Өткен ғасырдың басында негізі қаланған Шоқан Уәлиханов атындағы № 12 мамандандырылған гимназияға биыл 100 жыл толады. Білімнің киелі қара шаңырағы кезінде қазақ тілінде білім беретін жалғыз оқу орны болған. Алматыдағы №12 гимназия 1924 жылы күзде коммуналдық мектеп болып ашылды. Әуелі бастауыш, одан кейін «жеті жылдық», кейін «тоғыз жылдық» мектепке айналды. Гимназия Кеңес заманында қазақ тілінде білім беретін бірден-бір оқу орны еді. Мұнда мектеп-интернаты да болды. Онда ауыл балалары жатып оқыды.
1924 жылдан 1975 жылға дейін мектептің тұрақты мекенжайы болмағандықтан, тоғыз рет орын ауыстырды. Тек 1975 жылы Бөгенбай батыр мен Қонаев көшелерінің қиылысындағы ғимаратта орнықты. Бір айта кетерлігі, 1967-1970 жылдар аралығында гимназия оқушылар санының азаюына байланысты жабылып, 1970 жылы қайта ашылды. Білім шаңырағын 15 жыл басқарып, гимназияға елеулі өзгерістер енгізіп, оқу жүйесін жетілдіруге ықпал еткен Социалистік Еңбек Ері Рафиқа Бекенқызы Нұртазинаның рөлі ерекше. Р. Нұртазина қазақ балаларына орыс тілін оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін жасап, енгізді. Р.Б.Нұртазина Кишинев, Ташкент, Мәскеу, Берлин, Прага, Будапешт және басқа да қалалар мен елдерде өткен орыс тілі мұғалімдерінің халықаралық қауымдастығының съездері мен конференцияларында, бүкілодақтық және республикалық конференциялар мен семинарларда баяндамалар жасады. Қазақ және орыс тілдерінде жарияланған 150-ден астам мақалалар Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербург, Бішкек, Берлин, Будапешт, Прага қалаларында ғылыми-әдістемелік журналдарда жарық көрді. Оның білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі елімізде де, шетелде де жоғары бағаланды. 1994 жылы мектепке қазақтың тұңғыш ағартушы ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың аты берілді. Ал, 1996 жылы «Ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мектеп» мәртебесіне ие болды. 2004 жылы гимназия «көпсалалы гимназия» деп атала бастады. 2014 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің арнайы бұйрығымен оған мамандандырылған дарынды балаларға арналған гимназия мәртебесі берілді. 100 жылдық тарихы бар қарашаңырақта елге елеулі үлес қосқан тұлғалар білім нәрімен сусындаған. Соның ішінде күміс көмей әнші Күләш Бәйсейітова, суретші Әбілхан Қастеев, Шара Жиенқұлова, Нұрғиса Тілендиев, Сыдық Мұхамеджанов, Әсет Бейсеуов. Мансұр Сағатов, мемлекет қайраткерлері Асқар Құлыбаев, Еркешбай Дербисов, академиктер Орынбек Жаутіков, Болат Жұбанов, Шора Сарыбаев және тағы басқа қоғам қайраткерлері мен мемлекет майталмандары бар. Мектептің бітірушілері арасынан 20- дан астам академик, 300-ге тарта ғылым докторы шықты.