Қыркүйек айы – жаңалықтардың жаршысы іспетті керемет ай. Жаңа маусым түрлі жаңалықтарымен асталып, жүректерді қуанышқа толтырып жатады. Осы қоңыржай мезгілдің ең басты қуанышы Білім күнімен басталады. Бұл күні ата-аналар жаңадан мектеп табалдырығын аттайтын балаларын ертіп, армандарын арқалап, болашақ даңғыл жолдың алғашқы қадамын салтанатпен аттайды. Әрине, әрбір ата-ана үшін, әр бала үшін бұл ерекше есте қалар сәт.
Биылғы қыркүйекте ордакентімізде 28000 бала 1-сыныпқа барды. Ал нұр үстіне нұр болған тағы бір жаңалық – қала бойынша 15 жаңа мектептің пайдалануға берілгені еді. Мұның ішінде 9 орында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында салынған жаңа технологиялар мен жаңа талаптарға сай жабдықталған білім ордалары екендігін ерекше айта кеткен жөн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің арнайы тапсырмасымен «үш ауысымды оқытуды және оқушы орындарының тапшылығын жою» мақсатында басталған бұл жоба қазір елордамыз көлемінде қарқынды жүріп жатыр. Бас қаламыздағы бұл білім ордаларының салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты. Қала әкімінің айтуына қарағанда, 2024 жылдың соңына дейін тағы да 8 мектеп пайдалануға беріледі екен. «Олардың алтауы «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынуда. Мектептер қаланың барлық аудандарында орналасқан. Сондай-ақ алдағы жылдарға дайындалып жатырмыз. Бұл – рекордтық көрсеткіш», – деді Жеңіс Қасымбекұлы. Қазіргі таңда Астана қаласы бойынша 188 мектеп бар. Оның 110-ы – мемлекеттік, 71-і – жекеменшік және 7-еуі республикалық мектеп, жалпы оқушы саны – 282 150 бала. Елордамыздың ұлттық келбетінің айшықталып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптелуіне айрықша үлесін қосып отырған Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы атты мекеме бар. Аталмыш мекеме қаладағы нысандардың атауы мен өзге де ана тілімізге қатысты қыруар жұмыстарды атқарып келе жатыр. Жақында Астана қаласы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндама жасаған Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп мырза біраз мәліметтерді келтірген болатын. – Астана қаласы ономастика жұмысы бойынша еліміздегі ең белсенді өңір саналады. Қаланың жай-күйіне үнемі талдау жасап, идеологиялық тұрғыдан ескірген көшелерді толықтай түзеттік. Бұзу немесе өзге де себеппен жойылған, сол сияқты кезінде қаланың шеткі аймақтарына берілген ірі тұлғалардың есімдері орталыққа көшірілуде. Бұған Тәттімбет, Мұхаметжан Тынышбаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Қорқыт, Күлтегін, Нәзір Төреқұлов, Мәншүк Мәметова көшелерін мысал ретінде айтуға болады. Болашақта Міржақып Дулатұлы, Құрманғазы т.б. бірнеше көшені де өзгерту жоспарда бар. Елордамызда 60-тан астам білім беру мекемесіне белгілі ұлт қайраткерлерінің есімдері берілді. Оның 40-қа жуығы соңғы 3 жылда берілді, – деді Сәкен Есіркеп. «Бостандық жырының бозторғайы» атанған танымал ақын Несіпбек Айтұлы бір бір поэмасында «Астана – ескерткіштің ең ұлысы, ұлт үшін құрбандардың барлығына» деп жырлайтыны бар. Нес-ағаң біліп айтыпты. Өздері өмір бойы аңсап кеткен тәуелсіз елдің астанасындағы білім ордалары кілең ұлт қайраткерлерінің атымен аталып тұрса, ел үшін еңбек еткен ерлерге онан асқан құрмет болмаса керек!