Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлының назарына
Иә, Қызылқұмда Аққыр деген ауыл бар. Жалағаш ауданындағы Аққыр ауылы сонау өткен ғасырдың 60-жылдары Үкіметтің екінші тың, мал шаруашылығын дамыту саясатымен құрылған. Кезінде дүрілдеген ауыл еді, совхозда 45 мыңға жуық қой болды, ірі қара, жылқысы болды. Жүзден аса техника, машина-трактор бар еді, жоңышқа, бидай, бау-бақша екті. Совхозда керемет алма бағы болды, алмаларының дәмі тіл үйіретін. Орта мектеп, аурухана, балабақша, мәдениет үйі жұмыс істеді.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін совхоз тарады, онымен бірге мал да кетті, малмен бірге ауылдың берекесі де кетті. Аяқ су келмей қалды, су болмағасын бау-бақша, егіс те болмады. Күнкөріс қиындады, тіршілік көзі жоқ. Балабақша жабылды, аурухана ол қысқарды, қызметкерлер айлық жалақыларын айлар бойы ала алмады. Ауыл халқы қиналды, дегенмен менің ауылдастарым ауылды тастап кетпеді. Әрине, жастар жағы жұмыс іздеп, жан-жаққа кетті, не істесін күнкөріс керек. Бірақ халықтың басым бөлігі ауылда қалды. «Көппен көрген – ұлы той» деді олар. Сөйтіп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылықтарды мойымай көтеріп алды.
Қазір ел нарыққа да үйренді, мал асырады, шөп шапты, қолындағы барын бөліп жеп, өтпелі кезеңнің қиыншылықтарын еңсерді. Қиын кезде бірінің жоғын бірі берді, құдайжолы, тойларын, қуанышы мен қайғысын бірге көтерді. Жарықтық үлкен жүректі, құрыш қолды ауылдастарымның осындай ерлігін мен әрқашан мақтан тұтамын.
Мен ауылды әңгіме еткенде ауылдағы бүгінгі күнгі өзекті мәселені айтқым келіп отыр. Біздің ауыл Жалағаш ауданындағы ең шалғай ауыл. Аудан орталығы Жалағаш кентінен 75 шақырым. Біздің ауылдан әрі қарай Сырдың бір тармағы Жаңадария өзені, одан әрі Қызылқұм басталады. Ауылдың (кезіндегі совхоздың) мал жайылымы Өзбекстанмен шектеседі. Кезінде біздің ауылдың Қызылқұм жайлауындағы шопандары мен Өзбекстанның Тамды ауданының шопандары араласып-құраласып жүретін.
Ауылдың бүгінгі жағдайы, шүкір, жақсы, сонау қиын кезде ел көшкенде ауылдан бірен-саран отбасылар да көшкен. Бірақ ауыл қайтадан толықты, ауылға қоныс аударушылар көп. Ел тіршілігін істеп жатыр. Ауылда жаңа ауызсу жүйесі пайдалануға берілген. Тәулік бойы су ағып тұр. Мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл үшін аудандағы азаматтарға ауыл халқы дән риза. Бұрынғыдай сыртқа бақша екпегенмен, ауылға Қуаңдария арнасынан Бітеген каналы арқылы аяқ су келіп, ауыл халқы есіктің алдына көкөніс, бақшасын егіп отыр.
Алайда осы аяқ су мәселесі әлі де толық шешімін таппай отыр, көктемде болған су ауылдағы көкөніс, бақша дақылдарының нақ бір пісетін кезінде болмай қалады, тоқтайды. Бұл кезде бар су күрішке бағытталады. Сонымен тым жақсы шығып келе жатқан дақылдар қурап қалады. Содан кейін соңғы жылдары ауылымыз қауын жей алмай қалды. Қауын уақыты келіп піскен кезде құрттап кетеді. Осы мәселені де тиісті мамандар, ғалымдар зерттесе деген өтінішіміз бар.
Облыстық мәслихат депутаты Әмір Шаймағанбетовтің суға байланысты жағдайды зерттеп, ұсынуымен, облыстағы азаматтардың қолдауымен 15,9 млн теңге қаржы қаралып, Оңтүстік коллектордан канал қазып, ауылға аяқ су әкелудің жобасы жасалуда. Аққырлық ағайындар осы канал қазылып, аяқ су мәселесі түбегейлі шешімін тапса екен дейді.
Енді ауылда назарда ұстап, оң шешімін табуы тиіс тағы бір мәселе бар. Біздің ауылда екі қабатты тамаша мәдениет үйі болатын. Бұл ғимаратты сонау 1960 жылдары совхоздың алғашқы қазығын қаққан алғашқы директоры Бердәулетов Камал ағамыз бастап, біздің әкелеріміз қостап, асар әдісімен салып еді. Сол кезде сондай екі қабатты клуб ауданның басқа совхоздарында болмаған. Біздің мақтанышымыз еді бұл клуб, балалық шағымыз, жастық шағымыз осы клубта өткен. Өкінішке орай, клуб 2003 жылы өртеніп кетті. Сол уақыттан бері ауылда клуб үйі жоқ. Ауылдық клуб үйі совхоздың ескі кеңсесінің бір бөлмесін ыңғайластырып, жұмыс істеп отыр. Әйтеуір жоқтан жақсы демесек, бұл бөлме қажетті талаптарға мүлде сәйкес келмейді. Клуб салу жөнінде бірнеше мәрте жоғары жаққа ұсыныстар айтылды, бірақ нәтиже болмады.
2015 жылы Қырымбек Көшербаев ағамыз облыс әкімі кезінде біздің ауданға келді. Сонда бір жиналыста осы біздің ауылдың клубы сөз болып, ауылға клуб салу мәселесін сұрадық. Сол жылы біздің ауылдың құрылғанына 50 жыл болып жатқан. Сонда Қырымбек ағамыз: «Дұрыс, Аққыр ауылына клуб салып берейік, 50 жылдық мерейтойларын сол клубта тойласын, – деп жанашырлық танытып, қолдау білдірген. Бірақ облыс әкімінің бұл бастамасын әрі қарай іліп алып кететін адам болмады ма, бұл сөз жүзінде қалды. Кейін Гүлшара Әбдіхалықоваға да бұл мәселе айтылып, мойынымызды созып, үміттеніп едік, бірақ бұл кісінің кезінде де бұл мәселе шешілмеді.
Жерлесіміз Әмірбек Шаймағанбетов облыстық мәслихатқа депутат болып сайланарда сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары кезінде елмен кездескенде ауылдағы халық осы мәселені тағы да көтерді. Үміткер: «Клуб салу мәселесін мүмкіндігінше шешуге жұмыс істейміз», – деді. Қазір байқаймыз, сөз жоқ, Шаймағанбетов мәселені шешудің жолдарын қарастырып, тиісті орындардың есігін тоздырып, шапқылап, шырылдап жүр. Бірақ Аққыр ауылына клуб салу мәселесінің ауылы әлі алыс сияқты.
Сонау Қызылдың қиясында отырған ауыл, ол ауылда мыңның үстінде халықтың тырбанып тіршілік қылып жатқандығы, олардың да бос уақытын талапқа сай жақсы жерде өткізуге құқылы екендігі, сондықтан ауылға клуб салу қажеттігі елім деген кез келген азаматты ойландырады деп есептейміз.
2010 жылдары облыста жаңадан салынатын мәдениет нысандары жылдар бойынша кезекке қойылып, сол кезек бойынша жүзеге асырылатын болған. Бұл 2010 жылдар болатын. Одан бері 13 жыл өтіпті, әлі ешқандай қозғалыс жоқ.
Ауылдағы іні-қарындастарымыз: «Біздің клуб не болды, аға, салынбай ма?» – деп сұрайды. Мен күмілжимін, не айтамын, «Құдай қаласа салынады, айналайын, еліміз аман болса, клуб та болады, бәрі де болады» деймін.
Жерлестерінен, ауылдан шыққан азаматтардан көмек күтеді, ал біз кімге қараймыз? Ауылға кіреберіс жолдың бойындағы өртенген клубтың орнын көргенде, көңіліміз құлазып сала береді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – біздің ауылға да клуб керек. Қанша әкім келді, қанша әкім кетті, бірақ шешімін таппаған осы клуб салу мәселесі шешімін тапса екен дейді ауылдағы ағайын. Қазір Аққыр ауылына салынатын 100 орындық клуб үйінің 7 млн 191 мың теңгеге жоба-сметалық құжаттары жасалып, облысқа тиісті басқармаға ұсынылған көрінеді. Құрылыстың жалпы сметалық құны 338 млн теңгені құрайды. Бірақ нысан құрылысының қай жылға жоспарланғаны белгісіз.
Айтпақшы, 2013 жылдары да Аққыр ауылдық клубына жоба-сметалық құжаттары жасалған болатын. Алайда мерзімі өткеннен кейін ол жоба іске аспай, күшін жойды. Сөйтіп, жоба-сметалық құжат жасауға жұмсалған ақша бостан-босқа күйіп кетті.
Осы ретте ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұрат Нәліқожа, Сенат депутаты Руслан Рүстемов сайлаушылармен кездесуінде өздерінің сайлауалды бағдарламаларымен таныстыру барысында ауыл тұрғындарының өтініштері мен ұсыныстарының барлығы ескеріліп, «Аманат» партиясының «Жол картасына» енгізіліп, кезең-кезеңмен шешілетіндігі туралы айтып еді. Бұл азаматтар да ауыл жаққа оң көзімен қарайды деп ойлаймыз.
Құрметті Нұрлыбек Мәшбекұлы, облыс басшылығына келгеніңізге бір жарым жылдай ғана уақыт болды. Бірақ осы азғантай уақытта қыруар жұмыстар атқарылды. Бәрін көріп, біліп отырмыз. Сіз келгелі аймағымыздағы жылдар бойы қордаланып қалған ауқымды мәселелер шешімін тауып жатыр. «Сақалды құрылысқа» айналған нысандар іске қосылуда.
Ауылдағы ағайын өзіңізге қадамыңыз құтты, алдағы жұмыстарыңыз сәтті болсын дейміз. Әлеуметтік желіден облыс әкімдігінің отырыстарын, мәжілістерін де көріп жүрміз. Небір түйінді мәселелерді алмас қылыштай кесіп түсіп, қабырғасынан қойып, шешіп жүрген батылдығыңызға да тәнтіміз. Сондықтан ендігі жерде елдің сенетіні өзіңіз ғана, бұл мәселені тек сіз шешеді деп білеміз. Сізден басқа ешкім шеше алмайды.
Біз сізге осы уақытқа дейін тікелей өзіңіздің басшылығыңызбен атқарылған жұмыстарыңызға ризашылығымызды білдіре отырып, білікті де білімді, қолы ұзын қарымды, алымды да шалымды басшы ретінде республикалық, облыстық бюджеттен немесе басқа да бюджеттік емес демеушілік қаржы көздерін қарастыра отырып, мыңнан аса тұрғыны бар бір қауым елдің, яғни Аққыр ауылы тұрғындарының 20 жылдан бері көкейінде жүрген мәселесінің оң шешімін табуына ықпал етеді деп сенеміз.
Ауданға да жаңа басшы Ардақ Ибрайымов бауырымыз келіп жатыр. Халық сіздерден үлкен үміт күтеді және сенеді. Ауылға клуб салу мәселесі көп ұзамай, сөзбұйдаға салынбай, жүзеге асса дейміз.
Әрине, түсінеміз қаржы бірінші кезекте білім, денсаулық сақтау секілді салаларға бағытталады. Дегенмен мәдениет саласы да назардан тыс қалмау керек деп есептейміз. Ұлт руханиятымен, халқымыздың мәдениетімен сусындап өскен ұрпақ қана ертең елім деп еңбек ететін болады.
Аталған мәселе жөнінде жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, республикалық «Таң-Шолпан» журналының редакторы Нұрлыбек Саматұлы бүй дейді: «Шындығына келсек, Аққыр сияқты облыстағы ең шеткі ауылдарға мәдени, әлеуметтік жағдай үш есе көп жасалуы керек. Өйткені дәл осы Аққыр ауылы шекаралық аймақ болып саналады. Одан әрі Өзбекстанға дейін ел жоқ. Демек, бұл ауыл – стратегиялық нысан. Сондықтан шекаралық аймақтағы шалғай ауылдардан халықтың үдере көшуін тоқтату жергілікті биліктің басты міндеті. Қазір халық мұндай проблемадан құтылудың жалғыз жолы проблемасы жоқ жерге жылдамырақ көшіп кету деп түсінеді. Расында солай. Қашанғы күтеді? Жиырма жыл Мәдениет үйінсіз отыру деген масқара емес пе? Мәдениет үйінсіз жиырма жылда ауыл халқы жабайы болып кетпей ме? Жабайы болмаса да, өсіп келе жатқан жастарға обал ғой. Клуб өртенген жылы туған бала биыл 20 жасқа толды. Олар Мәдениет үйі дегеннің не екенінен бейхабар. Енді жақында олар да балалы бола бастамақ. Қашан Мәдениет үйі салынар екен деп үйленуді кідірте тұра ма, баласыз жүре тұра ма? Олай ойлайтындар бүгінде көшіп, баратын жеріне барып та алған.
Бүйте берсе, Аққырда жан қалмайды. Сонда Өзбекстан мен ең шеткі қазақ ауылының арасы тағы да 30 шақырымға кеңейіп кетпек. Ал арғы бетте шекараға ентелей қонып, өз жеріне сыймай, асып-төгілген көршілер бос жатқан жерге қызыға қарайтыны заңды ғой. Ал, Қызылқұм дегенің – жатқан байлық. Сол байлыққа адам апарудың орнына, одан адамды қолдан бездіру деген жалпы геосаясат жағынан да дұрыс емес. Бұған көз жұма қараудың өзі жергілікті билік үшін үлкен сын. Облыс әкімінің құлағына жеткізбесе, мәселені үнемі көтеріп, талап етпесе, аудан әкімі жауап беру керек. Керісінше әкімдер «Аққырдың» арғы жағына, болашақта «Көкқыр», «Қызылқыр», «Шағылқыр», «Алтынқыр», «Күмісқыр» деген сияқты ауылдарды орнықтыруды ойлау керек».
Иә, Нұрлыбектің шырылдауының, уәжінің жөні бар, себебі ол да біздің ауылдан шыққан азамат. Қайда жүрсе де бір құлағы ел жақта, туған жердегі жылт еткен жаңалыққа қуанып, ауыл жақтан жайсыз хабар естісе, ұйықтай алмайтын қазақ.
Таяуда ғана Талсуат ауылында ауылдық клуб үйі пайдалануға берілді, кейін Қазалы ауданында да мәдениет үйі ел игілігіне беріліп жатыр. Осыларды көріп отырып, біздің ауылдың клубы еріксіз ойға түседі. Байыптап қарасақ, халық бірдей, Қазалы мен Талсуаттың халқы көрген игілікті сонау қиыр шетте, Қызылқұмда сексеуілдің арасында тіршілік қылып жатқан біздің ауылдың халқы да көрсе екен дейміз.
Құрметті Нұрлыбек Мәшбекұлы, Сіз үлкен жерде қызмет істедіңіз, сіздің мүмкіндіктеріңіз де үлкен деп білеміз. Жоғарыда айтқан мәселені назарыңызда ұстап, оң шешімін табуына ықпал жа
сауыңызды сұраймыз.