Орысша сөйлеген екі бүлдіршін қыз көшеде қағаз таратып жүр екен. Маған да ұсынды. Қарасам, Қазақстанға АЭС салу-салмау референдумына шақыру болып шықты. «Референдумға келіңіз. АЭС құрылысын салуға «ИӘ» деп дауыс беріңіз!» деп бадырайтып жазыпты. «...келіңіз. «ЖОҚ» деп дауыс беріңіз!» демепті. Бұлай жазып көрсін, мойнын бұрап, қапасқа тыға салар. Біздің елдегі демократияның сиқын осыдан-ақ білуге болады. Иә, бұл енді басқа әңгіме.
Ал осы АЭС мәселесін халықтың талқысына салуға бола ма, болмай ма? Оны сол саланың ғалымдары барлық жауапкершілікті өз мойнына алып шешуі тиіс емес пе? Оның орнына референдум өткізіліп, жауапкершілікті халыққа итере салғанымыз қалай? Кейінгі ұрпақ мұны қылмыс деп жүрмес пе екен? Чернобыль АЭС-інде апат болғанда (26.04.1986 жыл) мен Украинаның қазіргі соғыс болып жатқан Луганск қаласында әскерде едім. Сол апаттан 200 мың шаршы шақырым жер зардап шеккен дейді. Апат салдарын жою үшін біздің арамыздан бірнеше солдат сонда аттанды. Кейін, арада бірнеше жыл өткенде олардың екеуінен хабар алдым. Біреуі ерте көз жұмыпты, екіншісі мүгедек боп қалған. Мүмкін бүгінде ол да өмірде жоқ шығар. Екеуінің де ұрпақсыз екенін естідім. Сол апаттан бері 38 жыл өтті. Чернобыль аймағына әлі күнге дейін тірі жанның аттап басуына болмайды. Бұл тыйым әлі талай замандарға созылары анық. Украинаның Экология министрі Роман Абрамовский: «В 10-километровой зоне никогда не будут жить люди, но 30-километровая должна стать обычной украинской землей без ограничений через 50-60 лет» деп «Фокус» деген журналға 2020 жылы сұхбат берген екен. Демек ол беріден айтқанда 2070-2080 жылдарды айтып отыр. Ал диаметрі 20 шақырымдық шеңберге адам баласының қашан бара алатыны белгісіз. Мың жылдан соң шығар? Чернобыль АЭС-і тұрған жер суы мол, ыңыранып ағып жатқан Днепр өзенінің бір саласы. Онымен біздің бірер жіңішке өзен құятын Балқашты тіпті де салыстыра алмайсың. Балқаш Днепрдің қасында оймақтай ғана. Екінші мәселе, АЭС толық жұмыс істеп тұру үшін өте көп қаржы керек. Бір ақпаратта қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өзі тапқан қаржының жартысы жұмсалады дейді. Ол қаржыны қайдан алады? Электр қуатын пайдаланатын халықтың саны Украинаға қарағанда аспан мен жердей ғой. Салыстырайық. Луганск облысының жер аумағы (26.7 мың км²) Қызылорда облысындағы Жалағаш ауданының жер аумағынан (27.1 мың км²) әлдеқайда аз. Бірақ халқы он есе көп. Луганскіде соғысқа дейін 3 млн адам тұрса, Жалағаш ауданының халық саны қазір 35 925 адам. Бұл санның соңына тағы бір нөл қоссаң да Луганскінің ширегіне келмейді. Халықтың тығыздығы Украинада 1 шаршы шақырымға 57,6 адамнан, Қазақстанда бір шаршы шақырымға 7,2 адамнан келеді. Демек, АЭС деген халқы сыймай, миллиондап асыптөгіліп, электр қуаты жетпей жатқан жерге салынуы керек. Мәселен 1 шаршы шақырым жерде 655,7 адам тұратын Қытай, 1 шаршы шақырым жерде 419,5 адам тұратын Үндістан АЭС салса түсінуге болады. Ал біздікі не? Қазақстан халқы АЭС шығынын жаба ала ма? Әлде бұл мәселені тағы да электр қуатын қымбаттатып, қарапайым халықтың соңғы тиынын сыпырып алып шеше ме? Осы айда Үкіметіміз ауызсудың бағасын 55 теңгеден 147 теңгеге қымбаттатып жатыр ғой. Сол сияқты. АЭС-тің шығыны көп болатын себебі, қуатблоктармен (энергоблок) бірге басқа да толып жатқан құрылыстары, ең бастысы АЭС-тен шыққан қалдықтар сақталатын арнайы жер асты қоймасы (моласы) болуы тиіс. АЭС-те қалдық деген жетіп артылады. Басқасын былай қойғанда, жұмысшылардың бір күн ғана киген киімдеріне дейін қалдық болып есептеледі. Қалдықты апарып лақтыра салмайды, арнайы контейнерге салынады, арнайы сөреге қойылуы тиіс. Қоқыс моласының көлемі АЭС-тің жұмыс істеу мерзіміне есептеледі. Тиісінше мола толған кезде АЭСте сөндірілуі керек. АЭС мерзімі аяқталғаннан кейін де оған қатысты құрылыстар мен моланың барлығы пәлен жыл тағы да әскери күзетте тұруы тиіс. Физика ғылымдарының докторы Әділхан Әбілдаев есімді ғалымнан «Ана тілі» газетіне екі мыңыншы жылдары алған сұхбатымда «Жер жүзіндегі АЭС-тердің жұмыс істеу мерзімі көмбесінің көлеміне қарай есептелген. Ал Кеңес Одағы аумағында кезінде салынған АЭС-тер көмбесі қалдыққа толып қалса да, тоқтау көрген жоқ. Мүмкін радиоактивті қалдықтарын құпия түрде бір жерге зытырып жатқан болар» деген еді. (Ядролық физика – жаратылыс ұғымын күрт өзгертетін ғылым. Сұхбат.) Ғылым докторымен сұхбаттасқалы да 20 жылдан аса уақыт артта қалды. Ал ғалым айтқан Ресейдің АЭС-тері мерзімі өтіп кетсе де, әлі күнге тоқтау көрер түрі жоқ. 2001-інші жылы Ресей радиоактивті қалдығын біздің жерге әкеп көмбекші де болып еді-ау!.. Ал біз АЭС-ті басқа технологиясы дамыған, ғылымы озық мемлекеттерге емес, АЭС ережелерін өрескел бұзып отырған Ресейге салдырғымыз келеді. Бұ қалай? Әлде таққа отырудың бір шарты АЭС салдыру ма?