Астанада «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум болып өтті.
Іс-шараға әлемнің 20-дан астам елінен делегация қатысты. Олардың қатарында тарихшы-медиевистер, археологтар, шығыстанушылар, түркітанушылар, моңғолтанушылар, нумизматтар, эпиграфика мамандары, саясаттанушылар, мәдениеттанушылар, өнертанушылар, дипломаттар және халықаралық ұйымдардың өкілдері бар.
Мемлекет басшысы симпозиумның ашылу салтанатына қатысып, Алтын орданың заңды мұрагері қазақ даласы екендігін жеткізді. Сондай-ақ, еліміздің маңызды жобаларына қолдау көрсеткені үшін ЮНЕСКО басшылығына да алғыс айтуды да ұмытпады.
Сонымен қатар еліміздің ЮНЕСКО-ның қолдауымен жүзеге асырған жетістіктері жайлы да хабардар етті. Атап айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы тас петроглифтері және бірнеше көне қаланың әлемдік мұралар тізіміне енуі – осы серіктестіктің айқын мысалдары.
Бұдан бөлек, Қазақстанның материалдық емес мәдени мұраларын дәріптеу бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылғандығына тоқталды. Өткен жылы «Хандар шежіресі» атты бірегей қолжазбаның әлемдік деңгейде мойындалуы – осының жарқын дәлелі.
Айта кету керек, Алтын Орда мұрасын зерделеу бойынша жүйелі жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүргізілуде.
Қасым-Жомарт Кемелұлы тарихи жадыны сақтаудың және ұлттық тарихты терең зерделеудің маңызын бірнеше рет атап өтті. Алтын Орданың рәміздері мен дәстүрлері қазіргі Қазақстан мемлекеттілігінде де көрініс табуда. Атап айтқанда, Президент резиденциясының «Ақ Орда» атауы тарихи тұрғыдан Жошы Ұлысы билеушілерінің ордасымен байланысты болса, ұлттық валюта – «теңге» атауы Алтын Орда дәуіріндегі ақша айналымынан бастау алады.
2026 жылы Алтын Орда тарихымен байланысты үш маңызды дата атап өтіледі:
• «Ақсақ құлан» күйінің 800 жылдығы;
• Бату ханның Алтын Орда тағына отырғанына 800 жыл;
• Жошы Ұлысы билеушілерінің резиденциясы – Ақ Орданың 800 жылдығы.
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК















