АЭС САЛУ БАҚЫТЫ РЕСЕЙГЕ БҰЙЫРДЫ

АЭС САЛУ БАҚЫТЫ  РЕСЕЙГЕ БҰЙЫРДЫ

АЭС-тің қалай жыр болғаны ел есінде. Оны ұмыту да мүмкін емес.  АЭС салу туралы алғашқы хабар таратылғанда түрлі алып-қашты әңгімелердің де түндігі желпілдеп тұрды.  Халық тіпті екіге жарылды. «Ертең АЭС-ті Ресей салады, қара да тұрыңдар» деп болжағандар мен сәуегейлік жасағандар болды. «Қытай да салуы мүмкін, оларда ақша көп және Қазақстанға бас сұғып, дендеп ену үшін ештеңеден тайынбайды» деген сарапшылар да қара көрсеткен. Бірақ жоғары жақтан «АЭС салуға қызығушылық танытып отырған елдер көп. Еш алаңдамаңыздар» дегендей ишарат, емеурін білдірілді. Оған сенгендер де, сенбегендер де көп еді...

 Халықтың алаңдаушылығы арта бергесін,  ақырында Президент референдум өткізуге шешім қабылдады. Былайша айтқанда, халықтың талқылауына, қалауына жол берілді. 2024 жылдың 6 қазанында Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша өткен референдумның қорытындысы шықты.

 Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, ел азаматтарының 71,12 пайызы АЭС салуды қолдап, дауыс берген. Алынған мәліметтерге сәйкес, референдумға қатысуға құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны 12 миллион 284 мың 487 адамды құраған.

Дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны 7 миллион 820 мың 204 адамды немесе референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар санының 63,66% құрады.   

Референдумға шығарылған мәселені оң шешуге дауыс берген азаматтардың саны 5 миллион 561 мың 937 адамды немесе 71,12% құрады. Осылайша, референдум өтті деп саналады. Референдумға шығарылған мәселе бойынша оң шешім қабылданды.

«Күркіреп күндей, өтті ғой соғыс» деп Қасым ақын жырлағандай, сонымен, бір жыл бойы халық талқысында болған, әрі тарт та, бері тарт күйге түскен АЭС құрылысы бойынша референдум да өтті. Қарсы шыққандар да, қалыс қалғандар да, қолдағандар да ортамызда жүр. Әділ бағаны тарихқа қалдырайық.

Одан кейінгі мәселе АЭС-ті  кім салады дегенге ауысты. Бұл да елді алаңдатқан үлкен проблеманың бірі болғаны даусыз. Осы кезде ортаға АЭС-тен үміткерлердің тізімі шықты.

«Росатом» (Ресей), «China National Nuclear Corporation» (Қытай), «Électricité de France» (Франция) және «Korea Hydro & Nuclear Power» (Оңтүстік Корея). Төрт мемлекет.

 Жоба-аламанға  төрт компания қатысқанымен,  негізгі тартыс Қытай мен Ресей арасында өрбіп жатқаны жайлы ақпараттың гулеп тұрғанына біраз болды. Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды ғой. Тіпті осы екі ел топтан қара үзіп те шықты. Екеуі де құдайы көршіміз. Екеуі де Қазақстанға ықпал еткісі келеді. Екеуі де Қазақстанды бір-бірінен қызғанады. Бір-біріне қимайды. Олардың тәбеттерін Қазақстанның жерінің асты мен үстінің байлығы ашады,  сілекейлерін шұбыртады.  Қып-қызыл байлықты өзгелерге қимайды. Өздерінің бауырларына басқысы келеді.  Сол үшін жанталасып жатулары да бек мүмкін.

 Сарапшылар бұл жолғы  таңдау тек технология мен бағаға қатысты шешім емес, сонымен бірге Қазақстанның сыртқы саясат бағытының көрсеткіші болады деп болжам жасауда.  Және  жуырда бұрынғы Президент Назарбаевтың Ресейге барып, Путинмен кездесуі АЭС айналасындағы болжамдарға шоқ түсіргендей болғанын да жасыруға болмас. Айта берсек әңгіме көп. Енді нақты мәселеге көшейік.

Ел үздіге күткен, қорқыныш пен үрейлене тосқан, Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі халықаралық сарапшылардың қатысуымен еліміздегі алғашқы атом электр станциясын (АЭС) салуға арналған консорциум көшбасшысын айқындау жұмысы аяқталыпты. Кімнің бағы жанатыны белгілі болыпты.

Іріктеу қалай өтті, сол жайлы аз-маз мәлімет мынау: ашық және бәсекеге қабілетті диалог аясында реакторлық технологиялардың жетекші әлемдік өндірушілерімен келіссөздер жүргізіліп, олардың өндірістік нысандарына сапарлар ұйымдастырылыпты.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде әлеуетті жеткізушілердің «қысқа тізіміне» келесі компаниялар енген: «Росатом» (Ресей), «China National Nuclear Corporation» (Қытай), «Électricité de France» (Франция) және «Korea Hydro & Nuclear Power» (Оңтүстік Корея).

Тізімге енген компаниялар Қазақстанда АЭС салу бойынша техникалық және коммерциялық ұсыныстардан тұратын материалдардың кешенді пакетін ұсыныпты. Бұл материалдарда келесі мәліметтер қамтылды:

құрылыстың болжамды құны;

жобаны іске асыру мерзімдері;

қаржыландыру тарту модельдері;

жабдықтар мен құрылыс жұмыстарын жергіліктендіру тәсілдері;

кадр даярлау мен ғылыми-білім беру әлеуетін дамыту бойынша ұсыныстар;

ядролық отын цикліндегі ықпалдастық мүмкіндіктері;

әлеуметтік міндеттемелер мәселелері.

Нәтижесінде, Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС және француздық Assystem инженерлік компаниясы бірлесіп әзірлеген әдістеме негізінде ұсынылған реакторлық технологиялар мен басқа да ұсыныстарға кешенді бағалау жүргізілген. Бағалау АЭС қауіпсіздігі, технологиялық және қаржылық аспектілер, халықаралық тәжірибе, кадрлар даярлығы, жергіліктендіру деңгейі және өзге де көрсеткіштер бойынша жүзеге асырылған.

Осы талдаудың нәтижелері атом саласын дамыту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына ұсынылды және Қазақстанда АЭС салу бойынша ең оңтайлы әрі тиімді ұсыныстар ресейлік «Росатом» компаниясынан келгені анықталды. Екінші орынға қытайлық «China National Nuclear Corporation» жайғасса, француздық «Électricité de France» пен кореялық «Korea Hydro & Nuclear Power» ұсыныстары үшінші орынды иеленді.

Ең оңтайлы әрі тиімді ұсыныстарымен «көзге түскен» Қазақстан мен Ресей арасындағы Атом электр станциясын (АЭС) салуға байланысты келіссөздер аясында Мәскеу тарапынан жеңілдетілген экспорттық қаржыландыру ұсынылатыны белгілі болды. Бұл туралы Қазақстанның атом энергиясы агенттігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта былай жазылған:  «Қазіргі таңда АЭС құрылысының нақты құны әлі бекітілмеген. Себебі жобаның түпкілікті бағасына көптеген факторлар әсер етеді: оның ішінде құрылыс жүргізілетін аймақтың метеорологиялық және сейсмологиялық ерекшеліктері, инженерлік зерттеу нәтижелері, жабдықтардың шығу тегі (реактор технологиясын жеткізуші құрамына кірмейтін халықаралық өндірушілердің үлесі), құрылыс материалдарының жергілікті деңгейде өндіріліп-өндірілмеуі, сондай-ақ кадр мәселесі – яғни құрылысқа қажетті мамандардың жергілікті жерде бар-жоғы, сырттан жұмыс күшін тарту қажеттілігі және логистика, қаржы шығындары секілді бірқатар басқа да мәселелер», бар делінген агенттіктің журналистерге берген жауабында.

Жобаның нақты құны жобалау аяқталғаннан кейін және сараптамадан өткен соң ғана анықталады.

Бұған біздің қосарымыз, алдын ала келісімдерге сәйкес, Ресей Федерациясы Қазақстанға АЭС құрылысы үшін жеңілдетілген шарттармен ұсынған экспорттық несие, әлі талқылану үстінде. Алайда белгілі болғандай, бұл қаражаттың бір бөлігі ұзақ уақыт бойы дайындалатын негізгі жабдықтарды сатып алуға жұмсалады. Атап айтқанда, ядролық реактор, бу генераторлары, негізгі циркуляциялық сорғылар және басқа да құрылғылар алынады. Сонымен қатар құрылыс-монтаж жұмыстары да осы қаражат есебінен жүргізіледі.

Басты мақсат – жобаның уақытылы жүзеге асуын қамтамасыз ету және толыққанды құрылысты бастауға дайындықты пысықтау.

Айта кету керек, жоба аясында Қазақстанда өндірілетін құрылыс материалдарын барынша пайдалану және отандық құрылыс мамандарын тарту көзделіп отыр. Бұл ретте жергілікті кадрлар арнайы аттестациядан өтіп, өз құзыреттілігін растауы тиіс. Ресейден құрылыс материалдары мен жұмысшыларды тасу экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп танылған, себебі Қазақстанда қажетті ресурстар мен мамандар бар әрі бағасы анағұрлым тиімді.

Қытай  Қазақстанда АЭС салудан үмітті. Сол үшін де өте  арзан баға ұсынып отыр. АЭС салудан қытайлықтардың үлкен тәжірибесі де бар. Сондықтан да олар келесі АЭС-ті салудан күдерлерін үзгісі келмейді.

 Қытайлық CNNC (China National Nuclear Corporation) Қазақстанға HPR-1000 үлгісіндегі екі реакторын салуды ұсынды. Әрқайсысы 1 200 МВт болатын бұл қос блоктың жиынтық қуаты 2,4 ГВт-ты құрайды. Ең бастысы – Қытай тарапы жобаны бар-жоғы 5,5 млрд долларға салып беруге дайын екенін мәлімдеді. Бұл сома Қазақстан энергетика министрлігі бұрын болжаған 10-15 миллиард долларлық шығынның шамамен жартысына тең. Ал «Росатом» өз тарапынан қуаты ұқсас ВВЭР-1200 реакторларын ұсынған. Алайда ресейлік жобаның құны айтарлықтай қымбат: Қазақстан үкіметі басқа баламалы реакторлар (соның ішінде «Росатомдыкі») кемінде 12-15 млрд қаржы талап ететінін хабарлаған. Яғни Қытай ұсынысы бағалық тұрғыда өте тиімді.

CNNC ұсынған HPR-1000 реакторлары Қытайда және басқа елдерге (Пәкістан т.б.) сәтті экспортталып жатыр. Ал «Росатомның» ВВЭР-1200 реакторлары Ресейде және шетелдерде жұмыс істеп тұрған қуатты әрі сыналған технология саналады. Дегенмен Қытай жағы Қазақстанды өз жобасына тарту үшін айрықша қаржылық-технологиялық жеңілдіктер ұсынып отырғаны анық.

Сонымен алғашқы іріктеуде Ресейдің бағы жанғаны белгілі болғанын айттық. Қазақстандағы алғашқы АЭС-ті  салу бақыты соларға бұйырды.

Қазақстанда салынатын Атом электр станциясының (АЭС) жобасына қатысты жоспарланған мерзім мен құны туралы мәселені Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің баспасөз қызметі түсіндірді. Агенттіктің мәліметінше, әлемдік тәжірибе АЭС жобалаудан бастап толық іске қосылғанға дейінгі кезең орта есеппен 10-12 жылға созылатынын көрсетеді. Осыған сәйкес, Қазақстандағы АЭС құрылысының аяқталуы 2035-2036 жылдарға жоспарланып отыр.

«Халық айтса қалып айтпайды» деген рас-ау, «Қазақстанға АЭС-ті Ресей мен Қытай салады» деген көріпкелдер қателеспеген секілді негізі.

Бұл «Аттың сыры иесіне мәлім» деген мәтелдің  бекер айтылмағанына дәлел.

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК

19.06.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 14414
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 14337
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 29482
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 28111
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 31646