Астанадағы табиғи және тарихи ескерткіштердің көбі жойылып кетті

Астанадағы табиғи және тарихи ескерткіштердің көбі жойылып кетті

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарына таныс Талдыкөл тағдыры бүгінде қалалық әкімдік және құрылыс салушы компаниялар мен қоғам арасында араздық туғызып, ушығып тұрған мәселеге айналды. Қала сәулетшілері «сулы-нулы бақ жасаймыз» деп, Талдыкөл табанына техника күшін жұмсай бастағалы бері халықта маза жоқ. Әртүрлі қарсылық акцияларын ұйымдастырып, байырғы Талдыкөлдің тұмса табиғи қалпын сақтап қалу үшін әрекеттеніп жатыр. Ал, құрығы ұзын құзырлы ұйымдар болса: «бұл маң әбден ластанған, тазалап, тамаша саялы бақ орнатамыз» – дейді. Дегенмен табиғат жанашырларының «құрылыс компаниясы заңды белден басып отыр» деп дәлелдеп шыққанына қарамастан, топырақ төгіп, көлді құрғатпақ болып жанталасып жатқан «іскер топ» өкілдеріне тоқтау болмай отырғаны түсініксіз... Қазіргі таңда елордалықтар үшін маңызды тақырыпқа айналған бұл мәселеге ғалымдарымыз не айтар екен деген ниетпен, ел мен жердің шежіресін зерттеп, қазақтың даласындағы әр төбе мен сай-сала, түйір тасына дейін тарихи атауын таза сақтап, өзгеріске ұшырағанын қалпына келтіруді дәріптеп жүретін этнограф, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаевқа хабарласқан едік.

– «Талдыкөл тағдыры бейтарап қалдырмайды» – депсіз. Себебін түсіндірсеңіз...

– Отанын, жер-суын, туған елін сүйген адам табиғатқа бейтарап бола алмайды. Өйткені Талдыкөл Қазақстандағы жүздеген, мыңдаған көлдер сияқты қазақ жеріндегі көлдеріміздің біреуі. Бізге жасанды саябақтардан гөрі шынайы, өзінің табиғи қалпындағы көлдеріміз керек.

– Кіші Талдыкөлді әкімдік сулы баққа айналдырамыз деп отыр ғой...

– Жоғарыда айтқанымдай, бізге жасанды көлдердің керегі жоқ. Табиғи ортаны мүмкіндігінше сақтап қалу керек. Біз әлі күнге дейін Кеңестік стеротиптермен өмір сүреміз. Яғни «адам барлығының үстінен қарау керек, барлығын өзінің ыңғайына қарай жөндеу керек» – деген. Ол болмайды. Кезінде Кеңес ғалымы Мичурин сияқты авантюрист ғалымдардың соңында жүрді. Соларға бағынышты болды. Нағыз ғылым қудаланды. Мичурин сияқты аферисттер ғылымда жетекші рөл атқарды. Қарап отырсаңыз Қазақстандағы елді мекендерде Мичурин аты көп. Өйткені ол «қардың үстінде алма өсіремін» деді ме неше түрлі «әңгімелер» айтты. Негізі ол шала сауатты адам. Біз сол Советтік идеологиядан кетуіміз керек.

Тағы да айтамын, жасанды сулы бақтардың керегі жоқ. Табиғи орта болған жерде жасандылықтың ешқандай да қажеттілігі жоқ.

– Ақмола астанаға өзгеріп, құрылыс қарқын алғалы бері бұл жерде талай көлдер құрғатылып, жойылып кетті. Осы мәселеге неге үнсіз қарап келдіңіздер?

– Кезінде астананың құрылысы сондай интенсивті жүрді. Тек қана көлдер емес, қаншама табиғи ескерткіштер құрып кетті. Ескерткіштер үшін біз күресіп көрдік. Әсіресе біздің археология-этнология кафедрасы... Қазіргі «Пирамиданың» жанында, Сақ дәуірінің үлкен қорғаны бар еді. Радиусі 50 метрдей үлкен болатын. Соны да сақтап қала алмадық қой. Үйлердің астында қалды. «Генплан» жасалған, «генпланның» астында не қалды, барлығы экскаватордың табанында кетті. Табиғат түгілі ескерткіштердің өзін қорғай алмай қалдық.

Сондай-ақ астананың негізгі тарихы 1997 жылдан басталмайды ғой. Астананың тарихы Целиноградқа, одан Ақмолаға, одан Қараөткелге кетеді. Ал Қараөткел деген мың жылдық тарихы бар қала деп мен сан рет жазып жүрмін. Тіпті мына Күйгенжардағы Тәуке ханның ескерткішін, жаздық ордасын сақтап қалайық деп жаздым. Әйтеуір Қорғанның үстіне жерлеуді тоқтаттым. Осындай күрестер жүргіздік. Керемет ұйымдастырылған түрде болды деп айта алмаймын. Сосын Тайтөбенің атын сақтап қалу үшін күрестік. Оны біреулер өзгертеміз деп... Өздерінің бір аталарының аттарын бергісі келіп, Нияз бидің атын береміз деп... Тайтөбенің атауын сақтап қалдық. Осындай күрестер жүріп жатты.

Осы жолы Талдыкөл тағдырына қоғам болып бірінші рет алаңдаушылық танытты. Астаналықтар бірінші рет табиғатты бүлдіруге қарсылық білдірді. Яғни қоғам оянды. Қала халқы болып қалыптасып қалды. Қазір астананың халқы кәдімгі мынау менің қалам деп... Осы күнге дейін қала халқының қалыптасу үдерісі жүрді. Урбанизация түйдек-түйдек, бірінің үстінен бірі келіп... Қаланың өзінің бір ерекшеліктері, қала мәдениетінің ерекшеліктері болады. Яғни жаңа ғана қоғамдық бір орта, қоғамдық бір пікір астанада қалыптасып жатыр. Мен осыған аса қуаныштымын.

Кіші Талдыкөл үшін күрес соның бастамасы. Құдайға шүкір болашақта біз әлі де күресеміз. Күресетін орта қалыптасып келе жатыр. Өкінішке орай астанадағы табиғи және тарихи ескерткіштердің көпшілігі жойылып кетті. Дабыл қағылды, кезінде дабыл қақтық...

– «Адам баласы қолынан келсе табиғаттың шаруасына араласпау керек-ау» – депсіз. Сол жағалауға қатысты қандай да бір қорқыныш бар ма?

– Иә, адам баласы мүмкіндігінше табиғаттың шаруасына араласпауы керек. Өйткені біз де сол табиғаттың бір бөлшегіміз. Адам өзін табиғаттың бір бөлшегі екенін түсінбейінше жауызға айналып кетеді. Сондықтан «адам табиғаттың бөлшегі» дегенді журналистер үнемі жазуы керек. Қоғамдық пікір де сондай болу керек. Біз табиғаттың мүшесіміз. Табиғаттың шаруасы біткен уақытта біздің де шаруамыз бітеді. Өз ортамызды, табиғатымызды бүлдірмейік. Өз табиғатымызға мүмкіндігінше бейімделейік. Ата-бабаларымыз он мыңдаған, мүмкін миллиондаған жыл табиғатпен сәйкестіктің арқасында өмір сүріп келді. Тіпті, қазақтар мыңдаған жылдар бойы айналысқан, көшпелі мал шаруашылығы табиғатқа бейімделудің ең бір жоғары деңгейі еді. Максималды жоғары деңгейі. Біз экстенсивті шаруашылық анау-мынауға басымызды қатырдық. Негізінен көшпелі мал шаруашылығы нағыз интенсивті шаруашылық. Табиғаттың беретінін мүмкіндігінше алған, бірақ табиғи ортаны бұзбаған... Соған бейімделген, көшіп-қонудың өзі де сол табиғи ортаға бейімделуден, табиғи ортадан қажетті ырысын алудан қалыптасқан дүние.

Сол жағалауға қатысты қорқыныш бар. Мен оны жаздым. «Тоғанастың тоқсан екі көлі» деген әңгімелердің арасында. Сол жағалау деген Есіл мен Нұра арасындағы қос өзен. Қос өзенде толып жатқан табиғи және тарихи ескерткіштер бар. Сондай-ақ қос өзен су жолы. Есіл көп суды Нұрадан алады. Нұра суы тасығанда, сол жағалаудағы бірнеше өзеншелер арқылы өтіп отырған. Мен жалпы қала салудың, қаланы тым көбейтудің қажеттілігі жоқ деп есептеймін. Әрине бүгінгі күні құрылыс жүріп жатыр. Ештеңе істей алмайсың. Негізінен қаланы Қарағанды бағытына, Қарағанды тасжолы бойына қарай үлкейткен дұрыс болар еді.

– Қазірдің өзінде астананың су қорына қатысты әңгімелер көп. Жылдағыға қарағанда биыл астанада су тапшылығы сезілді. Алдағы уақытта су тапшылығының алдын алу үшін сіздің тараптан қандай да бір ұсыныс бар ма?

– Рас, су қоры тек қана астана емес бүкіл Қазақстанда өте өзекті мәселе. Бүкіл әлемде өзекті мәселе деп атсақ болады. Өйткені адамзат баласы табиғи су қорын әбден құртып жатыр. Су жетпегендіктен емес. Суды ысырап пайдаланғандықтан құртып жатыр. Сондықтан да бүгінгі күні Қазақстан үшін кішкентай өзендердің барлығын сақтап қалу, бұлақтарды сақтап қалу, көлдерді сақтап қалу ең басты міндеттердің біреуі. Адам тіршілігін сақтаудың жолы қандай десеңіз, ол су.

Біз өзімізде бар дүниелерді пайдалана алмай отырмыз. Етті сонау Бразилиядан сатып алып отырған, сондай бір оңбаған елге айналып кеттік. Енді табиғи ортамызды құртсақ, біз қайда барамыз? Бізді Бразилия қабылдамайды ғой. Бразилиядағы Амазонка аборигендерінің арасында өмір сүру керек пе? Бізде таңдау сондай болайын деп тұр, болашақта. Су бізде қашан да қат болған. Біздің аталарымыз көшпелі мал шаруашылығын жүргізген уақытында да суды есептеп барып жүргізген. Әлихан Бөкейхан «Ертістің бойында отырған қазақтар суды микроскопиялық порциялармен пайдаланады» дейді Микроскопиялық порция деген тамшы, тамшылап пайдаланады дейді. Судың бойында отырған қазақтар. Бізге суды тамшылап пайдалану этно-экология мәселелерін жақсы зерттеуіміз керек. Қазақтың суды пайдалану, жерді пайдалану дәстүрін бүгінгі күні қайткенде қолдануымыз керек. Кеңес заманындағы ысырап экономика, гигантомания әлі жалғасып келе жатыр. Бұлай болмауы керек. Болашақта біз қаңсыған жерде қалып қоятын түріміз бар.

Биыл Маңғыстауда нағыз жұт болды. Жаз. Қыс емес жазда жұт болды. Малдың далада жатқан өлексесін өзім көрдім. Экспедицияға бардым. Масқара! Қызылорда да сондай жағдайға жеткен. Біртіндеп-біртіндеп шөлейттену, солтүстік аймақтарға да келеді. Биыл солтүстікте де егін нашар болды.

– Табиғат жанайқайына жанұшыра үн қосып, алтын уақытыңызды қиып, пікір білдіргеніңізге рақмет! 

 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
01.10.2021

Ұқсас жаңалықтар

АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 235
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 373
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 370
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 602
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 544

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9247
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8643
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11870
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9641
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10852