Облысқа жұмыс сапарымен келген Энергетика министрі Болат Ақшолақов өңір басшысы Құмар Ақсақаловпен бірге Петропавлдағы №2 жылу-электр орталығына барып, жартылай опырылып құлаған мұржаны жаңарту мәселесін пысықтады және «Севказэнерго» акционерлік қоғамы өкілдерінің қатысуымен өткен шұғыл кеңеске қатысты.
Жиында жылу-электр орталығын қалпына келтіру жұмыстарының жоспары нақтыланып, Болат Ақшолақовқа нысанды жөндеуге арналған жол картасы таныстырылды. Белгілі болғандай, бұл мақсатқа 17,5 млрд теңге жұмсалмақ.
Энергетика министрі Жастар сарайында өңір тұрғандарына, ведомствоның 2021 жылғы жұмысының қорытындысын жариялап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Болат Ақшолақовтың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жанар-жағармай нарығын реформалау жөнінде алдағы жұмыс жоспары нақтыланды.
– Мұнай өнімдерін өндіру және бөлу саласында ашықтықты және транспаренттілікті қамтамасыз ету үшін арнайы шаралар қолданылады. Қазіргі таңда заңға өзгертулер енгізіледі деп күтілуде. Сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК» акционерлік қоғамы базасында 150 мың тонна көлемінде және «ҚТЖ» акционерлік қоғамында 50 мың тонна көлемінде мұнай өнімдерінің резерві құрылады. Ел аумағынан автомобиль көлігімен мұнай өнімдерін сыртқа шығаруға 6 ай мерзімге дейін тыйым салынды, – деді министр Болат Ақшолақов.
Кездесуде Болат Оралұлы көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы жүргізу үшін еліміздің ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне арналған жанар-жағармай қоры жеткілікті екенін айтты. Бұл мақсаттарға мұнай өңдеу зауыттарында 400 мың тонна дизель отыны қарастырылған. Оның 71 мың тоннасы солтүстікқазақстандық диқандарға бөлінеді.
Министр газдандыру мәселесіне де тоқталды. Бүгінде облыс бойынша сұйылтылған көгілдір отынды саудалайтын 18-ге жуық ұйым мен көліктерге құятын 108 газ станциясы бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі оның шекті бағасын бекіткен болатын. Облыста оның бір литрінің құны 70 теңгені құрайды.
– Энергетика министрлігі ұзақмерзімді сұйытылған газ нарығын реформалау шараларын қабылдап жатыр, – деп атап өтті министр. Жиында «Солтүстік Қазақстан электржелілік тарату компаниясы» акционерлік қоғамының жұмысы туралы да айтылды. Кәсіпорын иелігінде 13 мың километр болатын сым желісі бар. Тұрғындарға тұрақты түрде электр қуатын беретін 2376 подстанция жұмыс істеп тұрғанымен, солардың 76 пайызының тозығы жеткен. Энергетика министрі бұл мәселені монополист компания жуық арада шешуі қажеттігін ескертті.
Болат Оралұлы облыс тұрғындарының сұрақтарына да жауап берді. Облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Павел Афанасьев жылу-электр орталығының жұмысын қадағалайтын бақылау органының жоқтығына шағымданды.
– Мұндай монополист компанияға кіріп, тексеріс жүргізетін мемлекеттік ұйым жоқ. Бұрын бұл міндетті Энергетика министрлігіндегі атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті атқарған. Кейін заң жүзінде бұл құзыреттілік алынып тасталды. Бүгіндері оны қайта енгізу туралы шешім қарастырылып жатыр, – деген Болат Ақшолақов өңірге газ құбырларын тарту жөніндегі мәселеге де тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта көгілдір отын «Сарыарқа» бағдарламасы арқылы Нұр-Сұлтанға дейін жетті. Көкшетау мен Петропавл қалаларына құбыр тарту қарастырылуда.
Газ құбырлары 1,5-2 жыл ішінде салынады. Бұл оңай жұмыс емес. Қазіргі күні министрлік екі жобаны қарастырып отыр. Оның бірі – елордадан газ тарту, ал екіншісі – Солтүстік Қазақстан облысымен шектесетін Ресейдің өңірлерінен жеткізу.