Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің «Nur Otan» партиясымен, Ауылшаруашылығы министрлігімен және «Ел Ана» қоғамдық – сайтымен бірлескен «Ауыл – Ел бесігі!» экспедициясы Алматы облысында
Жуырда «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихат депутаты, депутаттық фракция жетекшісі Тойлыбаева Гүлнар Қожағұлқызының тікелей қолдауымен, құрамында: «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалының хатшысы Ахметжанова Бағдагүл Дәулетқызы, «Qazaqstan dauiri» ЖШС Бас директорының орынбасары Жанбақыт Борантаев, журналист Дидар Қайратқызы және жүргізуші Алмас атты азамат бар, «Ауыл – Ел бесігі!» экспедициясы аталмыш облыстың Панфилов, Ұйғыр және Райымбек аудандарын аралап, шекара шебіндегі ел-жұртпен кездесіп қайттық. Бір «әттеген-айы», ел аралауға шыққан экспедициямыздың тақырыбы мен тамыры ауылмен байланысты болса да, бұрынғы жылдардың бәрінде атсалысып келе жатқан облыстық Ауылшаруашылығы биыл біздің бірлескен экспедициямызға еруге де, оны қолдауға да селқостық танытып, қалыс қала тұрғанды жөн көргендей. Дегенмен...
«Nur Otan»-ның жақсылығын айт, нұры тассын!»
Сонымен Алматыдан Жаркентке аттандық. Жол бойы Бағдагүл қызымыз бүгінде «Nur Otan» партиясының, оның ішінде партияның әр өңірдегі филиалдарының жұмыстарының бұрынғыдан да жандана түскендігі жайлы жағымды мағлұматтарымен бөлісті. Оның айтуынша, партия республика бойынша жасалған «Жол картасы» бағдарламасы негізінде қолға алынған 217 жобаның іске асырылу барысын жіті қадағалап, бақылап отырады екен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жария еткен: «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы Алматы облысында 27 пайыз орындалған. Бұл көрсеткіш межелі мерзім тұрғысынан алғанда, артығымен орындалып тұр. Сонымен қатар 757 мың ш/м тұрғын үй, 12 мектеп пайдалануға енгізіліп, 538 шақырым жол салынған және жөндеуден өткен. Бес жыл ішінде 1 миллиондай қазақстандық азаматқа, оның ішінде: 284 мың аз қамтылған отбасыға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, жетім балаларға арнап 103 млн ш/м тұрғын үй енгізілген. Бұл мақсатта мемлекет шығындарды субсидиялау арқылы ауылдарда тұрғын үйлер салуды қолға алатын кәсіпкерлерді ынталандырып отырмақ. Сонымен бірге «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысушылар үшін жеңілдетілген несие беру жағы да қаралыпты. Осылайша жыл соңына дейін 4,5 мың жас маманды осы шарамен қамту көзделген. Партия еліміздің барлық тірек және серіктес ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік пункттер ашуға ықпал жасап, аудандық ауруханаларды қазіргі заманға сай компъютерлік томография, рентген аппараттарымен және тағы басқа да медициналық құрал-жабдықтармен қамтуды жоспарлап отыр екен.
Бағдагүл қызымыздың айтуынша, «Nur Otan» партиясының белгілі бір мақсаттарға негізделіп, атқарылып жатқан ауқымды жоспарлары мен шараларының орындалу нәтижелері соңғы уақытта көпшілік халық арасында партияға деген оң көзқарас қалыптастырып, сенімдерін күшейте түсіпті.
Жайлы өңір, жақсы өмір іздесең, Жаркентке кел!
Сарала күздің соңғы айы туып, сарғайған жапырақтар жерге жапырыла құлап жатса да, Жаркент өңірі суының да, нуының да молдығын байқатып, өңін бергісі келмегендей толықсып тұр. Біз мінген «сүйрік қара» темір тұлпар жүйткіген күйі аудандық әкімдікке келіп бір-ақ тоқтаған болатын.
Экспедиция тобын жылы қарсы алған Панфилов ауданының әкімі Өмірәлиев Талғат Әбенұлы ауданның экономикалық, саяси-әлеуметтік көрсеткіштерінен мәліметтер келтіре отырып, емен-жарқын әңгімелесті.
– Ауданымыз көлемі жағынан өте үлкен. Бүгінде ауданда тату-тәтті, ынтымақтаса өмір сүріп жатқан 131 200 адам тұрады. Ауданымызға Үкімет тарапынан көп көмек көрсетіліп жатыр. 2 мектеп күрделі жөндеуден өткізіліп, қазіргі заманға сай 1 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұдан бөлек тағы 2 мектептің құрылысы басталып жатыр. Осының нәтижесінде кезінде кезінде қалаға қарай жөңкілген халық, әсіресе жастар, қазір қайтадан ауылға қарай ат басын бұра бастаған. Жаркент іргесіндегі Көктал атты ауылымыз Қазақстандағы үздік отыз ауылдың қатарына кірді. Ондағы «Көктал – Агро» ЖШС-ге өздеріңіз барып, көріп, жақынырақ танысуларыңызға болады. Осы «Көктал – Агро» ЖШС негізінде келешекте сүт өнімдерін өндіруге бағытталған тағы бір зауыт салу мәселесін қарастырып жатырмыз.
Сонымен қатар Айдарлы ауылы да үздіктер қатарынан табылып, ауыл әкімі Айдар Исаев «Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің» ұйымдастыруымен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында екінші рет өткізілген «Үздік ауыл әкімі» байқауында республика бойынша 3-ші орынға ие болды.
Ауылдарымызды көркейтуге аудандағы кәсіпкер азаматтар да атсалысып жатыр. Жуырда олармен ақылдаса отырып, жоспар жасадық.
Ауданымызда ауылшаруашылығы саласы да қарқынды дамуда, әсіресе биылғы құрғақшылыққа қарамастан, жүгеріден мол өнім алып отырмыз.
Өткен жылы пандемия кесірінен Қытаймен арадағы Қорғас бекетінде жүк көліктерінің кептелісі болды. Осы мәселе бойынша үстіміздегі жылдың қыркүйек-қазан айларында Қорғаста үш мәрте онлайн кездесу өткіздім. Нәтижесінде бұрын 4 жолақ қана өткізу пункті болса, қазіргі кезде олардың саны 12-ге жетті. Бұрын тәулігіне 300 – 400 көлік өтетін өткізу бекетінде індеттің кесірінен 80-ақ көлік өтетін болып қалды. Дегенмен олардың санын 100-ге жеткіземіз деген ниеттеміз.
Осылайша аудан өмірінен қысқаша мәліметтермен таныстырған Талғат Әбенұлымен әңгіме барысында, әкімнің жұмыс үстелінің бір шетін ала тұрған рамкалы шағын суретке көзім түсіп, суреттегі адамның кім екенін сұрадым.
– Менің арғы ата-бабаларым да, өз атам да би болған кісілер екен. Өмірәлі атам репрессияға ұшырап, «КАРЛАГ»-қа қамалып, кейіннен Мәскеуге жер аударылады. 1937 жылы өзін-өзі ақтап шыққанымен, түрмеде денсаулығы сыр береді де, көп ұзамай қайтыс болады. Ендігі жерде халық жауының баласы деп қудаламас үшін, әкемдә аман алып қалудың жолын іздеген әжелерім, әкемді нағашыларына, яғни осы Жаркент өңіріне әкеліп, атын қысқаша «Әбен» деп өзгертіп, сырт көзден жасырып бағады. Сол әкем кейін егде жасқа келіп, қайтыс боларының алдында, сөреде тұрған көп кітаптардың бірінің арасына: «Болат пен Талғатқа бата-тілек!» – деп, бір парақ қағазға өсиет хат жазып, қалдырып кетіпті. Хатта адамгершілік, адалдық қасиеттерден аттамау жайлы жазылыпты. Міне әкемнің сол өсиет хаты мен суреті менің жұмыс үстелімнің үстінде үнемі тұрады. Әке өсиетіне адал болу – перзенттік парызым деп білемін. Қандай мәселе болса да, осы өсиеттерді еске түсіре отырып, шешім қабылдаймын.
Иә, Жаркент өңірі жайлы сөз болып жатқан жерде, жақында ғана жарты әлемге жария болған «Пенжім оқиғасы» жайына тоқталмай кету әбестік болар. Негізі аталмыш ауылға барып қайтуға да болар еді, бірақ болары болып, бояуы сіңе бастаған оқиғаны аудан әкімінің өз аузынан естідік те жазарымызға жауап алып, қанағаттандық.
Талғат Әбенұлының айтуынша, мектеп оқушыларының арасындағы төбелестің артын бебеулетіп, желеулетіп әкеткендер болыпты. Осының салдарынан бас жарылып, көз шықпаса да, тас лақтырған біраз үйдің терезелерінің қирағаны рас екен. Әкімдік тарапынан дер кезінде жасалған шаралардың арқасында бұл айқай-шу сол түні-ақ басылған. Ертесі ауыл тұрғындарына арнайы жиналыс жасалып, мәселе өзара түсіністік негізінде, ың-шыңсыз шешілген. Рас, жиналыс барысында жергілікті халық арасынан: «өзге ұлт өкілдері шаңыраққа қарай жүрсін!» – деген талап қойғандар да болыпты. Меніңше, бұл айтылған талаптың еш артықтығы да, сөкеттігі де жоқ сияқты. Өйткені жиналыс барысында, ұйғыр ағайындардың арасында; қазақ халқының дархандығының арқасында, қаншама жылдан бері тату-тәтті өмір сүріп, тіршілік етіп келе жатқандарын мойындағандар да болған. Әрине бұл оқиғаны сан-саққа жүгіртіп, «ұлтаралық қақтығыс» ретінде сипаттаушылар да табылып жатқанын әлеуметтік желілерден көрмеген адам кем де кем шығар. Бірақ олардың бұл ойы іске аспаған. Оқиғадан кейінгі екі күн ішінде жергілікті кәсіпкер азаматтардың атсалысуымен қираған терезелер бүтінделіп, барлығы қалпына келтіріліпті. Тіпті дәл осы оқиға тұсында электр тоғынан өртенген қамыс керегелі үй де қайта жөнделген екен.
- Осы уақытқа дейін еш бөлінбей, бірлігі жарасып келген халық неге екіге бөлінуі керек? Біз кез келген бұзақылық пен арандатушылыққа жол бермейміз! – дейді аудан әкімі Талғат Әбенұлы. Айтпақшы, мектеп ауласында болған төбелес кезінде жарақат алған оқушы баланың денсаулығының жақсарып қалғанынан хабардар болған біздер кәдімгідей қуанып қалдық.
Қанат Нұркешұлы, «Nur Otan» партиясы, Панфилов аудандық филиалының төрағасы: «Тұрғындар партиямызға түрлі мәселелермен келеді»
Бүгінгі күнде «Nur Otan» партиясы, Панфилов аудандық сайлауалды бағдарламасы бойынша 5 пункт орындалды.
Ағымдағы жылдың қаңтар айында ҚР барлық деңгейдегі Мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп, аудан көлемінде: облыстық – 3, аудандық – 15 депутат сайланды.
25 шілдеде төрт ауылдық округте ауыл әкімдерін сайлау шарасы өтіп, нәтижесінде біздің партияның екі мүшесі жеңіске жеткен болатын.
Қазіргі кезде «Nur Otan» партиясы, Панфилов аудандық филиалы жанынан 9 қоғамдық кеңес құрылған. Кеңестің барлық отырыстары уақытылы өткізілді. Аудан бойынша бастауыш партия ұйымдарының саны – 19, ал партиялық топтар саны – 0 224.
Саяси жұмыс бөлімі бойынша партиялық жобалар туралы атқарылған жұмыстар уақытылы жолданып, ақпараттар әлеуметтік желілерде жарияланады.
Аудандық филиалымыздың қоғамдық қабылдау бөлмесіне 474 өтініш түсіп, азаматтар жеке мәселелері бойынша қабылданса, депутаттар мен мемлекеттік органдар басшылары 326 азаматты қабылдаған. Өтініштердің 62 пайызы шешімін тауып, консультативтік, құқықтық, т.б. да көмектер көрсетілді.
Нұрелов Бақыт Байкенұлы, Көктал ауылдық округінің әкімі: "Көктал "30 үздік ауыл" қатарында"
Биылғы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына орай, Көктал «30 үздік ауыл» қатарына енді. 14 мың халқы бар Көктал ауылдық округіне Ақжазық және Аққұдық ауылдары да кіреді. Кезінде «Октябрь» ауданының орталығы болған бұл ауылда тұрғындардың негізгі бөлігін құрайтын қазақтармен бірге өзге ұлт өкілдері де тұрады. Ауыл тұрғындары негізінен егіншілікпен, оның ішінде 2000 гектар алқапқа жүгері өсірумен айналысады. Сонымен қатар ата кәсібіміз – мал шаруашылығын дамыту қолға алынған. Ірі қара мал басы да көбейіп келеді.Тіпті осыдан екі жыл бұрын ойсыл қара тұқымын өсіруді бастадық.
Ауылда төрт мектеп, екі балабақша, бір мәдениет үйі жұмыс істейді. Биыл Аққұдық ауылында 120 орындық жаңа мектеп салынды. Көшелелерге асфальт төсеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Осы орайда ауылдардың өзін-өзі басқаруына қатысты айта кететін бір жайт: бұрын түскен салықты ауданда бөлетін болса, қазір оның көп бөлігі ауылдың өзінде қалатын болды. Бұл ауылдарды көркейтуге өте тиімді. Мысалы біз осы бағытта көшелерді жарықтандыруды, тротуарлар мен арықтар жасауды, орталық саябағымызды көркейтуді жоспарлап жатырмыз. Мысалы көктемде саябаққа 100 түп қайың отырғызсақ, осы жуырда 100 түп арша отырғызбақпыз.
P.S: Ауыл әкімі бұл деректерді ауыл тұрғындарымен кездескен басқосуда айтқан болатын. Бізбен кездесуге жиналғандардың арасында ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Солтанқұлов Сайлау ақсақал бастап, түрлі мекеме басшылары, кітапханашылар, славян орталығының мүшелері,т.б, болды.
Оханов Жәнібек Мұхатайұлы, «Көктал - Агро» ЖШС директоры: «Көктал–Агро» өнімдерін арттырамыз
«Көктал–Агро» ЖШС Израиль мемлекетінің жаңа технологиясын пайдалана отырып, суды үнемдеу мақсатында, тамшылатып суарып әдісімен жұмыс істейді. Осының арқасында 300 га жүгері, 300 га көпжылдық шөп алқабы суарылады.
2020 жылы «Көктал–Агро» 1150 басқа арналған тауарлы сүт өндіру фермасын салды. Бұл ферманы салуға және оған қажетті құрал – жабдықтарды шетелден әкелуге , барлығы 3 млрд теңгедей инвестиция тартылды. Қазіргі уақытта Аустрия елінен 950 бас ірі қара әкелінді. Күніне 450 сиыр сауылып, 11 т сүт өңдеуге, 400 л сүт ауыл тұрғындарына жіберіледі. Келешекте өнімдеріміздің көлемі мен сапасын арттыра түсуді жоспарлап отырмыз.
«С.Абылай» шаруа қожалығында
Ұйғыр ауданына сапар барысында жол-жөнекей кездескен ірі шаруа қожалықтарына ат басын бұрып, олардың тыныс-тіршілігімен таныса кеткенді жөн көрдік. Біз бұрылған «С.Абылай» ШҚ-ға қарасты қырман басында аудандық ауылшаруашылығы мамандары Бауыржан Утеулиев пен Рахимжан Амаров та жүр екен. Олар бізге жол көрсетіп, біраз шаруа қожалықтарын аралатты.
Амердин Қадыров, «С.Абылай » ШҚ директорының орынбасары:
– Біздің шаруа қожалығы биыл 400 гектарға – жүгері, 300 гектарға – жоңышқа ектік. Қазіргі кезде өнімдерімізді жинап болдық. Нәтижесі жаман емес. Биылғы ауа райының қолайсыздығына қарамастан, гектарына 80-90 центнерден өнім алдық. Алған өнімдерімізді Шамалғанға, Жаркенттегі крахмал зауытына өткіземіз. Шаруа қожалығының басшысы Сырым Омаров дәл қазір осы шаруалармен Алматыда жүр. Қожалықта 40-қа жуық техника бар.
Бауыржан Утеулиев, аудандық Ауылшаруашылығы секторының маманы: –«С.Абылай» ШҚ-да комбайндар мен тракторлардан бөлек, ауыл шаруашылығы жұмыстарына арналған түрлі техникалар бар. Жалпы биыл ауылшаруашылық техникаларын сатып алу үшін 450 миллион теңге бөлінді. Осының негізінде Шарын 29 техника алды және сол техникалардың арқасында егін егу, егін жинау кезінде еш қиналған жоқ. Тек қана соңғы уақыттарда дизель отынының 290 теңгеге дейін қымбаттағаны сәл қиындық тудырғаны рас. Дегенмен «С.Абылай» ШҚ субсидиямен, яғни арнайы жеңілдікпен көктемде және күзде 30 тоннадан 60 т дизель отынын 195,50 тиыннан сатып ала алды.
Рахимжан Амаров, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің маманы:
– Жалпы аудан бойынша 12 160 га. жерге жүгері егілді. Бұл дақылдың 50 пайызы төменгі зонаға, яғни осы Шарын мен Тасқарасу ауылдарына тиесілі. Биылғы қуаңшылық ешкімге оңай тиген жоқ. Жылда 5-6 рет суарылатын егістіктер, 2-3 рет суарылумен шектелсе де, шаруалардың еңбегінің арқасында көрсеткіш жаман болған жоқ. Аудан бойынша алғанда 62 пайыздан айналып тұр.
Ал жоғарғы зонадағы ауылдар көпжылдық шөп, беде, қара беде, бидай, жеміс бақтарын егеді. Су тапшылығы оларға да әсер етіп жатыр. Ауданда 5000г бақ бар. Оның 4000 гектары абрикос. Су тапшылығы проблемасынан бөлек, екі-үш жылдан бері көктемде абрикостарымызды үсік ұрып кетіп жатыр.
«Тасқарасу» өндірістік кооперативінде
Бақытжан Амаров, «Тасқарасу» өндірістік кооперативінің төрағасы:
– Біз алғаш 1996 жылы шаруа қожалығы болып құрылдық. Бүгінде 30 адам тұрақты жұмыс істеп, айлық алады, ал науқан кезінде жұмысшылар саны 60-70-ке дейін артады. Жалпы егістік көлемі – 600 га. Оның 200 гектарына – жүгері, 100 гектарына – бидай, қалған бөлігіне жоңышқа егеміз. Панфилов, Ұйғыр аудандары мен Шелек өңіріне шөп тұқымын дайындаймыз. Ал жүгеріні жемге сатамыз.
Осыдан екі жыл бұрын 50 бас «Алатау» пародалы таналарын сатып алған едік, олар енді ғана төлдей бастады. Келешекте мал басын көбейтіп, ет, сүт өнімдерін өндірсек деген мақсатымыз бар.
Жаркент – Шонжы күрежолынан жапсарласа басталатын «Шонжы – Агро» ЖШС жеміс бағының көлемі 400 га. екен. Суармалы жерлерді бау-бақша өсіруге пайдалану үшін бөлінген жер көлемі – 800 га екен. 2018 жылы «Шонжы – Агро» ЖШС директоры Каирбеков Дильмурат Болатовичтің бастамасымен 230 мың көшет отырғызылыпты. Жеміс бағында: абрикос, шабдалы, қара өрік, алша, сияқты жеміс ағаштары егілген.
Хусуров Алимжан Навирдинович, Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары: «Даму көрсеткіштеріміз – көңілтоларлық»
Үстіміздегі жылдың ІІІ тоқсанында ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жоғары нәтижелерге жетті. Аграрлық сектор бойынша, 29,0 млрд теңгелік өнім өндірілді. Мал басы: ірі қара – 79043; қой-ешкі – 276323; жылқы – 17768; түйе – 42; құс – 1 031 204 басты құрап, олардан 18 597т – ет, 19 878т – сүт өндірілді.
Ауданда 2278 га алқапқа егілген масақты дақылдардан 4786 т. өнім алынды. Олар: 12160 га жүгеріден – 83010т; 200 га күнбағыстан – 260т; 207га бақшадан – 3448т: 339 га картоптан – 7799т; 1102 га көкөністен – 33291 т; жеміс-жидек ағаштарынан – 15917 т; 669,4 га жүзімдіктен – 2039 т. өнім жиналып, 2022 жылдың өніміне 490 га алқапқа күздік бидай егілді. Сонымен бірге 138200 т шөп, 2300 т сабан жиналып, жылдық жоспар 100 пайызға орындалды.
Ауданда «OTAN Green Food» ЖШС жыл басынан бері 12978,7 т құс етін өндіріп, 850 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сонымен қатар «Прима кус» ЖШС «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасына енгізіліп, инфрақұрылымдарды тарту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда аудан орталығы Шонжы ауылында 20174 адам тұрады.
Өздеріңіз де жол бойы шаруалар тарапынан естіп, біліп келе жатқан боларсыздар, бізде ирригация, яғни суармалы жерлерге су жеткізу мәселесі – күн тәртібіндегі ең маңызды мәселе. Өйткені су – тіршілік көзі екені белгілі. Біздің егіс алқаптарымызға көктем мен жазда су тапшылығы басталады. Бұл кезде Мойнақ СЭС-нде де су азайып қалады. Оның үстіне екі ара қашықтау болғандықтан, гидропостқа жеткенше судың біраз бөлігі буға айналаып кетеді. Сонымен қатар 4-5 куб су «Ерен тоғай» ұлттық бағына бұрылады да, нәтижесінде бізге 10 - 12 кубтай ғана су жетеді. Ал егер қандай да бір себептермен шлюзді бір жауып ашқан күннің өзінде, арада бір тәулік өтіп кетуі мүмкін. Ал бұл жағдай су пайдаланушы шаруашылықтарға көп зиян келтіреді. Осы орайда біздің егіншілік жерлеріміз бен бау – бақшаларымыздың күннен күнге ұлғайып жатқанын ескерсек, келешекте су тапшылығы проблемасын шешу – кезек күттірмейтін мәселе.
«Nur Otan» партиясы Ұйғыр аудандық филиалы атқарған істер
«Nur Otan» партиясы Ұйғыр аудандық сайлауалды бағдарламасы бойынша 18 пункт орындалды. Жыл басында өткен Мәслихат депутаттарының сайлауы нәтижесінде 1 облыстық, 14 аудандық мәслихат депутаты сайланды.
25 шілдеде өткен ауыл әкімдерінің сайлауында, 6 округтегі партияның 6 үміткері де жеңіске жетті. Партия филиалы жанынан құрылған 9 қоғамдық кеңес құрылған. Кеңес отырыстары белгіленген уақытында өтеді. Аудан бойынша бастауыш ұйымдар саны – 20.
9 ай көлемінде аудандық партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне 461 өтініш түсіп, азаматтар жеке мәселелері бойынша қабылданған. Депутаттар мен мемлекеттік орган басшылары 245 азаматты қабылдаған.