Жер бәрібір күнді айналады

Жер бәрібір күнді айналады

Мен ештеңе білмейтінімді білемін, басқалар бұны да білмейді

Сократ

Кезінде Жерді шар тәрізді дегендер     сиқыршыға теңеліп, бәрінің көзінше азапталып өртелген де заман болды. Қасіреті қанмен аққан Еуропа ғылымы бәрібір дамыды, әлемге үстемдік жүргізді. Дәл қазір, ХХІ ғасырда осындай жағдай болуы мүмкін екені төбе шашымызды тік тұрғызады. Қазақстанда бұл нәрсе бар және ол адамды өртемесе де оның руханиятын отқа орайды. Бір ұлттың мәдениетіне соққы жасау – күллі адамзаттың мәдениетіне қарсы жасалған қылмыс! Кезінде «Жер Күнді айналады» деген, оның шар тәрізді екенін тұжырымдаған Галилео Галилей католиктік шіркеудің инквициясынан құтылу үшін ғылыми тұжырымынан бас тартып, босатылған дейді. Бірақ кейін қара жерді өкшесімен қойып қалып, «бәрібір Жер айналады ғой» деген екен. Кезіндегі инквизицияны қолдан жасаған шіркеу болса, қазір қолы бос адамның бәрі соған құмар. Құрғақ уағызбен ғана «құнарланған» әсіре діншілдер руханиятын байытудың орнына өртеп кетіп жатыр. Құлаққағыс болсын.  Құдайдың орнына Құдай болып үкім айту – өзін біреуден жоғары санайтын, ғылымилықты танымайтын, адамзатпен санаспайтын адамның ісі. Онысы тіпті өзгенің алдында өзінің «білімділігін» көрсетуге ұласып жататыны тағы бар. Біреуді көтеру үшін, біреуді төмендетпеу керек. Осындайда Абайдың:

Сөз қыдыртқан,

Жұрт құтыртқан,

Антын, арын саудалап.

Бұтты-шатты,

Үй санатты,

Байдан атты алмалап, – деген өлеңі еске түседі. Біз тек «Жер бәрібір айналады ғой» демекпіз.

 

Қазақ руханиятының «Шөлі»

Қазақ қоғамының проблемасы туралы сөйлесек, қайсібірін айтарыңды білмейтін күй кештік. Аласапыран орнаса, қазақ басын таба алмай дал болатынын көрдік. Осыдан неше жылдар бойы көтерілген мәселелердің жуан жұдырығы жұлынымызды үзіп кете жаздады. Санасы сан-саққа жүгіргендердің болған оқиғаны жүз тараптан көрсе де, өзін бірінші ойлайтыны хақ. Біз бұны жалпы ұлттық сауатсыздық дейміз. Бәлкім 30 жыл тарих үшін түкке тұрмайтын да шығар. Бірақ бұл бүтін бір ғұмырдың жартысына жуық уақыт. Ұрпақ ауысар, бәрі түзелер дедік. Бірақ сол ұрпақтың өзі 30-ға келсе де алдында қақпайлап тұрған қара көп. Ғылым кенже қалды деп дауысымыз қарлыққанша айқайласақ, жұрт дінсіз «діндәрлардың» сапырма сөзіне ілесті. Ойлап қараңызшы, баяғының ақсақалы әңгіме айтатын, қазіргінің қариясы «жансыз» уағызбен шектеледі.  Әңгіме айту – қазақтың біліми институты. Сол арқылы өнеге де, білім де, кәсіптік іскерлік те, қазақы мінез де берілетін. Бұл үлкен бір өнер екені де белгілі. «Құранның» өзі-ақ өлеңмен жазылғанын ұмытып кетеміз-ау! Сөз айта алу тереңдікке бойлауға тура келетін қасиет. Түкірігіңді шашыратып анау былай айтыпты, басқасы былай депті деген жаны жоқ сөздермен жансыз ұрпаққа жалған білім ғана берерміз. Оны қазір көзіне көрінгенді кәпір санайтын жастар құлаққа ілмей, кәрісі қалай айту керектігін де білмей, бабасынан іздегеннен көрі Сауд Арабиясына иек артып, өз тамырын өзі кеседі. Құдды матрица ішіндегі бағдарлама жазылған робот дерсің!

Бұл мысалдардың тізбегін ұзарта беруге де болады. Бірақ мақала ауанын      жоғалтпай, қазақи қоғамға оралайық. Жә, әлеуметтік жағдайы төмен халықтың білімге, руханиятқа құштарлығы ояна қоюы неғайбыл. Бірақ қазақтың жағдайы қашан жақсы болып еді? Қаймағынан айырылған қаймана халық білімсіз қалған емес еді ғой. Ғылым сол шеті көрінбес шексіз далаларда да бар еді ғой. Ұрпағы ұсақталған аспани білім иелері болған ата-бабамыздың мұрасын өз қолымызбен жерлеген қарабет болуға шақ тұрмыз.

Тарихымызды қолдан өзгертуге тырысамыз. Көргенін істейтін балаға ұқсап, неше жыл қор болған тарихымызды өзгертіп айтуға да ұялмаймыз. Ата-баба аруағынан ұят. Неше жыл осы тарихқа куә болған, біздің бар күнәміз бен кінәләрімізді көтеріп келе жатқан Жер анадан ұят. Тіпті, көркем фильмдердің өзінде де тарихи деректерді әжетхана қағазына ұқсататын секілді. Ақан Сатаевтың «Томирисін» алайық. Осыған дейін де бақсының рөлін сайқымазаққа теңеген небір фильмдерді көріп, қарнымыз ашқаны рас. Бұл туындысында бақсының сайқымазақтығын асыра сілтеп көрсетіп, жеккөрінішті қылып, Тұмар патшайымның көзқарасынан бақсыға деген жиіркенішті барынша көрсетіп, шаманның аузы-мұрынынан ірің ағызып, патшайымның өзі сәлден кейін аузы жыбыр-жыбыр етіп, ислам діні келмеген заманда б.з.д. «Аллаһу акбар!» дей жаздап тұр. Біріншіден, бұл тарихқа құрметсіздік. Екіншіден, деректі бұрмалау. Үшіншіден, өзіңнен өзің қашып, не орыс емес, не қытай емес, не ағылшын емес, не араб емес дүбәрә болу. Төртіншіден, өздері қорғауға тырысатын асыл дініміз исламға күйе жағу. Мұсылман адам – гуманист. Гуманист адам өзінің бас пайдасы үшін өз сенімін өзі күлкіге қалдыратын адам емес қой. Жақсы, неге біз өз бабамыздан өзіміз жерінеміз? 

Бақсы дегеніміз кім? Түркі тайпаларында, мемлекеттерінде бақсы ол сәуегейлік танытып, аруақтармен тікелей байланыста болатын күш иесімен пара-пар болған. Ол патшаның жанында жүрген. Қоғамдағы рөлі жоғары, хан, қағанның бәрі санасатын саяси тұлға болған. Ғұн патшасы Еділ (Аттила) айналасына көптеген даңқты бақсыларды ертті. Олар әрбір күрделі оқиғаларды күні бұрын болжап, патшаға жеткізіп отырған. Тек сәуегейлігі емес, соғыс алдында рәсімдерін жүргізіп, жауынгерлік рухын көтеріп, сенімін берік еткен. 451 жылғы Каталаун шайқасының тағдырын бақсылар құмалақ ашып, бірнеше күн бұрын айтып берген. Болжам дәл келген. Патшадан қара халыққа дейін құрметтеген бақсыларды біз неге сайқымазақ, есінен ауысқан, есалаң қылып көрсетуіміз керек? Бұл да біздің мәдениет. Қазақстан онсыз да шығыс пен батыс, ислам мен тәңіршілдік т.с.с. мәдениеттер қақтығысының дәл ортасында тұрған мемлекет. Бізді жұтып қоятын елдер көп. Радикал дін парсы мәдениетін не істеді? Ауғанстандағы Бамиандағы будданы жарып жіберген тәлібтер мен Қытайдағы мешітті қиратқандардың және осы біздің өз тарихымызды мойындамауымыздың қандай айырмашылығы бар?  Әрине, ешқандай. Олар да, біз де – вандалмыз. Мыңдаған жылдар бойы суреткер адамдардың ғарыштық ойларының арқасында біз бүгін табиғат пен физиканың барлық заңдылықтарын түгелдей дерлік қолдана алатын дәрежеге жеттік. Өнерді де, ғылымды да жасайтын суреткерлер. Көзіне шел біткен, айқайдан өзгеге шамасы жетпегендер төбесі көрінгендерді түнекке қайта тартып кіргізуге тырысады. Оны тарих та дәлелдеп отыр. Еуропаның бастан кешкен рухани шөлі бізге енді жеткен секілді. Осыдан 2-3 жыл бұрын ағылшынның дәуір бөлгіш ақыны Т.С.Элиоттың «Шөл» поэмасын қазақшаға аударып біткен едім. ХХ ғасырдағы Еуропа жеріндегі рухани құлдырауды қатпарлап жазған ақынды шіркеулер жазғырмады, керісінше бұл адамзаттық құндылыққа айналды, өнер қатарына қосылды. Күллі әлемнің мұрасына айналды. Назарларыңызға үзіндісін ұсынайын:

Адамдардың арасынан тіл қатамын танысқа:

«Стетсон!17 Тоқта, сен Миладағы18 менің 

                                                 кемемде болғансың!

Сенің бағыңдағы мәйіт19 өсті ме? 

                                       Осы жылы гүлдей ме ол?

Мүмкін, суық ызғардан күлтесінің талқаны 

                                                        шыққан шығар?

Иә, Ит те одан аулақ жүрсін, досы емес пе 

                                                                  адамның20,

Тырнағымен қазып қайта шығарады көрінен!

Сен, екі жүзді оқырман! – маған ұқсайтын – 

                                                     бауырым менің!21

 

17 Стетсон – шеті қайырылған қалпақ маркасы. Бұл жерде сондай бас киім киген барлық адамға қаратылған. 18 Мила. Көне Рим және Гатаки арасындағы тұңғыш соғыс майданы солай аталған. Бұл соғыс экономикалық пайда көзіне таласудан пайда болды. Нәтижесінде Гатаки жойылып кетті. Бұл жерде ХХ ғасырдағы соғыс та осы себепті болғанын ескертеміз. 19 Ежелде молшылық құдайы жерге көмілген. Аңыз бойынша олар қайта тіріліп, молшылық әкелген. 20 Джон Вибастердің (Ағылшын драматургі) «Ақ сайтан» шығармасындағы Корнила жоқтауын қараңыз. 21 Бодлердің «Оқырманға» өлеңінің соңғы жолы: Hypocrite lecteur, - mon semblable, - mon frerel! Осы арқылы Т.Элиот поэманы оқығанда түсінбесе де түсінгендей кейіп танытпауды ескертеді.

 

Астына автордың қосымша ескертпелерімен бірге бердік. Иә, мәйітті біз әртүрлі бағамдауымызға болады. Бұл жердегі «молшылық  Құдайы» да сенімнің өлгені мен құтқарушы Иса мәсіхпен де салыстыруға болады. Тіпті, Ницщенің «Құдай өлді» деген сөзінің де ауаны келетіндей көрінеді. Ницще Құдайдың өзі емес, адам бойындағы Құдайдың өлгенін айтып отырғанын бәріміз білетін де шығармыз. Осы бір үзіндіні біздің қоғамға да телуге болатын секілді. Діни сауатсыздықтың салдарынан тарихқа қиянат жасалса, руханият құлдырап, дәл осы «Шөлдегі» үзіндідегідей ауыр халге түсеріміз анық. Құдайымызды сөзден емес, бойдан іздеген де дұрыс шығар. Сөзде ғана қалса, бойымыздағы Құдай өлмесіне не кепіл? 

 

Әтеш үшінші рет шақыра ма?

Әмірхан Балқыбек ағамызбен 2013 жылы  пікірлесу бұйырыпты. Таныса сала  «Кітап оқисың ба?» деген дәстүрлі сұрағын маған да қойды. Сол уақытта «Қасқыр құдай болған кез» атты кітабын оқып жүрген едім. Сондағы  «Әтеш үшінші рет шақырғанда...» атты мақаласын әлі күнге дейін қайталап оқып келемін. Иә, біз әтештің үшінші рет шақырғанын қашан білер екенбіз? Әңгіменің төркінін түсіндіру үшін үзінді келтірейін:

«Киелi хабардағы» жазуға қарағанда әлдебiр кештегi жиында Иса Мәсiх Петр сахабаға: «Таңға дейiн әтеш үш рет шақырады, оған дейiн сен менен үш рет безiнiп үлгеретiн боласың», – дептi-мыс. Сонда сахаба: «Бұлай болуы еш мүмкiн емес. Сiзге Тәңiр хабары түскен алғашқы күндерiңiзден серiкпiн. Тәңiрге, Тәңiрiнiң ұлы Сiзге кәмiл сенемiн. Бұл сенiмiмнен ажал алдында тұрсам да бас тарта алмаспын» деп жауап берген көрiнедi. Одан кейiнгi оқиғалар дамуы барысында Иса мәсiхтiң айтқаны расқа шығып, пайғамбар басына зұлмат шақ туғанда, Петр сахабаның үш рет безiнiп үлгеретiндiгi де, тек әтеш үшiншi рет шақырғаннан соң ғана санасы оянып, сенiмi қалпына келетiндiгi де, сонда Иса мәсiхтiң айтқан көрiпкелдiгi есiне түсетiндiгi де сол әлде Лұқа, әлде Жоһан жазған «Киелi хабарда» тағы да тәпсiрленiп баяндалған-ды. Пайғамбар сөзiне күпiрлiк жасап, күнәға батқанына қорланған Петр сахаба сол сәт шыдай алмай еңкiлдеп жылап жiберiптi-мiс. Кiм бiледi, рухы iбiлiс тiлiне ерiп, осал тартқандығына iшi қан жылаған болар. Бiздiң ұлттық әдебиетiмiздiң қазiргi хал-күйi Петр сахабаның бас аяғы бiр түнде басынан кешiретiн осы сана сергелдеңiне ұқсайтын сынды...» деп жалғаса береді. 

Тек қана әдебиетіміздің ғана емес, бұл ғажап оқиғаны қоғамның әр саласына да тели беруге болатын шығар. Жоғарыда айтқан әңгімемізге сәйкес айтып отырмын. Болашағымыздың болмысы тар шеңберде қалып қойғаны, ұлттық таным Қарахан мемлекетінен де ары екені, тілдің ұлттық кодтың кілті екендігі, дәстүрді дінмен алаламауы айтылғалы қашан?!  Санамызды бір сілкіп оятатын әтеш үшінші рет қашан шақырады? Басында айтқан тарихқа қастандық қоғамдық пікір қалыптасуына кері әсерін тигізбек. Иә, біз қазір азаматтық ұстанымын білдіріп, сөз сөйлеп, «Фейсбук» бетінде қызыл кеңірдек болған халықты көргенімізді де жақсылыққа бағамдайық. Бірақ буыны қатпағанды бұрып әкететін ұлтынан айырылғысы келетін радикалдау қауым да, кәрі қоғам да, айттым бітті деп, санасының түбінде бір кішкентай тиран диктатор отырған эгоистер де сол жерде. Және олардың өте көп екені де анық. Жоғарыда атап өткен мәдениеттер қақтығысының виртуалды түрі сол қазақи «фейсбукте» жүріп жатыр. Ол жерде бәрі оңай. Біреу «қолың бос болса, Құдайға шүкір деп жаза сал» деп руханиятты құрғақ іспен (тіпті, виртуалды әрекетпен) арзандатса, енді бірі ақын һәм жазушы ретінде күнде «шығармашылығымен» бөлісіп отырады-мыс және сол секілді таязға терең деп сүңгитін   жақтастары оны қолдап әлек болады. Осындайды Әмірхан Балқыбектің тағы бір мақаласы ойға оралады екен. Шимай-шатпағын өлең деп әкелген ақын шалыс біреудің өлеңдерін баспай қойған болса керек. Кейіннен әлгі жігіт достарымен дәл Әмірхан аға барған жерде отыр екен. Ащысынан ұрттап отырып: «Кезінде жұрт Мұқағалиды да менсінбеген», – деп лепірген дейді. Бұл біздің қазіргі қара қотыр жарамыз секілді. Бұрын ананы бүйтпеген, мен де сондай талантты, білімі асқан азаматпын деп ойлайтындар қаншама. Бұл сол қазақи «фейсбук» орта өсірген «гибрид тұлғалар». Бір-екі ауыз лепірме мақтанға қанат жаятын азаматтарымыз ақ пен қараның ортасындағы шекараны өшіріп бара жатыр. Ендігі ұрпақ кімдікі бұрыс, кімдігі әділ екенін ажырата алмай дал болмақ. Қолдан жасалған тұлғалар мен 30 жыл құрғақ айқайға сенген өтірік рухты адамдар. Әйтпесе әлеуметтік желідегі «батырлар» осы күнге дейін қолынан келсе халқының рухын асқақтатып, жоғалған тарихын қайтарып беріп, тілі шұбар-ала ұрпағына жол көрсетіп, құрдымнан алып шығар еді-ау. Оның орнына біз қозғалған сайын лайға кіретін батпақтың ішінде тұтқында қалған адам секілдіміз. Тереңге бойлап сөз айта бастасақ, қалғаны шулап кетіп, одан ары батуға тырысамыз. Біз ұлтымыз байланған жіптің бәрін үзіп жатырмыз. Тек дінге ғана байланып тұрмыз. Оның өзінде бір діннің мың тармағы тұсау салды. Көзіміз байланды, қолымыз емес.

 

Түйін орнына Ә.Балқыбектің мақаласынан үзінді берсек дейміз: «Әттең, бiздiң қазақы түсiнiгiмiзге адамды, оның жан-дүниесiн зерттеудiң психоанализдiк әдiстерi әлi сiңiсе қойған жоқ. Болмаса аты дардай талай әдебиетшi ағаларымыздың сырты бүтiн, iшi түтiн жан дүниесiн жалаңаштап беруге болар едi. Бiрақ бұл жалаңаштау «Кiл құдайлардың iшiнде құдай емесi iнiсi» деп бiр ақын ағамыздың ауылдасының әдебиет пен әдебиетшi жайлы қазақы сәби түсiнiгiн зiлсiз ажуалағанындай болып шықпас едi. Оның үстiне бiзде шығармашылық адам өмiрiнiң биографиясын психологиялық иiрiмдермен жазу iспеттi әдебиеттiң танымдық ең келелi жанрларының бiрi де әлi күнге өз дәрежесiнде дамымай келе жатқандығы қолбайлау…» 

 

Абзал СҮЛЕЙМЕН
10.02.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 45
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 153
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 41
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 50
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 59
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 46
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 149
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 153
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 339
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 332
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 956

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9028
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8424
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11652
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9408
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10634