Еңбек адамы – қашан да ел мақтанышы. Біздің өңірімізде де сый-құрметке лайықты, қажырлы еңбегімен абырой биігіне көтерілген азаматтар аз емес. Оның үстіне биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Кез келген жұмыскер еңбекпен шыңдалған осындай аға буын өкілдерінен үлгі алуы тиіс.
Біздің кейіпкеріміз – еңбек ардагері, «Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы», әке таяғын ұстап шопан болған, бүгінде төрт түлікті өргізген «Жақсылық» шаруа қожалығын басқарып отырған Әміржан Хатаев есімді жерлесіміз.
Батыс Қазақстандағы тұңғыштар мекені – Бөкей ордасы жерінде 1947 жылы дүние есігін ашқан Әміржан Хатаев қарапайым отбасында өсіп-өнген. Кейіпкеріміздің әкесі Хатаи мен анасы Мүбира өмірлерін қандай бейнетпен өткізсе де, ұрпақтарын адал жолмен тәрбиелеген. Өмірі бейнетпен өткен Хатаи Мұрзагереев 1915 жылы дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Нәубет жылдарындағы қиындықтарды бастан кешкен. Майданнан оралғаннан кейін де ауыр жұмыстар атқарған. Колхоздағы алдыңғы қатарлы еңбеккерлердің бірі болған. Жұмыс күші жетпей жатқан саланың бәрінен қашпай, маңдай терімен адал еңбек еткен. Кейіннен қой бағып, ауылшаруашылығы саласының көркеюіне өз үлесін қосқан. Елі үшін жасаған жанқиярлық еңбегі мен ерлігінің өтеуі ретінде Қазақстанның Жоғарғы Президиумының Құрмет грамотасымен, Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін түрлі әскери орден-медальдармен марапатталған. Ал Мүбира анасы өмірлік серігіне сүйеу болып, тынымсыз еңбек етіп, қажыр-қайратымен ерекшеленген екен.
Еңбекке ерте араласқан Әміржан ағамыз да әңгімесін өзінің өмір жолынан бастады.
– 1954 жылы мектеп табалдырығын аттап, Калинин атындағы мектепке 1-сыныпқа бардым. Төртінші сыныптан кейін оқуымды Алғабас колхозындағы сегізжылдық мектепте жалғастырдым. Өзім кіндіктен жалғыз бала едім. 1963 жылы сегізінші сыныптан кейін әкемнің ақылымен оларға көмектесу үшін ата-анамның қасында қалдым, – дейді кейіпкеріміз. Жасы ұлғайғанда жалғыз баласын көзінен таса еткісі келмеген әкенің қалауы осылай болыпты.
Дегенмен, ұл балаға қандай да бір мамандықтың қажет болары анық. Сол себепті Әміржан аға Жаңақала ауданындағы ауылшаруашылығы техникаларының барлық түрін басқаруға үйрететін кең бейінді училищені оқып алуды ұйғарады. Осылайша 1964-65 жылдары аталған оқу орнында білім алады. Оқуды бітіргеннен кейін Бөкей ордасындағы Құрманғазы совхозында бір жыл тракторшы болып еңбек еткен. Еңбекпен ысылған бозбала шөп шабу, оны жинау секілді науқандарға атсалысады. Шалғай ауылда қарапайым еңбектің қазанында қайнап жүрген соқталдай жігіттер ел қорғауға да керек. Осы себепті Әміржан ағамыз 1966 жылдың маусым айында 19 жасында Кеңес әскерінің қатарына алынады.
– Ол кезде әскери міндетті атқару мерзімі үш жыл болатын. Мен әскери борышымды Венгрия елінде өтедім. Жаяу әскер қатарында болдым. 1967 жылы Венгрияның Кечкемет қаласында алты ай кіші командирлер даярлайтын курстан өттім. 67-ші жылдың күзінде мені бөлімше командирі болып тағайындады, – деп әңгімесін жалғастырған ағамыз әскердегі жылдарын еске алды.
Тарихқа үңілсек, 1968 жылы Венгрияға таяу Чехословакия мемлекетінің аумағына бір түнде Варшава келісімінің бес елінің әскерлері әкелінген екен. Басты мақсат – Чехословакия Республикасында болып жатқан реформалар процесін тоқтату. Сол уақытта Чехословакия аумағынан одақтас әскерлерді шығару процесі кезең-кезеңмен жүзеге асырылған. Әміржан Хатаиұлы да қаруластарымен бірге жауынгерлік дабылмен сол мемлекетке барып, төрт айға жуық уақыт ел ішін тазарту, жертөлелердегі қару-жарақтарды жою, әскерлерді қарусыздандыру секілді тапсырмаларды орындаған.
Ал 1969 жылдың қаңтар айында Әміржан аға әскерден елге, туған жерге оралады. Екі жыл сегіз ай шет жерде әскери борышын өткерген кейіпкеріміз ауылға келгеннен кейін әкесінің қасында көмекші болып, қайтадан қарапайым тірлікке араласады.
– 1971 жылы Құрманғазы совхозынан (қазіргі Саралжын ауылы) біздерді Ресейдің Алғай (Александров гай) деген стансасына алты айлық шопырлық (жүргізушілік) курсқа жіберді. Курсты бітіргеннен кейін 1973 жылға дейін Бөрлі ауылында «шопыр» болып еңбек етіп, «ГАЗ-51» мәшинесін жүргіздім. Кейін әкемнің өтінішімен соның қол астына қайтадан келіп, көмекші шопан болып, жәрдемдестім, – дейді ағамыз.
Ал екі жылдан кейін әкесі зейнеткерлікке шығуына байланысты шопанның таяғын жалғыз ұлының қолына ұстатады. Сөйтіп 1975 жылдан бастап Әміржан Хатаев 19 жыл қой бағып, шопандықты кәсіп қылады. 1981 жылы аға шопан Ә.Қатаевтың еселі еңбегі еленіп, «Еңбек даңқы» орденімен марапатталады. Алатаудың баурайындағы Алматыда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамбет Қонаевтың қатысуымен өткен шопандар слетіне қатысады. Бірде ауылға Орал облыстық кеңесінің атқару комитетінің төрағасы Виктор Подъяблонский келеді. Ұлты орыс болғанымен, қазақшаға жетік екен. Виктор Ильич Әміржан ағамыздың қыстағына келіп қонады. Аудан, ауыл басшылары да келіп, қойлы ауылдың жетістіктері көрсетіледі. Төраға Подъяблонский – шопан Әміржан Хатаевқа: «Ал балам, өзің жас екенсің, қандай қалауың бар, не керек, қандай көлік қажет?» деп сұрайды. Сонда жас шопан бірден «Жигули» дейді. Сосын: «Сен әлі жассың, оқуың керек, қай оқуға барғың келеді?» депті тағы да. Алайда шопан бұдан әрі сұрамсақтана беруді жөн көрмесе керек, «мен өз күшіммен оқимын» деп жауап беріпті. Осыдан соң төраға жас шопанның астына өзі сұраған «Жигулиін» мінгізіпті.
Өз күшіммен білім аламын деген сертінен таймаған жас шопан 1983 жылы жазғытұрым Орал ауылшаруашылық техникумына оқуға түседі. Екі жыл жарым оқып, «зоотехник» мамандығын меңгереді. Көп уақыт өтпей совхоз директоры болған Хайруллин Сақтар деген кісі Әміржан Хатаевты шақырып алып: «Айналайын, сен біраз жыл мал бақтың, енді мамандығың бойынша жұмыс жаса» дейді. Сөйтіп отар-отар қойын тапсырып, 1988 жылы совхоздың бір фермасына зоотехник болып жұмысқа кіріседі. Бұл жұмысты 1991 жылға дейін үш жыл жасайды.
1991 жыл еліміз үшін тарихи кезең болғаны белгілі. Кеңес Үкіметі тарап, Қазақ елі үшін азаттықтың ақ таңы атқан кезеңде Әміржан ағамыздың отбасы да өз болашақтарының қамын жасады. Темір Масин совхозының орталығынан өз еңбектерімен еңселі үй салып, қара шаңырақтарының іргесін қалады. Жұмысқа ебі бар, еңбекқор жанды бос отырғызбасы айдан анық. 1993 жылы Әміржан Хатаиұлын да бас агроном болған Ерболат Зинешов деген азамат өз қарауына жұмысқа шақырады. Алдымен бір жыл егістікте қырман меңгерушісі болып жұмыс істеген кейіпкерімізге егіс бригадасына есепші болуды ұсынған екен. Сол қызметті 1997 жылға дейін атқарыпты. Бұл жылы тағы да тарихи оқиға орын алып, кеңшарлар таратылып, мал мен ауылшаруашылық техникалары үлеске бөлінеді.
– Сол жылы біздің совхоз да тарап, біздерге пайымызды үлестіріп берді. Біз Зинешов Ерболат ағай екеуміз бөлініп шықтық. Ол кісі басшы болды, мен мал маманымын әрі есеп-қисаппен айналысатынмын. Біздің қарамағымызда 16 үйден 42 мүше болды. Үлесімізге бір «ДТ» трактор, екі «Беларусь» тракторы, бір комбайн, сосын «ГАЗ-53» пен УАЗ мәшинелері берілді. Оған қоса бізге 97 бас жылқы, 270 бас қой, 42 бас сиыр, 6 түйе тиді. Солармен күнімізді көрдік. Азық-түлік тапшы, оны сатып алуға қаражат жоқ. Малды сатып немесе ас-ауқатқа ауыстырып, оларды өз қарауымыздағы 16 үйге таратып беретінбіз. Осы қарқынмен 1999 жылға дейін жұмыс істеп, кейін біртіндеп тарай бастадық. Мен сол жылы өз пайымды алып бөлек кеттім, – дейді Әміржан ағамыз.
Бұл кезде кейіпкеріміздің ұлдары да пайдаға жарап қалған еді. Ол одан әрі де құр қарап жатпай, Жайдарбек және Жандарбек есімді балаларымен бірге 2000 жылы «Мағзом сары» деп аталатын қыстақты сатып алып, жер алып, жеке кәсіп бастайды. Үлеске алған ескі трактормен шөп шауып, оны жинап, мал азығын дайындайды. Үлкен істің басы осы болса керек. Көп кешікпей, 2004 жылы Әміржан Хатаев отбасымен «Жақсылық» атты жеке қожалық құрды. Ескі тракторының бөлшектерін Ресейден әкеліп, жаңалады. Бір орында тұралап қалмай, аяққа тұрып кеткен «Жақсылық» шаруа қожалығының өрісі бүгінде төрт түлікке толы. Шаруасын шашыратпаған ағамыз әлі күнге өз ісін жалғастырып келеді. Мемлекеттен субсидия алып, ірі қараны бірегейлендіру жұмыстарын жүргізуде.
Қазір ұлдарынан өрбіген немерелері де шаруаға жарап тұр. Биыл 78 жасқа қадам басқан қария өзінің жеке шаруасын тұңғыш немересі Бердібекке табыстамақ ойы бар. Алайда ұрпағы әке орнына таласып жатқан жоқ. Керісінше, шаруаға бас-көз болып, басшылықты өзі тізгіндеп, аман отырса дейді. Қалған шаруаны ұлдары мен немерелері өздері-ақ тындыруда.
Өзінің өнегелі өмір жолын, ұрпаққа үлгі етуге тұрарлық еңбек жолын баяндаған ағамыздың отанасы Айман апай да қарапайым, қонақжай, байсалды жан. Екеуі 1971 жылы отау құрып, төрт перзентті тәрбиелеп өсірген. Үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысқан Айман апай ерінің жағдайына қарайласуды да естен шығармаған. Бүгінде екі ұлын үйлендіріп, екі қызын ұзатқан Әміржан аға мен Айман апа – бақытты ата-әже. Ұл-қыздарынан сегіз немере, сегіз жиен сүйіп отыр. Қара шаңырақтарын ауылға тіккен үлкен отбасы облыс орталығына да өз еңбектерімен зәулім үй салып, өрістерін кеңейткен.
«Еңбекшіл жас қана ең үздік азамат болып қалыптасады» деген жазушы Әзілхан Нұршайықовтың аталы сөзі осындай үлгілі жандарға арналған секілді. Әміржан Хатаев та 2021 жылы «Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы» атанды. Әу бастан еңбегі елеусіз қалмаған жерлесіміз 1981-83 жылдары Қазақ ССР кәсіпшілер одағының Құрмет грамотасын және екі мәрте Қазақ ССР Құрмет грамотасын иеленген. Аудандық деңгейде бірнеше рет марапатталған азаматтың кеудесінде «Еңбек ардагері» төсбелгісі жарқырайды.
Өзінің дөңгелентіп отырған шаруасы болса да, Әміржан ағамыз қоғамдық жұмыстардан шет қалған емес. Ол – «Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісімшарты әскерінің тобы ардагерлері» РҚБ Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының белді мүшесі. Ұлдары мен немерелері әскерден қашпай, Отан алдындағы борыштарына адал болған аға ұрпақ өкілінің жастарға айтары көп. Қоғам мүшелерімен бірге білім ордаларындағы кездесулерге қатысып, патриотизм және адалдық, еңбекқорлық туралы аталы сөздерін айтып жүреді. «Қолымыздан келгенше, ұрпақ тәрбиесіне атсалысамыз. Біздің тілек – жас буын өзінің еліне жанашыр болса екен» дейді Әміржан ақсақал.