Ақтөбе облысында су тасқыны ахуалы тұрақталып келе жатыр. Облыс орталығында қауіп сейілді. Бұған дейін суға кеткен Ойыл, Қобда, Әйтеке би аудандарының ауылдарында да жағдай тұрақталып келеді. Қазіргі қауіп Ырғыз ауданының бірқатар ауылына төніп тұр.
– Қазіргі сәтте рекордтық көрсеткіште су қабылдаған су қоймаларындағы ағыс бәсеңдеді. Біз бұрынғы қалыпты өмірімізге оралып жатырмыз. Тек қана Ырғыз ауданы тәуекел аймағында. жергілікті әкімдік пен төтенше жағдайлар департаменті Торғай өзеніндегі су деңгейінің көтерілуінен Нұра және Мамыр ауылдарында бөгеттерді нығайту үшін қосымша техникалар жұмылдырды. Бұл аталған елді мекендерді су басудан қорғау мақсатында жасалды, – деді облыс әкімі Асхат Шахаров.
Торғай өзенінің су деңгейі көтеріліп, ауданның Мамыр, Нұра, Құйылыс, Жайсаңбай секілді бірнеше ауылын су басу қаупі төнген болатын. Бүгінде Ырғыз ауданында жергілікті ауқымдағы табиғи сипатқа ие төтенше жағдай жарияланды. Аудан әкімі Нұрлан Қызбергеновтің айтуынша, сәуірдің 16-сында сағат 9.40-тағы жағдай бойынша, Нұра селолық округінде 34 үйге су кірген, оның екеуі толықтай судың астында қалған. Округтегі 5 ғимаратқа су кірген, мектептің ауласы да суға толған.
– Мамыр ауылында 10 үйге су кіріп, екеуі толық судың астында қалды. Қазір Тәуіп селолық округі бойынша халықты қауіпсіз жерге көшіруге байланысты жұмыстар басталып кетті. Бұл ауылда 266 ер адам, 275 әйел, балалар тұрады. Ең алдымен балалар, әйел адамдар мен қарттар көшіріледі.
Құйылыс ауылында су тасқынына байланысты 5 техника жұмыс істеп жатыр, облыстың қолдауымен қосымша тағы да 3 техника келе жатыр. Жалпы 8 техника болады. Жайсаңбай ауылында 4 техника жұмыс істеп жатыр, – деді ол.
Ақтөбе облыстық төтенше жағдай департаментінің басшысы Нұрғали Жүнісовтің айтуынша, Торғай өзенінің су деңгейінің көтерілуі салдарынан Нұра ауылындағы топырақтан жасалған бөгет шайылып, ауылға су кірген.
– Су баспаған үйлерді аман алып қалу мақсатында қазіргі күні инженерлік техникалар жұмысын жалғастырып жатыр. 12-13 сәуір күні су басудың алдын алу үшін Нұра және Мамыр елді мекендерінен 572 адам Ырғыз ауданының орталығына уақытша қабылдау пукнттеріне көшірілді. Өзеннің төмен жағында орналсқан Белшер, Құйылыс, Жайсаңбай елді мекендерінде су басу қаупінің алдын алу үшін төтенше жағдай департаменті, қорғаныс министрлігіне қарасты бөлімдерден тартылған 70 қызметкер осы ауылдардағы жұмыстарға жұмылдырылды, – деді.
Ақтөбе облыстық төтенше жағдай департаментінің басшысы Нұрғали Жүнісовтің айтуынша, бүгінде Құйылыс ауылына 20 мыңнан астам қапқа құм толтырылып, бөгеттер жасалған. Қазір мұнда бірнеше ауыр техника жұмыс істеп жатыр.
– Құйылыста 87 үй, 500 тұрғын бар. Қазіргі уақытта балалар мен әйел адамдар, қарттар тікұшақпен қауіпсіз жерлерге көшіріліп жатыр, – дейді ол.
11 сәуір күні облыс әкімі Асхат Шахаров су тасқыны қаупіне байланысты жағдаймен танысу үшін Ырғыз ауданына ұшып келіп, №1 орта мектептегі эвакуациялық пунктке барды. Облыс әкімі тұрғындармен кездесуінде эвакуациялау шарасы қауіптің алдын алу мақсатында атқарылғанын жеткізді.
– Ырғыз ауданында жергілікті ауқымдағы табиғи сипатқа ие төтенше жағдай режімі жарияланды. Ең бастысы – сіздердің амандықтарыңыз. Ауылдан көшіру себебін білесіздер. Торғай өзенінің деңгейі көтерілді. Бөгеттер нығайтылып, барлық күш жұмылдырылды. Азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттардың барлығы беріледі, – деді Асхат Шахаров тұрғындармен кездесуінде.
Айтып өтейік, Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы ҚР Қорғаныс министрлігінің тікұшағымен аудан орталығына тәуекел аймағында тұрған Мамыр және Нұра ауылдарының тұрғындарын көшіріп жатыр. Ауыл тұрғындарын қабылдау үшін Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп, №1 және №2 орта мектептері, «Жігер» спорт кешені эвакуациялық орталық ретінде ұйымдастырылды. Пункттер қажетті заттармен жабдықталған.
– Ырғыз ауданының Нұра ауылдық округіне Мамыр және Нұра ауылдары кіреді. Мамыр – шеткі ауыл, Қостанай облысымен шектеседі. Торғай өзенінен екі күн бұрын үлкен су келе бастады. Жергілікті азаматтар ауылды судан қорғап қалу үшін бөгеттерді екі метрге дейін көтерген. Бұл жұмыстарды әрі қарай жалғастырамыз. Президент тапсырмасы бойынша зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көрсетіледі, – деді облыс әкімі.
Ырғыз ауданына облыс орталығынан гуманитарлық көмек жіберіліп жатыр. Бұған дейін ауданға жүк көліктері және тікұшақ арқылы 5 рет гуманитарлық көмек тасымалданды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген залалды барынша тез өтеу бойынша шаралар қабылданып жатыр. Облыс тұрғындары алғашқы төлемдерін ала бастады.
Бүгінгі таңда арнайы құрылған комиссияларға жергілікті маңызға ие төтенше жағдай жарияланған алты аудан мен Ақтөбе қаласының тұрғындарынан 3180 өтініш келіп түскен. Өтініш білдірген азаматтардың басым бөлігі облыс орталығының Алматы ауданында тұрады. Комиссия мүшелері құжаттарды мүмкіндігінше тез тексеріп, тәуелсіз бағалау компаниясының қорытындысын алу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Қазіргі уақытта облыстың 14 тұрғынына жалпы сомасы 33, 2 млн теңгеден астам өтемақы аударылды. Комиссия бірде-бірі мәлімдеме назардан тыс қалмайтынын айтады.
Сонымен қатар су тасқыны салдарынан қиын жағдайға тап болған отбасыларға төлем беру жалғасуда. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлназ Сисенованың айтуынша, 15 сәуірдегі жағдай бойынша біржолғы әлеуметтік төлем алу үшін облыста 1324 құжат қабылданып, оларға 444 371,6 мың теңге тағайындалды. Оның ішінде 1000 отбасына 326 342,4 мың теңге төлем жүргізілген.
– Қалған 324 отбасы үшін 118 029,2 мың теңгенің құжаттары қаралып жатыр. Құжаттардың тексерістен өтуіне сәйкес төлем жүргізіледі. Алдын ала есептеулерге сәйкес 3 мың адамға 1 миллиард теңге шамасында қаражат төленеді, – деді Гүлназ Сисенова.
Жергілікті өкілетті органдардың шешімі негізінде су тасқынынан зардап шегіп, қиын жағдайға тап болған отбасыларға төленетін біржолғы әлеуметтік төлемнің мөлшері – Ақтөбе қаласы мен Әйтеке би ауданында 300 мың теңге, қалған аудандарда 100 айлық есептік көрсеткішке (369 200 теңге) тең.
Облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Бердімұрат Бекжановтың берген мәліметіне сүйенсек, өңірде 3232 бас мал шығыны анықталған. Қазіргі таңда жергілікті әкімдіктер мен ветеринар мамандар бірлесіп, жануарлардың өлекселерін жинау және жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.
– 15 сәуірдегі жағдай бойынша бұл жұмыстарға байланысты 3120 бас өртеліп, залалсыздандыру жұмыстары жасалды. Сонымен қатар 20124 мал тасқыннан құтқарылды. Жұмыстар әлі де жалғасып жатыр, – деді басқарма өкілі.
Апта басында Ақтөбе облысына келген ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев облыс әкімі Асхат Шахаровпен бірге жергілікті кәсіпкерлер және құрылыс компанияларының өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесуде алдағы қалпына келтіру жұмыстары аясында бірлесіп жұмыс істеудің жоспарлары мен стратегиялары талқыланды. Министр сапары барысында су тасқынынан зардап шеккендерге жаңа тұрғын үй салу үшін әкімдік тарапынан бөлінген жер телімдерінің жағдайын тексерді. Әкімдіктің мәліметінше, облыста 436 дайын жер телімі бар, оның ішінде Ойыл ауданында – 321, Қобда ауданында – 77, Әйтеке би ауданында – 22, Темір ауданында – 10, Ақтөбе қаласында – 6.
– Біздің алдымызда тұрған басты міндет – су тасқынының салдарын жою. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су тасқынынан зардап шеккендердің барлығына тиісті көмек берілуде. Біржолғы әлеуметтік төлемді беру 6 сәуірден басталды. Баспанасыз қалған тұрғындарға жаңа тұрғын үй салынады. Жапа шеккен мал, бүлінген мүлік, шығындарды есептеп, өтемақы төлейтін арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Облыстық мәслихаттың сессиясында су тасқынының салдарын жою үшін жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бекітілді. Бұл қаражат өңір тұрғындарына біржолғы төлем және өтемақы беру үшін жұмсалады. Қадірменді ағайын! «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, біз осындай сын сағатта бірлігімізді көрсете білдік. Менің оған тағы да көзім жетті. Лайым осы қасиетімізден айырылмайық. Апаттың арты ел тұрмысының жаңаруына бастамашы болады деп сенеміз. Тек еліміз аман болсын! – деді облыс әкімі Асхат Шахаров.
Лайым, солай болғай!