ӘДІЛДІКТІ ЕЛ ПРЕЗИДЕНТІНЕН СҰРА, АЛЕКСАНДР!

ӘДІЛДІКТІ ЕЛ ПРЕЗИДЕНТІНЕН СҰРА, АЛЕКСАНДР!

Редакциядан: Газетіміздің алдыңғы нөмірлерінде жарияланған «Әлекке түскен Александр» атты мақала өзге де серіктес сайттарда көшіріліп жарияланып, қоғам талқысына түсіп жатыр. Жазылған жайдың ізімен Бас редакторымыз Ертай Айғалиұлы ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтың атына арнайы хат жолдады. Бұдан бөлек жарияланып жатқан мақалалар да Бас прокурордың атына жолданған еді. Алайда қазірге дейін ресми мекемелерден кері байланысқа шыққандар болған жоқ. Есесіне оқырмандар тарапынан бұл даулы мәселеге көңіл аударып, пікір білдіріп редакцияға хат жолдап жатқандар көп. Біз солардың арасынан мына хатқа газет бетінен орын беруді жөн көрдік. Әрі бұл үрдістің ары қарай жалғаса беретіндігін, қарсы тараптың да айтар уәжі болса оны да осында жариялайтындығымызды қайталай еске саламыз.

 

«Qazaqstan dauiri» газетінде басылған «Әлекке түскен Александр» атты мақаланы екі қайтарып оқып шықтым. Күнделікті жаңалықтардан ести беріп құлақ үйреніп кеткен көп ұрлық пен жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтардан айырмашылығы шамалы болса да мына жағдайға кәдімгідей қынжылып отырмын. Туған жерінен тарихи отанына көшіп кетсе де Александрдың бизнестегі жолы қайта айналып қазақ жеріне тарта беріпті. «2005 жылдан бастап түрлі техникалар әкеліп сата бастадым» деген сөзіне сенсек, неміс бауырымыздың Қазақстан қазынасына салық төлей бастағанына биыл 19 жыл толады екен. Біреулер бұл сөзімді «тиын сауған саудагерді әлдеқалай етіп әспеттеп отырсың» деуі де мүмкін. Бірақ Кеңес одағының сүйегі сықырлаған «Жигулиінен» осы немістердің ескі «Audi» көлігі «құтқарғанын» ұмытпаңыздар...

Алғашқы әнұранымызда айтылған «баршаның баласын бауырға басқанбыз» деген сөз көптің көкейінен серпіле қоймаған болар. Басқалар ренжімесін, қазақ даласына Мәскеудің қаһары ұшырып әкелген көп халықтың арасында немістердің жөні басқа болды. Көршілердің көңіліне қарамастан 9 мамырды дүркіретіп тұрып тойлап жататынбыз. Сонда неміс ағайындардың ересектері үнсіз ғана бақшаларында күйбеңдеп жүруші еді. Жасыратыны жоқ, сол кісілер жиі қоныстанған ауылдардың еңсесі биік болатын. Жалпы тазалықты, адалдықты ұстанатын, мәдениетті халық еді. Заман өзгерді. Кеңестер одағы ыдырады. Берлин дуалы құлатылып, бөлінген екі мемлекет қайтадан бірігіп жатқанына ұзақ болмаған Германияда әлеуметтік, экономикалық проблемалар да бар еді. Соған қарамастан, 1989 жылдан бастап, түрлі себептермен жан-жаққа шашырап кеткен қандастарын тарихи отандарына қайта оралуға, оларға азаматтық беріп, жағдайын жасауға құлшына кіріскен ел Германия болды.

Тәуелсіздіктен кейін Қазақстаннан Германияға көшкен немістер көп еді. Бұл жерде тек қана немістер емес, кезінде күштеп көшіріліп әкелінген көптеген ұлттар өздерінің тарихи отандарына кетіп жатты. Бір деректерде Қазақстаннан 500 мыңнан астам неміс Германияға қоныс аударған дегенді оқығаным бар. Осындай сапырылысқан қалың көштің арасында немістердің елден кетуін көзі қарақты азаматтардың «жоғалтуға» балағанын білеміз. Себебі немістің талай қызы қазақтың түтінін түтетіп, ұрпағын өсіріп отырған еді. Мүмкін бұл айтарлықтай әсер ететін сандар емес болар. Ал тату көршіден, қимас достардан айырылуды қалай жоғалтуға баламайсыз? Немістердің мемлекеттер арасындағы дәнекерлік рөлін бұрынғы Президент Н.Назарбаевтің өзі ашық айтқан. Бұл сөзіме сенбесеңіздер, интернетті ашып қараңыздар. Википедиядағы «Қазақстан немістері» туралы ашық дереккөзде «1997 жылы мамырда ФРГ канцлері Гелмут Колдің Қазақстанға сапары кезінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы ынтымақтастық үшін Қазақстанда тұратын неміс диаспорасының маңыздылығын атап өтті. Сонымен бірге, ол қазақстандық немістерді «өз Отаны – Қазақстанды» тастап кетпеуге, осы елдің басқа халықтарымен бірге жақсы болашақ құруға шақырды», – деген сөйлемдерді оқисыздар. Тасқа басылған тарих деген осы болар.

Бұл сөздерді мысалға неге келтіріп отырмын? Мақалада сөз болған Александр Лакай 1998 жылы Германияға көшіп кеткен екен. Алайда қайта айналып келіп бизнес жолын Қазақстанда бастаған. Сонан бері Еуропаның маңдай алды зауыттарында жасалған ауылшаруашылығы техникаларын еліміздің нарығына жеткізіп келе жатыпты. Онан арғы әңгімесі мақалада толығымен жазылған. Лакай өзінің әріптесінің сенімсіздік жасағанын білгесін онан компанияның таңбасын, берген сенімхатын қайтарып алған. Басы ашық тұрған нәрсе –  осындағы уақыт көрсеткіштеріне адамдардың көңіл аудармай отырғандығы болып отыр. Екеуара байланыс үзілгеннен кейін 4 күн өткенде Ш. есімді азамат алдын ала дайындалған таңбалар мен жалған құжаттарды пайдалана отырып 12 техниканы алып кеткен. Бұл көпе-көрнеу ҰРЛЫҚ болып есептелетін әрекет! Осы істі 2 жыл тергеп-тексеру дегеніңіз біздің Ішкі істер қызметкерлерінің тым сылбыр қимылдағандығын айғақтап тұрғандай... Ал Астана қаласы Прокуратурасының істі сотқа жеткізбей қысқарту туралы шешімі көңілге қонымсыз дер едім. Сонда біздің құзырлы мекемелер Александр Лакайдың «жалпы шығыным 1,5 млн еуро шамасында» деген арызын қалай қанағаттандырғалы отыр? Егер инвестордың шығындарын толық өтеп беріп, екі тарапты өзара татулыққа шақырғалы отырса, онда әңгіме басқа болар еді.

Аталған мақаланы оқыған адамның күдікті ойға кететіні сөзсіз. Осы жерде Астананың прокурорларына ҚР Бас прокуратурасынан әлдеқандай жасырын тапсырмалар беріліп отырған жоқ па деген наркүмән туып отыр. Себебі нақты шығыны 500000 еуро, ал зардабы 1,5 млн еуроға бағаланып отырған дауды Астана қаласы прокуратурасының жауып тастауға батылы бара қоймауы мүмкін...

Қазақта «елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» деген аталы сөз бар. Алексндр бір кездердегі Қытаймен екі арада ала қабын арқалап, шұлық тасып жүрген саудагер емес еді (біреудің тірлігін кемсітейін дегенім емес, салыстырмалы түрде айтып отырмын). Ол озық техникаларды біздің фермерлерге жеткізіп, Қазақстандағы ауылшаруашылығы техникалық паркін жаңалауға бір кісілік үлесін қосып жүрген азамат екен. Әрине, бұл жерде техникасын тегін таратып отырған жоқ. Әркімнің қаржылық мақсаты бар екені белгілі. Дегенмен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тұрғысындағы Александр секілді азаматтардың үлесін қалай ескерусіз қалдыруға болады? Ол тіпті «2023 жылы 4 млрд теңгеден астам баж салықтар тапсырдым» деп отыр. Бұдан бөлек көптеген жұмыс орындарын ашып, жүздеген отандастарымызды жұмыспен қамтамасыз етіп отырыпты. Тіпті олардың біліктілігін арттыру үшін жыл сайын Еуропаның зауыттарына апарып курстардан өткізеді екен. Қазақстаннан жергілікті мамандарды жетілдіру ісіне көңіл бөліп отырған тағы қандай инвесторлар бар? Мүмкін көп шығар, менің бір білетінім шетелден келіп жатқан инвесторлар бізде ашқан жұмыс орындарына қажетті мамандарды «Қазақстандағы маман тапшылығына байланысты» өздерінің елдерінен әкеліп істетіп отыр. Жергілікті тұрғындар қара жұмыстың төңірегінде айналсоқтауға мәжбүр. Бұл тіпті бөлек қарастыратын тақырып. Осылай жалғаса берсе, инвестормен көсегеміз көгереді деп отырғанда еңбек нарығында теңсіздік туылып, оның арты шиеленіске ұласып кетпесіне кім кепіл? Бізде осы саланы арнайы зерттеп, оны қаперге алып отырған Үкімет бар ма?

Келесі бір ойланатын мәселе – енді қалыптасып келе жатқан «Қазақстанның шетелден инвестиция тартуға мүмкіндігі мол, онда қолайлы жағдайлар жасалған» деген жақсы атымызға кір келейін деп тұр. Ал біздің елде шетелден келетін инвестордың амандығына кепілдік ете алмаса, оның бизнес мүдделері заңмен шынайы қорғалмаса, Қазақстанға онда кім келіп қаржысын салады? Жұрттар бір тиынын екі тиын ету үшін, бірлікте даму үшін бізге келіп отыр. Ал ақшасы тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кететін болса, ондай елге келіп қаржы салатын шетелдіктер ақымақ емес шығар? Осы жерде әлдекімдердің құлқынының қамынан гөрі мемлекеттің мүддесі мен абыройы жоғары екендігін қарапайым азаматтардан гөрі іс басындағы ақ жағалы шенеуніктер мен пагондылар жақсырақ түсінуі керек еді. Бірақ жағдай керісінше болып тұр.

Менің ойымша, Александрдың мына ісі біраз уақытқа созылатын түрі бар. Себебі біздің елде көзге көрінбейтін кейбір құндылықтар мен нақылдардың орны ауысып кеткен. Қазір «қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген сөз көбінде сот, прокурор, полиция секілді органдарға қаратылады. Сондықтан Александр Лакай ісім өнсін дейтін болса, тіке Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан әділдік сұрауы керек. Онсыз жағдайдың оң шешім табуы қиын...

Талап БЕЙСЕНОВ, Астана қаласы
07.11.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 18
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 564
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 679
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 591
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 601

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8736
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8138
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11367
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9120
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10351