Жолдауды талдау һәм президенттік сайлау туралы толғау

Жолдауды талдау һәм президенттік сайлау туралы толғау

Бірден айтайын, саясат деген – сайқал ғой мың құбылған. Оның тамырын дөп басу оңай емес. Сондықтан да біз, қарапайым халық, көп жағдайда мәселенің бетін ғана қалқып алып жатамыз. Түбіне терең бойлай алмаймыз. «Өйту керек еді, бүйту керек еді» деп шулайтынымыз тағы бар. Біздің көзімізге жеңіл көрінетін, тез шешіле қалатындай проблемалардың астары қалың, сыры терең болуы ғажап емес. Тіпті ол жерде ұлт тағдыры мен жер тағдыры жатуы мүмкін. Мұны әсіресе Ресейге қатысты айтуға болады. Себебі біздің елдің ішкі-сыртқы экономикасы, шикізат қорлары, мұнай зауыттары т. б. көптеген ресурстары ол жақтан «тәуелсіздік» алды деуге әлі ерте. Көзге көрінбейтін «кедергілер», ел біле бермейтін «түрлі талаптар», халық аңғармайтын «қоқан-лоқылар», біздің өреміз жетпейтін «саяси ойындар», «лас тірліктер» билікке, Президент Тоқаевқа жолданып жатуы әбден мүмкін. Күштінің құйрығы диірмен тартқан заман ғой, сол себепті саясат туралы бірдеңе айтқысы келген адам осы жағына да тереңірек бойлағаны дұрысау... Бұл ақиқатты білу үшін керек. Егер түрлі қыспақтар бүйірден қысып, қауіп-қатер жан-жақтан төніп тұрса, Президенттер де уәдені үйіп-төкпей, ант-су ішпей «Көтере алатын шоқпарды ғана беліне байлап», аңысын аңдап, абайлап сөйлесе өздеріне жақсы. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарап кетсе», сол жаман. Өтіріктің арты бір-ақ тұтам.

Есіме бірден Президенттің 2019 жылы 2 сәуірде «Егемен Қазақстанға» берген сұхбаты оралды. Сонда Президент Қ.Тоқаев: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады. Балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет екеніне баса назар аударуымыз керек. Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз», – деп баршамызды риза еткені қайда? Сөз бен істің арасы неге алшақ? Бұл қазақ жұртын ақымақ қылу ма? Әлде маған бәрібір деген дөң-айбат па?

Нельсон Манделла айтқан екен: «Егер тіл мен мәдениетің жоғалса, шекараны аша сал, бәрібір неңді қорғайсың? Бұл енді сенің елің емес», – деп. Осы күйді тілім деп өзегі тілінгендер кешіп отырғаны анық.

Өркениетті елдерге қараңызшы, Жапония, Германия, Америка, Қытай, Түркия, Израиль, т. б. елдер орыс тілінсіз-ақ, өзінің бір ғана мемлекеттік тілімен қандай жетістіктерге жетіп отыр! Өлі тілін тірілткен еврейлер қандай мықты мемлекет құрды! Солардан неге үлгі алмасқа?

ТОҚАЕВТЫҢ ЖАНТАЛАСУЫНДА НЕ СЫР БАР?

Демократия туралы айтқанда біз ылғи да Америка мен Англияны өзімізбен салыстырамыз. Олар қайда, біз қайда, жаным-ау? Ширек ғасырда шірене алмаған ел шілдің боғындай шашырап кеткелі тұр. Дініміз ала-құла, тіліміз шұбар-ала. Халқымыз шала-шала. Ұлт болып әлі ұйыса алмай жатырмыз. Біріміз көкке, біріміз сайға тартамыз. Жердің асты мен үстінің байлығын кім көрінген иеленіп, қазақтан басқаның қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Тәуелсіздіктің отыз жылындағы «жалы күдірейген» Жолдаулардың, «айдарынан жел ескен» бағдарламалардың жүзеге асқаны аз. Мақсатқа жеткені некен-саяқ. Қалай күйінбейсің, 30 жылда ұрланған-жырланған ақша мен шетел асқан қаржыда есеп жоқ. Олай болса билік басындағылардың халыққа өкпелейтін жөні жоқ. Қалған көңіл – шыққан жанмен пара-пар емес пе!

Кешегі Президент Жолдауынан соң сарапшылар, саясаткерлер «дамыған елдерде сайлауды қай жылға қойса, сол жылы өткізеді» деп шулап жатыр. Оу, ағайын, елімізде 30 жылда тым құрыса Президенттік сайлау мерзімінде өтіп көрді ме? Бұл не таңданыс?!

2019 жылы президент сайлауы бола ма

Меніңше, бұл кезексіз сайлау мәжбүрліктен туып отыр. Ә, дегенде абдырап қалған ескі биліктің гвардиясы қайта күш алып жатқан секілді. Әгараки 2024 жылғы мерзімді сайлауды күтсе, биліктен айырылып қалуы бек мүмкін. Сондықтан биылғы күз Тоқаев үшін ең оңтайлы сәт! Қазіргі қуыршақ парламент пен үкіметті таратпай тұрып сайланып алғаны абзал. Содан кейін барып жаңа парламент пен есті үкімет жасақтап, еркін жұмыс істемекші.

Инагурация 2023-тің басында болса, 7 жыл қосып, 2030-ға дейін Тоқаев тізгін ұстайды. Басқа нұсқа көріп тұрған жоқпын. Әйтпесе ешкім Президент кетсін, сайлау өтсін деген жоқ. Халық ескі жүйені жаңалауды, әлеуметтік ахуалды жақсартуды ғана сұрап отыр. Дәл қазіргі геосаяси жағдайда, Президенттік артынша парламент пен мәслихат сайлауын бір жылда өткізу оңай шаруа емес. Амал жоқ, келесі жылдың жазына дейін қымбатшылықты жиып қойып сайлаумен шапқылаймыз. Тек Қосановтай клоундар төбе көрсетпей, тым болмаса бір-екі жаңа лидерлер сайлауда бағын сынап көрсе, шіркін! Оған лайық кім бар бізде? Айтпақшы, бір-екі айдың ішінде қандай қарсылас кандидат шығады. Әлі де тіркелмеген жаңа партиялар заң аясындағы қолдаушыларын жинай ала ма? Президент Тоқаевтың осы уақытқа дейін жаңа партияларды тіркемей келгендігінің сыры әріде жатқан жоқ па?

Саясаткер Досым Сәтпаев: «Бұл сайлау – биліктің таңдауы. Билік Тоқаевты әрі қарай ұстап отыруға ниетті», – депті.

Ал журналист Мұхтар Түменбай «қаңтар» қасіретінен әлі айықпаған шақта сайлау өткізу алдымен Президенттің өзіне қауіпті екенін айтады. Сөзінше, халықтың біршама бөлігі қанды қырғында бүлікші элиталық топтармен бірге Президенттің де кінәсі бар деп есептейді.

«Осындай жағдайда сайлау өткізу – үлкен әрі қауіпті тәуекел. Олай болса, Тоқаевқа кезектен тыс сайлау несіне керек? Жауап біреу ғана. Оған бастаған реформаларын аяғына жеткізу үшін уақыт керек. Ал ол жоқтың қасы. Ашық, бүкпесіз 7 жыл сұрап отыр. Және соның кепілі ретінде Президенттік мандатты заң негізінде бір мерзіммен шектеймін деді. Мұнысымен Тоқаев қалың халыққа ресми түрде келісімшарт жасасуды ұсынып отыр», – дейді ол.

Тоқаев кезектен тыс Президенттік сайлау ұсынып, Назарбаевтың ескі әдісіне көшті деп жатыр «білгіштер». Сарапшылар деп айтуға ауыз бармай тұр. Шын мәнісінде солай ма? Сәл-пәл зерделеп көрейікші.

Біріншіден, Назарбаев сансыз кезектен тыс сайлаулар ұйымдастырғанда өз Президенттігін келесі екі мерзімге, содан соң тағы екі мерзімге ұзарту үшін жасап келді. Ал Тоқаев ендігі жерде Президенттік өкілдікті бір ғана 7 жылдық мерзіммен шектеймін деп отыр. Екіншіден, Назарбаев кезекті сайлау науқандарын ұйымдастырғанда оның шексіз билігіне ешбір қауіп төнген жоқ болатын. Елдің ішкі саяси ахуалы мен экономикасы қалыпты жағдайда еді. 1991 жылды санамағанда. Онда да оған халық арасындағы тәуелсіздік эйфориясы мен альтернативсіз, конкурентсіз сайлау демеу болды. 1995 жылғы референдумдық сайлау да сол қарқынмен өтті. Қалған сайлауларды биліктің ұйымдасқан, жұдырықтай жұмылған, айрандай ұйысқан, біртұтас гегемониясы қамтамасыз етті.

Ал Тоқаев ел экономикасы терең кризиске ұшырап, инфляция күн өткен сайын шарықтап жатқан жағдайда, бұқара халық ашуға булығып тұрған шақта, ішкі саяси элита божырап, кландық тартыс асқынып, кімнің кімді қолдайтынын, кім кімнің жағында екенін түсініп болмайтын жағдайда Президенттік сайлауды қайта өткізейік деп ұсынып отыр. Айырмашылығын шынымен сезбей отырсыздар ма?

ЖОЛДАУДАН ЖОЛДАУҒА ДЕЙІН НЕ ӨЗГЕРДІ?

Құдайшылығын айтайық, жүзеге асатын болса, кез келген Жолдауда жақсы дүниелер қозғалатыны рас. Осы жолғы Жолдауда да жаңашыл бағыттағы ұстанымдар жоқ емес. Соның шоқтығы биігі – Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың есеп шотына аудару. 18 жасқа жеткенде өздері шешіп алады. Кеш те болса жақсы бастама. «Кеш» деуіміздің «сыры» бар. Бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы Кувейт боламыз, əр балада туған күннен бастап жинақ книжкасына жыл сайын 100 мың доллар ақша түседі деп елді елірткен. Сөйтсек, оның бәрі қара бастың қамы үшін айтылған дүние болып шықты ғой. Балаға қимаған ақша байларға бұйырды ақыры...

Президент Тоқаев та сын сағатта, билік үзеңгісіне аяғын нықтап салып алу үшін барып тұрған айласы емес пе бұл?

Жолдауда айтылған әр туған баланың есеп шотына ұлттық қордан қаржы бөлінуі жақсы жаңалық. Бірақ елең етер ақпарат емес. Себебі билікке белсенді азаматтар айта-айта жауыр болған нәрсе ғой.

Ендігі сұрақ: 18 жылда 3 мың доллар аз ба, көп пе? Бөркімізді аспанға атып қуануға лайық па? Осыны нақтылау үшін Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың ФБ-дағы жазбасына үңілдім. Рас екен!

Руслан Желдібай: Ресей біздің стратегиялық серіктесіміз әрі одақтасымыз  болып қала береді«Әр баланың есеп-шотында 3 мың доллар қаражат жатады! Президенттің бастамасымен Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама іске қосылады. Оған сәйкес, 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылады. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Үкімет пен Ұлттық банктің есебі бойынша елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді. Әр бала 18 жасқа толғанша олардың есепшотында кемі 3 мың АҚШ долларына тең қаражат жиналады». Жә, делік. Турасын айтсақ, қазірдің өзінде 3 000 доллармен қай жыртығыңды жамауды білмейсің, ал 18 жыл өткенде не болары белгісіз? Халықтың өкпе-назы орынды. 18 жылда кім бар, кім жоқ. 3 мың доллар... ол неге жетеді? Оқуға... үй алуға... киінуге... той жасауға... денсаулығын күтуге... бизнес бастауға... т. б. тіршілікке жете ме? Әлде бұл 18 жылда кім бар, кім жоқ деген Қожанасырдың қылығы ма? Жылына 3 мың доллар десе, әңгіме басқа. Аңғал халықты қашпаған қара сиырдың уызынан дәметкізіп қойып, өздері саяси ойынды жалғастыра беру – ескіден келе жатқан жол.

Елімізде мұнайдан түсетін қаржы көлемі жұрттан құпия ұсталады. Жыл сайынғы Үкімет есебінде «мұнайдан түскен қаржы көлемі өткен жылмен салыстырғанда бір-екі пайызға көбейді» делінгенімен, нақты сома айтылмайды. Алайда кейбір сарапшылар Үкіметтің іс жүзінде жан басына шаққанда 10-15 мың доллардан кем емес пайда көріп отырғанын айтады. Яғни орта есеппен 30 млрд доллар кіріс бар деген сөз. Мұнайдан түскен қаржының елу пайызы балаларға берілсе, әр баланың есепшотына жылына кемі он мың доллар түсуі тиіс екен. Бірақ Олжас Байділдинов бастаған кейбір сарапшылар орташа есеппен әр балаға жылына әрі кетсе 900 доллар ақша түседі депті.

Осыған қарап-ақ бізді билеп отырған жүйенің мұнайдан түскен қаржының оннан тоғызын қалталарына басып отырғанын түсінуге болады.

Қымбатшылық қысқы аяздай қарып тұрғаны рас. Жалақы мардымсыз. Халық қалт-құлт етіп әрең күнелтіп жүр. Жолдауда ең төменгі жалақыға он мың қосылып, 70 мыңға көтерілгені айтылды. Небәрі 10- ақ мың теңге қосылыпты.

Жолдауда жерді жекеменшікке беру мәселесі тағы көтерілді. Яғни арнайы экономикалық аймақ арқылы инвестицияға тартылған ірі компанияларға жерді жекеменшікке беру қарастырылуы қажет делінді. Алақандай жерге тұрғын үйін сала алмай зар еңіреп жүрген қара қазақ басы «Шаңырақ», «Думан» трагедияларын бастан өткізсе, берісі сол қазақ ел иесі, жер иесі болса да, С.Терещенко, Кулагиндердің басып алған ірі көлемдегі жерлеріне қолы жете алмай «құлдық» күй кешуде. Қандай мақсатта болмасын жерді жекеменшікке (тұрғын үй салудан басқа) таяу 100 жылда да беруге болмайды. Ол өте маңызды ұлттық стратегия!

Сондай-ақ, Жолдауда нақты саяси жаңғыртулар мен жаңаруларға мүмкіндік берілетін саяси реформа қозғалмады. Алдағы болатын сайлаулар саяси өзгерістің кепілі емес. Оған дейін талай сайлаулар болды. Әділетті ашық сайлау орын алуы үшін алғышарттар жасалуы керек еді.

АТА ЗАҢДЫ АРДАҚТАУ БОЛМАСА ЕКЕН ҚҰР МАҚТАУ

Президент Тоқаевтың Жолдаудағы басты жаңалығы мерзімінен бұрын Президенттік сайлауға түсуі деген дұрыс шығар. Бұл орайда сан түрлі пікірлер айтылуда. Президент Жолдау жасамастан бұрын әртүрлі болжамдар айтылды. Бірақ Президент сайлауы өтетінін ешкім тап басып айтқан жоқ. Оның себебі де жоқ емес. Бәріміз де Президент сайлауына әлі ерте, уақыт бар деп алаңсыз жүрдік. Оның үстіне Назарбаев құрған жүйемен күресу үшін әлі уақыт керек, асықпайықшы деп ақтап алып жүргендер де аз емес еді. Яғни толық 2 жыл (аз емес еді ғой) мерзімі бар Тоқаев Жолдауын осылай аяқтады. Жеме-жемге келгенде Парламент те, Үкімет те сол күйі орнында қалды. Жолдауда бірқатар мәселе айтылды. Мені таңдандырғаны, сонда оның бәрін онсыз да бұған дейінгі Жолдауларды толық деңгейде жүзеге асыра алмаған Үкімет реттей ме? Өткен жылдарға, оның ішінде дүкен, базардағы баға мен елдің табысына қарасақ, мына Үкіметтен еш қайыр жоқ.

Тоқаев жаңа Үкімет мүшелерін тағайындады«Жаңа Қазақстанды» қалайтын Тоқаев «Жаңа Үкіметті» жасақтауға неге асықпай отыр? Ескі жүйені асты-үстіне түсіп мақтаған Парламенттің де «Жаңа Қазақстанда» жаңа заң қабылдауға қандай құқы бар? Елге сүйкімі кеткен шенеуніктердің билік басынан жылт-жылт етіп жиі көріне беруі, билік сатысында өсуі халыққа ауыр тиіп жатыр.

Сондай-ақ кешегі Жолдауда Президенттің сөзін бөліп, қайта-қайта дүркірете қол соққандар (34 мәрте қол соғылыпты!) Назарбаевты айға теңеп, айдай әлемге күлкі болғандар еді ғой. Қандай жиіркенішті көрініс! Кімнің тарысы піссе, соның тауығы болатындар қай заманда да болыпты, біздің де арамызда жүр, ағайын.

Әкімдер арасында халықшыл тұлғалар аз емес. Оны ел аралағанда талай мәрте көрдім. Тілге де, руханиятқа да бүйрегі бұрып тұратындар баршылық. Әттең, олар билікке жалтақтайды. Президентке алаңдайды. Еркіне жіберсең, елім деп еңіреп жіберуге дайын тұр. Соларды Ел Президенті елеп-ескеріп, идеологияға құрал етсе, қандай жарасымды! Қолдап-қорғаса, ел мұратына қызмет етуге олар сақадай сай. Тек оны көретін көз, сезінетін ұлттық рух керек.

Қазақстан Республикасының азаматы ретінде айтарым, Ата заң – кім көрінген қолайына жақпаса өзгерте беретін қойын дәптері емес. Жаппай қоғам сұраған жағдайда ғана тек референдум арқылы өзгеруі тиіс. Парламенттен өзгерту құқығын алып тастау керек. Ата заңға солай шегеленіп жазылуы парыз деп санаймын.

Жолымбет Мәкіш балам айтпақшы, Тоқаевтың қолында көп нәрсе тұр қазір. Саакашвили сияқты полицияға өзгеріс әкеп, былыққа батқан заңгерлер мен судьяларды қызметінен босатып, осы салаға үлкен реформа жасаудан бастаса ең құрығында. Саакашвили кезінде содан бастаған ғой. Саакашвили шынымен де Грузияға үлкен өзгеріс әкелді. Грузиндерге Құдай бере салған реформатор десек болады оны. Соның кезінде туристердің саны 150 есе өсіп, кішкентай ғана Грузия Ритц, Хилтон секілді отелдердің саны жағынан өзінен он есе үлкен Украинаны екі орап алыпты. Украина қанша инвестиция тартса, Саакашвили билікте отырғанда сонша инвестиция тартқан еліне. Ол жақта компанияны 13-ақ минутта құра салады екен. Сондай норматив болған. Дүниежүзілік банктің ақпаратына қарағанда, бизнеске жасалған қолайлы жағдай жағынан Грузия тіпті Финляндияны, Швецияны, Жапонияны да басып озып, 150-орыннан 11-орынға бір-ақ секіріпті. Осының бәрі түптеп келгенде елдің дамуына алып келді. Тоқаев әзірге әліптің артын күтіп, өзгерісті кейінге қалдырып отырған адам сияқты болып көрінеді кейде. Халықтың үмітін алдамай, сондай адам болып шықса екен!

Жалпы бізге Ресей үлгі болмауы керек. Елім деп еңіреп өткен алаш арыстарының арманы Жапония мен Америка еді. Неткен көреген тұлғалар болған. Бүгінде солар армандаған екі ел әлемді аузына қаратып тұр. Ал біздің маңдайымызға біткен екі Президент те орысқа еліктеумен әлек. Бұл не, жіпсіз байлану ма? Жоқ әлде, билікті сақтап қалудың ең оңай жолы соларға жағыну ма? Неге осынша орысқа құлдық ұрамыз? Иә, саны көп – қорқытады, терең – батырады. Алайда ұлттық мүдде жолындағы күресті қайда қоямыз.

Абылай бірде көрші отырған орыс мемлекетімен соғыспақ болғанда,Бұқар жырау оған қарсы шығып, бұқара мүддесін қорғап қалады. Көрегендік байлам жасап, «Орыспенен соғыспа!» деген әмірлі өктем сөзін айтады.

«Ашуланба, Абылай!

Көтерермін, көмермін,

Көтеріп қазыға салармын.

Өкпеңменен қабынба,

Өтіңменен жарылма,

Орыспенен соғысып,

Басыңа моншақ көтерген

Жұртыңа жаулық сағынба! – деп, Абылай ханның тасыған көңілін басарлықтай батыл қарсылық білдіреді. 

Бұқар бабамыз айтпақшы, мен де Президент Тоқаевқа «Орыспенен жанжалдас, ат құйрығын кесіс» демеймін. Көршімен тату болғанға ештеңе жетпейді. Тек орыс мүддесіне тілің мен діліңді жығып бере берме дегім келеді. Мұны бір менің емес, ақ самайлы аналардың сөзі деп ұқ!

Тілі мен ділі болмаса, қазақ деген ұлт та болмайды. Ұлт болмаса, Президент кімге керек? Нағыз аманатқа қиянат сол болмақ!

Ел іші болған соң түрлі пікірлердің орын алуы да заңдылық. Мысалы кезектен тыс Президент сайлауының өтуіне қарсылық танытып жатқандар да бар. Олардың да уәжі орынды. Бұл не асығыстық? Президент өзіне бекітілген мерзімді неге өтеп барып, келесі сайлауға бел шеше кіріспеске? Үйреншікті әдісті үйреніп алып, халықты алдап үйіріп соғу Президент Тоқаевқа абырой әперсе жақсы...

ТҮЙІН: ПРЕЗИДЕНТ ТОҚАЕВҚА ДАТ

Мойындаймын, қолыңызда биліктің бүкіл ресурсы тұрғандықтан, барлығын басып-жаншып Президент болуға мүмкіндігіңіз бар. Сізге дейінгі Назарбаев та сөйткен. Бірақ оның арты не болып жатыр, соған бір сәт көз салыңыз. Дүние деген жалған сынақ. Тарих дейтін таразы бар. Кімнің ақ, кімнің қара екенін сол айтады. Сондықтан бар мүмкіндікті пайдаланып әділ сайлау өткізіңіз? Тіліңізді асқақтатыңыз. Жердің асты мен үстінің қазынасын халықтан аямаңыз. Ұрпақ жасымасын десеңіз, жөргекпұлын еселеңіз, дүниеге келген әр балаға, демократияға үлес қосқан әр анаға жағдай туғызыңыз. Сонда халық сізбен мәңгі бірге!

Жақсылығыңызды да айтайын, Сіз Президенттік лауазымға отырғалы демократияның самалы есті. Сөз еркіндігіне жол аштыңыз! Бұрын айтуға болмайтын, айтылса түрмеге тоғытылуға дейін баратын шындықтар жария болып жатыр. Тіпті қателесіп жатса, билікті де сынауға рұқсат бердіңіз. Бұл сіздің дамыған елдерді көрген, БҰҰ-да шыңдалған тәжірибеңіздің жемісі. Сіз Президент болып сайланған бетте шетелдік журналиске «Халық кедейліктен көшеге шықты» деп бүкпесіз айтқан бірінші Президентсіз.

Сөз соңында тағы қайталап айтамын, Тоқаев мырза билікке өте қиын кезеңде келді. Үш жыл болды, оңалып кеткен ештеңе жоқ. Салыстырмалы түрде айтайыншы, 1932 ж. Рузвельт Президент боп сайланғанда АҚШ-тың жағдайы бізден әлдеқайда мүшкіл еді.

Рузвельт Президенттік мерзімді ұзартуды ойламады. Мықты экономист іздеп, Кейнсті тапты. Былыққа батпаған жақсы кадрларды маңайына жинады. Айналдырған үш-төрт жылда экономика қарыштап дамыды. Көрдіңіздер ме, бәрі ізденісте, ешкімге жалтақтамай, халыққа адал қызмет етуде. Маңайына ұлтқа жаны ашитын қайраткерлерді жинау да үлкен өнер.

«Жаңа Қазақстан» жаңа кадрлерімен Жаңа Қазақстан! Осыны қарапайым халықтың үнін пайдаланып, тез түзету қажет. Әйтпесе жаңашылдықтың әзірге сәулесі де көрінбейді. Әзірге бәрі сөз жүзінде дегенім ғой. Бәрі бұрынғының «солдаттары». Егерде бұл үрдіс жалғаса берсе, сайлау ұтыс емес, Тоқаевқа ұтылыс әкелуі ықтимал. Биліктегі бірінші адамның ұстанымы «Тура биде туған жоқ» болуы керек. Сосын тазалық қажет. Әділ сайлау өту үшін бұл істе қоғамдық халық бақылауы қажет. Сонда ғана әділ сайлау өтеріне кепілдік бар. Әйтпесе баяғы жартас – бір жартас.

Дәуір алмасты, руханияттар жаңғырды. Бірақ адами болмыс, кемеңгерлік сипат, лидерлік қабілет адам бойынан жоғалмады. Оларсыз адами құндылықта мән қалмас еді ғой. Олай болса қазақтың тектілігінің көрінісі, әділдігінің шырақшысы, туралығының өлшемі, ханына да қасқайып отырып шындықты айтатын бүгінгінің Бұқарлары қайда? Бұқарларды ұғынатын, оларменен санасатын, уәжіне құлақ асатын Абылайлар билікке қашан келеді? 

 

Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
08.09.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 38
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 97
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 30
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 38
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 44
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 37
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 92
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 97
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 292
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 286
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 907

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8984
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8379
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11604
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9362
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10588