Жаңа заң бойынша вандализм үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту көзделген. «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» жаңа заң аясында депутаттар екінші оқылымда вандализм үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша нормалар әзірледі. Бұдан былай елімізде вандализмге қатысты жаза қатаяды. Мүлікті қиратып, сындырғандар түрмеге қамалуы мүмкін. Ал, көшеде қоқыс тастағандар екі есе айыппұл төлейді. Белгіленбеген жерге коммуналдық қалдықтарды тастағаны үшін 10 АЕК айыппұл салынады. Ол 36 920 теңге.
Мемлекет басшысы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» Ұлттық құрылтайының үшінші отырысында вандализмнің теріс салдарын алға тарта келіп, онымен күресу қажеттігі туралы айтқан болатын.
Қылмыстық кодекстің 203-бабы «Ерекше құндылығы бар заттарды қасақана жою, әкету немесе бүлдіру» алдын ала сөз байласқан адамдар тобы, бірнеше рет жасаған адамдар тобы арнайы нормаларымен толықтырылатын болады.
«Вандализм» 294-бап бойынша бұзушылық аясында 100 АЕК-тен (бұрын 50 АЕК) 200 АЕК-ке (бұрын 160 АЕК-ке) дейінгі айыппұл түріндегі жаза немесе сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына не жүз алпыс сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу (бұрын 40 тәулік) жазасы қолданылады.
Бұл баптың 2-бөлігі «әлеуметтiк, ұлттық, нәсiлдiк немесе дiни араздық уәжі бойынша, адамдар тобымен, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы, пайдакүнемдiк ниетпен бiрнеше рет жасалған» деген нормамен толықтырылды. Мұндай әрекеттер 500-ден 200 000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе түзеу жұмыстары, 300 сағаттан 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін жазаланбақ.
Сондай-ақ Мәжілісте спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері туралы заң жобасы да қаралды.
Қазақы асылтұқымды жылқылар жойылу алдында тұр. Не істеу керек? Қандай шара қолданған дұрыс? Бұлай жалғаса берсе, арты не болмақ? Бүгінде Қостанай жылқы тұқымының ресми тіркелген саны 270 бастан аспайды, ал Адай жылқы тұқымының 1300 басы ғана қалған. Сондықтан, отандық спорт бағытындағы жылқы тұқымын қалпына келтіру аса маңызды екені даусыз.
Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров: «2014 жылы тұқымды дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау тоқтатылғаннан кейін Қостанай жылқыларының саны күрт азайып, жойылу алдында тұр. Бұл жағдай ұлттық ат спорты түрлерін дамытудың негізгі тежеуші факторларының бірі болып отыр. Осыған байланысты Парламент депутаттары отандық жылқы тұқымын сақтау мен өсімін молайтуға бағытталған заң жобасын әзірлеу туралы шешім қабылдады».
Тұлпарды армен де, заңмен де қорғау керек. Өйткені жылқы шаруашылығын дамыту қасиетті ана тіліміздің дамуына да себепші. Жылқы – қазақтың ұлттық бренді деген депутат Аманжол Әлтаев асылтұқымды жылқы өсірушілерді мемлекет қамқорлығына алып, оларға субсидия беру керек дейді.
Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев: «Атам қазақ ұл туса, өмірге атқа мінер келді деп қуанған. Бүгінгідей телефонға телмірген күрделі кезеңде балаларды атқа баулу маңызды іс. Ондай бала қайратты, білекті болып өседі. Ендеше, атаулы заң жылқы шаруашылығын дамытуда ұрпақ болашағы үшін де қажет».
Ал, енді бір мәжілісмен асылтұқымды қой шаруашылығын дамытуға деп құрылған палата жұмысын сынады.
Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев: «17 палата жұмыс істеп жатыр. Олардың барлығын танимыз. Ащы болса да айтайын, асылтұқымды қойды 17 бағытқа бөліп алғаннан не шықты? Еш нәтиже жоқ. Бұлар тек «асылтұқымды» деген қағаз берумен шектеледі».
Сонымен депутаттар спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері туралы заңды қабылдады.