ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы «Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедициясы аясында Маңғыстау өңіріне сапарлап келіп, «Әбіш әлемі» ғылымитанымдық конференциясына қатысты.
Киелі өлкеге кезекті сапары аясында Сәуле Мешітбайқызы облыс әкімінің орынбасары Тілеген Әбішевпен жүздесіп, өзара өнеге-тағылымға толы әңгіме өрбітті. Ел анасы жаһандану үдерісін бастан өткеріп жатқан қазақ қоғамның руханияты, әлеуметтік-мәдени өміріндегі өзгерістер айрықша назар аударуды қажет ететінін айтты. Қазақстан қоғамын дамыту жағдайында рухани құндылықтар сабақтастығы, қоғамдық сананың жаңғыруы, мәдени және рухани құндылықтарды сақтап қалу мәселесі талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Тілеген Әбішевтің жетекшілігімен, өңірлік білім беру, денсаулық сақтау, ауылшаруашылығы, жұмыспен қамтуды үйлестіру мен әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшыларының қатысуымен өткен дөңгелек үстелде ұлт ертеңі, ұрпақ болашағына қатысты ұтқыр пікір мен ұтымды ұсыныстар айтылды. Қазіргі жаһандану қарқыны үдеген уақытта бала тәрбиесіне қатысты ұлттық ұстанымдардың осалдау болып тұрғаны да шындық. Өскелең ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, ұлттың болашағы ретінде бағалаған. Басқосуда ата тегін білу, сөзді қастерлеу, тапқырлық пен алғырлық, салт-дәстүрді бұзбау, жасы үлкенді сыйлау, кішілерге қамқорлық көрсету сынды құндылықтарды бала бойына ерте жастан сіңіру мәселесін жан-жақты талқылады. «Маңғыстау өңірімен рухани туыстығымның тамыры тереңге бойлайды. Бекет бабамның бір баласы болып кеткенімнің өзі бойға қуат дарытады. Менің арқалап жүрген жүгім ауыр. Абыз әже, ана ретінде ел тұтқасын мығым ұстайтын ұрпақ тәрбиесіне алаңдаушылық білдіремін. Газет десе төбе шашымыз тік тұратын жағдайға жеттік. Кітаптар мен газет-журналдар балалардың таным көкжиегінің өрістеуіне ықпал ететінін ескерген жөн. Мерзімді басылымды оқымаған баланың ой дамуы тежеліп, тілінің кеш шығатынына нақты мысалдар бар. Балалар басылымының оқырманы мектеп оқушылары болғандықтан, мектептермен тікелей жұмыс жасалуы тиіс. Бірақ, мектепте газет-журналға жазылу үшін үгіт-насихат жүргізуге жағдай жасалмаған. Кейбір директорлар келгендерді есігінен де қаратпайды. Міне, осы кедергіні жою қажет. Ұрпақ тәрбиесінде ұстаз рөлі айрықша. Ұлттық құндылық пен ата-баба өнегесін өн бойына сіңірген өрімтал өрендердің өсіп, бой түзеуі үшін біз бен сіз болып еңбек етуіміз қажет», – деп ойын сабақтады Сәуле Мешітбайқызы. Газетіміздің басшысы «Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедициясының алғашқы сапарын да осы Маңғыстаудан бастап кетті. Өздеріңіз білесіздер, бұл экспедиция қатарында «Аманат» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты, «Qazaqstan dauiri» газеті, «Мөлдір бұлақ» журналы бар. Өткен айда ауыл тұрғындарына арнап Үндеу қабылдаған болатын. Экспедицияға сәт-сапар тілейміз! Ел анасының Маңғыстау өңіріне сапары жайлы газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.