ЖОМАРТ ЖҮРЕКТІ ЖАН

ЖОМАРТ ЖҮРЕКТІ ЖАН

Республикалық «Жыл адамы», «Жомарт жүрек» байқауларының жеңімпазы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Аққайың ауданындағы «Дайындық-Агро» ЖШС-нің директоры, қазан айының 9-шы жұлдызында пайғамбар жасына келетін Біржан Шаймерденовті Қызылжар өңірі осылай атайды.

ДАЙЫНДЫҚТАН БАЙҚОҢЫРҒА ДЕЙІН...

Біржан Әбділманұлының облыс орталығындағы Ауыл шаруашылығын механикаландыру техникумына түсіп, механик мамандығын алып шығуына ауыл тірлігі әсер еткені сөзсіз. Бірақ оның бұл салаға келуі, ауылшаруашылығымен түбегейлі айналысуға ден қоюы 15 жылдай уақытқа созылып кетті. Әскери борышын өтеді. Осыдан 41 жыл бұрын Сұлушаш Мұхамедқалиқызымен отбасын құрды. Балалы болды. Қаланың да дәмін татып көрмек болып, облыс орталығындағы «Спецводопроводсельстрой» тресіне мамандығы бойынша орналасты. Аталмыш құрылым елдімекендерге су құбырларын тартумен айналысатын. Біржан еңбек жолын бастаған кезде трестің бір бөлімшесі Байқоңырдың ғарыш алаңында еңбек етіп жатыр екен. Трест басшысы Олег Космитский 24 жасар жас маманды аз-мұз тәжірибе жинақтағаннан кейін атақты Байқоңырға іссапарға вахта бастығы ретінде жіберді.

– Бұл менің өмірімдегі естен кетпес бір елеулі кезең десем де болады. Көпсатылы ұшу алаңына су құбырларын тарттық. Ғарышкерлер жерге қонғаннан кейін Байқоңырдағы оңалту орталығында үш күндей болады, былайша айтқанда, Мәскеудегі Жұлдызды қалашыққа ұшып кеткенге дейін орталықта оңалтудан өтеді. Сол кезде ғарышкерлерді көріп қалудың сәті түседі. Байқоңырда болған 7 жылда біраз ғарышкерді көзбе-көз көрдік. Әсіресе 1987 жыл ерекше есімде қалыпты. Осы жылы біздің жерлесіміз Александр Викторенко ғарышқа алғаш рет сапар шекті. Біз, солтүстікқазақстандық құрылысшылар, Шал ақын ауданының тумасы Александр Степановичтің ғарышқа ұшқанын, оны көзбен көргенімізді мақтан еттік, – дейді Біржан Әбділманұлы.

Байқоңырдағы еселі еңбек еленді. Біржан Шаймерденов 1987 жылы Мәскеуде Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысып, «ВДНХ»-ның күміс медалімен марапатталып, оған 2 камералы мұздатқыш сыйлады.

Жеті жылдан кейін Біржан Әбділманұлы Байқоңырдан треске оралып, «Спецводопроводсельстрой» тараған 1995 жылға дейін директордың орынбасары қызметін абыроймен атқарды.

ЖЕКЕ «ЖИГУЛИІН» САТЫП, АУЫЛЫН КӨТЕРГЕН АЗАМАТ 

Облысқа ғана емес, бүкіл республикаға танымал «Ленин» кеңшары экономикалық тоқырауға төтеп бере алмай, 1996 жылы тарап тынды. Дайындық ауылына сол құрдымға кеткен шаруашылықтан ескі техникалар мен қалқиып қабырғалары ғана қалған 8 мал қорасы бұйырды. Елдегі еті тірі азаматтар сырттан келіп, ешкім көмек көрсетпейтінін сезгеннен кейін өз күндерін өздері көрмек болды. Олар ақылдаса келіп, заман талабына орай жеке шаруашылық құруды ниет етті. Оны кім басқарады дегенде, таңдау облыс орталығында тұрып жатқан ауылдасы Біржан Шаймерденовке түсті.

Жергілікті тұрғындардың өтінішімен атқарып жатқан жұмысын тастап, елді көтеруге келген Біржан сол қоралардың бірін қалпына келтіруге қаражат таба алмаған көрінеді. «Кетеуі кеткен шаруашылықты қалпына келтіруге үш мүшел жастағы жігіттің шамасы келе ме екен?» – деп күмәнданған ауылдастары, тіпті, сол қоралардан бұзып алған шифермен де көмек көрсетпеген. Тығырыққа тірелген Біржан «Шешінген судан тайынбас» дегендей, астындағы «Жигулиді» құрбандыққа шалуға» мәжбүр болады.

Алғашқы кезде шамасына қарай 850 гектар алқапқа ғана дәнді дақылдар егіп, соның өзінде агротехникалық шараларды талапқа сай сақтауға аса зор мән береді. Алға зор үмітпен қараған азамат ауылдың тек егіншілікпен айналысуы шаруашылықты ұшпаққа шығармайтынын серіктестік құрылған сәттен бастап түсінген. Сондықтан ауылдастардың жер үлесін көбейтуді, шаруашылықты жаңа озық техникалармен қамтамасыз етуді, мал шаруашылығына басымдық беруді алдына мақсат етіп қояды. Сондықтан Тайынша ауданынан, Ресейдің көрші облыстарынан қара мал сатып алып, қолда бар жылқыларды көбейтуге басымдық береді. Ауылдағы мал қораларын жөндеп, сауын сиырлардан сүт өндіруге бағыт ұстанады. Бірақ бұл сауын сиырлары асылтұқымды емес еді әрі өнімі де заман талабына сәйкес келмейтін. Дегенмен қолдағы мал серіктестіктің сол кездегі мұқтажын өтеуге жақсы қызмет етті, тәжірибе жинауға мүмкіндік берді.

ЕКСЕҢ ЕГІН – ІШЕРСІҢ ТЕГІН

Баяғы 850 гектардан басталған егістік алқабы жергілікті тұрғындардың, көрші ауылдардың сенімділік танытуымен біртіндеп көбейе түсті. Жер үлестерінің көбеюі – озық технологияны сақтау үшін заманауи техникаларды қажет етті. Серіктестік басшысы ауыл жастарымен ақылдаса келіп, шетелдік техникаларды сатып алуға басымдық берді. Соның арқасында шаруашылықта алғашқы «Джон-Дир» комбайндары, себу кешендері, тракторлар пайда болды. Озық техникалар мен агротехникалық шараларды қатаң сақтау жер-анадан тұрақты мол өнім алуға мүмкіндік берді. 

Шаруашылықтың бұрынғы кеңшар орталығында механикалық қырманы, астық сақтайтын қоймалары бар. Қырман тиісті жабдықтармен, астық кептіретін және артатын заманауи қондырғылармен қамтамасыз етілген.

Серіктестік зор ұйымдастырушылықтың арқасында 2009 жылы астықтың шығымдылығы жағынан Қызылжар өңірінде жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Әр гектардан 34 центнерден өнім алды. Сөйтіп, осы жылдардағы орташа көрсеткіш 22 центнерден айналды. Ал ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығында астық өнімділігін 39 центнерге жеткізді. Бұл облыстағы ең жоғары көрсеткіш еді. Жиналған астықтың 80 пайызы 3-сыныпты құрады. Он мың тоннадан астам астықты Смирнов, Тайынша, Қиялы элеваторларына орналастырды. Қамбаға 3 мың тонна сапалы тұқым құйып алды. Өздеріне тиесілі механикалық қырмандағы қоймаларға 8 мың тоннадан астам астықты сақтауға қойды. Сол жылы орақ науқаны аяқталмай жатып-ақ әрбір үйге 2 тоннадан арпаны тегін үлестірді, жеке шаруашылықтарды отынмен, шөппен қажетінше қамтамасыз етті. Осының өзі агроқұрылымның 15 жылда қол жеткізген аса зор жетістігі еді.

Бүгінгі таңда «Дайындық-Агро» мен баласы Олжас Біржанұлы басқаратын «Березка-Агро» серіктестіктерінің 1200 адамның жер үлесінен құралған 15 мың гектар егістік алқабы бар. Оның 10 мыңына – бидай, 1500 гектарына – зығыр, 750 гектарына – рапс, 400 гектарына – жүгері, бір мың гектарына – аралас дәнді дақылдар, 200 гектарына – біржылдық шөп, қалғанына арпа, сұлы сеуіпті. Осынау маңдай термен егілген астықты тәжірибелі диқандар 11 шетелдік комбайнмен және 60 шақты техниканың арқасында дер кезінде ысырапсыз жинап алды. Гектар берекелілігі биылғы қуаңшылыққа қарағанда, көңіл көншітерліктей болды.

– Біздің шаруашылықта 350 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Олардың орташа айлық жалақысы 2010 жылы 79 мың, 2011 жылы 90 мың теңге болса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 289 мың теңгеге жетті. Орақ науқанында жүрген жекелеген механизаторларымыздың 22 қыркүйек күнгі табысы 250 мың, тасымалдаушылардікі 200 мың теңге болды. Осының өзі орақ науқанында еңбек ететін озат механизаторлардың жоғары жалақыға қол жеткізетіндігін көрсетеді, – дейді серіктестік директоры.

НАРЫ БАРДЫҢ МАЛЫ БАР

«Дайындық-Агро» ЖШС егіншілікпен бірге малшаруашылығын дамытуды да қатар алып келе жатыр. Кезінде елімізде етті, сүтті мал шаруашылығын дамытуға баса назар аударылған еді. Сол бастамадан аталмыш шаруашылық та сырт қалған жоқ. Оның үстіне астықтан алынған мол өнім серіктестіктің осы саламен де түпкілікті айналысуына мүмкіндік берді. Біржан Шаймерденовтің айтуына қарағанда, 2009 жылы шаруашылық өздерінің 40 млн теңге қаржысына асылтұқымды 230 бас етті ірі қара мал сатып алды. Оның 101-і – Шығыс Қазақстан, қалғандары Қарағанды, Ақмола мен Қостанай облыстарынан әкелінді. Барлығы – қазақтың ақбас мұқыл сиырлары. Ақмола мен Қостанай облыстарынан аукцион арқылы бір-бірден канадалық етті «Герефорд», «Шеролэ», 3 бас ақбас бұқаға қол жеткізді.   

Мал өсіруде мемлекеттік жеңілдікті пайдалану үшін олардың санын 300-ге жеткізу керек болатын. Сатып алынған сиырлардың бұзаулары есебінен шаруашылық бұл талапты да орындап шықты. Аз мерзімде серіктестік етті мал санын 400-ге жеткізіп, асылтұқымды репродуктор шаруашылық мәртебесін иеленді. Малды сапалы жемазықпен қамтамасыз ету де ойластырылды. Ол үшін АҚШ-тан орама шөп тайлағыш, Қытайдан жүктиегіш сатып алынды. Францияға «Маниту» атты 15 операцияны бір өзі атқаратын мал шаруашылығына арналған 100 мың еуроның техникасына тапсырыс беріп, оны да алдырып, алғашқы сынақтан өткізіп үлгерді.

– Осының бәрін өз қаражатымызға алдық. 2002 жылдан бері банктерден несие алып көрген жоқпыз, – дейді Біржан Әбділманұлы.

Шаруашылық 2019 жылдан бері асылтұқымды сүтті-етті сиырлар өсіруге баса назар аударып отыр.

Серіктестіктің тауарлы сүт фермасының құрылысы осыдан 3 жыл бұрын қолға алынды. Дайындық-Ленин тас жолының оң қапталында орналасқан заманауи құрылыс сол жылы пайдалануға берілді. Оған австриялық «Сименталь» тұқымды етті-сүтті 600 бас тайынша әкелінді. Фермадағы 5 мал қорасына Германияның заманауи аспаптары, «Елочка» үлгісіндегі сауу қондырғылары орнатылды. Жас бұзауларға арналған қора да санитарлық талапқа сай. «Малшылар үйі» де ерекше. Тынығатын бөлме, жуынатын орын, асхана ферма еңбеккерлеріне лайықты қызмет көрсетеді. Ферма 42 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Оның 7-уі – оператор (сауыншы), 29-ы – малды күтіп-баптаушылар, механизаторлар, 4-уі – зоотехник, мал дәрігері, ферма бригадирі, мал ұрықтандыратын маман, 2-уі – аспаз.

Фермаға биыл тағы 400 бас «Симменталь» тайыншалары әкелінген. Жыл басынан бері 460 бұзау алынған.

– Қазіргі уақытта фермадағы 600 сиырдан 10 тонна сүт өндіріледі. Оның әрбір келісін 210 теңгеден облыс орталығындағы «Масло-Дел» ЖШС-на өткіземіз. Мемлекет тарапынан сауылған сүттің әрбір келісіне 45 теңгеден жәрдемқаржы төленеді, – дейді Біржан ініміз.

Оның айтуынша, бордақылау алаңында 64 бас қара мал семіртіліп жатыр. Шаруашылық қыстың қамына 12 мың тонна сүрлем, 5 мың тонна пішендеме, 600 тонна шөп әзірлеп қойыпты.

АУЫЛ АЖАРЫ – АЗАМАТЫНАН

Бір кездері 38 ғана үйі бар шағын ауыл бұл күндері 80-ге тарта баспаналы елдімекенге айналып отыр. Ауыл жастарымен бірігіп тұрғызған алғашқы үй медициналық қосын болатын. 2003 жылы олар ауылға ерекше сән беретін мешіттің ғимаратын іске қосты. Онда ауылда 45 жыл ұстаздық еткен Сәкен Рамазанов ақсақал өмірінің соңына дейін молдалық қызмет атқарып, жерлестерін имандылыққа ұйытты.  

Ауылдың тоғызжылдық мектебінің көне ғимаратын, жергілікті мәдениет үйі мен кітапхананы Еуропа үлгісінде күрделі жөндеуден өткізген де, мектеп жанына Ұлы Отан соғысынан оралмаған жергілікті боздақтар мен кейін қайтыс болған ардагерлерге арнап, барлығы 97 адамның аты-жөні жазылған еңселі ескерткіш орнатқан да, мектеп жасына дейінгі балаларға шағын орталық салып берген де осы Біржан Шаймерденов басқаратын серіктестік. Кейін мектеп жанында заманауи спорт кешені бой көтерді, ауылдың 3 көшесіне асфальт төселді, мәдениет үйінің жанына мини футбол алаңы жасалды, тренажерлер орнатылды.

Елдімекеннің іргесіндегі қуаңшылықта құрғап қалған су қоймасын 2010 жылы «Есіл су» кәсіпорнымен келісіп, суға толтырғанын, ауылдың мал-құсын сөйтіп сумен қамтамасыз еткенін жергілікті тұрғындар жыр қылады.

Осы жылдар ішінде серіктестік қаражатына ауылдың барлық үйіне ауызсу енгізілді, телефон байланысы іске қосылды, электр желілері жаңартылды, көшелер жарықтандырылды, үйлерге бір орталықтан жылыту жүйелері тартыла бастады, жаңадан қоғамдық монша мен ФАП салынды. Мектептің барлық оқушысы шаруашылық есебінен тегін тамақтанады.

Ширек ғасырда ауылға 50 шақты үй салынды. Оның біреуі мешіт молдасына, біразы қоныс аударған қандастарымызға, шеттен келген мамандарға, механизаторларға берілді. Солардың балалары есебінен ауылдық мектептегі оқушылар мен мектеп жасына дейінгі мекемедегі тәрбиеленушілер саны өсті.

Қазіргі уақытта ауылдың жаңа көшесінде 17 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл игілікті жұмысты агроқұрылымның тапсырмасымен алматылық, астаналық құрылыс фирмалары атқаруда. Біржан Әбділманұлы келесі жылы аяқталатын құрылыспен ауылдағы үйлер санын 100- ге жеткізуді мақсат етіп отыр.

– Бұл үйлерді гаражымен, жазғы далалық асүймен қоса тапсыруды жоспарлап отырмыз. Әрбір баспананың аумағы 100 шаршы метрден кем болмайды, – дейді осынау құрылысқа тапсырыс беріп отырған агроқұрылым басшысы.

Дайындық пен Ленин ауылдары арасындағы көтерме жол «Дайындық-Агро» құрылғаннан бері серіктестіктің бақылауында болатын. Дегенмен жауынды-шашынды күндері қанша баптағанмен жүріп-тұруға қиындық келтіретін. Сондықтан оған асфальт төсеу үшін, серіктестік басшысы өз қаражаттарына жобалық-сметалық құжат әзірлетті. Кейін көтерме жолдың жартысы мен ауылдағы 3 көшені асфальттауға 360 млн теңгеден астам агроқұрылым қаражатын жұмсады. Бүгіндері соның игілігін ауылдастары көріп отыр.

«ЖЫЛ АДАМЫ», «ЖОМАРТ ЖҮРЕК» СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ИЕГЕРІ

Біржан Шаймерденов кезінде Алматыдағы Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын сырттай аяқтап, заңгер мамандығын да алып шықты. Сонымен орта арнаулы және жоғары білімдерін әртүрлі салада пайдаланып, еңбек адамдарымен қоян-қолтық араласа жүріп, өмірдің қыр-сырын таныды, кез келген жетістікке қол созудың оңай болмайтындығына көз жеткізді. Сөйте жүріп, қазақ атамыздан қалған «жеті өлшеп, бір пішудің» артықшылығын бағамдады.  

Біржан Шаймерденовтің республика бойынша «Жыл адамы» атануы, «Жомарт жүрек» сыйлығын иеленуі тегіннен-тегін емес. «Еңбегіне қарай – өнбегі» дегендей, Біржан ініміз қолда бар қаражатты ретіне қарай игілікті істерге жұмсауды өз қотанынан бастап, оның географиясын кеңейте түсті.

Серіктестік директоры шаруашылықта адал еңбек ететіндерді ісіне қарай бағалаудан жалыққан емес. Мысалы, 2001 жылы ауылдың 10 үздік механизаторы облыс орталығынан бір-бір «Жигули» көлігін мініп, сап түзей елге енгені ауылдастардың әлі күнге дейін көз алдында. Олардың жарты құнын серіктестік төледі, қалғанын бір жылдың ішінде өздерінің еңбекақыларымен құтылып үлгерді. Содан бері сондай бағаға 50 шақты жеңіл көлік алыныпты. Екі машинасы бар отбасылар ауылға бұл күні таңсық емес.

Іскер азамат заманауи кәсіпке төселіп қалғанын бүгінгі күннің өзінде-ақ танытып жүр. Бұрынғы кеңшар орталығы – Ленин ауылында кәсіпкердің «Дастархан» атты 200 орындық дәмханасы мен әмбебап сауда орталығы бар. Еуропа үлгісімен күрделі жөндеуден өткізілген бұл ескі ғимарат сән-салтанатымен ерекшеленеді. Облыс орталығынан көтерме бағамен әкелінетін азық-түлік пен тұрмыстық тауарларға 10-15 пайыз ғана үстемеақы қосылады. Сондықтан олар қаланікінен қымбат емес. Дәмхана ойын-тойлар үшін жергілікті тұрғындарға қолжетімді бағамен жалға беріледі.

Есіл ауданындағы Бұлақ ауылының қорымында жатқан Құлсары әулиенің басына 2011 жылы жергілікті тұрғындардың демеуқаржысына Ақтаудың мәрмәр тасынан кесене тұрғызылды. Оған да Біржан Шаймерденов шаруашылық есебінен қолдауқаржы бөліп, аста өткізілген ат жарысындағы құнан бәйге мен аламан бәйгеге 2 жеңіл автокөлік тікті.

Облыстық Тілдерді дамыту және Білім басқармаларының бастамасымен Қызылжар өңірінде алғаш өткізілген республикалық «Мағжан көктемі» фестиваліне 4 млн теңгенің қаржылай көмегін көрсетті, жергілікті мағжантанушы, ақын, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Мүталап Қанғожинге темір тұлпар тарту етті.

Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері, алғашқы еңбек жолын Дайындық ауылында бастаған Жақсылық Ысқақов ақсақал 90 жасқа толуына орай осындай сый-сияпатқа ие болды.

Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылының маңындағы Жансүгір батырдың басына Ақтаудан шаруашылықтың 24 млн теңге қаржысына мәрмәр тас әкеліп, кесене орнатуға ұйытқы болған азаматтың бірі Біржан Әбділманұлы екенін облыс тұрғындары жақсы біледі.

P.S. Ұлы Олжас пен келіні Айнаштың шаңырағындағы Ханбол, Елдана, Сардар, Айдара атты ұл-қыздар ынтымағы жарасқан Біржан Әбділманұлы мен Сұлушаш Мұхамедқалиқызын «ата, әже» атандырып отыр. Олардың алды бір мүшел жасқа келсе, соңғысы 1-де ғана. Олжас Біржанұлы «әке көрген оқ жонар» дегендей, Біржан інімізден кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруде, 1-ші дәрежелі агроқұрылымның бір бөлімшесіне басшылық жасауда. Ұрпақ сабақтастығы деген осы болса керек... 

Нұрсайын ШӘРІП, Солтүстік Қазақстан облысы
07.10.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 44
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 145
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 40
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 47
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 57
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 45
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 140
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 145
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 332
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 325
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 948

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9023
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8419
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11647
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9403
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10629