Жастарға жолбасшы болар жақсы кітап немесе «Қазақстанда табысқа жет» кітабын оқыған соң

Жастарға жолбасшы болар жақсы кітап немесе «Қазақстанда табысқа жет» кітабын оқыған соң

Жақында Алматыда «Kemel kitap» баспасынан география ғылымдарының кандидаты, профессор Қастер Сарқытқанұлының «Қазақстанда табысқа жет» атты кітабы жарыққа шығып, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінде жас ғалымдар мен оқырман жұртшылықтың қатысуымен таныстырылымы өтті.

Кітаптың жалпы мазмұнынан автордың қазақ қоғамының қазіргі жағдайын, ұлттың құн көзқарасын, психологиясын зерттеп жазғаны анық аңғарылады. Халқымыздың әлі де қаржылық сауаттылығының аздығынан дами алмай келе жатқанын, жастардың елдің болашағына сенімсіз көзбен қарап, жиі шетел асып кетіп жатқанына алаңдай отырып, оларды бабаларымыздан мұра болып келе жатқан байтақ мекенге ие болуға, оны дамытуға үндейді. Әрі аңсаған армандарымызды орындайтын орайды бөтен елден іздемей, өз елімізде іске асыруға болатынын яғни Қазақстанда қалай табысқа жетуге болатындығын нақты дәлелдермен көрсетіп береді.

Кітап – мақсаты айқын, мазмұны қызықты. оқырман жұртшылыққа мол білім беретін, жастарға жолбасшы болатын құнды еңбек. Кітаптың бірінші бөлімінде АҚША туралы, ал екінші бөлімінде БИЗНЕС ПСИХОЛОГИЯСЫ тақырыптар талқыланған. Мұнда жалаң ақша, сауда төңірегінде ғана сөз болмайды. Қазақ халқының дүние құрауға деген икемділігі мен оны басқару қабілеті, дарқандығы мен кеңпейілдігі, содан туындап жатқан көл-көсір ысырапшылдығы секілді жаңа заманға үйлеспейтін мінге айналған нашар мінездері мен жақсы қасиеттері қатар тілге алынады. Мәселен, «Еврей мен қазақтар» деген тараушада қазақ пен еврей халықтарының мінез-құлқындағы, ақша мен оған байланысты өмірлік ұстанымдарындағы  ұқсас тұстары мен айырмашылықтарын талдай отырып, ұлтымыздың олардан үйренетін, үлгі ететін жақтарын көрсетіп береді. Автор «Ақша және ұлт мінезі» туралы да мағыналы ойларын ұсынады. Еліміз ұлан-байтақ жері, мол жаратылыстық байлығы бола отырып, не үшін халқымыз көп елдерден кедей тұрады? Ғылым-білім жағынан да өзгелерден артта қалып келеміз деген өзекті мәселені ұлтымыздың құн көзқарасына байланыстырып қарастырады. Бір ұлттың қаруы да, қорғаны да, беделі мен мәртебесі де ақшаға келіп тірелетіні даусыз шындық. Ұзақ жыл бизнес саласында істеген әрі университетте бизнес пен қаржыға байланысты дәрістер оқыған Қастер Сарқытқанұлының бұл салаларда мол тәжірибесі бар екені анық. Оны автордың әр сөзі мен идеясынан көруге болады. Мысалы, оның мына сөзі: «Егер бір ұлт ақшаны адамзат мәдениетінің аса бір маңызды саласы тұрғысынан бағаламаса, сондай-ақ өзінің өркендеуінің басты философиалық құндылығы мен құралы ретінде танып білмесе, онда ол ұлттың өткені өкініш, келешегі бұлыңғыр, бүгінгі билігі өзгенің қолында болады. бір ауыз сөзбен айтқанда тағдыры тәуқыметті болады», – түсінер жанға бұл  мәңілік құндылықтар туралы мол өмірлік сабақ беріп тұрған жоқ па?!

Кітаптың әрбір мазмұнынан автордың туған халқына, отанына деген махаббаты, жүрек үні естіліп тұрғандай. Ұлтымыздың қазіргідей бәсекелі қоғамнан өз бәсіресін ала алмай кейін қалып бара жатқанына қамығады. Әсіресе заттық байлықтың рухани байлыққа жол ашар негіз қалайтындығын кітаптың «Ақыл ақшаны таба ма, әлде ақша адамды ақылды ете ме?», «Ақшаны табу – еңбек, басқару – өнер», «Бизнес және кәсіпкерлік теориясы» атты тарауларында Қазақ халқының базар шаруашылығына икемділігін, кәсіп жаратып тың игіліктер тіктеу жағындағы әлсіздіктерін баса көрсетіп береді. Автор көтеріп отырған әрбір жаңа тақырыптарды ашу кезінде оқырманды ойландыратын сұраулар қояды да, ары қарай табысқа жеткен тарихи тұлғалардың өмірі мен өнегелі істерінен өз ойларына орай үзінділер алып дәлелдеп шығады, әрі әр тараудың соңында қорытынды сөз ретінде өз қанатты сөздерін ұсынады. Мысалы кітап авторының бизнес психологиясы жайында айтқан мына афоризмдеріне назар аударайық: «Парасатты кәсіпкер материалдық дүниесі арқылы өзгелерге рухани әлемнің терезесін ашып береді», «Кәсіпкерлік – ақыл мен парасат жұмсау арқылы дағды қалыптастырып, жүйесін біліп еңбектенумен ие болатын өмірлік нәтиже», «Бизнес деген кім болса, сол келіп-кете беретін тәртібі мен жүйесі жоқ базар емес, ол сізден көп нәрсе талап ететін мектеп».

Кітаптың «ҚАЗАҚСТАНДА ТАБЫСҚА ЖЕТ» деп аталатын соңғы тарауында жыл сайын жастардың шетел асып кетіп жатқанына алаңдай отырып, мұның нақты себептерін қарастырады. Әрі түрлі дәлелдер келтіре отырып, жастардың өз армандарын шетелден іздемей, өз болашағын туған елімен байланыстыруға, елі үшін қызмет етуге үндейді. Автор алдымен «Қазақстанда табысқа жетуге бола ма?» деп сұрау тастап алып, көпшілікті осы мәселені бірге талқылауға шақырады. Телеарна, мерізімді баспасөз беттерінде көрсетілген деректерді алға тарта отырып, шетел асқан отандастарымыздың санның күннен-күнге артып келе жатқанын қынжыла баяндайды. Олардың елден кету себептерін анықтап түсіндіреді. Сондай-ақ Қазақстанның қазіргі әлеуметтік жағдайы мен білім беру, жұмыспен қамдау жағындағы сақталған мәселелерді де көрсете отырып, оны оңалтудың жолдарын іздейді. Бізге белгілісі – шетелге кетіп жатқан отандастардың көпшілігі 25 пен 37 жастың аралығы тепсе темір үзетін жастар, олар басым көбі қаржылық мұқтаждығын шешу мақсатында барса, аз бөлімі өздерінің мансап жолын шетелден бастауға ниет еткендер. Осы жайларды талдай отырып, автор еліміздің қазіргі жағдайына қатысты қапалы көңіл күйін былай сипаттайды: «Қазақта: арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар? – деген аталы сөз бар. Егер Қазақстанда білім мен ғылымға, кәсіпкерлікке шынайы жақсы жағдай жасалған, халықтың табысы жақсы, медициналық және басқа да әлеуметтік салалар дамыған болса, онда біздің жастардың шетел асуына не себеп? Әрине, көшіп жатудың түрлі себебі бар, алайда ең бастысы сол – экономикалық себеп»,– деп түйіндейді.

Қастер Сарқытқанұлы шетел асып кетіп жатқан жастарға түбегейлі қарсы болмаса да,  еліміздің қазіргі геосаяси жағдайында ел іргесін бекем ұстаудың мемлекет үшін ең басты құндылық екенін жастардың әркез ұмытпауын ескертеді. Әрі жастарға шетелден іздеген бақыт пен байлықтың еңбек еткен жан үшін өзінің туған топырағынан да табарына үміт сыйлайды. Кітаптың «Қазақстанның әлеуеті» атты тараушасында Қазақстанның табиғи жер асты байлықтарын, түрлі кәсіп ашуға өндірістік, техникалық мүмкіндіктердің молдығын баса көрсетеді. Сонымен бірге әлеуметтік мәселелерді шешу үшін түрлі бәскелестік көрсеткіштерді – елдің экономикалық әлеуетін халық өзі иелік етіп пайдалануы, экономиканың интеграциялануы, қаржылық тұрақтылық сақтау мен кәсіпкерлікті бар күшпен дамыту, халықты байытуға бағытталған өндірістік тіиімділіктерді арттыру секілді көп түрлі жақтарды дамытуды атап өтеді. Осыларды айта келе, шетел асқан жастардың орнына, өзге елден келген адамдардың Қазақстан экономикасы мен бизнесіне сұғынып кіріп жатқанын, ал олармен бәсекелес болар қазақ жастарының шетелге ағылып кетіп жатқанына алаңдаушылық білдіреді.

Автор кәсіп іздеп шетелге кетіп жатқан жастарға, құрғақ, жалаң ұранмен ғана үндеу тастап отырған жоқ, керісінше Қазақстанда қалай табысқа жетуге болатынын нақты деректермен дәлелдеп, Қазақстанның қала және ауылды-елді мекендерде дамытуға болатын жүздеген бизнес түрлерін атайды. Оған елімізде толық мүмкіндіктің де барын қайталай еске салады. Сонымен бірге шетелдерде кәсіпкерлік қалай дамитындығын, ал Қазақстанда кәсіпкерлік неге дамымай тұрған себептерін де анықтап көрсетіп, дәлел-дәйектермен түсіндіреді. Оның кәсіпкерлік туралы мына ойлары көңілге қонымды, құнды көзқарас деп қараймын. Автор кәсіпкерліктің мәні жөнінде түсіндіре келіп былай деп жазады: «Адамдар ақшалы болудың бір жолы – кәсіпкерлік деп қарайды. Өкінерлігі біздің кәсіпкерлердің ғылым жолына түскені аз. Көпшілігі кәсіпкерлікті күнкөрістің көзі ретінде біледі. Оны – ғылым мен өнердің, бәсеке мен шабыттың заңды түрде түйіскен ғажайып үйлесімі деп түсінбейді. Кәсіпкерлік – тірі жүйе. оның сезімі, мүддесі, тәртібі бар. Соған сай қимыл жасау оны дамытады. Ол үшін оның ғылымын, тілін, жан-дүниесін білу шарт. Онсыз кәсіпкермін деп айту әбестік».

Қорыта айтқанда, профессор Қастер Сарқытқанұлы елдің болашағына сенімсіз көзбен қарайтындар мен түрлі себептерге байланысты шетел асып жатқан жастарға «Қазақстанда табысқа жет» атты кітабымен өз елімізде қалай кәсіпкер атанып, қалай табысқа жетуге болатындығына толыққанды жауап береді. Әрі жастарға осы еңбегі арқылы жол нұсқап бағыт сілтейді, шабыт береді. Кітап соңында «Болашақтағы Қазақстан» деген тараушада еліміздің экологиялық ахуалы, ауылшаруашылық өндірісі, жаратылыстық байлығы мен мүмкіндіктері, тағы басқа көптеген жайларға жан-жақты талдау жасап, құнды көзқарастар мен ұсыныстар береді. Қысқасы, бұл кітап Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық азаматтарға қаржылық сауаттылық, бизнес психологиясы жайында мол білім береді. Әсіресе елдің ертеңіне күмәнмен қарап, шетелге кеткен отандастарымызға ой салады. Өзімізде бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, ұлы отанымыз Қазақстанды дамытуға, дамыған елдердің қатарына қосуға күш салуға шақырады. Өз болашағын жарқын етуге талпынған әрбір қазақ жастары осы кітапты оқыса екен деп үміт етемін.

 

Талдаубек Қадылұлы,

Р.Б.Сулейменов атындағы 

Шығыстану институтының 

ғылыми қызметкері,

Филология ғылымдары бойынша философия докторы, сыншы

 

08.05.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 10062
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 10146
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 25174
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 23845
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 27328