Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың жетекшілігімен Нұр-Сұлтан қаласында «Бақытты отбасы» орталығы шаңырақ көтерді. Орталықтың мақсаты – еліміздегі алтын құрсақ аналар және қыз-келіншектерге, қолөнерге құштар жастарға, бүлдіршіндерге ақпараттық кеңес, білім мен тәрбие берумен қатар, әйел, ана мәселесіне мемлекеттің көңілін аудару арқылы, орталыққа тіркелген барлық жандарды еңбекке баулу, қолдау білдіру, қол ұшын беріп, көмектесу, өз кәсібін ашуға жол сілтеу. Осы орайда Ырза Тұрсынзада – Ұлттың санын өсіріп, еліміздің болашағын тәрбиелеп отырған көпбалалы аналар. Өкінішке қарай, қоғамда көпбалалы аналарға қатысты олар көшеге шығады, айқайлайды, сұраншақ деген өте теріс ұғым қалыптасты. Сондықтан да «Бақытты отбасы» орталығына келіп жатқан аналар арқылы қоғамның көзқарасын өзгерту керек. Бұрынғы қазақ аналарының ар-намысы ер азаматтардың жігерін қайрап, қанаттандыруы арқасында бір уыс қазақ осындай ұланғайыр жерді қорғап қалды. Көне заманнан келе жатқан рухани тәрбие, байлығымыз бар. Қазақ анасының ғасырлар бойы қалыптасқан болмысы бар. Қазақ әйелінің қоғамда, ортада, отбасында, әулетте өз орны бар. Қу нарық күні-түні қамшылап, «қара малдың» табанына салды. Шаршатты, қажытты. Енді «шілдің тезегіндей» шашырауға болмайды. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі барлық қазақ әйелі «Бақытты отбасы» орталығына топтасайық. Бір мақсат-міндетке ұйысайық, бірігейік. Ұрпағымызды өнерлі, өнегелі етіп тәрбиелейік. Ел ағаларына алғыс айтайық», -деді. Иә, алтын құрсақ аналарға деген қазіргі қоғамның көзқарасын өзгерту үшін білімі мен ілімі, әдебі мен ибасы, мәдениеті мен рухани болмысы келіскен қазақ әйелдерін көпке үлгі ете отырып, тіршілік қамы қажытқан аналарымыздың жан сырын ұға отырып, оларға қолдау білдіру, жанашырлық таныту баршамыздың міндетіміз. Тағдырдың тауқыметті жүгін арқалап, ұрпақ қамымен өзін өзі жоғалтқан қазақ әйеліне көмек қолын созып, жанын жадыратып, болашаққа деген сенімін оятуға тиістіміз. Қазақ әйелі өзге мәдениеттің шылауында адаспай, өзінің ұлттық болмысында қадір-қасиетін қастерлеуге, құрметтеуге, өзіне деген сенімін жоғалтпауы үшін орта қалыптастыру уақыт талабы екені рас.
Сондықтан бүгінде қоғамда ушығып тұрған әйел, ана проблемасын бірлесе шешудің маңызы зор. Қазақтың «Біріге көтерген жүк жеңіл» деген өмірлік қағидасын ескере отырып, 25 наурызда «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның Бас директоры, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті Сәуле Мешітбайқызы мен этнодизайнер Ырза Тұрсынзада өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойып, «Бақытты отбасы орталығында «ЕлАна» кабинетінің тұсауын кесті. – «Көп балалы аналар мен мүгедек баласы бар аналарға, жалғыз басты аналарға кәсіп ашып беру, қолдау көрсету көптен бері ойда жүрген мәселе еді. Мұндай ұлағатты іске Үкіметтің көңіл бөлуі, Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың басы-қасында болып, қолдауы қуантып отыр. Ырза екеуіміздің ойымыз бір жерден шықты. Қаншама көпбалалы аналарды кәсіпке үйретіп жатыр, кішкентай бүлдіршіндерді еңбекке баулып жатыр. Орталыққа келген әр әйелдің өз мәселесі, өз тарихы бар. Біреулерге үлгі-өнеге болар өмірі бар. Ашқұрсақ аналар пандемия кезінде емізулі баласымен Ырзаға келіп, шеберлік сабақтарынан үйреніп, өз кәсібін дөңгелетіп отырған әйелдерді көріп отырмын. Құрақты көп адам түсіне бермейді. Құрақ ата-бабадан жеткен асыл мұра. Меніңше құрақ жасайтын адам өмірді құрап жүреді. Ақпарат айдынында жүрген біздер осындай дүниелерді жарқырата жазуымыз керек. Насихаттай білуіміз керек. Бұл меморандумның, ашылған кабинеттің өз миссиясы бар. Ананы құрметтеген ұлтпыз ғой. Ананы құрметтеу арқылы өскелең ұрпақ тәрбиесіне ықпал ету керек. Бұл бөлме бос тұрмауы керек. Аналарға өнер үйретумен қатар, рухани-өнегелік тәрбие де жүргізуіміз керек. Бүгін жасалған меморандум екі жаққа ғана емес, қоғамға да пайдасын тигізеді деп сенемін. Ақпараты мықты ел, мықты мемлекет дейді. Біз мұндағы әр әйелді, ананы, «он саусағынан өнер тамған» кішкентай бүлдіршінді насихаттайтын боламыз. Ынтымағымыз ұзағынан болсын. Еліміз тыныш болсын. Аналарымыз біріксін, Ер азаматтарымыз аман болсын», -деді қоғам қайраткері Сәуле Мешітбаева.
«Отан отбасынан басталады» демекші, тәрбие-тағылым отбасынан берілетін ұлттық құндылық. Ал әйел, ана отбасының ұйытқысы. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе»,- дейді. Бесікті түзейтін ана. Ал сол анаға, әйелге деген құрметті, өнегелі ана образын, қазіргі қазақ әйелінің образын қалыптастыруда «Бақытты отбасы» орталығының қызметінің атқарар еңбегі зор.