Жазары таусылмаған қаламадасым еді

Жазары таусылмаған қаламадасым еді

Ол ізгі қасиетімен, жазуымен ғана емес, 

әнімен де ерекше 

болатын

 

 Ел мұратын өмірінің темірқазығы еткен арлы азамат жұртының жүрегінде жарқырай көрінді. Жүрегінде Жаратқанның жаққан шамын сөндірмей, ізгіліктің отын өшірмей, адамдарға жақсылық жасаумен ғұмыр кешті. Алдағы ақ қанат армандары мен мұрат-мақсаттарына жетелеген жалаулы жарқын сәттері мен туған жер төсінде сіңірген еңбегі елінің көз алдында өтті. Өсер елінің азаматы болып, ақ қағаз бетіне сөз маржандарын әспеттеп түсіріп, үлкен істердің бел ортасында төбе көрсетіп, бауырын жазып, тер төккені күні кеше сияқты. Шиыршық атып өскен жігіттің бұл жарық дүниедегі дөңгеленген өміріне қызығып қарайтындар аз болған жоқ. Ауыл балалары асық атып, доп қуалап, тайға мініп жүйрік жарыстырғанда Жаппардың баласы ойынға қызықпады. Ойын емес, ой қуды. Алдағы армандарына қанат байлап, қиялға берілетін. Жастық шақтың албырт күндерінде әр нәрсенің басын шалмай, болашағына ойлы қадам жасады. Әркімнің батылы бара бермейтін, батылы болғанмен, қабілет-қарымы жетпейтін журналистік мамандықты таңдады. Сарысудың сонау түкпірдегі Түгіскен ауылынан алғаш рет ұзап шықты. Жолы болды, арманы алдаған жоқ. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің студенті атанды. Осы қастерлі мамандықты тізгіндеген аудандағы талай талапкердің алды болып, маңдайы жарқырады.

Университетке оқуға түскен елу қыз бен жігіттің арасында кімдер жоқ дейсің?! Сол елудің ішінде сөз өнерін өрге сүйреуге бекем  бел буған кілең жас жүйріктерді көріп сүйсіндім. Бірінен бірі асып түсетін, бірін-бірі толықтырып, өн бойынан өршілдіктің өнегесі есіп тұратын қатарластарымды көріп мақтандым. Солардың арасынан сегіз қырлы, бір сырлы сері жігіттердің барына қуандым. Ән өнерін өміріне серік еткен қанаттас достарымның жанымызға шуақ сыйлаған сәттерін бүгінде ерекше сезіммен еске аламын.

Бірінші курсқа түскен біздерді ауылшаруашылық жұмыстарына жіберді. Алматы облысы Шелек ауданының Қорам совхозында бір ай темекі жинаумен айналыстық. Темекі жинау азабы мен мехнаты көп ауыр жұмыс екен. Даладағы еңбектен болдырып, әлсіреп орталықтағы жатағымызға қайтқанда біз жайғасқан көліктегі тыныштықты Батық Мәжитұлының әзіл-қалжыңдары бұзатын. Шаршағанымызды ұмытып, күлкіге қарық болып, мәре-сәре күй кешетін едік. Оспанханның сықақтарын нәшіне келтіріп орындаған тамаша өнеріне ерекше тамсанып, қол соғатын едік.

Күндер осылай өтіп жатты. Сондай күндердің бірінде арамызда үнсіздік орнығып, бей-жай күй кешкен шақта ерекше сазды әуен естілді. Бәріміз елең етіп, ғажап дауысқа жалт қарадық. Аласа бойлы аққұба жігітке көзіміз түсті. Екі көзін жұмып алып, қазақтың халық әндерін әуелеткен нағыз дарын иесін алғаш рет дала сахнасында көріп, көзайым болдық. Қимылсыз қалпымызда әншіні ғана емес, кең далаға еркін тараған әннің құдіретіне басымызды идік. Қатарымызға қосылған курстасымызға, қазақтың талантты ұлы Жәнібек Кәрменовқа риясыз таза көңілден ризалық білдіріп, шүкірлік еттік.

Жұмыстан кейін жатағымызға келіп, әңгіме-дүкен құрамыз. Әркім өз өнерін ортаға салады, жас ақындар өлеңдерін оқиды. Бір кезде тыныштықты қақ жарып, ғаламат сазды әуен аспанға қалықтады. Бәріміз сілтідей тынып, бұл ерекше дауысқа елең ете қалдық. Бұл Түгіскеннен түлеп ұшқан табиғи талант иесі, Жаппар қарияның ақ батасын беріп, шығарып салған қанатты ұлы Болат бауырым болатын. Әншіні баршамыз қаумалап алып, қайта-қайта ән салуын өтініп, өнерге деген шөлімізді қандыратын едік. Ол қарсы болмай, бойындағы дарынын жасырмай, түн ортасына дейін біздерді әуезді әнімен тербейтін.

Ән өнерін ту еткен біздің курс өнерпаздарын факультет басшылығы бірден танып білді. Гитара мен домбыра құлағында ойнайтын Нұртілеу Иманғалиұлы, Қонысбай Әбілов, Бақберген Табылдиев сынды курстастар да ел назарына ілікті. Өнерді өрге сүйреген бұлар деканат басшылығына барып, ансамбль құру жөнінде ұсыныс тастады. Факультет деканы Темірбек Қожекеев ағамыз бұл ұсынысты қабыл алды. Осылайша «Ләйлім шырақ» атты вокальды-аспапты ансамбль дүниеге келді. Бұл өнер ұжымы факультеттің ғана емес, университеттің атын шығарды. Талай өнер байқауларына қатысып, топ жарды. Сан қырлы өнерімен, жаңа әндерімен журфактың жалауын биікке көтерді. Осы ансамбль құрамында біздің Болат досымыз жұлдыздай жарқырады.

 

Елебековтың 

тәнті болуы, 

Жәнібектің жетелеуі

 

Қос өнерпаз бір-бірін жақын тартып достасып кетті. Жәнібек өзгелерден гөрі әсіресе, Болатты бауырындай қасына ертіп жүрді. Әкесіндей қамқорлық жасады, ағасындай ақыл-кеңесін беріп жүрді, іні досына «жарқырап жүр» деп жаңа костюм-шалбар кигізіп жіберді. Үйіне қонаққа шақырып, дәм-тұзын ұсынды. Анасы Мағрипа апамен, жұбайы Тотымен, қарындасы Кенжекүлмен, балдызы Тұрсынмен таныстырды. Міне, өнердің құдіреті дегеніміз осы, екі адамның бірін-бірі бағалауы дегеніміз осы.

Жәнібек досымыз бірде Болатты өзінің өнердегі пірі Жүсіпбек Елебековке ертіп апарады. Бұл ұсынысты Болат күтпеген еді. Жәнібекке қалай қарсы келсін, соңынан ереді. Жүсекеңмен болған сол кездесуді Болат өзінің «Нағыз қойыртпақ» атты кітабында былай еске алады.

«Бөлмеде үшеуміз қалғанбыз. Осы кезде Жүсіпбек аға «мынауың кім?» деген сұраулы жүзбен маған қараған. Жәнібек те айтқызбай-ақ түсініп, мені таныстырып жатыр.

Бұл Болат деген жігіт. Университетте бірге оқимыз. Жамбыл жақтан.

– Сен анау-мынаумен бекерден-бекер араласа қоймаушы едің. Бірге оқиды екенсіңдер ғой.

– Бірге оқитындар көп қой. Курстастарымның бәрі шетінен «сен тұр, мен айтайын» ақын-жазушылар. Ал, бұл Болаттың әнге әуестігі бар.

– Жә, әнге әуестерді «әуейі» дейді. Өмірде әуейілер көп. Мұның солардың сортынан ба, әлде әншілігі бар ма?

– Ойбай, Жүсеке-ау, әнге әуестігі бар дегенім жай әншейін. Әжептәуір әншілігі бар. Тыңдап көресіз бе?

– Ал, айтсын, тыңдап көрейік. Бер домбыраны қолына, – деді Жүсіпбек аға селқос.

– Домбыра тарта алмаушы едім, – деп мұрнымның астынан міңгірледім. Жүсекең жалт қарады.

 – Домбыра тарта алмайтын қандай қазақ мынауың?! Домбыраның үнін түсінбейтін қазақ – дүмбілез қазақ! Айт, айтар әніңді!

– Ойбай, аға-ау! Бұл нағыз «оперный» әнші. Сүйемелдеусіз айтып үйренген. Қане, шалдың баласы, шырқап жібер!

Жәкең жуып-шайып жатыр. «Әй, Жәжа-ай, /Жәнібекті айтып отыр/ мені оттың ортасына тастай салдың-ау! Жүсекеңдей аспандағы аққумен ән таластырған тарланбозға менің әләулайым ұнамайтыны айдан анық. Масқара болғанда екеуміз де сөз естіп қаламыз-ау мына «әннің әкесінен». Бірақ шегінерге жер жоқ. Алдымда – Жүсекең, артымда – Жәкеңнің асыра айтқан мақтауы. Жәкеңнің сөзін жерге тастауға болмайды!

Сәл кібіртіктеп тұрдым да, «Аққұмға» бастым. Басқа әнді айтсам, баяу бастап аяғында үнім шықпай қалуы мүмкін. Ал, тынысым тарылмайтынына сенімдімін. Құдай абырой беріп, тынысым дауысты әжептәуір соза түсуге жеткенін қараңызшы!

– Бірдеңе бар сияқты, – деді Жүсекең жай ғана. – Бірақ білім жоқ. Оқыту керек. Әй, сен ана университетті таста да, маған кел. Мен сенен «народный» шығарамын. Жазғыш болсаң, журналистиканы бітірмей-ақ жаза берерсің жазарыңды. Ал, ән әркімге қона бермейді.

– Домбыра тарта алмаймын ғой. – Бұл сөз мұрнымның астынан шықты.

– Үйренесің! Үйретеміз! Төбеңді тесіп тұрып үйретемін. Жүсекең осылай деді. Бірақ зілсіз. Керісінше менің болашағыма деген қамқорлықпен айтқан сыңай байқалады. Иә, олар өнердің нағыз жанашырлары ғой. Жәнібекті сонау Семейден іздеп тауып, Алматыға әкелген Жүсекең ғой бұл. Сонда өзі үшін емес, өнер үшін. Маған да мейірімі түсіп, ұсыныс жасап тұрғаны – өнердің болашағын ойлағаны. Қысқасы не керек, мені әртіс болудан құдай сақтап қалды. Жүсекең одан кейін бір-екі жүздесіп қалғанда тақымдап ешнәрсе айтпады. Тіпті ол туралы сөз де қозғамаған. «Жетелеген ит аңға жарамайды» дегені шығар?»

Сол Жәнібек Ішкі істер министрлігінің ансамблінде қосымша жұмыс істеп жүріп, Жамбыл облысына гастрольге шығады. Сол сапарында Түгіскенге ат басын бұрып, ауыл тұрғындарына концерт қойып береді. Болаттың ата-анасын, отбасы мүшелерін түгел концертіне шақырған. Жаппар ақсақалдан басқасы түгел ауылдағы мәдениет үйіне барған. Ал, Жәнібек концертке келмеген Болаттың әкесіне арнайы барып, сәлем беріп, шай үстінде келіп қалған екі-үш қарияға ән салып көңілдерін көтерген. Қариялар ақ батасын берген. Бұдан артық құрмет, одан асқан адамгершілік болар ма?! Өзінің тамаша қасиетімен, қазақы болмысымен бүкіл Түгіскенге астанада оқып жатқан Болаттың атын шығарып, абыройын асқақтатып кеткен жоқ па?!

Біздің Бөкең студент бола жүріп, әншілігінің арқасында той-домалақты басқарып, асабалық өнерімен де танылды. Ол тойға кеткенде жолын тосамыз. Тойдан бос қайтпайды. Дорбасына тамақ  толтырып, біздерді қарық қылады. Бір байып қаламыз. Сыйлыққа берген шапаны мен костюмін, көйлек-көншегін де достарына үлестіріп береді. Міне, Болатымыз осындай қасиетімен, дарқан көңілімен, ақ пейілімен жүрегімізден орын алған еді.

 

Хас журналистің халқына төккен 

шұғыласы

 

Оның журналистикасына келсек, көп айтуға болады. Қазақ университетінің 5-курсында оқып жүріп, Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінің тілшісі қызметіне алынды. Газет редакторы Баттал Жаңабайұлы ағамыз Болатқа сенім білдірді. Оның талантын бағалап, келешегіне үміт артты. Осында еңбек ете жүріп, дипломын ойдағыдай қорғады.

Өмірінің елеулі бөлігін Жамбыл аудандық «Шұғыла» газетінде өткізді. Осы басылымда 12 жыл бөлім басқарды, 11 жыл бас редактор болып қызмет атқарды. Осы жылдары «Шұғыла» үшін шырылдап, «Шұғыла» үшін жан аямай қалам қайраты мен жүрек күшін жұмсады. Басылымның шұғыласын алысқа тарату үшін ақ тер, көк тер болды. Онысы өзі таңдаған мамандығын аялап, оқырманға ойлы дүние ұсынып, халқының қамын ойлап, оның мұң-мұқтажына сергек қарап, оңды шешілуі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей алашапқын күн кешкені ел-жұртына аян. Ел мен жер алдындағы перзенттік парызына адалдық танытып, таңдаған жолынан айнымай тынымсыз тірлігін тоқтаусыз жалғап, шығармашылық қуатын қапысыз танытқан қайраткерлігі айтуға тұрарлық десек, артық айтқандық болмас.

Өзі басқарған басылымның басындағы ауыртпалықты батыл айтып, билік пен халық арасындағы көпірді нығайтып, айтар сөзін дер кезінде жарыққа шығарып отырды. Бас редактор қызметінде жүріп, аудан басшылығына жалтақтаған кезі болған емес. Жағымпаздықтан ада болды. Шерхан ағасындай шындықты шырылдап айтып, оқырман алдында арын таза ұстады. 1998 жылдың 5 тамызында  «Шұғыла» газетінде жарияланған «Бірікпесе, іс бітпейді» деген  мақаласында елдің байлығы мен дүние-мүліктің талан-таражға салынуы, ауылшаруашылығы саласындағы былықтар мен сыбайлас жемқорлықтың етек алуы секілді кесапаттарды жалтармай ашық жазып, жұртшылыққа үндеу тастауы нағыз батырлық емей немене?! Осы мақаласы үшін билікте отырған кісілерден сөз естіп, орынсыз қудалауға ұшырап, жұмысына кедергі келтірген кездерін жоққа шығаруға болмас. Сонда да Болаттың сағы сынған жоқ, биліктегілер сындыра алмады. Оның қаламын ешкім тартып алған жоқ.

Одан кейінгі жылдары республикалық «Заң» газетінің, халықаралық «Түркістан» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі болды. Аймақтық «Салық тәртібі» және Тараз қалалық «Жамбыл – Тараз» газетінде бөлім басшысы, республикалық «Ара» журналының штаттан тыс тілшісі қызметтерін атқарды.

Шығармашылық жолдағы еңбегі де айтуға тұрарлық. «Әй, аңқау басым-ай!», «Қойыртпақ» және «Нағыз қойыртпақ» атты кітаптары жарық көрді. Соңғы жылдары Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 80 жылдығына және Түгіскен ауылының құрылғанына 80 жыл толуына арналған кітаптарын аяқтап, баспаға тапсырып үлгерді. Жазары таусылмаған, үнемі қолынан қаламы түспеген қалпында тамаша ғұмыр кешті. «Шын достың іші де алтын, сырты да алтын» дегендей, жүрегімнен орын алды.

Болат бауырым қаламгерлік келбетіне қылаудай кір келтірген емес. Халқына сөзімен шапағатын тигізіп, өрелі істің биігінен көріне білді. Ешкімді бөліп жармайтын керемет қасиетімен еліне жақты. Өйткені туып-өскен ауылы солай тәрбиеледі. Ауылдағы дана қариялардың өсиетін тыңдап қанаттанды. Олардың дара қасиеттерінен үлгі-өнеге алып қуаттанды. Олардың тұнып тұрған насихат сөздері рухани күш беріп, биіктерге самғатты. Жаппар ақсақалмен досындай сырласып, құрдасындай қалжыңдасты. Тоқсан жыл ғұмыр кешкен әкесімен рухани байланыста болып, бір-бірінің жүрегіне гүл егіп, өмірлерін әдемі аяқтады. 

Жұбайы Күлай екеуі төрт ұл-қыз өсіріп тәрбиеледі. 13 немере сүйді. Болат досым дүние жинаған жоқ. Артына дұға жасап тұратын салиқалы ұрпақ қалдырды.

Қаламдас әрі курстас дос ретінде бір-бірімізді арқа тұтып жүруші едік. Бір-біріміздің шығармашылығымызға баға беріп, ой бөлісіп, жүрекжарды сөзімізбен қолдау білдіріп, берік қарым-қатынас орнатқан сенімді серігім еді. Пейіште нұрың шалқысын, бауырмал досым Болатжан!

Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ, ардагер журналист
22.10.2025

Ұқсас жаңалықтар

АҚТӨБЕДЕ – АУЫЛДЫҢ ЖҮГІ, «AQTOBE»-ДЕ  – ДӘУІРДІҢ ҮНІ
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы - 22.10.2025 63
Министрлікте өткен кеңес
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 22.10.2025 26
Ақындар айтысы өтті
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 22.10.2025 26
АҚТӨБЕДЕ – АУЫЛДЫҢ ЖҮГІ, «AQTOBE»-ДЕ  – ДӘУІРДІҢ ҮНІ
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы - 22.10.2025 63
Теріскейдегі жылы жүздесулер
Нұрсайын Шәріп - 16.10.2025 304
Қамбасы дәнге толған Ақмола
Д. ШӨКШІР, Ақмола облысы - 16.10.2025 299

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 18973
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 18833
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 33998
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 32551
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 36357