Қазақта «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген сөз бар. Жылағанды жұбатып, сүрінгенді сүйеу – қазақтың қанына сіңген қасиет. Осы тұста түрлі бағыттағы қайырымдылық қорларының қоғамдық үлесі зор. Түркістан облысында «Шұғылалы таң» атты қоғамдық қор бар. Қор 2015 жылы құрылып, күні бүгінге дейін мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істеп келеді. Біз аталған қордың бағыт-бағдары, атқарған жұмыстары туралы осы ұйымның құрылтайшысы, Түркістан қаласының құрметті азаматы, Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесі жанындағы Әжелер алқасы төрайымның орынбасары Дана Ормановамен сұхбаттасқан едік.
«Жұмысымды қарапайым тәрбиешіден бастадым»
– Дана ханым, алдымен өзіңіз және атқарған жұмыстарыңыз туралы әңгімелеп берсеңіз.
– Мен 1957 жылы 11 мамырда Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Қаратас ауылында дүниеге келгенмін. Ата-анам мұғалім. Әкем мектептің директоры болды. Анам бастауышқа сабақ берді. Мектепті бітіргеннен кейін бір-екі жыл дайындық курста оқып, кейін Алматыдағы қыздар педагогикалық институтын бітірдім. Алғаш еңбек жолымды Түркістанның маңындағы «Спецхозобъединение» совхозындағы 4 жылдық мектепте мұғалім болып бастадым. Онда бастауышқа сабақ беріп, әрі мектептің меңгерушісі болдым. 1985 жылы Түркістан қаласындағы көмекші мектеп-интернатқа ауыстым. Мектеп-интернаттағы жұмысымды тәрбиеші болудан бастап, психолог, мұғалім болып жиырма екі жыл жұмыс істедім. 2004 жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысында төрт ауданға коррекциялық түзету орталығы ашылатын болып, конкурсқа қатыстым. Сол кездерде қанша жылғы еңбегім бағаланбай тығырыққа тіреліп, қиналып жүрген кезім еді. Осы конкурстан жеңіп шығып, ойламаған жерден Түркістан қаласы психологиялық-педагогикалық түзету орталығының меңгерушісі болып шыға келдім.
Облыстық білім беру департаментінің бастығы Сайлаукүл Барахова ханым болатын. Ол кезде біздің аудандарда мұндай орталықтар жоқ. Жұмысты жандандыру мақсатында Ташкентке бардым. Өздеріңіз білесіздер, Ташкентте дефектология саласы жақсы дамыған. Ол жерде профессорлармен бірге жұмыс істеп, сондай мекемелерді аралап көріп, Қазақстанда жоқ коррекциялық сенсорлық жеті партаны облысқа әкелдім. Оны кеден бекетінен өткізудің өзі қандай қиын болды. Соған қарамастан әкеліп, облыста үлкен семинар өткізгенім бар. «Тауық сойса да қасапшы сойсын» демей ме? Мен өз жұмысымды қарапайым тәрбиешіліктен бастап, егжей-тегжейлі білетіндіктен, жұмысымды жақсы меңгердім. Сол кездерде Түркістандағы қаншама ауыл мен селоны жаяу-жалпылап, жол көлігімен аралап жүріп, диагнозы бар балалардың тізімін алған да күндерім болды. Әрине, жұмысымды жалғыз атқардым демеймін. Сол кезде мені Сайлаукүл Жапарқызы, Жанат Омарқызы, педагогикалық-медициналық кеңес беру орталығының директоры Қалияш Оспанқызы және көптеген мамандар қолдап отырды.
Бізге ешкім жұмыс істей қойыңдар деп дайын ғимарат бере салған жоқ. 2004 жылдан бастап біраз жылға дейін мүмкіндігі шектеулі балаларды сүйрелеп төрт қақпалы Түркістанның төрт бұрышына көшіп жүрдік. Әр әкім ауысқанда біздің де мекенжайымыз ауысып отыратын. Содан 2006 жылы Түркістан қаласына Әли Бектаев әкім болып келген кезде алдына кіріп: «Балалармен қашанғы көшіп-қонып жүреміз? Біздің орталыққа арнап ғимарат салынуы керек», – деп өтініш жасадым. Осы уақытқа дейін еш әкім қолға алмаған жұмысты Ә. Бектаев «мұны қолдау керек, жер берілуі керек» деп, кәсіпкерлердің басын қосып үлкен семинар өткізді. Сөйтіп, бізге орталық салуға жер берілді. Бірақ әкім ауысып кетіп, ғимарат салынбай қалды. Содан кейін әкім болып «Отау құрылыстың» басшысы Қайрат Молдасейітов келді. Алдына барып бізге жер берілгенін айтып едім, ол кісі: «Бұл орталық Түркістанға қажет пе?» – деп сұрады. «Әрине, қажет болған соң сіздің алдыңызға келіп тұрмын», – дедім. «Жарайды, апай, мен өзім хабарласамын», – деп шығарып салды. Сонымен мен еңбек демалысына шығып, демалыста жүргенімде «Қайратпын ғой» деп телефоныма хабарласты. Балалардың жолдастарының бірі шығар деген оймен: «Қай Қайратсың?» – деппін. «Молдасейітовпын», – деді. Ол мені сол тұрған жерімнен келіп көлікпен әкетті. Орталыққа арналған ғимаратты қай жерден салатынын ақылдастық. Содан үш-төрт айдың ішінде Балаларды қорғау күніне дейін ғимаратты салып бітіріп, кілтті қолыма тапсырды. Сол күні Бекзат Саттархановтың да бюсті ашылғаны есімде. Қала депутаттары келіп, менің кабинетімді салтанатты түрде ашып берді. Мүмкіндігі шектеулі балалардың жанында біз сияқты білікті мамандар жүрмесе, олардың дауысын жоғарыға кім жеткізеді? Әкімдердің ішіндегі халыққа жақын әкімдер деп мен осы Әли Бектаев пен Қайрат Молдасейітовты айта аламын. Сол кісілердің қолдауымен ашылған коррекциялық кабинеттер Түркістанда күні бүгінге дейін жұмыс атқарып тұр. Одан кейін көмекші мектеп-интернатына ауысып, аздан соң 2013 жылы Ленгер қаласындағы құлағы нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернатында мектеп директоры болдым. 2014 жылы «Үміт» мектеп-интернатында мектептің директоры болып зейнетке шықтым. Астанада Білім және ғылым министрі А. Сәрінжіпов марапаттап, зейнетке керемет шығарып салды. Мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істеу өте қиын. Ол үшін үлкен төзімділік керек. Бұл кісіліктің жұмысы емес. Коррекциялық интернатқа немесе сондай жерлерге басшы болатын адам бірінші кісілікті емес, кішіпейілділікті ойлағаны жөн.
Қор талайларға қол ұшын берді
– Бүгінде қоғамдық қорда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Қор 2015 жылы құрылды. Төрайымы – Меруерт Манатова. Өзім сол қордың құрылтайшысымын. Тұрақты мүшелері: Ақтоты Тұрғанова, Света Абишева, Мадина Түсіпбекова, Ақмарал Басымбек. Негізгі бағыты – мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау, оларды қоғамға кіріктіру. Біз ерекше жандарды мейлінше қоғаммен араластырып тұруға тырысамыз. Қор бүгінге дейін мүмкіндігі шектеулі қаншама балаға көмек қолын созып, қолдау көрсетіп, қамқорлық жасады. Қордың басты мақсаты – тумысынан тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандардың төрт қабырға ішінде, не болмаса өз әлемінде жалғыз қалып қоймай, қоғамдық ортаға қосылуына ықпал ету, сөйтіп бойындағы дарынын барынша ашу. Осы бағытта жұмыс істеп келе жатырмыз.
– Мемлекеттен қандай қолдау көрсетіледі?
– Мемлекеттен Үкіметтік емес ұйымдарды құрудың өзі қоғамға өз үлесін қосады деген мақсатта 2013 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан Үкіметтік емес ұйымдарға биыл 10 жыл болып отыр. Үкіметтен тәуелсіз жұмыс істейтін, әдетте қоғамдағы маңызды мәселелерді алдыға шығарып, оларды шешуге ұмтылған еріктілер тобы құрған осындай бейкоммерциялық ұйымдардың көп болғаны жақсы. Түркістанды түлетуге, өркендетуге жұдырықтай жұмылдыру, осылайша өзгелерге бірлік пен тиянақты тірліктің үлгісін көрсету мақсатында қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтың бастамасымен «Ыңтымақ үйі» ашылды. Үкіметтік емес ұйымдарды біріктірген орталықта Түркістан облыстық ақсақалдар алқасы, қалалық әйелдер кеңесі, қалалық қоғамдық келісім кеңесі, сонымен қатар ата-аналар мен педагогтер комитеті жайғасты. Бұлардың барлығының қоғамда алатын орны үлкен.
– Кадр мәселесіне тоқталсаңыз, мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жасайтын арнайы мамандар тапшы емес пе?
– Кадр мәселесіне келетін болсақ, бұндай мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жасайтын тәжірибелі мамандар өте қажет. Және де қазіргі таңда тапшы. Бүгінге инклюзивті білім беру, маман даярлау өте маңызды. Ерекше жандармен жұмыс істейтін адам бірінші кісілікті емес, кішіпейілділікті ойлағаны жөн.
Инклюзив қазақтың
жан дүниесіне келеді
– Инклюзивті білім беруге тоқталып өтсеңіз.
– «Инклюзивті қоғамды қалыптастыру» деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені көтерген болатын. «Осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. Қазақстанда ерекше білім беруді қажет ететін балалар көбейіп барады. Балалар тиісті реабилитация қабылдау үшін жарты жыл уақыт күтеді. Сөйтіп, уақыт жоғалтады. Кезегі келген кезде толық оңалтудан өтуге мәжбүр. Балалар сапалы қызмет алу керек. Мемлекет тарапынан арнайы психолог мамандарының даярлануына назар аударылуы керек», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Біз «инклюзия» дегенді тек мүмкіндігі шектеулі жандармен ғана жұмыс істеу деп түсінеміз. Алайда бұл қате пікір. Шын мәнісінде, инклюзия – бұл қоғамдағы барлық адамдарды интеграциялау (толықтыру, біріктіру) қатынасы, яғни дискриминация (адамды кемсіту, бөлу) түсінігіне кереғар ұғым. Инклюзия барлық индивидтерді (тұлға) біріктіру, тұлғалық қасиетті айқындау, сыйлау қағидасымен үндеседі. Сонымен қатар инклюзия – білім беруді қамту, әлеуметтік қамту, қосу және алып тастау мағынасында көрініс береді. Айталық білім беруді қамту – бұл педагогиканың тұжырымдамасы. Онда әрбір адам (индивид) әртүрлі және өзіндік ерекшеліктеріне (физикалық, психологиялық, әлеуметтік, мәдени) қарамастан, сапалы білім алуға бірдей құқылы деген принциппен жүзеге асады. Демек, инклюзивті білім беру – біз айтып жүргендей мүмкіндігі шектеулі жандарға білім беру ғана емес, олардың және басқа да адамдардың тең дәрежелі құқығын айқындайды.
Елімізде инклюзивті қоғам дамуының негізгі қағидасы ретінде инклюзивті білім беру жүйесін дамытуға баса назар аударылып келеді. Негізінде, инклюзивті қоғам қалыптастыру үшін, алдымен әртүрлілікті қабылдауға байланысты дағды қалыптасуы тиіс. Жалпы алғанда, елімізде түрме, жетім балалар үйі мен қарттар үйі сияқты институттар құрылып, халықта оларға деген өзгеше көзқарас қалыптасқан. Бірақ қазақтың дәстүрлі мәдениеті мен халықтық философия-психологиясында кемсітушілік, алалау, жек көру сынды көзқарасты құптамайтынын білеміз. Сондықтан біздің қазақ қоғамына инклюзия идеялары, құндылықтары жат емес екенін ескере отырып, негізгі мақсат инклюзивті сана-сезімді оятуға бағытталуы керек сияқты. Мәселен, сала мамандары инклюзив дегенді қоғам жалпыхалықтық комфорт деп қабылдауы керек деген мәселені қолға алса, адамдар арасында бір-біріне деген құрмет, мейірім, жанашырлық артып, проблема азаяр ма еді.
– Мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарына қандай кеңес бересіз?
– Мүмкіндігі шектеулі балалары бар ата-аналарға өте ауыр. Оны басқа-басқа, мен жақсы түсінемін. Дәрігерлердің айтқандарын бұлжытпай орындауы керек дер едім. Ара-тұра мұндай аурулардан айығып кетіп жатқан балалар бар. Үміт үзбеу керек. Бұрын ауыр диагнозы бар балаларды шетелге апарып қарататын. Қазір өз елімізде жақсы жетістіктерге жетіп жатыр. Маман ретінде, ешкімнің баласын ауыртпасын, жұмыс болмай кетсе де, осы балалар ауырмасын деп тілеймін. Мұндайды басқа бермесін. Қазір көпбалалымын деп айқайлап, Үкіметтен ақша, үй сұрап жүрген аналарды жиі көреміз. Біле білген адамға дүниеге сау бала әкелуден артық бақыт жоқ. Денсаулықтың қадірін көп жастар түсінбейді. Ағзаға зиянды тамақтар жеп, тар киім, шалбар кигеннен бала өмірге кемтар болып келіп жатыр. Бұрын ата-енелеріміз жеген тамағымызға дейін мән беріп отыратын. Қазір жастар еш ойланбастан чипсы жеп, кола ішеді. Ал оның зияны өзі тұрмақ болашақ ұрпағына да тиіп жатқанын ескере бермейді. Осыны ойланатын кез келді.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Алдағы 10 жылдығымызға өзіміздің қордың әнұранын шығарып, сондай-ақ осы салада жұмыс істеп, өмірден өтіп кеткен әріптестеріміз бар, қазіргі қызмет жасап жүрген барша маман-ұстаздарды жинап кітап шығарып, арнайы салтанатты марапаттау рәсімін ұйымдастыру ойда бар.
– Әлсізге қамқор болу, жылағанды жұбату – үлкен қасиет. Мүмкіндігі шектеулі жандардың жанайқайын жоғарыға жеткізіп, олардың жағдайы жақсы болуына өмір бойы атсалысып келе жатқан Дана ханым, еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз, сұхбатыңыз үшін көп рақмет!