АЭС салу жемқорлардың майшелпегіне айналмай ма?

АЭС салу жемқорлардың майшелпегіне айналмай ма?

ҚР Президенті Қ.Тоқаев 2022 жылы 10 ақпан күні Ресейге жасаған мемлекеттік сапары кезінде 11 түрлі келісімге қол қойып қайтты. Алдағы уақыттарда біртіндеп жүзеге асырыла бастайтын осынау келісімдердің әрқайсысының маңызы зор екені айтпаса да түсінікті болса керек. Дегенмен кейбір құжаттардың төңірегінде ел ішінде бұрыннан келе жатқан пікір алуандығы бар екендігі жасырын емес. Оның ең басында қазақ жерінде ресейлік компанияның қатысуымен АЭС салу мәселесі тұр. Қазақстандық БАҚ-беттерінде ел билігінің Маңғыстау және Балқаш жерінде екі атом электр стансасын тұрғызу жоспары туралы жазылып келе жатқанына да біраз жыл болды. Тіпті бұл хабар халықаралық тізімдікке де еніп үлгеріпті. Яғни АЭС салуды жоспарлап отырған елдер қатарында «Қазақстан 2 орыннан АЭС салуды жоспарлап отыр» деп көрсетіп те қойған. Сөйтіп көңілді күпті қылып келе жатқан осы мәселеге мемлекет басшысының Ресейге кезекті сапары аясында нүкте қойылғандай болды. Жасалған келісімдердің арасында «Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен «Росатом» атом энергиясы мемлекеттік корпорациясы (Ресей Федерациясы) арасындағы Қазақстан Республикасының атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы қадрларды даярлау жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум» бар екені жария етілді. Ал 14 ақпан күні ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов «АЭС салу ең перспективалы шешім болып табылады» деп мәлімдеді. Енді былайғы жұрт қаласа да, қаламаса да алдағы уақытта «Росатом»-ның қатысуымен қазақ жерінде АЭС салу жұмысы басталады деген сөз. 

 

Біз одан неге қорқып отырмыз?

Қазақ жерінде АЭС салуға қарсы пікір білдірушілер – ең әуелі кез келген жағдайда болуы мүмкін шырғалаңдардың, апаттардың зардабымен қоса, өзге де саяси себептерінен алаңдайтыны белгілі. 1949 жылдан бастап ядролық қарулардың сынақ алаңына айналдырылған қасиетті қазақ жерінде, Кеңес одағында жасалған 715 сынақтың  456 ядролық және термоядролық жарылысы болған екен. Ал оның зардабының қаншалық болғандығы, адамзат өміріне, табиғатқа қаншалық залал келтіргендігі баршамызға мәлім. Ал АЭС дегеніңіз де абайламаса қуаты сол бомбалардан неше есе артық жарылысты тудыратындығы – бүгінгі ұрпақты алаңдатқан ең өзекті мәселе болып отыр. Адамзат атомды пайдалана бастағалы бері әлемде сан мәрте апат орын алған екен. Біз төменде солардың біразын тізбелей кетуді жөн көрдік.

Чернобыль АЭС-і апаты

Әлемде болған апаттар

• 1986 жылы 26 сәуірдегі Чернобыль атом электр стансасындағы апат. Бұл өте-мөте қазақ оқырмандарына жете таныс болғандықтан егжей-тегжейлі тоқталмадық.  

• Үш Мильдегі апат. 1979 жылы 28 наурызда АҚШ-ның Үш Миль аралындағы атом электр стансасында оқыс оқиға болды. Шырғалаңнан соң қайғылы жағдай орын алмаса да «Үш Миль аралындағы атом электр стансасының 2-реакторынан радиоактивті материалдың шығуы АҚШ тарихындағы ең ауыр атом электр стансасының апаты» деп бағаланады екен.

• Палимарес сутегі бомбасы апаты. Бұл оқиға 1966 жылы 17 қаңтарда туылған. АҚШ-тың В-52 бомбалаушы ұшағы, Испания жағалауында жанармай құю кезінде КС-135 жанармай құю ұшағымен соқтығысады. Нәтижесінде В-52 бомбалаушы ұшағындағы төрт сутегі бомбасы жарылады. «Ядролық емес» сутегі бомбаларының екеуінің фюзеляждары жерге түскен кезде жарылып, шамамен 2 шаршы шақырым аумақ радиоактивті заттармен ластанған. 

• Туле ядролық апаты. 1968 жылы 21 қаңтарда АҚШ-тың B-52 бомбалаушы ұшағы экипажының кабинасында шыққан өртке байланысты апаттық қонуға үлгермей, борттағы адамдар парашютпен секіріп кетеді. В-52 Гренландиядағы Туле әуе күштері базасына жақын жерде теңіз мұзына соғылды. Шырғалаңның нәтижесінде ұшақтағы ядролық қару жарылып, радиоактивті ластаушы заттар ауаға кең көлемде таралып кетеді.

• Уиндскейле апаты. 1957 жылы 10 қазанда Камберленд маңындағы британдық ядролық реактордың графит өзегі өртеніп, ядролық апатқа әкелді. Өрт көп мөлшердегі радиоактивті ластаушы заттардың сыртқа шығуына себеп болды. Ядролық апат Үш Миль аралындағы атом электр станциясындағы апатқа дейінгі ең ауыр реактор апаты еді.

• Гояниядағы ядролық апат. 1987 жылы 13 қыркүйекте Бразилияның Гояния қаласындағы қоқыс полигонының жұмысшысы бір сандық тауып алады да оны ашып көреді. Бұл сандық радиотерапия аппараты екен. Тауып алған жұмысшы оның ішінен шыққан «заттың» біразын жерге тастай салады. Ол «зат»  радиоактивтілігі жоғары цезий хлориді еді. Бұл оқыс оқиғаның салдарынан Гоянияда 240-тан астам адам қаза табады. 

• Томсктегі апат. 1993 жылы 6 сәуірде Ресейдің Томск қаласындағы ядролық отынды қайта өңдейтін жасырын қондырғыда жарылыс болды. Жарылыс Томск-7 қайта өңдеу зауытынан радиоактивті газдың бұлтын шығарды. Бұл өңір қазірге дейін жабық аймақ ретінде қалды.

• К-431 атом сүңгуір қайығындағы апат. 1985 жылы 10 тамызда К-431 атом сүңгуір қайығы Владивостокта жанармай құю кезінде жарылып, ауаға радиоактивті газ бұлты таралды. Ядролық апаттан 10 матрос қаза тапты, тағы 49 адам радиациялық зақымнан зардап шекті.

• Токаймурадағы апат. 1999 жылы 30 қыркүйекте Жапонияның астанасы Токионың солтүстік шығыс жағындағы Токаймура ауылындағы уран өңдеу зауытында болған ядролық апат. Ол Жапония тарихындағы ең ауыр ядролық апат болды. Оқыс оқиға кезінде жарылыс болған жоқ. Алайда ядролық реакцияның нәтижесі дабылға себепші болған шұңқырдан қарқынды гамма мен нейтронды сәулелену болды.

• Гака жазығындағы ядролық апат. 1970 жылы 18 желтоқсанда АҚШ-ның Невада штатындағы Жак Флэт жер асты полигонында 10 000 тонналық ядролық құрылғыда жарылыс болды. Салдарынан жабық жер үсті білігінің тығыны істен шығып, радиоактивті қалдықтар ауаға ағып кетті. Оқиға орнындағы алты адам ядролық радиацияға ұшырады.

• Фукусима Дайичи атом электр стансасындағы апат. 2011 жылы 11 наурыз күні жергілікті уақыт 2:46 минутта Тынық мұхиттың Жапонияның солтүстік-шығыс бөлегіндегі Тохоку аймағындағы теңіз тағанында магнитудасы 9,0 болатын күшті жер сілкінісі болды. Теңіздегі зіл-заладан максималды биіктігі 40 метр болатын үлкен цунами жағалауды басты. Табиғи апат Фукусима Дайичи атом электр станциясын бүлдіріп, салдарынан ядролық апат болды. Ғалымдардың зерттеуі бойынша халықаралық ядролық оқиғалар шкаласы (INES) бойынша ең ауыр 7-деңгейге жатқызылды. 2015 жылдың наурыз айында таратылған мәлімет бойынша стансадағы барлық ядролық отын еріп кетеді екен. Апаттан бүлінген жер көлемі 337 шаршы шақырым деп тұрақтандырылды.

Ответственность за аварию на АЭС Фукусима возложена на государство и TEPCO  — EADaily, 10 октября 2017 — Новости Энергетики, Новости Азии

Қазақ жерінен ресейліктердің қолымен АЭС салуға қарсылық білдірген азаматтар оқыс жағдайлардың зардабымен қоса, бұндай аса маңызды нысанның біртіндеп саяси құралға айналып, тәуелсіз қазақ елінің әлдекімдерге жіпсіз байланып қалуынан да алаңдайтындығы жасырын емес. Бұл болжаммен келіспеуге де болмайтын сияқты. Себебі алпауыт көршінің қас-қабағына қарап, төменшіктей беру – егемен елге абырой әпермесі белгілі...

 

«Росатом»

Екі елдің басшылары қол қойған келісімдерде аты аталған «Росатом» Ұлттық холдингі 2007 жылы құрылған мемлекеттік кәсіпорын болып, әлемдегі атом энергиясын зерттеу саласындағы көшбасшылардың қатарына кіреді. Ол атом өнеркәсібінің 400-ден астам кәсіпорнын біріктіретін ірі мемлекеттік холдинг. «Росатом» құрамына Ресейдегі барлық азаматтық ядролық компаниялар, ядролық қаруларды зерттейтін кешенді кәсіпорындар, ғылыми-зерттеу ұйымдары, сондай-ақ ядролық мұзжарғыш флот кіреді. Сонымен қоса Ресейдің атом электр стансаларын басқарады. 

Государственная корпорация «Росатом» - Организация

Аталмыш холдингтің сайтындағы мәліметтерге қарағанда қазіргі таңда «Росатом» әлемнің 50-ден астам мемлекетіне өз өнімдерін саудалаумен қоса, қызмет көрсетіп отыр екен. Мұның арасында «АЭС салу жағында мол тәжірибеміз бар» дей келіп, оның дәлелі ретінде 2018 жылы сәуірден бастап Түркияда сала бастаған жалпы құны 20 млрд доллар болатын Түркияның алғашқы атом электр стансасын мысалға келтіріпті. Бұдан бөлек Үндістан, Бангладеш, Венгрия қатарлы мемлекеттерде он шақты АЭС орыс компаниясының жетекшілігімен салынып жатқан көрінеді. Холдингтің ресми сайтында айтылуынша, қазіргі таңда «Росатом» әлемнің әр түкпірінен жалпы құны 130 млрд доллар болатын 33 атом электр стансасын салу туралы тапсырысты қабылдаған.  Холдинг сайтындағы таныстыруларда бұл саладағы әлемдік көшбасшы екендігін айтуымен қоса, жобалау құнының арзан әрі қызмет көрсету сапасының жоғары екендігін алға тартқан. Яғни «Ресей үкіметі бұл компанияға ядролық апаттардың алдын алу секілді қиын тәуекелдерге төтеп беруге көмектеседі. Компанияның бәсекелестері әлдеқайда артта қалды: Француздық Арева (қазіргі Орано) соңғы онжылдықта небәрі екі атомдық станса салды, олардың екеуінде де құрылыстың кешігуі мен бюджетті асыра пайдалану мәселесі болды. Оңтүстік Кореяның энергетикалық компаниясы Korea Electric Power Engineering and Construction Corporation (KEPCO) ядролық энергетикаға қарсы ішкі реакцияға тап болса, АҚШ-та орналасқан Westinghouse Electric Co банкроттықтан енді ғана шыға бастады» депті. Айта кетерлігі осыдан бірер жыл бұрын Өзбекстан президенті Ш.Мирзиеев те ресейлік холдингпен Ташкент іргесінен АЭС салу туралы уағдаласып қайтқаны есімізде. Оған қоса Қырғыз Республикасы басшылары да өз елдерінде АЭС салу мәселесін қарастырып жатқандығы айтылып жатыр. 

P.S: Мемлекет басшысы 2019 жылы Семейге барған сапарында сөйлеген сөзінде «2030 жылға қарай елде электр қуатының тапшылығы білінуі мүмкін. Сондықтан осы мәселені қазір шешуіміз қажет. Дегенмен, көпшіліктің пікірін ескермей, атом электр стансасын салу туралы шешім қабылдауға болмайды. Бүгінде бұл стансаның қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын көптеген технология бар. Сонымен қатар, АЭС жаңа жұмыс орындарын ашып, Қазақстанның энергетикалық дербестігін қамтамасыз ете алатынын ескерген жөн» – деген еді. Ал кезектегі сапары аясында жасалған келісімдер мен ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың журналистер алдында сөйлеген сөздері, елімізде АЭС салынатындығын толығымен растай түсті. Ал халық пікірі туралы әңгіме ұмыт қалып бара жатқандай... Ең басты ескеретін мәселе жемқорлық жайлаған, экономикасы тұралаған елде АЭС салу ақылға қонбайды. Себебі АҚШ, Жапония сияқты алпауыт елдер ие бола алмай тұрғанда Қазақстан алып АЭС-ті қандай қуатымен ұстап тұрмақ? Бұнда тағы бір күдік бар. АЭС-ті майшелпекке айналдыруды көксеген арнайы топтар бар ма? Осы мәселе жөнінде арнаулы комиссия құрылып, зерттелуі тиіс деп пайымдаймыз.

 

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
17.02.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 205
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 201
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 706
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 829
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 743

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8900
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8294
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11522
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9278
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10506