АҚСЕЛЕУ ауылы – орындалған арман

АҚСЕЛЕУ ауылы – орындалған арман

«Ауыл аманаты – ел аманаты» атты  «Аманат» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, 

Ардагерлер кеңесі, «Qazaqstan dauiri» газеті, «Мөлдір бұлақ» журналы, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайтымен бірлескен экспедициясы Солтүстік  Қазақстан облысында 

Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданы Тахтаброд ауылдық округіне қарасты «Ақселеу» ЖШС шаруа қожалығының директоры, Президенттің жарлығымен «Құрмет» және «Парасат» ордендерін иеленген Малаев Серік Тәттібайұлымен сұхбаттасқан едік.

«Қаладағы жағдай бізде де бар»

– Кезінде Ковыльный деп аталған, бүгінгі күні өзіңіз атын қойған Ақселеу ауылына 1987 жылы директор болып келген екенсіз. Содан бері 37 жыл өтіпті. Осы кездердегі елеулі оқиғаларды қысқаша айтып берсеңіз. 

 – Иә, ол Кеңес одағы тарамай тұрған кез еді. Ауданның партком секретары арнайы тапсырмамен мені осы ауылға директор етіп жіберді. Содан бері қас пен көздің арасындай болып 37 жыл өте шықты. Мен келген соң бірнеше жыл өтер-өтпестен қиын кезеңдер басталды. Қайта құру дәуірі, тәуелсіздіктің елең-алаң сәттері бірінен соң бірі кез болып, тоқырау басталды. Сол 90-жылдар ешкімге жеңіл тиген жоқ. Барды сақтап қалу мен төгіп шашу таразыға түсті. 2000 жылдарға иек артқан сәттен бастап жағдайымыз түзеле бастады. Шаруашылықта көп өзгеріс болды. 2003-2004 жылдары тозған, ескірген техникаларымызды жаңалап, жаңа техникалар сатып ала бастадық. Ауылдың әлеуметтік жағдайын түзеуді қолға алдық. Ең әуелі мектептен бастадық, халықтың жағдайын дұрыстадық. Қазіргі кезде 15500 гектар жерге егіс дақылдарын егеміз. 700 бас қара малымыз бар. Герофорд асылтұқымды мал өсіреміз.  

250 бас жылқымыз бар. Шаруашылықта жұмыс істейтін 120 адам бар. Ауылда 130 тұрғын үй, 400-ден астам адам тұрады. Шаруашылықты дұрыстап жүргізу үшін оның әлеуметтік жағдайын түзеуден бастау керек. Ең бірінші мектептен бастауды қолға алдым. Жақсы мектеп, жақсы мұғалім болғанда ғана баланың оқуы дұрыс болады. Баланың оқуы, тәлім-тәрбиесі дұрыс жолға қойылғанда ғана ата-аналар тұрақтайды. Сондықтан әр отбасының көңілін орнықтыру үшін жұмысты мектептен бастадық. Мектептегі мұғалімдер мен қызметшілерді бұл басқа мекеменің адамы деп қарамай, олар да біздің ауылдың маңызды мүшелері деп, мән беріп қарадық. Мұғалімдер мемлекеттен бөлінген еңбек ақыларын алудан бөлек, бізден үймен, жылумен, сумен қамтылады. Олардың өзге де қажеттіліктерін шешіп беріп отырамыз. Олардың қабілетті, тәжірибелі болуы жағына көңіл бөлеміз. Шағын ауылымыздан 3 бала Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға түсті. Мектебімізден бітірген бала 9-сыныптан кейін колледждерге грантқа түсуде. Біз оларды оқуларын бітірген соң ауылға қайтып келетін маман ретінде қараймыз. Шынында көпшілігі жұмысшы мамандықтарын алған соң елге оралып еңбек етіп жатыр. Ауыл толық таза сумен қамтылған. 54 пайыз үй орталық жылу құбырымен жалғастырылған. 75 пайыз үйлерге сантехника орнатылған. Олар ауылда тұрса да қаладағы жағдай жасалған. Жұмысқа жарамды адамдардың бәрі бос емес. Көктемгі егіс пен күздегі егін орағы өте жауапты сәт. Бізде одан басқа уақытта да жұмыс бар. Отбасының кірісін арттыру үшін, бала-шағасын бағып тәрбиелеу үшін олар да аянбайды. Жыл бойы жұмыс істейтін наубайханамыз, моншамыз, асханамыз, сауда дүкеніміз бар. Болатын той-томалақ, ас-нәзір өз асханамызда өтеді. Мектептен бөлек спорт кешені салынған. Үлкендер де, балалар да бос уақыттарында шұғылданатын салауатты өмір салтымен жүретін жағдай жасалған. Клубта күреспен айналысатындар бар. Жаттықтырушымыз «спорт шеберіне үміткер» дәрежесінде. Бұрын ауылымызда жылқы болса да ат спортымен шұғылданбайтын едік. Оңтүстіктен көшіп келген ағайындардың себеп болуымен балаларды көкпар тартуға, теңге ілуге, аударыспаққа баулып жатырмыз. Ат жалын тартып мінетін азаматтарымыз ат спортымен айналысып шынығып жатыр. Күрес бар, жаз болса футбол тебуге шығады, қыста хоккей ойнайды. Волейбол, баскетбол командаларымыз қалыптасты. Клубымызда міне осындай секциялар жұмыс істеп тұр. Балалар бос жүрмеу керек, олардың телефонда отыратын, көше қыдырып сенделіп жүретін уақыттары болмауға тиіс. Ол үшін осындай денсаулыққа пайдалы қимылдармен шұғылдануды ұйымдастырамыз. Осылайша денсаулығын жақсартады, ойын ұшқырлайды. 

 – Ендігі әңгімені мектепке бұрсаңыз дұрыс болар еді... 

 – Мектепке көп көмек береміз. Жөндеу жұмысы, жиһаз, қажетті құрал-жабдықтарды керек кезінде сатып әпереміз. Жылына кемінде 5 миллионның шамасында жәрдем береміз. Мектепте балабақшадан бастап 11-сыныпқа дейін бар. Осы баллалардың бәріне біздің шаруашылықтың атынан тегін тамақ береміз. Дүние есігін ашқан сәбилерге 40 мың теңгеден, ай сайын 10 мың теңгеден жөргек пұлын береміз, сонда жылына 160 мың теңге. Бұл да болса жас отбасыларға кәдімгідей көмек. Бұл бір жағынан материалдық көмек, енді бір жағынан психологиялық шабыттандыру болады. Алыстағы шаруашылықта тұрып жатса да, бұл оларға үлкен қолдау. Бір кезде жабылуға шақ қалған мектеп еді, бұл күнде 80-нен аса бала оқып жатыр. Балабақша жағы көбейіп келеді. 

Ауылда бос жүрген адам жоқ, бәрі жұмыс істейді. Жұмыс орнында адамға қажетті жағдай қарастырылған. Ең алдымен тазалық, мәдениет, жинақылық, әділдік, ұқыптылық мәселесіне көңіл бөлеміз. Кішкентай балалардан бастап тәлім-тәрбиені қолға алдық. Әркім атқарып жатқан міндетін өз шаруасындай жанына жақын көреді. 

 – Ендігі сөзді ауыл іші мен көше құрылыстарына аударсаңыз...

 – 2017-2018 жылдан бастап оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушылардың мемлекеттік бағдарламасы бойынша ауылымызға отбасылар тарта бастадық. Бізге кәдімгідей жұрт көшіп келіп еді. Әртүрлі себептермен біразы өзге жақтарға кетті. Деседе, тапжылмай тұрып, табысты еңбек етіп жүрген 12 отбасы осында жерсініп қалды. Келіп жатқандарға баспана бердік, лайықты жалақымен жұмыс берілді. Балабақшаға, мектепке балаларын орналастырып береміз. Спортқа қатынасуға, денсаулығына қарап отырамыз. Фельдшерлік пунктіміз бар. Бұрынғы ескі үйлерге жөндеу жасап отыруға дайындап қойдық. Оған қоса жыл сайын жаңа үйлер салып жатырмыз. Көшелеріміз тегіс, шырақтар қойылған, барлығына асфальт төселген. 

– Сіздер осы өңірдегі бірден-бір «арақсыз ауыл» аталады екенсіздер. Осындай ізгілікті жолға қалай келдіңіздер? 

 – Иә, айтайын. 2010 жылдан бері ауылымыздағы дүкенде арақ сатылмайды. Ауылда өтетін әртүрлі іс-шаралар, той-томалақтар, келген қонақтарға жайылған дастарқан мүлде арақсыз өтеді. Елде дұрыс тәлім-тәрбие болсын деп, ұрпақ азбасын, ел тозбасын, бұзақылық болмасын деп араққа тыйым салдық. Арақсыз өмір сүрейік деген үндеуімізді көп адам қолдады. Ішінара қарсылық танытқандар да болды. Өйткені ауылда 40 пайызы қазақтар, 60 пайызы өзге ұлт өкілдері тұрады. Олар үшін ойламаған тосын жағдай есептеледі. Біртіндеп бұл бастаманың өте дұрыс екенін бәрі түсінді. Қазір қалыптасып, үйлесіп кетті. Мейлі қандай бір басшы адамдар келсе де, біз ұстанымды бұзбаймыз, олар да құрметпен қарайды.   

Ауылда бәрі автоматтандырылған

– Сіздердің тағы бір өзгешеліктеріңіз заманға үйлесіп, технология мен электронды цифрландыруға толық еніп кеткен екенсіздер. Осы жағын айтып берсеңіз. 

– Цифрландыру – біздің ең көп көңіл бөлген бағытымыз. Бұрынғы сүрдекпен жүре бермей, дәуіріміздің озық технологиясына қосылдық. 2007-2008 жылдан бастап шетелдің жаңа типтегі техникаларын сатып алдық. Жаңа жобамен сужаңа техникалармен шаруашылықты жүргізе бастадық. Мен 1987 жылы келгенде 66 комбайн бар еді, соның жұмысын қазір 14 комбайн атқарып жатыр. Бұрын 90 трактор болса, қазір оның жұмысын жаңа 20 трактор орындап келеді. Бізде егін орағы кезінде әр секунд қымбат. Мезгілі келгенде техникалар тоқтаусыз жұмыс істеп, жауын-шашынға ұрындырмай орып алуымыз керек. Осының бәріне озық техника қажет. Бізде диспетчер бар, сол арқылы әр техникаға орнатылған GPS арқылы бақылап, басқарып отырамыз. Жұмыс істеп тұрғаны қаншау, тоқтап тұрғаны қаншау, келе жатқаны қаншау... бәрі-бәрі көз алдымызда. Бұрын өлшеу аппараттарының бәрі механикалы болса, қазір автоматты түрде компьютерден көрініп тұрады. Мейлі қандай жұмыс болса да, электронды құрылғының бақылауында жұмыс атқарады. Элеваторға кірген әр түйір дәннің есебі көрініп тұрады. Мейлі диқаншылық, мейлі мал шаруашылық, жағар-жанармай – барлығы автоматтандырылған. Қосалқы бөлшектер, әкелінген жанармай, жұмсалған отын есептелінеді. Ауылдағы жұмыскерлер де бұл жүйеге тез бейімделіп, мүлткісіз, мінсіз міндеттерін атқарып жатыр. Бұл үлкен логистика, бірімен-бірі байланысып жатыр. Бір шынжыры шығып кетсе, кедергі келтіреді. Сондықтанда жұмыскерлер білімді, жауапты, мұқият болуға тура келеді. Элеватор 2015 жылы жаңартылды. Германиядан алдық. Аңыздан келген астықты қабылдап алып, оны өңдеп, кептіріп, өлшемге жеткізіп үлкен цилиндрге салады. Бізде сыйымдылығы 2000 тонналық екі банка тұр. Оларды толтырған соң, келесі бидайды сыйымдылығы 1000-2000 тонна болатын басқа 7-8 қоймаға құямыз.  

– Серік Тәттібайұлы, елдегі малдың жайы қалай? 

– Мал шаруашылығы жайлы айтсақ, бізде герефорд тұқымды етке арналған асылтұқымды сиырлар бағылады. Оны 2012 жылы Ресейден әкелген едік. Сиырлар бізге де жерсініп жақсы өсті. Әуелі 180 бас алдық, содан бері саны өсіп келеді. Әр жылы 100 бастан аса бұқалар мен құнажындарды сатамыз, онан қалса соямыз, қазір 700 бас ұстап отырмыз. Батыс Қазақстан, Орал өңірі, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстаннан келіп алып кетіп жатыр. Туғанда 45 кг бұзау 12-14 айда салмағы 400-450 келіге жетеді. 

– Байқап отырмын, сіздердің жылыту жүйесінің отыны да өзгеше болып отыр. Осы жағын айтып беріңіз. 

– Бұрынғы жылыту қазаны көмірмен істейтін еді. Біз 2019 жылы Польшаның ең жаңа технологиясымен жасалған жылыту қазанын әкеліп орнаттық. Бір қазан 5000 шаршы метр көлемді жылытады. Бізде екеуі жұмыс істеп тұр. Біз қазір 8000 шаршы метр көлемді жылытып отырмыз. Бұл қазандықтың ерекшелігі зығыр сабанымен жұмыс істейді. Бір смена 8 сағатта 12 рулон сабан жанады. Сонда тәулігіне 36 орам кетеді. Қыс бойы 4500 рулон сабан жағамыз. Егіс алқабының бір бөлігіне 4500 рулон беретіндей зығыр егеміз. Дәні майлы дақыл, сабаны отын болады. Зығыр сабаны аңызда қалса, келесі жылғы егістікке үлкен кедергі келтіреді. Бәрі бір оны жинап алып өртеп жіберу керек. Біз ол дайын отынды ысырап етпей, жылыту қазандығына пайдаланамыз. Осылайша көмір сатып алмаймыз. Көмірді тек қана мектептің қосалқы пешіне сақтық үшін түсіріп қоямыз. Қандай жағдай болса да, балалар мұздамауға тиіс. 

Әрбір адамның ішкі ниеті дұрыс болсын!

– Қаншама жерге барып жүрміз, мынау тірліктеріңізді көріп, қызығып отырмын. Алдағы жоспарларыңыз, мұрат-мақсаттарыңыз туралы айтасаңыз. 

 – Мен осы жұмыстарды қолға алғанда әйтеуір бай болып, топтан озайын деп бастаған жоқпын. Тапқанымды осы шаруашылыққа жұмсайын, елдің жағдайын жақсартайын, ауылдың еңсесін түсірмей, халықты ұстап қалайық деп кірістім. Егемен ел болдық, бәрін Үкімет береді деп отыруға болмайды. Егемендік пен еркіндіктің тиімділігі – бар мүмкіндіктерді ашу. Елімізді өзіміз көтермесек, кім келіп көтереді?.. Әуелі мектептегі балаларды тәрбиелі, білімді, саналы болсын деп, істелген шаруалар сапалы болсын деп, адамдар көңілді өмір сүрсін деп жасап жатырмыз. Айналамыздағы ауылдар мен елді мекендерден бізге қарап отырғандар көп. Олар бізге экскурсия ұйымдастырады, үздіксіз келіп көреді. Меніңше, біздікі секілді орталықтар әлі де көбею керек. Айналадан «көптеген ауыл тозып жатыр, қирап жатыр» деген сөзді естиміз. Қарап тұрсақ, қирататын да, көркейтетін де өзіміз. Ауылды көркейтсек, еліміз көркейеді. Ауыл дамыса, жұрт әбігер болып басқа жақтарға көшпейді. 

Біз ылғида «Ата-бабаларымыз батыр болған, осынша жерді сақтап қалған» дейміз. Ендеше, ата-бабамыз елді, жерді ұстап қалған екен, біз не істеп жатырмыз? Солардың ерлік іздерімен, солардың намысымен біз де туған мекенімізді тоздырмай сақтауымыз керек. Кешегі батыр елдің балалары – бүгінгі біз. Ендеше, осал болмауға тиіспіз!.. Біз бабалар жолын жалғастырмасақ, ол үзіледі. Ақшаның артынан қуалап, жан тыныштығын іздесек, бізде бір жақтарға көшіп, тасаға тығылып өмір сүрер едік. Бірақ, біз осы ауылдан тамырымызды үзбедік. Ол біздің азаматтық борышымыз!

– Билікке, Үкіметке алақан жайып отыра бергенше, әр өңірдің осындай азаматтары еліне, жеріне еңбек сіңірсе, жағдай әлдеқайда жақсарған болар еді. Солай емес пе? 

– Мемлекет істеймін деген адамға жағдай жасап беріп жатыр. Көмек те жоқ емес. Дегенмен, қолынан келетін адамның ішкі ниеті, жанашырлық сезімі күшті болу керек. Маған үйіп-төгіп беріп жатқан ешкім жоқ. Бүгінгі жағдайға біртіндеп жеттік. Бұл 37 күннің тірлігі емес, бақандай 37 жылдық төккен тердің өтеуі. Орындалмайтын міндет болмайды.  Басыңда ой, жүрегіңде сенім, жұртыңа деген құрмет болса, нәтижеге жетесің. Бұл қазақ елінің мемлекеті болған соң, өзің қазақ болған соң, егемендікті, ұлтыңды сақтап қалу үшін шын ниетіңмен кіріссең, жеңіске жетесің. 

1991-2005 жылдар аралығында ауылымыздан 110 неміс отбасы елдеріне көшіп кетті. Сол кезде жұмыс істеп келе жатқан мамандар мен шеберлер азайып ойсырап қалды. Кетіп жатқан немістердің үйлерін сатып алып отырдым. Оларды бүлдірмей сақтап қалдым. Сонан соң маңайдағы көрші ауылдардан жұмыскерлер мен шеберлерді шақыра бастадым. Әлгі үйлерді соларға беріп жұмысқа алдым. Ескілерін жөндедік, отыруға жарамды етіп, ауыл тұрғындарын толықтай бастадым. Мектепте оқушы саны 40-қа түсіп, ауылдан ел үдере көшіп, мектеп жабылу алдында тұрған жағдайымызды тез көтеріп кеттік. Осы өңірден және оңтүстіктен елді көшіріп келу үшін қыруар жұмыс пен мол қаржы жұмсадық. Бізден әлдеқайда қуатты үлкен шаруашылықтар құлап, шашылып қалып жатты. Өткен 90-жылдардың соңында мектептің 10-11 сыныптарын жабамыз дегенде, мен ауданның білім бөліміне барып, «Сіздер 10-11 сыныптарды жаппаңыздар, мұғалімдерге айлықты мен төлеймін, қосымша шығындарын да мойныма алайын» деп өтіндім. Егер ол бір жабылып қалса, қайтадан ашу қиын болып кетеді. Мен 2-3 жыл бойы шаруашылықтың есебінен қаржы бөліп, ұстап тұрдым. Балалар саны толықтанғанда олар қайтадан мұғалімдердің ақшасын өздері төлеп, бюджетке кіргізді. Осылайша бізде балабақшадан 11-сыныпқа дейін мектеп жұмыс істеп тұр. 

– Мен осы облысқа келгелі бері басшының да, қосшының да айтқаны сіздің «Ақселеу» шаруа қожалығы туралы болды. Демек, еңбек тасада қалмайды. Лайықты бағасын алады. 

– Дұрыс айтасыз, жасап жатқан тірлігіңді, атқарып отырған шаруаңды өз ортаң да, алыстағы билік те көреді. Ауданнан, облыстан алған марапаттарым біршама бар. Солардың ішіндегі Президент жарлығымен берілген «Құрмет» және «Парасат» орденін атап өтер едім. Бұл менің ғана емес, осы ақселеуліктердің еңбегі. Ұйымдаса білген, жұмыла білген жұртымның арқасы. Біздің тұрған жеріміз аудан орталығынан 150 шақырым шалғайда. Облыс орталығынан 400 шақырым алыстамыз. Ең жақын теміржол 120 шақырым. Диқаншылықтан түскен астық өнімдерін сату үшін сол жерге жеткізуімізге тура келеді. Жанармайды сол жақтан тасып әкелуіміз керек. Тасымал, транспорт шығынының өзі недәуір. Көріп отырсыз, қосымша шығындар көп. 

– Сіздерге дейін 530 км жүріп келдік. Жол бойы байқап келеміз... Тасжол өте нашар екен. Көлік қатынасына қиындық тудыратыны анық. Бұл жағы да сіздерге кедергі келтіретін шығар? 

 – Жол мәселесін де көп көтеріп жатырмыз. Бір шаруашылық атқаратын шаруа емес. Облысаралық жолдар мемлекетке, ауыл арасындағы жолдар облысқа қарайды. Қыруар қаржы талап ететін үлкен жоба. Естуімізше, республикалық жолдарды жасау қолға алынып жатыр екен. Аудан мен біздің арамыздағы мың бұралаң жолды жөндеу біздің қолдан келмейді. Бірақ хат жазып, жағдайды баяндап келеміз. Ал, Ақселеу ауылының ішін өзіміз жасап, асфальт төгіп, тазалығын сақтап қадағалап отырмыз. Тахтаброд ауылдық округі мен Ақселеудің арасы 16 км қашықтықты жасау басталып кетті. Келесі жылға дейін толық жөндеуден өтеді. 

– Ауылдарыңызда мешіт жоқ екен. Осы жағын ескердіңіздер ме? 

 

– Мешіт құрылысын бастауды үш жыл бұрын қолға алғанбыз. Ол кезде жоғарғы жақ «қоя тұрыңдар» деді. Негізгі себеп ауылдағы мұсылмандар 40 пайыз, яғни азшылық болды. Биыл осы мәселені тағы да қозғадық. Әкімшілік бар, мүфтият бар, өтінішіміз қабылданатын шығар деп отырмыз. Мешітке арнап ұстап отырған жерге толтыра гүл егіп қойдық. Бұйыртса, алдағы бір-екі жылда мешіт те бой көтеріп, Алла қаласа, ауылымыздан азан дауысы естіліп тұратын болады. 

 

Сұхбаттасқан – Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, республикалық «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы
17.10.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЖӘРМЕҢКЕНІҢ ХАЛЫҚҚА  БЕРЕРІ МОЛ
НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК - 17.10.2024 61
АҚСЕЛЕУ ауылы – орындалған арман
Сұхбаттасқан – Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, республикалық «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 17.10.2024 56
Кейкі батырдың жүрегіндегі түк
НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК - 17.10.2024 50
МЕКТЕПТЕГІ ҚҰҚЫҚ  ЖАЙЛЫ САБАҚ
НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК - 17.10.2024 51
МЕРЕЙТОЙҒА ОРАЙ ӨТКЕН ШАРА
НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК - 17.10.2024 61

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 6318
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 5755
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 8952
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 6750
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 7953