Еліміз қарғын судың қыспағында қалып жатқан осындай сын сағаттарда төтенше жағдай жарияланған аймақтардағы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасының тұрақтылығы өте маңызды екені белгілі. Береке мен бірліктің қадірі білініп, елдігің сынға түскен осынау шақта, кейде келеңсіз жағдайлардың орын алып жататыны бар. Апат басталып, жалпы жұрт құм толтырылған қаптармен су бөгеттерін салуға кіріскен шақта ел ішінде кейбір пысықайлардың бағаны орынсыз көтермелеп жатқаны туралы хабарлар таралып, көңілімізді пәс еткен еді. Абырой болғанда құзырлы мекемелер жедел шаралар қолданып, құқықтық тұрғыдан іс қозғай бастағасын барып, ақшаға құныққандардың әрекетіне тосқауыл қойылғандай болды. Дегенмен түсіндіру жұмыстары мен бақылаудың дұрыс жолға қойылуының арқасында бағаның шектен тыс қымбаттауы байқалған жоқ.
22 сәуір күні Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының қарқыны мен өңірлердегі азық-түлік қорларының сақталу мәселелері талқыланған еді. Жиналыс кезінде ортаға тасталған нақты деректерге жүгінер болсақ, еліміздің көптеген өңірлерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағалары екі апта қатарынан төмендегені байқалған.
Жиналыста сөз сөйлеген ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова нақты жағдайларға тоқтала келіп мынадай деректермен бөлісті:
«Сәуірде екі аптасындағы бағаның жалпы өсу индексі -0,2%-ды құрады. Осылайша, пияз (-2,6%), күнбағыс майы (-1,6%), қарақұмық жармасы мен жұмыртқа (-1%), күріш (-0,5%), рожки (-0,2%) құнының төмендеуі тіркелді. Сиыр етіне орташа баға индексінің өсуі (0,6%) негізінен Ақтөбе облысындағы өнім құнының қысқа мерзімді қымбаттауына байланысты, онда тасымалдаушылар етті барлық өткізу орындарына дер кезінде жеткізе алмаған. Еліміздің сегіз өңірінде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің орташа баға индексі төмендегені байқалып отыр, оның алтауында нөлге тең. Ақтөбе облысында (0,8%-ға), Маңғыстау, БҚО (0,2%-ға), Атырау, Қарағанды және Абай облыстарында (0,1%-ға) бағаның біршама көтерілуі тіркелген», – деді Айжан Бижанова.
«Алдын ала есептеулер бойынша, өңірлерде 130 сауда нысаны зардап шегіп, Павлодар облысының бір кәсіпкеріне келтірілген шығын өтелді. Қалғандары бойынша шығынның мөлшерін анықтау жұмыстары жүргізілуде, Петропавлға Көкшетау, Астана, Қарағанды және Омбы қалаларынан ауызсу жеткізу жұмыстары ұйымдастырылды. Тәулік бойы ауызсу құю туралы келісімге «Көкшетауминсу» мекемесімен қол жеткізілді. Қазіргі таңда Петропавл қаласының барлық дүкендері мен қоймалары сумен қамтылған», – деді Айжан Бижанова. Бұл өз кезегінде апат жағдайында адамдарға аса қажет ауызсудың бағасының шарықтап кетуінің алдын алатын ұтымды шара болғаны даусыз. Қазіргі таңда Вице-премьер Серік Жұманғариннің тапсырмасы бойынша Сауда комитеті төтенше жағдай жарияланған облыстардағы азық-түлік қоймаларының қауіпсіздігін жіті назарда ұстап отыр екен. Мұның ішінде БҚО мен СҚО-дағы көкөніс қоймаларын су басу және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қорларын жоғалту қаупі тұрғысынан мониторинг жүргізілген. Ал Солтүстік Қазақстан облысында көкөністердің негізгі қоры сатылып, қалған бөлігі қауіпсіз орындардағы қоймаларға ауыстырылыпты. Мұндай сақтық шаралары өзге де облыстарда жүргізіліп жатыр дейді жауапты тұлғалар.
Қатысты тараулардың жергілікті әкімшілікпен бірлесе отырып жүргізген қадағалау және шұғыл шешімдер қабылдауының нәтижесінде қазір төтенше жағдай жарияланған облыстардың барлығында азық-түлік бағалары тұрақты деңгейде сақталып отыр. Өтпелі кезеңде мұның өзі халыққа үлкен демеу еді.
Ерқазы Сейтқали