Ұлттық қордағы қаржы қиын-қыстау сәт туғанда және келешек ұрпақ қамы үшін деп жинақталған еді бір заманда. Оған да қол сұғылып, бей-берекет жұмсалғаны анықталды. Сыбайлас жемқорлықтың жүрмейтін жері жоқ екеніне осы дәлел. Осыдан кейін ел экономикасы қайдан көтерілсін?!
7 маусым күні мемлекет басшысы Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунованы қабылдады. Наталья ханым Президентке Ұлттық қордан бөлінген мақсатты трансферттердің пайдаланылуы бойынша жүргізілген аудиттің алдын ала қорытындысы жөнінде есеп берді. Аталған аудит аясында жалпы құны 290 миллиард теңге болатын 20 нысан қамтылған екен. Соған талдау жасалды. Сондай-ақ, Ұлттық қордан әртүрлі бағытқа бөлінген 2,2 триллион теңге қаржының жұмсалуы жайлы да айтылды. Президент төрайымға Есеп комитетін Жоғары аудиторлық палата ретінде қайта құруға тапсырма берді.
Президент қабылдауынан шыққаннан кейін Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова Ұлттық қордың тұжырымдамасында жоқ бағыттарға 230 млрд теңгеден астам қаржы бөлінгенін жасырмады.
«Мен бүгін мемлекет басшысына Ұлттық қордан бөлінген мақсатты трансферттерге жүргізілген аудиттің алдын ала қорытындысы туралы баяндадым. Бұл ауқымды жұмыстың қорытындысы бойынша шамамен 9 млрд теңгенің қаржылық заң бұзу фактісі анықталды. 290 млрд теңгеден астам қаражаттың 20 жоба бойынша 20 нысанға Ұлттық қордың тұжырымдамасында қарастырылмаған бағыттарға 230 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Заң бұзу фактілері негізінен атқарылмаған жұмыстар мен орындалмаған қызметтерге ақы төлеумен байланысты», – дейді комитет басшысы.
Жемқорлықтың батпағына батқан әккі шенеуніктер «алынбайтын тас қамал» санайтын ұлттық қорға да ауыз салыпты. Тамыры тереңге кеткен сыбайлас жемқорлықты түп-тамырымен жою Президентке де оңайға түспейтін түрі бар.