Атажұртқа орал бауырым! Аса маңызды стратегиялық мәні бар көші-қон саласында Қазақстан белгілі нәтижелерге жетті десек, артық айтқандық болмас еді. Дегенмен осы ұлы мақсаттың орындалуы барысында түрлі кедергілер де жолығып отырғаны жасырын емес. Соңғы кезде осы көштің төңірегінде тағы да біраз түйткілді мәселелердің төбесі қылтиып жатыр. Осы жөнінде көкейде жүрген біраз сауалдарымызды белгілі қоғам қайраткері, ақын, журналист Ауыт Мұқибекұлына қойған едік.
Қолдан жасалған қастандық деп білемін
– Пандемиядан кейін шекара ашыла салысымен басқа емес, Қытайдан көштің легі ағылады деп күтіп едік. Бірақ біз күткендей болмай жатыр. Арғы жақты қоя тұрғанда, біздің жақтан қандай да бір тосқауылдар болып жатыр деп ойлайсыз ба?
– Әрине! Ұлы көшке Назарбаев ел басқарған отыз жылда болып көрмеген тосқауыл болды. Ол өткен жылы 19 сәуірде «Халықтың көші-қоны туралы» заңына енгізілген 20-баптың 5) тармағында көрініп тұр. Аталған норма Үкімет айқындаған сегіз өңірден басқа тоғыз облыс пен үш қалаға өз бетімен көшіп келіп, қоныстанғысы келетін бауырларыңа «Қандас» мәртебесі берілмейтін етіп тастаған. Бұл дегеніңіз шекара асып келген ағайынның тұрғылықты жерін еркін таңдау құқығын шектеу болып табылады. Бұл Қазақстан Республикасы Конституциясының 21-бабына, Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 13-бабына мүлде қайшы. Бұл аз десеңіз, бұрын Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы үш жұмыс күні ішінде оп-оңай беріліп келген «Қандас» куәлігін енді «Құтты мекен» ақпараттық жүйесінің жанындағы мобильді қосымшасы арқылы 35 күнде берілетін етіп, қиындатып қойған... Есіңізде болса, 2013 жылы 15 желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаев Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімовтың ықпалымен қандастарымызға төрт жылсыз азаматтық берілмейтін заң қабылдап, келесі жылдың жартысына жетпей ол райынан қайтып еді ғой. Бір қызығы, Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімовтың ықпалымен қабылданған сол заңда азаматтық беру мерзімі төрт жылға ұзартылғанымен, қандастарымыздың қонысын таңдау құқығы шектелмеген болатын. Менің Назарбаев басқарған отыз жылда болып көрмеген тосқауыл болып жатыр дегенім – сол. Егер сол Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімовтың кезі болса, таңғалмас едік. Заң шығарудың екі тізгін, бір шылбыры Ерлан Қошанов пен Мәулен Әшімбаевтың қолына тиген бүгінгі бақытты заманда шеттен оралған қазақтар осылай сорлайды деп кім ойлаған?! Осы жерде басын аша кететін бір түйін бар. Ол – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың көші-қон, қандастар жөніндегі ұстанымы. Мен үнемі айтып келе жатырмын, Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл салаға байланысты жүргізіп отырған саясатында мін жоқ. Мәселе атқарушы билік пен заң шығарушы органда болып тұр. Ақыр бастадық қой, айта кетейін. Жоғарыда айттым, мына атың өшкір 20-баптың 5) тармағы 2023 жылы 19 сәуірде мақұлданып, заңға енген. Енді мына қызыққа қараңыз, 2023 жылы 29 мамырда «Отандастар» қорының ұйымдастыруымен Еуропа қазақтарының «Кіші құрылтайы» өтті. Сол шараға Президент өзінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевты жіберіп, жүрекжарды құттықтауын жолдады. Сол құттықтауда Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақ елі шет мемлекеттерде тұратын қандастарын жан-жақты қолдауға айрықша көңіл бөледі. Олардың тарихи атамекеніне қоныс аударуына барлық жағдай жасалған. Қазақстан азаматтығын және қандас мәртебесін алу тәртібі жеңілдетілді» деген болатын. Мемлекет басшысы бұл сөзді тағы да «Отандастар» қорының ұйымдастыруымен өткен Монғолия қазақтарының басқосуы мен Астанада өткен «Отандастар форумына» жолдаған құттықтау хатында да қайталады. Демек, атқарушы билік пен заң шығарушы орган Президентті өтірікші қылды. Мен атқарушы билік пен заң шығарушы органның бұл әрекетін қандастарымызды атажұртынан жеріту және шеттен оралған қазақтар мен Президенттің арасына от жағу үшін әдейі қолдан жасалған қастандық деп бағалаймын. Тіпті, Ұлттық трагедия деп атаймын. Ал, бұл кедергінің кімнің ықпалымен жасалып отырғанын білмеймін...
Қандастарымызды ынталандырудың екі жолы бар
– Шетелден келген қандастарды бірден солтүстікке бағыттау үшін құжат бітіру жағын қиындату арқылы мәжбүрлеу жүріп жатыр. Бұл мәселеде сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Өте дұрыс айтып отырсыз, дұрыс байқағансыз, мәжбүрлеу. Жоғарыдағы айтылған аты шулы 20-баптың 5) тармағына салсаң, бұл – шеттен оралған этникалық қазақтарға: «Көшіп келушілерді қоныстандыру үшін Үкімет айқындаған сегіз өңірге барсаң – бардың. Ал, оған бармасаң, жолың әне!» деген сөз бұл. Кешегі «Сталиндік репрессияның» өзі деуге де болады! Сіз қараңыз, шеттегі қазақтардың тарихи Отанына оралуы, қонысын өз еркімен таңдауы – олардың алдымен Алла берген, сосын Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясымен және Қазақстан Республикасының Конституциясымен бекітілген ҚҰҚЫҒЫ. Оған ешкімнің ешқашан қол сұғуға хақысы жоқ! Ал, оларды Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстандыру, ол – мемлекеттік саясат. Мемлекеттік саясатты өз деңгейінде жүргізу немесе жүргізе алмау – Үкіметтің, ол Үкіметті басқарған кешегі Әлихан Смайлов пен бүгінгі Олжас Бектеновтың деңгейі мен шеберлігіне байланысты шаруа. Мемлекеттік саясаттың біз айтып отырған бұл саласы азаматтардың құқығын шектемеу шарты астында, ынталандыру жолымен жүргізілуі керек. Бұл – бір. Екінші бір айтарым, өзіңіз жақсы білесіз, Қасым-Жомарт Тоқаев – БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры болып қызмет атқарған бірінші қазақ, бірегей тұлға. Бүкіл әлем таниды. Міне, сол Қасым-Жомарт Кемелұлы Алланың қалауымен, туған халқының қолдауымен Президент болды. БҰҰ дегеніміз – адам құқығы мен саясаттың шыңы. Айтыңызшы, осындай бүкіл әлемнің төбесінен қарайтын ең үлкен ұйымда басшылық қызмет атқарып келген бірегей Тұлға басқарып отырған мемлекеттің атқарушы билігі мен заң шығарушы органының адам құқығын аяққа таптайтын заң қабылдап, тағдырдың жазуымен шекара сыртында қалып, атажұртына зорға жеткен өз бауырларын, өз қандастарын өзекке тепкенін, қолдан Ұлттық трагедия жасағанын қалай түсінуге болады? Сонда біздің атқарушы билік пен Заң шығарушы орган ҚҰҚЫҚ пен САЯСАТТЫ айыра білмей ме?!! Қасым-Жомарт Тоқаевты білетін БҰҰ-ға мүше өзге мемлекеттер бұған күлмей ме?! Осы жағын ойласам, намыс пен ашудан жарылып кете жаздаймын!...
«Апостильсіз» қандас бола алмай сергелдеңге түсті
– Қазіргі күнде Алматы, Жетісу облыстарында келген ағайындарды кеудесінен кері итеретін жағдайлар көрініс беріп жүр. Осы саламен айналысып жүрсіз, сізге көмек сұрап хабарласатындар бар ма?
– Жоғарыдағы сөзімнен аңғарған боларсыз, 20-баптың 5-тармағы тек Алматы, Жетісу облыстарына қоныстанғысы келетін этникалық қазақтардың ғана емес, Үкімет айқындаған сегіз облыстан өзге, тоғыз облыс пен Алматы, Астана, Шымкент – үш қалаға ірге тепкісі келетін барлық қазақты «Қандас» мәртебесінсіз қалдырды. Міне, соның кесірінен олар азаматтық ала алмай сергелдеңге түсуде. Ол аз болғандай, «жығылғанға жұдырық» дегендей, енді «Апостиль» деген бір бәле шықты. 2023 жылғы 8 наурыздан бастап Қытай Халық Республикасы 1961 жылғы 5 қазанда Гаагада жасалған Шетелдік ресми құжаттарды заңдастыру талабын жоятын Конвенцияға қосылғанын жақсы білесіз. Аталған Конвенция күшіне енген сәттен бастап Қытайдың Қазақстанда пайдалану үшін беретін ресми құжаттары бұдан былай консулдық заңдастыру рәсімінен өтпей, оның орнына қосымша сертификаттар (апостиль) беріледі екен. Қазіргі таңда Қытайдан көшіп келген туыстарымыз бен жерлестеріміз Қазақстан азаматтығына құжат өткізейін десе, жергілікті Көші-қон қызметі полициясы Қытайдың Қазақстанда пайдалану үшін беретін ресми құжаттарына апостиль қойдырып келуді талап етуде... Қазақстандағы Қытай Елшілігі мұндай қызметті өтемейтінін айтты. Ал, Пекинге барып, апостиль қойдырып келуге елдің қалтасы көтермейді. Осыған байланысты, сол атажұртқа оралған туыстарымыз бен жерлестеріміз Қазақстан азаматтығына құжат өткізе алмай, тағы да сергелдеңге түсуде. Осы мәселелерге байланысты қандастарымыз шуылдай бастаған соң, Президенттен ұят болмасын деп, WhatsApp желісінен «Мәртебесіз қандастар» деген топ құрып, тағы да өзім ортаға шықтым. Сол баяғы әдіспен, БАҚ арқылы мақалалар жазып, осы мәселеге биліктің назарын аударуға әрекет жасаудамын. Сонымен бірге, Президенттен бастап, құзырлы органдардың бәріне тынбай хат жазумен келемін. Ақордаға да бір мәрте кіріп шықтым. «Отандастар қорының» жанынан құрылған Қоғамдық комиссия кезектен тыс отырысын ұйымдастырып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты тұлғаларын, депутаттарын қатыстыра отырып, бір рет талқыладық. Бірақ, әлі бір нақты шешім болған жоқ. Шамасы, Президентке де жетпей жатқан секілді...
– Жақында ОКҚ-де өткен брифингтен кейін, «алдағы уақытта қазақ екендігін дәлелдеу үшін ДНК-сараптамасын жасату мүмкін» деген сөз шықты. Бұл қисынға келе қояр ма екен? Пәкістанда босқын болып жүрген бір топ қазақ тест нәтижелерін дайындап қойғанына екі жыл өтсе де елге жете алмай отыр.
– Осы қандастарымызға қатысты отыз жылдан бері шешілмей келе жатқан түйіннің бірі – ұлтын анықтау мәселесі. Ираннан, Ауғанстаннан оралған қандастарымыздың төлқұжатында ұлтының кім екені жазылмайды екен. Соған байланысты, жиырма-жиырма бес жылдан бері азаматтық ала алмай жүрген қазақтар бар. Оны ДНК-сараптамасынсыз-ақ, басқа да жолмен анықтауға болады. Мен осы мәселені шешудің жолын сан мәрте ұсындым. Бірақ, Мәжіліс қабылдамай келеді. Одан бөлек, Қытайдан, Монғолиядан, тағы басқа бірнеше елден оралған ағайындардың неке және туу туралы куәліктері біздің eGov.kz электрондық үкімет порталына жүктелмейтіндіктен, олардың «некесі» бұзылуда, балалары «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында Ұлттық қордан берілетін қаражаттан қағылуда... Қазіргі таңда «Халықтың көші-қоны туралы» заңынан алынып тасталған «Өз бетімен көшіп келушілер» деген тарауды қайта қалына келтіру; Төлқұжатында ұлты жазылмайтын этникалық қазақтардың ұлтын анықтау тетігін заңдастыру; Қандастарымызға азаматтық алғаннан кейін қолда бар құжаттарының негізінде Туу және Неке туралы куәліктерін Қазақстанның құжаттарына ауыстырып алатын заңды құқық беру; білім алу және еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында келетін этникалық қазақтарды шақыру тетігін заңдастыру; визасыз режіммен келген ұлты қазақ азаматтарға Қазақстаннан үш жылға виза рәсімдеп беру тәртібін заңмен бекіту сынды кезек күттірмейтін мәселелер толып жатыр. Міне, осы мәселелердің бәрін заң арқылы қалай шешу жолын көрсете отырып, Ермұрат Бапи, Қазыбек Иса, Анас Баққожаев, Болат Керімбек, Жанарбек Әшімжан сынды Мәжілістің білдей бес депутатына үш заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы он тоғыз ұсыныс дайындап ұсындым. Бесеуі де ар-ұяты бар жігіттер. Алдағы жерде сол бес депутат осы ұсыныстарды қорғап, заңдастырып береді деген үміттемін.
2022-2027 жылғы тұжырымдаманың кемшілігі көп
– Ауыт аға, Сіз соңғы он бес жылдан бері осы Көші-қон саясатымен тынбай айналысып келе жатқан тәжірибелі маман, күрескер азаматсыз. Президенттің Сізді «Қоғам қайраткері» деп атағанын естіп қалдым. Тұңғыш Президенттің тұсында қандастар үшін Құлыбаев, Мәсімовтермен аяусыз күрестіңіз. Оларды жеңдіңіз. Ал, Тоқаевтың қабылдауында болып, қолынан марапат алдыңыз. Демек, Сіз көтерген мәселе Ақордаға тез жетіп, ретімен шешіліп жатушы еді ғой, міне, бұл жолы не боп қалды?
– Жоғарыда да айттым, шеттен келетін қазақ көшін осындай күйге түсіріп, қандастарды зар қақсатып отырған қандай күш екенін білмеймін. Сол өзің айтып отырған Құлыбаев пен Мәсімов кезіндегі Қазақ көшіне жасалған қастандық 2022- 2023 жылы бірінен соң бірі еш өзгеріссіз екі мәрте қайталанды. Өзіңіз білесіз, 2023 жылғы 5 қыркүйекте Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған бес жылдық тұжырымдамасы жарияланды. Есіңізде болса, сол Тұжырымдамада «Бұдан басқа қоныстану өңірлерін және Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін кемінде 5 жыл тұру мерзімін ескере отырып, «қандас» мәртебесін беру тәртібін қайта қарау қажет» делінген еді ғой. Шулатып жүріп, біз Тұжырымдаманың бұл нормасын алдырып тастағанбыз. Бірақ, алты ай өтпей жатып, олар тағы да дегеніне жетті. «Қандас» мәртебесін беру тәртібін қайта қарап, «Халықтың көші-қоны туралы» заңына 2023 жылғы 19 сәуірде енгізілген 20-баптың 5-тармағы арқылы Үкімет айқындаған сегіз өңірден басқа тоғыз облыс пен үш қалаға өз бетімен көшіп келіп, қоныстанғысы келетін этникалық қазақтарға «Қандас» мәртебесін беруді ақыры шектеп тынды. Ұлы көшке үздіксіз қайталанған осындай шабуылдар, шыны керек, мені қатты ашындырып жіберді. Егер Ерлан Қошанов пен Мәулен Әшімбаев хаттарымды ескеріп, ұсыныстарымды қабылдап, мені Парламенттегі Жұмыс тобына қатыстырып отырғанда, мұндай келеңсіздіктер мүлде болмас еді. Аталған екі төрағаға сөзімді естірте алмаған соң, ашуға басып, «Әшекең мен Қошекең бас болып қабылдаған заң» деп, бірнеше мәрте жазып жіберіппін. Қазақта «Мал ашуы – жан ашуы» деген сөз бар. Менікі малдың ашуы емес, бақандай алты-жеті миллион қазақтың тікелей тағдырына, Президенттің абырой-беделіне қарсы жасалып жатқан қастандыққа байланысты ашу! Жақында Ақордадағы қабылдау кезінде сол «Әшекең» мен «Қошекең» менің алдымнан шықты. Мені қабылдаған Президент Кеңесшісі осы әңгімеге қайта-қайта оралып, маған «ескерту» жасағандай болды. Иә, бұл кісілер Президенттің ең сенімді адамдары, өте ықпалды тұлғалар. Мойындаймын, менің бұл екі төрағаны «Әшекең» мен «Қошекең» деп атауым – мәдениетсіздік. Ал, олардікі не? Меніңше, бұл ұлтқа жасалған қиянат деп білемін. Президент: «Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз!» – деген соң, болды емес пе! Қазақ көшіне қатысты тұжырымдамалар мен бағдарламалар Президенттің осы ұстанымына сай жасалуы, заңдар мен нормативтік құжаттар осы бағытта қабылдануы керек қой. Ниеті түзу, дені сау адам өзінің ҰЛТЫНЫҢ тағдырын тас-талқан ететін осындай заң қабылдай ма?! Демек, олар да мен секілді жасаған қиянаттарын жігітше мойындағаны абзал! Демек, жанайқайымыз Президентке әлі жетпей жатқан болса, оған кедергі осы «Әшекең» мен «Қошекең» болуы мүмкін...