Жазушының қос кітабы жарық көрді

Жазушының қос кітабы жарық көрді

Таяуда  ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бағдарламасы бойынша жазушы Ертай Айғалиұлының «Ажал аралының тұтқыны» және «Алтын қаланың құпиясы» деген екі  кітабы жарық көрді.  Бірінші еңбекке «Ажал аралының тұтқыны», «Қара жапырақтар», «Сарайшық ханшасы және Иван Грозный» атты хикаяты мен романдары енді. Арал теңізінің суы тартылмай тұрған кезде Барсакелмес немесе Возрождение атты арал болған. ХХ ғасырдың басында ол аралдың сұлулығы орыс саяхатшыларын тәнті еткен-ді. Бірақ Мәскеу бұл табиғаты тамаша аралды өздерінің зұлым саясатына пайдаланады. Аралды химиялық-биологиялық қаруларды сынайтын полигонға айналдырды. Капустин Ярдан атылған бомбалар осы аралға түсіп жатты. Сынақ нысандары – жан-жануарлар, аңдар, жәндіктер т.б. Бір сұмдығы бұлардың қатарына адамдарды қосқан. «Ажал аралының тұтқыны» деректі хикаяты осы адам шошырлық  оқиғаны баян етеді. 

Ал «Қара жапырақтар» эссе-романында Азғыр атом полигонының  зардабынан мүгедек болып қалған 12 жасар Раушан есімді қыздың өмір жолы, аянышты тағдыры жайлы жазылған. Өмірден ерте кеткен қыз артына өзінің сүйікті дәрігеріне арнап күнделік-хаттарын тастап кетеді. Онда мына жалған өмірдегі пенделерге деген өкпе-реніші, назы, әділетсіздікке, қатыгездікке ашық айтылған қарсылығын жазып кетеді. Қос арналы тарихи роман «Сарайшық ханшасы және Иван Грозныйда» тарихи аңызға айналған Сарайшық қаласы, Тайжан батыр мен Аққу ханша, зұлым патша Иван Грозный жайлы тартысты оқиғалар баяндалады. Шығарма желісінде шытырман оқиғалар, тарихи-танымдық тұрғыда айтылған мәселелер, ата-бабаларымыздың елін, жерін қорғаудағы жанқиярлық ерліктері мен тәуелсіздігіміз кезіндегі бүкіл өмір тынысы нанымды суреттеледі.

Қаламгер  Е. Айғалиұлының «Алтын қаланың құпиясы» атты екінші кітабына 5 хикаяты және әңгімелері еніп отыр. Кітап балалар мен жасөспірімдерге арналғанмен, ондағы шығармалардың өзектілігі, шытырман да қилы-қилы оқиғаларға бай болуы ересектерді де өзіне еріксіз тартатыны сөзсіз. «Халық жауының балалары» кішкентай романында Желтоқсан көтерілісі қаһарманының отбасының тағдыры туралы сыр шертеді. Ал «Шекара тасын жарып шыққан гүл» эссе-хикаяты Тәуелсіздік үшін күресте жандарын пида еткен ата-бабаларымыздың ерліктері туралы баяндайды. «Алтын қаланың құпиясы» хикаятындағы оқиға Цин империясының түркі қаласын басып алуы жөніндегі аңыздық оқиға кешегі Кеңес империясының қазақ халқына зұлымдығымен сабақтасады. Тайтерідегі картамен ауғандықтардың алтын қазынаны іздеп келуі, балаларымыздың оны қорғауы... бәрі-бәрі оқырманды ынтықтыра отырып бей-жай қалдырмайды. «Алтын қаланың құпиясы», «Шиебөрілері жылаған Сахарадағы жекпе-жек», «Қара бала, қасқыр-адамдар және мұз сарай», «Ақбарыс, американ және Аспантау үңгіріндегі қазына», «Бокс қолғабыңды жоғалтпа, бауырым!» хикаяттары және әңгімелеріндегі қызықты оқиғалар, онда көтерілген көкейтесті мәселелер балаларды отаншылдыққа, жерін, елін, тарихын сүюге тәрбиелейді. 

«Мен сені сағындым, әпке!» күнделік-хикаясында бауырға, әпкеге деген махаббат, бауырмалдық, сағынышты сеземіз. «Ақтеңге», «Әңгелектер ерте піседі», «Жеңеше», «Қайдасың, балауса махаббатым?», «Қасқа тайымды іздеп жүрмін» әңгімелері де мазмұнының әр алуандығымен оқырманды өзіне тарта түседі. Жазушының бұл әңгімелері   туған жері Сыр өңірінің табиғаты, шөл даласы, тіпті жәндіктері мен жан-жануарлары, ондағы әр шығармасына  кейіпкер болып енген ауыл адамдарының тосын мінездері, іс-әрекеттері, сүйіспеншіліктері қызғылықты оқиғаларымен ерекшеленеді. Е. Айғалиұлының бұл қос кітабы алдағы уақытта қалың оқырманның сүйіп оқитын  шығармасына  айналады деп сенеміз. 

Ш.Биекеева
16.01.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 13163
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 11998
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 15244
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 14173
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 19205