– Ақбөпе ханым, сіз 2021 жылы желтоқсаншыларды ақтау жөніндегі құжаттармен жұмыс істеу үшін Астана қаласынан Алматыға келіп кеттіңіз. Осы уақытқа дейін мыңдаған адамдарды ақтап, алғысқа бөлендіңіз. Жұмыс жоспарыңызбен бөлісе отырсаңыз.
– Иә, біздің келген мақсатымыз – қуғын-сүргін көрген, ақталмаған желтоқсандықтардың құжаттарымен танысып, қарау, суреттерін баннер, бильбордқа ілгізу, кітапқа шығарту, мүгедек болып қалған, қайтыс боп кеткен Желтоқсан батырларының отбасымен кездесіп, хал-жағдайларын білу. Президентіміз Қ. Тоқаевтың 2021 жылы 5 қаңтардағы желтоқсаншыларды «Желтоқсан қарлығаштары» деп атап, үндеу тастаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» атты мақаласы аясында сол жылы ақпан айынан бастап жұмыс істеп кеттік. Мұрағат, сот орындарына кіріп, прокурор, адвокат сияқты заңгерлермен бірлесіп, біраз шаруалар атқардық. Ақталуға себеп көп. Алғаш 1986 жылы 17 желтоқсанда қарусыз көшеге шығып, 15 одақтас елдің ішінде ең алғаш тәуелсіз ел болу үшін бас көтерген қазақ жастарының арқасында егемендік алғанымызға бүкіл әлем куә. Тиісті орындардан рұқсат сұрап, Астана қаласындағы «Қазақстан» ұлттық арнасының журналистерін осында 8 күнге алып келдік. СИЗО, қамалған жерлер бойынша күн-түнге қарамай, кезең-кезеңмен түсірілімдер болды. Желтоқсан батырларымен кездесіп, бас алаңда түсірдік. С. Сейфуллин даңғылының бойындағы СИЗО күреліп, орнына басқа нәрсе салынайын деп жатыр екен. Сол жерде қамалған, өмірі қиылған, жастардың тағдырына қара таңба басылған тарихи орын болғандықтан, бұзылмай тұрғанда түсіріп алайық дедік.
– Өзіңіз де Желтоқсан ардагері болған соң, желтоқсандықтардың жай-күйін түсініп, осындай қайырымдылық жұмыстарымен айналысуға бет бұрған сияқтысыз ғой?
– Осыдан бұрын да Ауған соғысы, тылдағы ардагерлер, оралмандар, Чернобыль апаты, Семей полигоны сынды өзекті мәселелерге көңіл бұрып, көмектесіп жүретінмін. Бірде желтоқсаншыларға арнап әлеуметтік желіде құжаттар тобын ашқан едім, 70 адам кіріпті. Сөйтіп ватсап, телеграм топтарын аштым. 257 адаммен аудио-видео арқылы сөйлесіп, ақталу үшін құжаттарды қалай жинау жөнінде кеңес беріп отырамын. Шетінен ақталып, заңды құжаттарын алып жатқандары бар. Қуанып, алғыстарын айтып жатыр. Желтоқсан батырларын шығынға батырмайық деп, өзіміз әр облыстарды аралап, жолға жиі шығамыз. Сонда байқағаным – әлеуметтік жағдайы төмен, баспанасыз, жұмыссыз, денсаулықтары жоқ, мүгедек жандар көп екен. Оларға мемлекет тарапынан ақталу үшін адвокатқа төлейтін жеңілдіктер берілсе деп өтінген едік. Өкінішке орай, қуантарлық нәтиже жоқ. Ондайда өз қалтамыздан қаражат шығарып көмектесеміз. Желтоқсан батырларын мәңгі есте сақтап, тарих бетінен өшірмеу үшін қолдан келгенді істеп жатырмыз. 2014 жылдан бері Елордадағы АЛЖИР музейінде желтоқсандықтарға арналған өздерінің бұрышы бар. Музей директоры Самат Ілиясұлы Тергенбаев деген азамат Желтоқсан көтерілісінің ардагері. Ол да ақтала алмай жүр. Әр облыс орталықтарында «Желтоқсан» аллеясы бар. Саябақта әртүрлі ағаштар отырғызылып, әр ауданның әкімшілік тарапынан мәдени іс-шаралар өткізіліп тұрады. Желтоқсан көтерілісінің зардабын шеккен батырлар ескерусіз қалмасын, өз мәртебесін алсын деп, жындыханада отырған, мүгедек болып қалған жандармен жолығып, сол жобада заңдастырып, жұмыс істедік. Басқа маман иелері медаль-ордендермен, бағалы сыйлықтармен марапатталып жатады. Ал Желтоқсан қаһармандары ескерусіз қалады, есімдері ауызға алынбайды. Олардың алды 70-ке, арты 50-ге келді. Қатарлары азайып барады. Үкімет сұраған талап-тілектерін ескеріп, үй-жай беріп, материалдық жағдайларын түзесе дейміз. 1993 жылы 14 сәуірде шыққан «Қуғын-сүргін көрген желтоқсаншылар ақталсын» деген заңы шықты. Көбісі оны білмейді екен. Ең бастысы әр желтоқсаншының көкейінде жүрген мәртебе мәселесі шешілсе дейміз. Енді Президентіміз осы заңды тезірек қабылдаса екен деген өтінішіміз бар. Желтоқсаншыларға арнап энциклопедия шығарғымыз келеді. Бірақ бұл да ақылы. Негізі Үкімет қаржы бөліп, тегін шығару керек қой. Тәуелсіздік пен Желтоқсан көтерілісінің символы – көгершін ұстаған Ананы бір бұрышқа тығып қойған. Ескерткішті 28 Панфиловшылар саябағындағы батырлар сияқты жалпы ансамбль етіп, болашақ жастардың рухын, намысын оятатындай жасау керек.
– Қазір желтоқсандықтар қаншама қоғамдық бірлестіктер құрып, әркім өз алдына жеке-жеке боп бөлшектеніп кетті. Соларды біріктіріп, үлкен ұйым құрса, ынтымақ-бірлік нығаяр ма еді?
– Ондай жоспар бар. Қазақстандағы Жазушылар, Суретшілер одағы сияқты біртұтас Желтоқсаншылар одағын құрмақпыз. Президенттен сұрарымыз, ол ресмилендіріп, республикалық деңгейде құрылса дейміз. Арасында Үкімет адамдары, депутаттар болса. Қазіргі таңда әр ұйым басшылары дұрыс жұмыс жасамайды. Төрағалыққа талас, айтыс-тартыс, жер, пәтер, атақ алып, өз жағдайларын түзеуге ұмтылыс бар. Төраға, төрайымдар алдымен өздерінің емес, қоғам мүшелерінің жай-күйіне назар аударып, солардың жағдайын жөндеуге атсалысу керек. Енді ақталған, ақталмаған желтоқсаншы деп бөлінетін болдық. Атақтың, медальдың бәрі соларда, ал ақталмағандар елеусіз бір шетте қала береді. Біз алаңға ештеңеге қарамай, бөлінбей, бір үйдің балаларындай болып ауызбіршілікпен шықтық емес пе? Қайда сол ынтымақ-бірлігіміз, неге біз пендешілікке, ұсақтыққа салындық?
– Ақбөпе Базарбайқызы, өзіңіз де 17 жасыңызда студенттік кезеңде Желтоқсан көтерілісіне қатысып, достарыңызбен соның ішінде жүрген екенсіз. Оқиға қалай өрбіді, сәл өткен күндерге оралсақ…
– 1984 жылы Ресейде сырттай мемлекеттік орталық «ГЗОС» деген стенографиялық курсқа қатысып оқыдым. Содан Жезқазған тау-кен политехникалық техникумының пгс факультетіне оқуға түсіп, жоғары Лениндік стипендиямен оқып жүрген едім. 1986 жылы Алматыда Желтоқсан көтерілісі басталып, бізге де әсер етті. 17 желтоқсан күні бұрынғы ОК компартиясының алаңына бардық (қазіргі Әкімшілік сарайы). Бізбен бірге политех, пединституттың студенттері де шықты. Өзім суретті жақсы салатынмын, әдемілеп листовкалар жаздым. Достарым жан-жаққа таратты. Жамбылдық Данияр Жуанышев деген студент маған қатты сенетін еді. Барлық ақпараттарды көбіне біз жеткізіп тұрдық. Ақыры күдікті ретінде милицияға ұсталып, бірнешеуімізді тергеуге алды. «Ештеңе білмейміз» деген жауаптан танбадық. Содан бізді дубинкамен ұрып-соқты, қинады, сол кезде қыз балаларды түрлі зорлық-зомбылықтан қорғап, аман алып шыққан Болат, Ораз сияқты ағайларымыздың жақсылығын еш ұмытпаймын! Ереуілдің соңында біз оқудан шықтық. Мені колледж директоры «оқу үлгерімі нашар» деген статьямен шығарды. Сөйтіп, оқуымды аяқтай алмадым. 1986-1987 жылдың ақпанына дейін тергеуде болдым. 60-65 статьямен 5 жыл шетелге, Қазақстанның сыртына шықпауға бұйрық берілді. Қуғын-сүргін көріп, қудалауға ұшырағаннан күйеуге шыққан соң фамилиямды өзгертіп жібердім. Бәрі мені қайтыс боп кетті деп ойлап, наградаға ұсынған екен. Сол кездегі бұйрық менде әлі тұр. Көп құжат жинап жүгірген жоқпын, бірден ақталып кеттім.
Қазағымның намысшыл, өр рухты қаракөздеріне жала жауып, қара күйе жаққан қай адамдар екен? Соны білгім келеді, оларды әлемдік сотқа бергім келеді! 4 бала тәрбиелеп, немере сүйіп отырған ардақты анамын. Ұлдарым спортпен шұғылданады, спорт шебері деген атақтары бар. Газеттеріңіз желтоқсандықтарды қолдап, солар жөнінде шынайы жазып жүрген бірден-бір батыл басылым дер едім. Осы бағыттарыңыздан таймаңыздар!
– Ақбөпе ханым, Желтоқсан көтерілісіне байланысты біз білмейтін біраз шындықтың бетін аштыңыз деп ойлаймын. Еңбектеріңіз жана берсін! Әңгімеңізге үлкен рақмет!
Сұхбаттасқандар:
Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ,
Жаңабек ТОЙБАЗАРОВ,
Желтоқсан ардагерлері