АЛЕКСАНДРҒА АРАША!

АЛЕКСАНДРҒА АРАША!

Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асыловтың назарына!

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұловтың назарына!

Редакциядан: Оқырмандарымыздың есінде болса, газетіміздің өткен аптадағы №42 (1518) 24 қазандағы санында «Әлекке түскен Александр» атты көлемді мақала жарияланған еді. Өкінішке қарай, газет басылып шыққан күні А.Лакайдың заңгерлері бізге Астана қалалық Прокуратурасының бұл істі сотқа жеткізбей қысқарту туралы шешім шығарғандығын, А.Лакайдың әлі де жоғары орындарға арыз жазып жатқандығын хабарлады. Бұл біздің назарымызда болмақ. Газетпен қоса сайттарда да таралып жатқан бұл мақаланы оқыған көзі қарақты азаматтарымыз мәселенің мәнінің тереңде жатқандығын аңғарса керек, редакциямызға өз пікірлерін жолдап, инвестордың даулы мәселесінің сотта қаралып, әділ шешім табуын талап етіп, азаматтық пікірлерін білдіріп жатыр. Біз кез келген жағдайда бейтарап көзқарасты ұстанатын, жалпыға ортақ алаң болғандықтан, бұл пікірлерді де жариялауды жөн көрдік. Сондай-ақ құзырлы мекемелерге жүгініп отырған екі жақтың да пікірін жариялауға пейіл екенімізді тағы да ескерте кетпекшіміз. Ал өткен аптада басылып шыққан газетпен қоса Бас редактордың атынан сұрау салынған арнайы хатты Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына арнайы жолдадық. Егер құзырлы мекеме бұл хатымызға жауап беретін болса, оны алдағы нөмірлерде жариялайтын боламыз. Осы жайтқа байланысты пікірлер көп. Газетке де, сайттарымызға да пікірлер толассыз түсіп жатыр. Соның бірнешеуін сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

Бұл біздің имиджімізге жағылған қара күйе болмақ

 

«Qazаqstan dauiri» газетінің сайтында жарияланған «Әлекке түскен Александр» атты мақаланы оқып шығып, Президентіміз айтып жүрген «Әділетті Қазақстан» дейтін арманның ауылы әлі де болса алыс жатқанына тағы да бір рет көзім жеткендей болды. Мен өз ойымды аталмыш мақалаға арқау болған оқиғаға сәл шегініс жасап барып өрбітуді жөн көріп отырмын. 

Александр Лакай есімді неміс азаматы 1998 жылы тарихи отаны Германияға көшіп кетсе де, бизнестегі жолы туған жері – Қазақстанда жалғасқан екен. Қазіргі күні талай қазақстандықты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған Лакай, біздің мемлекеттің қазынасына 2023 жылы 4 миллиард теңгеден астам салық төледім депті. Мұның ішінде кедендік алым-салықтармен қоса өзге де баж салықтары бар екені белгілі. Ол өз компаниясы арқылы біздің ауылшаруашылығы саласына аса қажетті ең озық техникаларды жеткізіп отырған. Өкінішке орай, оның 10 жылдан бері бірге жұмыс істеп келе жатқан серіктесі, Қазақстан азаматы сенімсіздік танытқан. Онымен қоймай, сенім хаттар мен таңбаларды қолдан жасап, 12 бірлік техникасын Александрдың базасынан ұрлап әкеткен екен. Бұл мәселеге байланысты Астана қаласы Алматы ауданы Ішкі істер басқармасында іс қозғалып, оның серіктесі «Күдікті» деп танылып, бір мезгіл уақытша қамау изоляторында отырыпты. Онан кейін үй қамаққа шығып, сосын «шетелге кетпеу» шартымен бостандыққа шыққан. Істі тергеп-тексеру процесі екі жылға созылған. Бір ғана эпизодтан тұратын мұндай істі екі жыл тергеп анықтап шыққан біздің Ішкі істер органдары қызметкерлерінің «біліктілігіне» таңғалмасқа шараң жоқ. Ал мұнан да сорақысы – тексеріліп болған іс сотқа жіберілмей отырғаны қалай? Мен мақаланы оқып отырып, анау Ш. деген азаматтың кейбір істерінен күдіктене бастадым. Әрине, бұл жерде басын ашып алатын бір жағдай – мақала әлдебіреуді қаралау мақсатында жазылмағандығы анық. Дегенмен германиялық серігінің сеніміне селкеу түсірген Ш. есімді азамат басқа емес, прокуратура қызметкерлеріне пара ұсынып, «жаңбырдың астынан құрғақ шыққалы отырған» жоспары бар екеніне менің күмәнім қалмады. Ш. есімді азамат анау-мынау емес, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы орынбасарының алдына екі рет кіріп, өз арызын айтады. Ал Ш. жолыққан лауазым иесіне Александр қанашама рет өтініш жазса да, әлі күнге жолыға алмаған. Есесіне онан дәрежесі төмен қалалық прокуратураның адамына кіріп жағдайды айтқанымен, онан еш өзгеріс болмапты. Мұндай жерде біздің көңілімізге күдік ұяламай қайтсін? Біздің биік мінберлерден айтылып жатқан сұлу сөздерге құлақ түрсек, «Қазақстан шетелдерден инвестиция тарту көрсеткіші бойынша тұтас ТМД елдері арасында алдыңғы орында тұр» екен. Бұл жерде Орталық Азия дегеніңіз шағын аймақ болып қалатындай... Мүмкін бұл мәліметтер де рас шығар. Пандемиядан кейін елімізге қытайлықтар қаптап кетті ғой... Оның қайсысы инвестор, қайсысы саяхатшы екені маған мәлім емес. Әрине, қақпамызды тарс бекітіп алып, ешкіммен барыс-келіс жасамай отырып алсақ қалай дамимыз? Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтің өзі шетел инвестициясын көбірек тарту жөнінде 2019 жылдан бері үзбей айтып келе жатқан жоқ па? Соның бір айғағы ретінде араб әлеміндегі бай елдердің бірі – Қатар мемлекетімен жасалған келісімдерді айтуға болар еді. Тоқаевтің Қатарға сапары кезінде анау-мынау емес, 17 млрд доллардың келісімі жасалғанына тіпті шетел басылымдарының өзі таңғалып еді. Әрине, бұл талай жылдық келіссөздер мен өзара қарым-қатынастарды терең зерделей келе жасалған қадам екенінде дау жоқ. Біздің елде экономикалық саясаттың бір саласы – шетелден инвестициялар тарту, бірлескен кәсіпорындар құру екені белгілі. Қазірге дейін Қазақстан нарығына қомақты инвестиция салған АҚШ бастаған елдердің көбі мұнай-газ саласын таңдағаны бар. Ендігі кезекте тау-кен саласын игеру, өңдеуші кәсіпорындарды көбейтуді дәріптеп жатырмыз. Яғни еліміздің табиғи байлықтарын ашу, игеруге шетелдіктерді өзіміз шақырып отырмыз. Кейде соншалық жылдам баю үшін жердің асты-үстін түк қалдырмай қопарудың қажеті бар ма деген ой келеді маған. Себебі келешек ұрпаққа да бірдеңе қалуы керек қой... Осындай қадамдарға барған екенбіз, оның қатері мен түрлі тәуекелдері болатыны сөзсіз. Инвестор келді, оның да құқығы қорғалуы керек. Ешкім біреудің еліне барып, қалтасын қағып беріп қайтуды қаламайды. Оның көздегені өз мүддесі, пайдасы бар. Ендеше олардың да құқығы біздің заңдармен қорғалуы тиіс. Қазір Қытай сайттарында әлемге «тарыдай шашылып» жүрген Қытай инвесторларының құқықтарын қорғау мәселесі күйіп тұрған тақырыптардың біріне айналды. Олардың сөздеріне сенсек, Қытайлық бизнесмендерді Африкада, Орталық Азияда, Ресейде, Шығыс оңтүстік Азияда алдап кететін адамдар көп екен. Кейде бір жерге барып, зауыт-фабрикаларды салып болғасын түрлі сылтауларды айтып тартып алып жатқандар да бар көрінеді. Ал Африканың кейбір мемлекеттерінде жұмыс істеп жатқан Қытай азаматтарының қауіпсіздігін қорғау үшін, Бейжіңнен қарулы әскер жіберсек қалай болады деген мәселенің талқыға түскенін Қытай сайттары жазды. Бұл бөлек тақырып десек те ойланатын дүние дер едім. Енді германиялық инвестордың ісі туралы сөзімізге қайтып оралайық. Егер Александр Лакай біздің елдің Ішкі істер мекемесі, сот, прокуратура органдарынан әділдікке жете алмаса, онда халықаралық соттарға шағымдануы мүмкін. Ал халықаралық соттар Қазақстандағы секілді «кімнің тарысы піссе, соның тауығы болатын» сот емес екендігін жақсы білеміз! Менің бұл сөзімді құзырлы мекемелердің қызметін жоққа шығару деп түсінсеңіздер, өздеріңіз біліңіздер. Ал іс жүзінде Мемлекет басшысына тікелей бағынатын органдардың ішінде бассыздықтың көп екенін жұрттың барлығы біледі. Сондықтан да Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әділетті Қазақстан», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» секілді Тұжырымдамаларды жайдан-жай жариялап, іске асырып отырған жоқ. Сондай-ақ Президентіміз өзінің Жолдауларында жаңа экономикалық саясат жүргізу керектігін дәріптеп, көптеген жақсы бастамаларды айтып Үкіметке, қатысты министрліктерге тапсырмалар жүктеп отыр. Ал Мемлекет басшысы осымен сабақтас шетелден инвестиция тарту тақырыбына айрықша тоқталған болатын. Қазір жыл сайын шетелден 20 миллиард доллар инвестиция тартылып отыр. Президенттің тапсырмасына орай 2026 жылға барғанда бұл көрсеткішті 25 млрд долларға жеткізу көзделіп отырғандығы Үкіметтегі жиналыстарда айтылды. Бірақ біздің елде инвесторларға қолайлы жағдай жасап, оларға визалық, салықтық жеңілдіктерді қарастырғанымызбен, олардың құқықтары мен қауіпсіздігі заң аясында әділ қорғалмайтын болса, біздің елдің инвестициялық тартымдылығы нашарлай түсетін болады. Александр Лакайдың ісі соның бір мысалына айналып кетпесіне кім кепіл? Биыл қыркүйекте «Орталық Азия+ Германия саммиті» Астанада өтті. Енді Германия – Қазақстан арасында көптеген жобалар жүзеге асады деп күтіп отырмыз. Тура осындай сын сағатта германиялық инвестордың ісін әділ шешіп бере алмайтын болсақ, ол басқа емес, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ИМИДЖІНЕ ЖАҒЫЛҒАН ҚАРА КҮЙЕ болары сөзсіз! Осыдан біраз жылдың алдында Молдовалық кәсіпкер Анатолий Стати мен оның ұлына тиесілі компанияларға Үкімет тарапынан қысым жасалды деген даумен бірнеше жыл соттасып барып ақыры халықаралық сотта Қазақстан Үкіметін жеңіп шыққанын ұмытпаған боларсыздар? Осы даудың ақырында АҚШ-тың New York Mellon (BK.N) банкі Қазақстанның Ұлттық қорына тиесілі 22 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі активін бұғаттаған еді. Менің сөзіме сенбесеңіздер, аталған деректердің барлығы интернетте тұр. Міне, көрдіңіздер ме? Халықаралық сот шындап кіріссе, сенің кім екеніңе қарап отырмайды. Қазір басқасын айтпағанда, санкцияға ұшыраған Ресейдің жүздеген млрд доллары шетел банктерінде бұғатталып жатқанын ойлаңыздаршы. Бұл жерде ауыр зардап болса, осындай болатындығын айта кеткім келді. Ал А.Лакайдың ісі халықаралық соттарға жететін болса, басқа емес, елге келгелі тұрған ірі көлемдегі неміс инвестициясына әсер ететіні сөзсіз. Бұл айналып келгенде өзімізге тиімсіз болмақ. Сондықтан аталған істің тез арада әділ шешім тауып, инвестордың шығыны өтеліп шығатын болса, ол шетелдік инвесторлар мен бизнесмендер үшін сенім ұялатар еді. Осы орайда газеттің мүмкіндігін пайдалана отырып, еліміздің болашағына, оның абыройына бейжай қарай алмайтын азамат ретінде біздің құзырлы мекемелерден бұл істің әділ шешім табуына атсалысуын сұрағым келеді.

 

Бауыржан ШАҚАРБЕКҰЛЫ,

«Ұлт бірлігі» қоғамдық

қорының президенті

ЕКІ ЕЛ АРАСЫНА СЫНА ҚАҚПАЙЫҚ!

Александр Лакай туралы мақаланы («Qazаqstan dauiri» газетінің сайтында жарияланған «Әлекке түскен Александр» атты мақала) оқып, қатты ойландым. Александр қазақ елінің тумасы екен. Олардың қазақ еліне адалдықтарын жақсы білемін. Себебі мен олармен бірге тұрдым. Неміс азаматтарымен достығымыз тереңде жатыр. Балалық шағымыздың қызықты шақтары бірге өтті. Тіптен ержеткен кезде боранда адасып кеткенде маған көмектескен бір неміс ағайынымды өмір бақи ұмытпаймын. Александрдың да адал азамат екендігіне толық сенімдімін. Қараңызшы, ол біздің елдің экономикасына қаншама пайда келтіріп отыр. Тек салықтан ғана 4 млрд пайда түсіріпті. Қалған түсіріп жатқан инвестицияларының өзі неге тұрады? Тағы бір айта кететін нәрсе Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақында ғана Германиядан инвестиция тарту жөнінде ресми органдармен кездесулер жасап, зор уағдаластыққа қол жеткізді. Немістің кәсіпкері Александрға мына жасағанымыз бұған кереғар нәрсе болып тұр ғой. Сондықтан еліміздің заң орындары мұны ушықтырмай, дұрыс әрі әділ шешу керек. Екі жақта риза болу қажеттігі ауадай қажет. Екі елдің арасына жік салмау керек деп ойлаймын.

Рысбай БАҒДӘУЛЕТ 

 

ӘДІЛДІКТІҢ АҚ ТУЫ ЖЕЛБІРЕСЕ ЕКЕН

«Qazаqstan dauiri» газетін жаздырып алып оқимын. Сайттан да оқуға болар еді, көзім шыдамайды. Шіркін, газеттен көз майыңды тауысып оқығанға не жетеді! Айтайын дегенім, бұл басылым – шындықтың жаршысы! Әділдіктің жоқтаушысы! Үнемі елдің сөзін сөйлейді. Бұра тартып бұрмалауды білмейді.

Таяуда газеттен «Әлекке түскен Александр» деген шулы мақаланы оқыдым. Көңілім астан-кестен болды. Неміс жігітінің үлкен бизнесі әріптесі тарапынан зорлыққа ұшырап, бірнеше жылдан бері әділдік іздеп бармаған жері, шықпаған тауы жоқ екен! Бірақ әлі күнге шындықты іздеп жүр байғұс. Оны қолдайтын, істің ақ-қарасын шешіп беретін құзырлы органдар аталмыш мақаланы оқыса, көп мәлімет тұр. Александрдың ұлты неміс болғанымен, жүрегі қазақ деп соғатыны байқалады. Қазақ даласында туып-өскен. Кейінірек Отанына оралған. Бизнесі – ауылшаруашылық техникаларын тасымалдау. Былтырғы жылға дейін қазынаға 4 миллиардтан астам салық төлеп келген. Қазір кәсібі дауда, басы шуда! Ел Президентінің өзі бизнесмендерді қолдау жайлы айтудай айтуда! Ал Александрдың прокуратура мен сотқа жүгініп, қарсы тараптың тоқпағы мықты ма, әлде, тірегі күшті ме, әйтеуір жыларман халдегі аянышты кейпі, әділдік іздеген пұшайман тірлігіне жүрегім шымырлады! Айтайын дегенім, істің ақ-қарасы тезірек шешіліп, ақиқаттың ақ туы тік қадалса екен! Александр секілді азаматтың меселі қайтпаса екен! Еліміздегі әділ сот пен прокуратура шынайы шешім шығарып, Александрдың ісінің түйінін қойса деймін!

 

Ағалық ақ тілекпен Қостанай өңірінен

Сапабек Ахметжан ағаларың

 

Германиялық инвестор А.Лакай істің жедел қысқартылғандығына байланысты Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Р.В.Скляр мырзаға төмендегі хатты жолдаған. Тура осы мәтіндегі хатты Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Е.А.Больгертке, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Б.Н.Асыловқа, «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Р.Ә.Баталовқа, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі Төрағасының Орынбасары Альберт Рауға да жолдады.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің

бірінші орынбасары Р.В.Скляр мырзаға А.А. Лакайдан

Пошта арқылы хабарламалар үшін мекенжай:

Астана қ., Бараева к., 9, 42-пәтер,

тел.: +77786773753 

Құрметті Роман Васильевич! 

Жақында мен Сізге Астана қаласы ПД-де мен басқаратын «LIET INTERNATIONAL TRADING GmbH» неміс кәсіпорнына қатысты аса ірі көлемде жасалған ұрлық фактісі бойынша ұзаққа созылған тергеуге жәрдемдесу туралы өтініш жіберген болатынмын. Сіздің жұмысыңыздың тығыздығын түсіне отырып, мен сізге істің тоқтатылуы мүмкіндігі туралы барлық қауіптеріміздің негізсіз болмағанын хабарлауды өзімнің борышым деп санаймын. Сонымен, 2024 жылғы 24 қазанда Астана қаласы ПД-де зардап шегуші тараптың танысу кезеңінде болған Ю.В.Шимкоға қатысты қылмыстық іс шұғыл түрде Астана қаласы прокуратурасына сұратылып, содан кейін бірден Астана қаласы Алматы ауданының прокуратурасына берілді. Сол күні (барлық оқиғалар кешкі уақытта болып, екі-үш сағаттан аспады) Алматы ауданының прокуроры қылмыстық істі ҚР ҚПК 35-бабы 1-бөлімі 2-тармағы негізінде – қылмыс құрамы болмағандықтан – тоқтату туралы қаулы шығарды. Мұнда айта кету керек, іс тоқтатылғанға дейін 2-3 сағат бұрын адвокатым екеуіміз Астана қаласы ПД-ге істі зерттеу хаттамасына қол қою және тиісті өтініштер беру үшін келген едік, бірақ нәтижесінде біз бұл құқықтан толық көлемде айырылдық. Нәтижесінде, қадағалау органының осындай шешімінен мен үлкен шығынға ұшырадым, ұрланған техниканың тікелей шығыны ретінде ғана емес (оны бізге қайтармай, Ю.В.Шимкоға қайтаратын болды), сондай-ақ іске өкілдік ету, Астанаға ұшып келу және қонақүйде тұрумен байланысты шығындар ретінде де. Менен және мен басқарып отырған кәсіпорынды заңсыз қылмыстық істің тоқтатылуымен байланысты еріксіздік пен заңсыздықтан қорғау, қадағалау органының заңсыз шешімін жою, мәселені шешуде барлық қолжетімді заңды шаралармен көмек көрсетуді сұраймын.

Қосымша: өкілдің атына берілген сенімхаттың сканерленген көшірмесі. 

Құрметпен, Александр Лакай

P.S: Алдағы уақытта да осындай ресми хаттарды, пікірлерді газетіміздің алдағы нөмірлерінде жариялайтын боламыз. Қазақстан Республикасы Прокуратурасы осы жазылған ресми хаттардан, көпшілік қауымның пікірлерінен әділетті қорытынды шығарады деген сенімдеміз.

31.10.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 18
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 564
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 679
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 591
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 601

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8736
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8138
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11367
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9120
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10351