Абырой адал еңбекпен келеді. Ақтөбелік Кәмшат Төлеуованың ұстанымы осындай. Трактор тізгіндеп, атағы сол кездегі бүкіл одаққа танылған, 40 жылға жуығын егіс алқабында өткізген қазақтың даңқты механизатор қызы Кәмшат Дөненбаеваның бүгінгі ізбасарлары да еңбегімен елдің алғысына бөленіп отыр. Ауылшаруашылығы саласын бес саусағындай білетін Кәмшат Төлеуованы ақтөбеліктер жақсы таниды.
Кәмшат – Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы «Нұралы» шаруа қожалығының иесі. Әке кәсібін тоқыраудан сақтап қалған қайсар қыз. Білімі терең, тәжірибесі мол, облыстың қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген облыстық мәслихат депутаты. Ата-ана алғысын алған перзент, балапандарына үлгі болып жүрген аяулы ана.
– Шалқар ауданының Сарбұлақ деген ауылында туып-өстім. Сол ауылдағы мектепте жетінші сыныпқа дейін білім алып, кейін Ақтөбе қаласындағы №33 мектепте оқыдым. Үйде төрт қыз, екі ұлмыз. Өте бауырмал болып өстік, – деп бастады Кәмшат әңгімесін. Кейіпкерімнің балалық шаққа саяхаты бізді сонау Сарбұлақ ауылына қарай бастады. Ол кезде тұлымшағы желбіреген кішкентай қыз кітапқа құмар болыпты. Әсіресе, Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын жиі оқығанын, сол шығармалардың кейіпкерлерімен қиялында достасып, кейін өзі де өскенде жазушы боламын деп армандағанын айтады. Есейе келе «Абай жолына» құмар болып, роман эпопеяны кейін бірнеше рет қайталап оқып шыққанын да әңгіме арасында айтты.
– Мен мектеп бітірген уақытта алдымдағы екі апамның бірі тұрмыста еді, ағам Құдайберген Жұбанов университетінде ағылшын тілі пәні мұғалімі мамандығын оқыды. Мен де осы мамандықты таңдап, Орал қаласындағы оқу орнына түстім. Алайда, алдымдағы апам тұрмысқа шығатын болды, анам ауырыңқырап қалды да, мен жарты жыл оқығаннан кейін, 2002 жылы ауылға қайтып келдім. Содан соң Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институтын «Шет тілдері, ағылшын және неміс тілдерінің оқытушысы» мамандығы бойынша оқуға түсіп, қосымша жұмыс істеп жүрдім. Ағамның бір фирмасы болды, сонда жұмыс істеп жүріп, үйлерге жөндеу жүргіздік. Осылай жүргенде шетелге оқуға барғым келді. Үйге келіп Лондонға барып, оқығым келетінін айттым. Ата-анам шошып кетті: «Біреу қайда, Лондон қайда?» – деп мән бермеді. Оқу орнына хат жазып, үшінші курс бітіргеннен кейін бір жыл оқу үшін Ұлыбританияға аттандым. Алайда, бір жыл емес, үш айдан кейін елге қайтып келдім. Себебі анам ауырып қалды. Осылайша елге келіп, университетті жалғастырып, қызыл дипломмен аяқтадым, – дейді Кәмшат.
Оқуды бітіргеннен кейін Кәмшат еңбек жолын Ақтау қаласындағы «ENSAI Caspian contractor» ЖШС-де аудармашы ретінде бастады. Кейін Қазақ-Орыс халықаралық университетін экономист мамандығы бойынша, Лондонда «master of business Administration», Германияда «master of business Administration», «Іскерлік әкімшілендіру магистрі» мамандықтары бойынша білім алған.
– Бұл бағдарлама бойынша оқығаннан кейін аталған жобаның талаптары бойынша әр екі жыл сайын өз білімімізді шыңдап, біліктілігімізді арттыру міндеті қойылды. Осы мақсатта Америка Құрама Штаттарында да оқып келдім. Кейін бағдарлама бойынша Қазақстанда оқу мүмкіндігі берілді. Қазір, міне, екі жыл сайын білімімізді шыңдап, дәлелдеп отырамыз, – дейді ол.
2019 жылы Кәмшаттың әкесі науқастанып қалады да, шаруашылықтың жүгі балаларының иығына түседі. Ол кезде Кәмшат Ақтау қаласында жұмыс істеп жүрген-тін.
– Әкем ауырғасын шаруашылықтың бар жауапкершілігін алдым. 2018 жылдың қарашасында Ақтөбеге біржола көшіп келдім. Мен келгенде қожалықтың жағдайы тым мүшкіл екен. Малшылар дұрыс бақпаған. Сондықтан бар жауапкершілікті өз қолыма алып, шаруашылық жұмысын әрі қарай дұрыс жүргізу үшін арнайы жоба жаздым. Нақ сол мезгілде әкем 4 мың бас қой алып жатқан кез. Оны да реттеу керек. Ақтөбеден 400 шақырым жердегі ауылға күніге көлікпен екі рет қатынаған кездерім де болды. Қысқасы, қой басын азайту керек болды. Себебі 4 мың бас қойға қанша жұмысшы қажет, оның барлығын ұстауға мүмкіндік жоқ. Осылайша жоба жасап, екі-үш адамға бірнеше жүздеген қойды бағуға бердік. Былайша айтқанда, жалға бердік. Алайда бірді-екілі адам баға алмаймыз деп кері қайтарды. Қайтарғанда өз малымызды ауыстырып жіберген жағдайлар да кездесті. Сондықтан келесіде осындай жағдай болмас үшін қойларға чип салу керектігі күн тәртібіне қойылды. Оны да жүргіздік. Әкем сол жылдары малды несиеге алған-ды, алдағы жылы бұйырса несиені толық аяқтаймыз, – дейді Кәмшат.
Осылайша Кәмшат 500-600 бастан малды ауылдастарына, туыс-таныстарына бағымға беріп, зоотехник, ветеринар мамандармен бірлесіп, ұдайы бақылау жүргізіп тұрғанын айтады. Мал шаруашылығы саласына қатысты білімді өз бетімен ізденген Кәмшат осы саланың мамандарымен кеңесіп, ағылшын тілін білгеннің арқасында шетелдік мамандармен де байланысқа шықты. Әсіресе, австралиялық мал шаруашылығы саласының мықтыларымен тілдесіп, сол елдің тәжірибесіне сүйенді.
– Шетелдік мамандар қой шаруашылығы саласында мал саны өте маңызды екенін айтты. Алдымызда 4 мың бас қой бар. Саны аз емес. Осылайша мал бағуға ниетті адамдармен келісім жасап, бағуға бердік. Кейбірі малымызды қайтармады, кейбірі төлін бермеді, әйтеуір шығынға батпай, жоспар бойынша келе жатырмыз. Бұйырса, несие де аяқталып қалды, – дейді Кәмшат.
2022 жылы Ақтөбеде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске асырыла бастады. Бұл бағдарламаның бір бағыты – тауарлық несие беру, яғни малды несие ретінде беру. Бұл жоба аясында «Нұралы» шаруа қожалығы ірі қара малды да тауарлық кредит ретінде беруді қолға алған-ды. Әлеуметтік тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға, жұмыссыз жүрген 10 отбасына 120 бас сиыр таратып берген Кәмшат Шәкірбекқызы осылайша несие алушыларға мал бағып, май-қаймақ, сүт, құрт алуға, мерзімі өткеннен кейін малға толық иелік етуге мүмкіндік беріп отыр. Тауарлық несиені тұрғындар жеті жыл мерзімге алды, осы уақыт ішінде несиені төлмен қайтарады. Несие алушыларға бір жыл каникул беріледі, жеті жылда алты рет мал төлдетіп, несиесін төлейді. Жеті жылдан кейін қолдағы малы өз қорасында қалады. Кәсіпкерге тиімдісі – мал бағымына, жем-шөбіне алаңдамай, төлін алып отырады.
– Тауарлық несие әсіресе аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қолайлы. Негізінен тауарлық несиені осындай адамдарға бердік. Мұның екі тарапқа да тиімділігі жоғары. Сонымен бірге бұл жоба өңірлердегі мал басын көбейтуге, асыл тұқымдық қасиеттеріне байланысты малдың өнімділігін арттыруға, жалпы экономикамызға оң әсерін тигізеді, – дейді Кәмшат Төлеуова.
Кәмшаттың айтуынша, бүгінде мал шаруашылығы саласына білімді мамандар өте қажет. Бұрынғыдай бір малшының қолына таяқ беріп, мал соңына салып қойғаннан ештеңе өнбейді.
Бүгінде аталған қожалықта 18 адам жұмыс істейді, бәрі де өз ісін жетік білетін мамандар.
Бүгінде Кәмшат мал шаруашылығы саласын жетілдіру, қаржыландыру мәселелері бойынша жоғары кәсіби деңгейде кеңес беріп жүрген маман. Бұл ретте Кәмшат консалтингтік компания ашқанын айтады.
– Бастапқыда туыстарым, таныстарым мал шаруашылығы ісіне байланысты кеңестер сұрайтын. Мен кеңес бере жүріп, олардың шаруаларымен түрлі мәселелермен банктерге, басқа да мекемелерге бара жүріп, түрлі құжаттарды, заңнамаларды оқып, өз бетіммен толыққанды білім алдым. Мал шаруашылығы саласындағы жаңа мемлекеттік бағдарламаларды, субсидиялау, жеңілдікпен несие беру, мемлекеттік қолдау секілді жобаларды зерттеп, оқып, білгенімді толықтыра жүріп, консалтингтік компания аштым. Бүгінде консалтингтік компанияда тек мал шаруашылығы саласында ғана емес, сонымен бірге егін шаруашылығы, басқа да мәселелер бойынша кеңес береміз, жобаларды сүйемелдеп, қаржыландырамыз, – деді Кәмшат Төлеуова.
Иығына зор жауапкершілік артып жүрген қазақтың қайсар да білімді қызы Кәмшат Төлеуова тек жеке кәсібін дамытып қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Ол – облыстық мәслихаттың депутаты. Мәслихатта көтерілетін маңызды мәселелерде бейқам отырмайтынын әріптестері айтады.
...Жақында Қызылорда қаласында «Ауыл аманаты» бағдарламасының 2023-2024 жылғы жұмысын қорытындылаған республикалық семинар өтті. Осы іс-шара аясында Үкімет басшылығының шешімі негізінде «Үздік қайта өңдеуші», «Үздік кооператив», «Үздік тауарлық несие беруші», «Үздік ауыл әкімі» номинациялары бойынша 1, 2, 3-орындарға ие болғандар марапатталды. «Үздік тауарлық несие беруші» номинациясы бойынша «Нұралы» шаруа қожалығының иесі Кәмшат Төлеуова үздік деп танылды. Бұл – Кәмшаттың сырт көзге көрінбейтін көп жылғы еңбегіне берілген шағын ғана марапат шығар. Ал кәсіпкер үшін марапаттың үлкені – өзі қолдау көрсеткен тұрғындардың шексіз алғысы...
М. РАХАТҚЫЗЫ, Ақтөбе облысы