20 сәуір күні Премьер-министр Олжас Бектенов ЭКСПО павильонына барып, Astana Hub технопаркінің цифрлық инфрақұрылымын аралады, стартап-жобалармен танысып қайтқан еді. Үкімет басшысына серік болып жүрген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бірегей орталықтың жұмысын жан-жақты таныстыра келіп, болашақ жоспарларымен де бөлісе кетті.
«Астана хабтың негізгі міндеттері – таланттарды тарту, оқыту, бизнесті дамытуға жәрдемдесу және IT-технологиялар экспортын қолдау. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының бастамасымен TechOrda бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда. Оның міндеті – 2025 жылға қарай 20 мың IT-маман даярлау. Қазіргі уақытта 15 мыңнан астам оқушы оқудан өтті, 2 мың стартап-жоба іске қосылды», – деді министр.
Бұл орталықта жұмыс істейтін компаниялар үшін көптеген жеңілдіктер қарастырылғандығы белгілі. Солардың қатарында Қазақстанда сатылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің айналымы бойынша КТС, ЖТС және қосылған құн салығын төлеуден босатуды көздейтін арнайы салық режимі енгізілген. Мұнымен қоса IT-компаниялар кеңселермен және серіктестік бонустармен қамтамасыз етілген. Аталған мемлекеттік қолдау шараларының барлығы оларға үнемделген қаражатты жобаларды дамыту және ілгерілету үшін қайта инвестициялауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Астана хабта жұмыс істеп жатқан компаниялар артықшылықтарын дәлелдей бастаған. Соның бір мысалы 2023 жылы 1400-ге тарта IT-компания 400 млрд теңге табыс тауыпты.
«Біз Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінде жаңадан шыққан кадрлармен белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Біз осы аудиторияның біліктілігін арттыру үшін арнайы бағдарламаларды, сондай-ақ жеке IT мектептерінің көмегімен 4 жыл ішінде сұранысқа ие 20 мың маманды дайындайтын үлкен Tech Orda бағдарламасын іске асырып жатырмыз. Сонымен қатар жобаларды ертеден жетілгенге дейін барлық кезеңде қолдауды қамтитын бірқатар стартаптарды дамыту бағдарламалары бар», – деді Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
Астана хабтың жұмысымен танысу кезінде Үкімет басшысы мен Цифрлық даму министрлігі басшысы оқытушының қатысуынсыз және дәріссіз 01EduSystem Француз әдістемесі бойынша өзара оқыту қағидаттарына негізделген, Орталық Азиядағы алғашқы ALEM ІТ-бағдарламалау мектебіне барды. Бұдан соң Олжас Бектенов Назарбаев университетінің ғылыми қызметкерлерімен кездесті, жасанды интеллект саласындағы бірқатар отандық әзірлемелермен танысып, ғылыми жобаларды коммерцияландыруды арттыру және экономиканың нақты секторымен ынтымақтастықты нығайту перспективаларын талқылады.
«Президент экономиканы цифрландыру шараларын күшейтуді және жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдануды қамтамасыз ету міндетін нақты белгілеп берді. Мақсат – 2026 жылға қарай IT-қызметтер мен өнімдер экспортының жыл сайынғы көлемін кемінде $1 млрд деңгейінде қамтамасыз ету. Бүгінде бұл көрсеткіш $529 миллионды құрайды. Еліміз цифрландыру саласында үлкен жетістікке қол жеткізді. Отандық IT мамандарымыз үздіктер қатарында және біз оларға жаңа серпінді өнімдер жасауға, IT-шешімдердің экспортын жеделдетуге көмектесуіміз керек», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Цифрлы Қазақстанды құру Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің баса назар аударып отырған тақырыптарының бірі. Президент өзінің жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында бұл тақырыпты назардан тыс қалтырған емес. 2022 жылы 28 қыркүйекте Астанада өткен 4-кезекті «Digital Bridge» халықаралық технологиялық форумына қатынасқан Қ.Тоқаев Қазақстанның болашақ жоспарлары туралы ойларымен бөліскені есімізде.
«Қазақстан орасан зор адами капиталы, шығармашылық және ғылыми зерттеулер мен даму әлеуеті бар, инновацияларды, цифрлық өндіріс пен шығармашылықты дамытудың бірегей кеңістігі болып табылады. Баршамызға белгілі, бүгінгі күні цифрлық трансформациясыз, дамуға қол жеткізу мүмкін емес. Бұл бір кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін білдіріп қана қоймай, бүкіл ел мен аймақтың бәсекеге қабілеттілігін тексерудің шешуші факторы болып табылады.
Жалпы алғанда, ақпараттық технологиялар саласын дамыту ұлттық саясаттың маңызды және тұрақты басымдығы болып табылады. Жақында мен АҚШ-қа сапарым барысында Microsoft, EPAM, Coursera сияқты IT-компаниялардың басшыларымен кездестім. Қазақстанмен ынтымақтастықты тереңдету, Қазақстанда жоғары технологиялық технологияларды локализациялау сияқты мәселелер бойынша нақты келісімдерге қол жеткізілді», – деген еді Президент.
Мемлекет басшысының ұйтқы болуымен елімізде Цифрландыруды дамыту, инновацияларды енгізу, инновациялық инфрақұрылымды құру саласы қарқын алып келе жатыр. Қазіргі таңда цифрландыру саласындағы әлемдік рейтингте қазақ елі алдыңғы орындардан көріне бастады. Бұл жетістіктеріміз алдағы уақытта жалғасын табары сөзсіз.