы негізгі кәсіпорындар – портландцемент өндіретін «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС, құрылыс гипсін және оның құрылғыларын өндіретін «Жамбылгипс» АҚ, темірбетон бұйымдарын, бетоннан жасалған құрылыс құрастырмалы құрылымдарын өндіретін «Ғимарат Темірбетон» ЖШС, «Жамбылхимстрой» ЖШС сияқты өндіріс орындары жұмыс істейді. Аталған өндіріс орындарының өнімдері Қырғызстан, Өзбекстан елдеріне экспортталады.

АРАЙЛЫ ЖАҚСЫЛЫҚ
11.07.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 9
ТҮРКІСТАН: БАЗАРДАҒЫ КІТАПХАНАҒА 10 МЫҢДАЙ ОҚЫРМАН КЕЛГЕН
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 22.11.2024 179
АУЫЛ ӘЙЕЛДЕРІНЕ ЖОЛ АШҚАН ФОРУМ
Саяжан Қайдар - 22.11.2024 46
ТҮРКІСТАНДАҒЫ ЕСКЕК ЕСУ КАНАЛЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 22.11.2024 170
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 249
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 244
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 746
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 868
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 781

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8938
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8332
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11560
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9317
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10544