Астық жинау науқаны аяқталысымен Жуалы ауданының шаруашылықтары күзгі дала жұмыстарына кірісті. Егіншілер қазір алдағы жылдың өнімі үшін алқаптарға күздік бидай себумен қат-қабат егілетін күздік бидайдың егістік алқаптарына қажетті тұқымдарын ауданда орналасқан тұқымдық зертханаға өткізіп, оның кондициялық жарамдығы туралы куәлік алуда.
Жуалы ауданы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің мәліметтеріне қарағанда, өңірде 2022 жылдың өнімі үшін егілетін күздік бидайдың жалпы егістік көлемі 9 700 гектар болса, оған қажетті тұқым 1 746 тонна. Шаруашылықтардың қолда бар тұқым қоры 1 646 тоннаны құрайды. Жетіспейтін тұқым 100 тонна. Шаруалар тарапынан бұған дейін Алматы облысындағы Қазақ Егіншілік ғылыми-зерттеу институтынан «Стекловидная-2430» сұрыпты 30 тонна, Шығыс Қазақстан облысындағы тұқым шаруашылықтарынан «Гром» сұрыпты 40 тонна элиталық тұқымдар сатып алынған.
– Бүгінгі күнге тұқымдық зертханаға күздік бидайдың тұқымдары толығымен өткізілген. Оның 500 тоннасы – І дәрежелі, 960 тоннасы – ІІ дәрежелі, 286 тоннасы – ІІІ дәрежелі, ал репродукциясы бойынша 482 тонна – І репродукциялы, 860 тоннасы – ІІ репродукциялы, 386 тоннасы – ІІІ репродукциялы тұқымдар.
Ауданда «Алтынай» ШҚ-да 100 тонна, «Әділет» ШҚ-да – 10 тонна, «Гамбург» ЖШС-де – 60 тонна, «Рысбек батыр» ШҚ-да – 15 тонна, «Асылхан» шаруа қожалығында 100 тонна сатылатын күздік бидайдың «Стекловидная-24» сұрыпты тұқымдары бар.
Сондай-ақ облыста элиталық тұқым шаруашылықтары болып саналатын Жамбыл ауданындағы «Қызыл диқан» ӨК-інде, Т.Рысқұлов ауданындағы «Шалқар» шаруа қожалығында, Меркі ауданындағы «Сыпатай батыр» ЖШС-де күздік бидайдың және арпаның жоғары репродукциялы тұқымдары сатылуда. «Сыпатай батыр» ЖШС-де күздік бидайдың элиталы тұқымының килосы 200 теңгеден. Оның 78 теңгесі субсидияланады, – дейді аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Сәбит Нұрлыбаев.
Бүгінгі күнге барлығы 6 900 гектар алқапқа ризық дәні сіңірілген. Күзгі дала жұмыстары жалғасуда.