Алдаберген Құлыбаев: «ЕҢБЕК – ЫРЫСТЫҢ БҰЛАҒЫ, БАҚЫТТЫҢ ШЫРАҒЫ»

Алдаберген Құлыбаев: «ЕҢБЕК – ЫРЫСТЫҢ БҰЛАҒЫ, БАҚЫТТЫҢ ШЫРАҒЫ»

Қазақта «Тон жағасыз, ел ағасыз болмайды» деген даналы сөз бар. «Ел маңдайына ер бітер, ер маңдайына шер бітер» деп, елдің жүгін көтерер атандай азаматты, тұлпардай тұлғаны, сайғақтай сұңқарды заманына қарай тудырып, балапанында тасқа, тастүлегінде ашқа салады емес пе. Содан шыңдалып шыққан құрышғұмырлар аталы елді құлдыраудан, атанды ерді қылбұраудан алып шығып, абадандық іс атқарады. Міне, сондай бетке ұстаса бетеге, алға ұстаса асқар таудай азаматтың бірі де, бірегейі – ғалым-агроном Алдаберген Құлыбаев. Кешегі тоқырауда Сырдария ауданының Шіркейлі, А.Тоқмағамбетов, О.Мәлібаев, Қалжан ахун секілді шаруашылықтарын аяққа тұрғызып, бүгінде «Қызылдихан» шаруа қожалығына төрағалық етіп, елдің әлеуетін әрлеп, келбетін көрікті етіп отыр.

– Алдаберген аға, Сіз қазан айында 75 жасты толтырғалы отырсыз. Құтты, берекелі болсын! Енді сол 75 жас не дейді?

– Е-е-е, 75 жас па, не десін. Көнекөздер айтып кеткендей, көңіл көзімен көреді екенсің бәрін. Көресің де түйетіннің өзі екен. Қазақта ағаға іні болу оңай, ініге аға болу қиын деп жататын. Ал, елге аға болу, қауымға ақсақал болу одан да қиын екен. Үлкендікті жасың шешкенмен, үлкен болуды шешпейді екен. Жасыңда жинаған, жас ортаңда терген абыройың алтын зерлі шапан, ақ басты атандай етсе игі. Жетпіс бес жас осыған баға бер дейді. Басқа не десін?

– Жиғаны көптен емес, түйгені көптен жөн сұра дейді ғой. Сіз көптеген белестерден өттіңіз. Қырық жылдан бері директор болып келесіз, уақытында аудан, облыс деңгейіндегі мекемелерді басқардыңыз. Ат үстіндегі азаматтармен араласасыз. Қарапайым отбасынан шықтым дейсіз. Олай болса бұл биіктікке қалай жеттіңіз?

– Алланың бергені ғой. Құдай біреуді дүр қылады, біреуді құр қылады деп отыратын баяғы үлкендер. Сол секілді ниет пен еңбек бізді, бақты бермек хақтікі. Сонда, Алла менің бала күнгі азарлы мақсатымды қабыл етті ме екен деп қаламын іштей.

– Азарлы мақсат дегеніңіз қалай..?

– Балалық шағым қиындықпен өтті. Мен соғыстан кейінгі ел әлі есін жинай қоймаған 1949 жылы қазіргі Қармақшы ауданы Қорқыт стансасы, бұрынғы Қазалы ауданына қарасты 102 разъезде қарапайым отбасында дүниеге келгенмін. Жоқшылықтың жетегінде жүріп жетілдік. Бірінші сыныпқа барған уақытымды қалай ұмытайын. Үйге әкем жұмыс жасайтын теміржол мекемесінен «Темір жол» деген газет келетін. Сол газетті әкем оқып болған соң мен сабаққа алып кетемін. Газеттің ақ жерлерін дәптер ретінде пайдаланып, сол бос жерлеріне сабағымды жазушы ем. Сабаққа ұстап баратын сөмкенің жоқтығынан анам қалған-құтқан матадан сөмке тігіп беруші еді. Дене шынықтыру сабағында киетін аяқ киімім де болмады. Сонда марқұм шешем оны да шүберектен тігіп, табанына картон салатын. Бұл қиындық жалғыз менің басымда болған жоқ, өзге оқушылардың да тағдырына жазылды. Бір күні ауылдағы теміржол стансасының басшысы Қайып Еламанов көкеміздің баласы елге белгілі Бекмырза Еламанов екеуміз ойнап жүріп оның үйіне кірдік. Сонда ол маған дәптердің он шақты ақ парақтарын беріп еді. Сол күнгі қуанғанымдай қуаныш болмаған шығар менде. Сол ақ парақтарды кеудеме қысып алып үйге қарай жүгірдім. Мына өмірдегі барлық армандарым орындалғандай сезімде болдым. Партада отырып аппақ параққа сабақ жазып отыру сондай бір бақыт болып көрінді. Қуаныш, мақтаныш сезімі кернеп еді сол кезде. Мен мұны өмір бойы ұмытпаймын. Көз алдымнан сол он шақты аппақ парақ кетер емес. Ауылдағы төрт жылдық мектепті бітірген соң Қармақшы ауданындағы интернатқа орналастық. Бір жылдан соң, яғни мен бесінші сыныпқа өткен жылы әкем соқыршектен қайтыс болды. Бұл 1961 жыл болатын. Біздің отбасымызға түскен ауырлық одан әрі салмақтана түсті. Сол жылы жазғы демалыста мен теміржолға жұмысқа тұрдым. Ауылдың маңында балалар шомылатын су болатын. Мен мидай қайнаған теміржол жағасында шөп жұлып, төсеніш тастарды жинап жүргенімде өзім құралыптас балалар суға шомылып, ойнап-күліп жүретін. Жұмысты тастай сала сол балаларға қосылып кеткім келетін де тұратын. Бірақ, үйге әкелетін 30 сом айлығымды ойлағанда арманым тұншығып, өксігімді өмір артқан тағдырға өңгеріп, басшы тапсырмасына жегіліп кете беруші едім. Сол кезде «тірі болсам, бір жерден шығамын әлі» деп азарлана серт беруші ем өзіме. Алла сол тілегімді қабыл еткен шығар.

– Қазіргі балалар сіз секілді газеттің бос жеріне сабақ жазып, шүберектен сөмке ұстап жүрген жоқ. Жоқ деген отбасының баласының өзі оқу құралынан қиналып, жыртық пен жамау кимейді. Осы керемет заманды бізге жеткізген сол уақыттар емес пе?

– Әрине, бірақ мен осы аста-төк барлықтан да қорқамын. Біздің бала күнімізде балаларда жоқшылық тауқыметі болды. Бірақ депрессия деген болған жоқ. Кейде ойлаймын, біздің пейіл тарылып бара жатқандай. Мақтанудан алдымызға жан салмаймыз, ал шын мұқтаж жандарға көмекке келгенде кібіртіктейміз. Қонақжайлылық, меймандостық, мәрттігіміз сол жоқшылық замандағы ата-аналарымыздың ширегіне де тұрмайтындай көрінеді.

– Сіз кешегі тоқырау уақытында шаруасы шатқаяқтап қалған ауылдардың шаруасын жүргіздіңіз, қазір де шаруа қожалықтардың шаруасын дөңгелетіп отырсыз. Бұл агрономдық мамандықтың жемісі ме?

– Әрине, бірақ тек мамандық емес, тынымсыз еңбектің жемісі. Кейде біреулер «Күріштің тілін таптың, бабын білдің, мұның сыры не?» деп сұрап жатады. Мен біреуден артық болдым дей алмаймын. Бірақ, тұтастай шаруашылық тілін түсініп кетуге үлкен септігін тигізген нәрсе, ол сонау 1970 жылдары «Шаған» ауылында комсомол жастар бригадасын құрып, күріш егумен айналысқан еңбегім шығар деп ойлаймын. Өйткені біздің жастар бригадасы жерді өздері жыртады, өздері тазалайды, өздері егеді, өздері күтіп-баптайды, өздері орады, бастырады. Жалпы айтқанда, күріштің егілуі мен диірменге түсуіне дейінгі жұмысты өзіміз атқардық. Сол жерде қайнап, пісіп, шыңдалып шықтым. Содан болар, осы шаруашылықтарды жүргізіп әкеткенімде жұмыс көзін, істің ебін еш қиналмастан таба білдім. Ал, енді ол ауылдардың алға жылжуына септігін тигізген нарлар болды ғой. Айтпақшы, «Құрмет белгісін» де сол жастар бригадасында жасаған еңбегіме алып ем. Ол да бір менің емес, сол кездегі қанаттас достарымның жеткізген жетістігі.

– Қателеспесем, бұл белгіні сол уақыттағы елорда – Мәскеуде алдыңыз. Жастық шақтағы «шетелден» не көрдіңіз?

– Жастық жақтағы шетеліміз Кеңес өкіметінің аумағы еді ғой. 1974 жылы Ленинградқа бардық. Сол елдегі күріш егіп жатқан ауылдарды көріп, тазалығы мен талапшылдығын аңғардық. Одан соң 1976 жылы Қазақстан миллиард пұт астық беріп, әлгі жастар бригадасының мүшесі ретінде тағы бардық. Лада өзенінің жағасындағы окоптарды көзбен көрдім. Иә, біздің де бабаларымыз сол қан майданда, өмір мен өлімнің ортасында жүріп ерлік етті. Ал, біз солардан қалған жерді көргенде қорқынышта болдық. Ойлашы, біздің бабаларымыз қандай батыр еді! Сол сапарымда мен еңбек үшін, елім үшін қатты марқайған ем. Одақ ордасына жеткен соң бір бау күрішімді арқалап қонақүйге бардым. Сонда қонақүй қызметшісі: «О, қазақстандықсың ба? Қазақстан біздің асыраушымыз ғой!..» – деген еді. Енді қазір қарап отырсам, қазақ даласының байлығы тұтас одаққа емуге жараған екен-ау.

– Сіз бір сұхбатыңызда «ешкімге телмірме, маңдайыңнан көр, еңбегіңе сен, адалдығыңа арқа сүйе» депсіз. Тиыннан теңге, тайдан ат құрап, тыраштану адым аштыра қоя ма? Жалпы бұл сөзді өз өміріңізге пайдаландыңыз ба?

– Иә, мен бұл сөзді үнемі айтамын. Әрине, басымнан өткерген соң балаларыма өнеге болсын деймін. Өйткені мен тынымсыз еңбектің арқасында, тәуекелшілдіктің нәтижесінде өзімді өзім ел қатарына қосып келемін. Жеткен жетістігім болса, маңдай терім деп ойлаймын. Болмаса жас кезімде қанша қиындық көрдім. Оған шыдамаған болсам, анамның туған інісі ауданның бірінші хатшысы Қонысбек Қазантаевтың есігін жағалар едім. Бірақ олай етпедім. Туған нағашым, қазіргі тілмен айтқанда, аудан әкімі, ал мен дәл сол кезде Шаған ауылында пәтер жалдап, қара жұмыста жүрдім.

– Бердібек Сапарбаев облысты басқарып тұрғанда сіз облыстық Орман шаруашылығының басшысы болып тұрдыңыз. Сол кезде сіздің орныңызға басқа басшы тағайындап, сіз ауылдағы Қалжан ахун шаруашылығына директор болып кеттіңіз. Бұл құлдырау болды ма? 

? – Жоқ, керісінше, менің бағымды одан әрі жандырды. Өйткені мен ауыл елде, халықтың ортасында, ақсақалдардың көз алдында болдым. Әлі де солай келемін. Шаруашылық менің қосалқы тынысымды ашты. Бұл сала менің бәйгеге түсер алаңым ғой. Бұған дейін де «Тереңөзек күріш» совхозында звено жетекшісі, бөлімше агрономы, 18 партсьезд совхозының бас агрономы, кейін осы ауылда директор болдым. Жұмыстағы бақытымды осы жерден таптым. Сондықтан шаруашылыққа келуім қанатымды кең жаюға мүмкіндік берді дей аламын.

– Сіз қазір «Қызылдихан» ШҚ және «Нұрбек» фермерлік шаруашылығының басшысысыз. Шаруаны жүргізіп, ел көлеміндегі биікке жеттіңіз. Ауыл орталығынан наубайхана аштыңыз. Биыл өз күшіңізбен тұрмысы төмен 4 отбасына арнап жаңа тұрғын үй салып жатырсыз. Мал шаруашылығын дамытуға да айрықша көңіл бөліп, осы бағыттағы жұмыстарыңызды және қайырымдылық шараларыңызды естіп жатырмыз. Қалжан ахун ауылында мал бағып, оны көбейтуге күш салудасыз. Табиғи шөп, жоңышқа, жем дайындатудасыз. Сонымен қатар екі ауылдың тұрғындары көкөніс, бақша дақылдарын егуге де ден қойып, жыл сайын картоп, сәбіз, қауын-қарбыз, басқа да дақылдар мен қысқы азық-түлігін дайындайсыз. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауылдағы №131 орта мектептің ауласын темір шарбақпен қоршап бергенсіз. Ардагерлерге көмек көрсетіп, жастардың мәдени-спорттық шараларына демеушілік жасайсыз. Халықтың әл-ауқатын арттыру үшін әр отбасы жағдайын әрдайым бақылап отырады. Бұл міндет па, парыз ба?

– Жоқ, кейбіреулер айтатындай мемлекет тарапынан қайырымдылық іс етіңдер деп міндеттеме келмейді. Бірақ, Алла маған беріп жатса, мен неге тиесілі бөлігін елге жұмсамауым керек. Жалпы бұл тақырыпқа дендеп кірмей-ақ қойсақ. Жақсылық жасаса, әркімнің өзі үшін.

– Сіз елге ақыл беріп отыратын ел ағалары қатарынансыз, кешегі заманның қиындығын көрдіңіз, баршылықтың да шүкір бағындасыз. Ысырапшылдық жайлы не дейсіз?

– Ысырапшылдықты көргенімде жаным құлазиды, жүрегім жылайды. Бір жағыңа қарасаң, жоқшылықтан қиналғандар бар, бір жағыңа қарасаң, қоқысқа нан тастап жатқандар бар. Барыңды шаштыратын ретсіз той көбейіп кетті. Тойдағы дастарқан мен дарақылықты көрсең, жүрегің айниды. Өлікті жерде мақтангерлікпен дастарқан жаюымыз тіпті масқара. Қарызға батып той жасап, кейін жас жұбайлар сол несиені төлеп жүргені. Мен бір кино көріп едім. Егде әйел картоп турап отырған балаға картопты неге қалың аршисың деп ашуланып, оны ұра жазды. Әйел аштық заманды көрген, ал жас бала ештеңе көрмеген ғой. Міне, қазір біздің заман дәл сол жас баланың ісі болып тұр. Оның үстіне қазіргі жастар ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге бейім. Оңай жұмыс жасап, көп ақша тапқысы келеді. Өмір сынағын көтере алмай ажырасып жатқан жұбайлар қаншама. Осының барлығы еңбекті қадірлемеу секілді көрінеді маған.

– Енді мынаны айтыңызшы. Президентіміз Қ. Тоқаевтың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» дегені және келер жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы жұмысшылардың мәртебесін көтере ме? 

– Әрине, кеңестік кезеңде «барлығын кадр шешеді» деген қанатты сөз болатын. Сол секілді ауылшаруашылығы бағытындағы мемлекет үшін бұл шешім өте орынды. Неге жұмысшылардың ішінен кешегі Ы. Жақаев, Ұлбала Алтайбаева, Қасымтай Ізтілеуов сынды еңбектің майталмандарын шығармасқа. Бұл елдің әлеуеті үшін де, мәртебесі үшін де, жастардың жұмысқа тартылудағы көрсеткішін көтеру үшін де үлкен нәтиже бермек.

– Бос уақытыңызда немен шұғылданасыз? 

– Менде бос уақыт деген болмайды, айналайын. Жас кезімде футболға қатыстым. Шахмат ойнап келемін. Одан бөлек кітап оқуға құмармын. Әдебиеттерді, оның ішінде өз кәсіби білімімді көтеру, жетілдіру мақсатында агрономдық кітаптарды оқимын. Үлкен жетістіктерге жетіп жатқан күріш өсіруші шаруашылықтардың қыр-сырын зерттеймін.

– Рақмет, аға! Енді 75 жастың ұқтырған, жиып-теріп берген рухани әңгімесіне сусындадық. Көпті көрген көңіліңді гүл етер деген осы. Оқырманымызға ой салар сұхбат болды. Сізбен әлі көп мәселені талқылар едік. Себебі, «Кеннің егесі – құдай, таусылмайды оңай» дегендей, не қилы өмір белестерін көріп келесіз. Сарапқа салып, парасатқа парықтап, ой шырағымен шарықтап жүрсіз. Жастарға бір ауыз ғана кеңес бер десе, не дер едіңіз?  

– Білім ізде, ғылым қу, еш тынбастан еңбек ет дер едім. Кешегі Жолдауда «Көптеген меншік иелері өз пайдасын көріп отырған жерден мыңдаған шақырым алыста тұрады. Ондағы ауыл тұрғындарына қамқорлық жасау ойына кіріп те шықпайды. «Бізге мұндай меншік иелерінің қажеті жоқ» деп Президент қатал сынға алды. Сондықтан Алдаберген Құлыбаевтай азаматтың ерен еңбегі елге өнеге болмақ. Өйткені, еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы.

Сұхбаттасқан – Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы Сырдария ауданы
03.10.2024

Ұқсас жаңалықтар

Батыс Қазақстан: Тарихи мекенге сапар
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Орал-Хан ордасы-Орал - 30.11.2024 613
Ауылшаруашылығын өркендеткен ауқымды істер
Голрох ЖЕМЕНЕЙ, Маңғыстау облысы - 29.11.2024 581
Сыр өңіріндегі өрісті істер
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.11.2024 604
Тал түсте Шығысты қараңғылық бастырған «бір сағаттық белдеуге қарсымыз» дейді халық
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, экспедицияның мүшесі, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 28.11.2024 599
МӘСЛИХАТ МЕРЕЙТОЙЫ – ЖАҢАРУДЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ
С. КӘРІПБАЕВ, Абай облысы - 28.11.2024 593
 Павлодарда бірнеше зауыт салу жоспарлануда
Тілеуберді САХАБА, Павлодар облысы - 28.11.2024 613
 Қала бюджеті артып отыр
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 28.11.2024 605

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 10238
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9224
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12461
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11437
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 16447