«Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедициясы Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында
Ақтөбе облысына келген «Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедициясы мүшелері Мәртөк ауданына барып, жергілікті тұрғындармен кездесіп, ауыл елдегі ақсақалдармен, білім саласы қызметкерлерімен пікірлесті. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан істермен танысты.
Ауданда өткен кездесулерге экспедиция мүшелерімен қатар Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Бәйнешов, аудан басшылығы, Amanat, «Ауыл» партияларының аудандағы өкілдері, жергілікті тұрғындар қатысты.
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан республикасы Журналистер Одағының мүшесі, «Qazaqstan dauiri» газетінің, республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының бас редакторы, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті Сәуле Мешітбайқызы аудан тұрғындарымен кездесуде «Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедициясының негізгі мақсатымен таныстырып, қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелер туралы ой-пікірін білдірді.
– Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Amanat» партиясы, Ардагерлер кеңесі, «Qazaqstan dauiri» газеті, «Мөлдір бұлақ» журналы, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайтымен бірлескен Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауы аясындағы экспедициясы мақсаты – елдегі жағдайды өз көзімізбен көру, ауыл мәселелерін Үкіметке жеткізу.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында: «Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауылшаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз», – деген еді. Президентіміз ауылды түлету арқылы елдің экономикасын арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік алатынымызды айта отырып, ауылшаруашылығында көкейтесті мәселелер, кемшіліктер бар екендігін де тілге тиек еткен-ді. Біздің экспедиция осы мәселелерді саралап, Үкіметке жеткізуді көздейді. Экспедициямызға Оқу-ағарту министрлігі де зор қолдау көрсетіп отыр. Осы ретте Президентіміздің Жолдауында айтылғандай, білім саласындағы атқарылар жұмыстар мен олқылықтарды да өз көзімізбен көргіміз келді. Мектепке дейінгі тәрбие, мектептегі білім сапасы, жалпы ұрпақ тәрбиесі мәселелеріне қатысты да ұдайы өз газетімізде мақалалар жарияланып тұрады. Сонымен бірге біздің тілшілеріміз ауыл-аймақтағы шаруа баққан халықтың жағдайын, кәсіпкерлердің тыныс-тіршілігін үнемі жазып келеді, – деп, өзі басқарып отырған басылымдар туралы мағлұмат берді.
Мәртөк ауданына сапарын Саржансай ауылынан бастаған Сәуле Мешітбайқызының жетекшілігіндегі экспедиция ауылдағы мектепте жергілікті тұрғындармен, мектеп ұжымымен кездесіп, мағыналы диалог құрды. Тек ауылдың тыныс-тіршілігі ғана емес, сонымен бірге бүгінгі қоғамдағы түрлі мәселелер – жастар тәрбиесі, қоғамға жат әдеттердің тамырын қию, отбасы құндылықтары т.т. мәселелер сөз болды. Ардагер журналистің, ел арасында «Ел анасы» аталып кеткен ақ жаулықты ана Сәуле Мешітбайқызымен пікірлескен саржансайлықтар өз ұсыныс-тілектерін айтып, сұрақтарына тұшымды жауаптарын алды.
Саржансай – Мәртөк ауданының территориясында орналасқан ауыл болғанымен, облыс орталығына алыс емес. Тәңірберген ауылдық округінің әкімі Медет Бекжановтың айтуынша, округте екі ауыл бар: Саржансай және Кеңсахара.
– Жалпы округте екі мыңға жуық адам тұрады. Округ облыс орталығынан 45, аудан орталығынан 35 шақырымдай жерде. Ауылда тұрғындар үшін бар жағдай жасалған: барлық инфрақұрылым, телекоммуникация бар – көгілдір отын, таза ауызсу – бәрі бар. Тек жолға қатысты мәселе бар, жолдардың тек 45 пайызы жақсы жағдайда. Бүгінде жолдарды жөндеуге жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Бұйырса, алдағы жылы ауылішілік жолдардың жағдайы 100 пайыз дұрысталады деп отырмыз, – дейді ол.
Әңгімесінен-ақ жас жігіттің білімді, көзі ашық, көкірегі ояу, қағылездігі байқалады. Бүгінгі қазақ ауылын көтеруге осындай жігіттер керек екенін түсінсек те, лезде көкейімізде «Мұндай білімді жігіт ауылда не істеп жүр?» деген сұрақ қылаң берді.
– 2010 жылы «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы арқылы келдім. Негізгі мамандығым – музыкалық аспаптарда ойнау, оркестр жетекшісі. Ақтөбедегі Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжді тамамдап, Ақтөбедегі Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институтында келісімшартпен үш жыл еңбек еткеннен кейін, осы ауылға келдім. «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы арқылы мемлекеттік балабақшаға музыкант болып орналасып, баспана алып, балалы болдық. Одан кейін клуб меңгерушісі болып еңбек еттім. Аудандық Қамбар Медетов атындағы балалар өнер мектебіне жұмысқа тұрып, Саржансай, Кеңсахар ауылдарындағы филиалдарында балаларға сабақ бердім. Ауылдағы балабақша меңгерушісі болдым, – дейді Медет Бекжанов.
2022 жылдың ақпан айында ауыл тұрғындары өздері дауыс беріп, Медет Бекжановты ауылдық округ әкімі етіп сайлайды. Содан бері осы қызметті абыройлы атқарып келе жатқан жас жігіт жергілікті тұрғындардың лайықты өмір сүруі үшін қолынан келгенше жасауға тырысып-ақ келеді.
2022 жылдың аяғында облыста ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске асырыла бастаған болатын. Сол кезде саржансайлықтар тұтас аудан тұрғындарына үлгі болды.
– Тәңірберген ауылдық округі «Ауыл аманаты» жобасын пилоттық іске қосу бойынша біздің округ таңдалып алынған болатын. Яғни, жергілікті тұрғындарға бағдарлама туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ауыл халқының әл-ауқатын зерделеуге қатысты скрининг жүргізілді. Яғни, ауыл тұрғындарының қандай кәсіп жасауға бейімделгені, қандай кәсіптердің жоқтығы, кепілдік мүлкінің бар-жоғы, құжаттардың дұрыстығы, ауылдың өз-өзін азық-түлікпен қамту деңгейі – барлығы тұтас зерттеліп, тұрғындармен жұмыс істеу басталды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша, Саржансай ауылында 53 жоба мақұлданып, ауылға 348 миллион теңге кіріс кірді. Тұрғындар бұрын-соңды ауылда болмаған дәстүрлі емес бағыттар бойынша, мәселен, көкөніс егу, құс ұстау секілдің кәсіптерді қолға алды. Құстың бес түрін ұстадық, жалпы былтыр ауылға жеті мыңнан астам құс кірді. Бүгінде ауыл тұрғындары құс етімен, жұмыртқамен өзін-өзі толықтай 100 пайыз қамтып отыр, – дейді Медет Бекжанов.
Халықтың өзі сайлап алған жас әкімнің жұмысының бір көрсеткіші – осы. Тұрғындар жылыжай кәсібін де жақсы меңгеріп алған. Бұған дейін Саржансайда жылыжай болмағанын ескерсек, бұл – үлкен жетістік.
Бүгінде мұндағы төрт жылыжай иелері ауылдастарын жылдың кез келген мезгілінде жаңа піскен көкөніспен қамтамасыз етіп отыр. Бұл әрі бағаның тұрақтылығына да ықпал ететіні сөзсіз.
Сәуле Мешітбайқызы бастаған экспедиция мүшелері осындай жылыжайлардың біріне барып, кәсіпкердің тірлігін көрді. Кәсіпкер Парахат Абдуллаев «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 4 720 000 теңге несие алып, аумағы 200 шаршы метр болатын жылыжайы салған.
– Кезінде облыс әкімі болған Ералы Тоғжановтың бастамасымен облыста «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске асырылып, оның игілігін бүгінде халқымыз көріп жатыр. Мен де жеңілдетілген пайызбен несие алып, жылыжай кәсібін бастадым. Шүкір, жемісін беріп жатыр. Бүгінде облыс әкімі Асхат Шахаров кәсібіміздің дамуына қолдау көрсетіп отыр.
Бүгінде осы бағдарлама аясында кәсіп ашқан ауылдардың көпшілігі көптеген азық-түлікпен өздерін-өздері қамтып отыр. Біздің ауылда да тұрғындар қияр, қызанақ секілді көкөніспен жүз пайыз қамтамасыз етіліп отыр. Басқа да көкөністер, жидектер өсіру қамын қарастырып жатырмыз, – дейді кәсіпкер.
Осылайша қарт ата-анасын, отбасын, төрт баласын бағып, кәсібін нәсібіне айналдырған кәсіпкердің айтуынша, жылыжай жылына екі рет – қаңтарда және тамыз айында өнім береді. 45 күнде пісіп жетілетін көкөністі кәсіпкер облыс, қала орталығындағы сауда сөрелеріне шығарады. Ай сайын 750-800 келі өнім жиналады екен.
Ауылдық округ әкімі Медет Бекжановтың айтуынша, аталған бағдарламаға қатысқан кәсіп иелерінің алған өнімдерін сату мәселесі де жолға қойылған.
– Өнім алынғаннан кейін оны сату керек. Кәсіп иелерімен «Өнімдерді қайда сатамыз, оны кім алады?» деген сұрақ төңірегінде пікірлесіп, облыс орталығындағы «Табыс» коммуналдық базарынан орын алып, ауыл өнімдерін сатуға келістік. Бірақ ауыл өнімдері ол жердің сөрелеріне сыймағаннан кейін, бұл мәселені шешу үшін ауылда өндірістік кооператив құрдық. Яғни, ауыл тұрғындары бірігіп, Ақтөбе қаласында «Ауыл аманаты» деген атаумен заманауи талапқа сай павильон салып, оны жабдықтадық. Бүгінде ауылымыздан шыққан өнімдер арнайы таңбаланып, сол жерде сатылып жатыр, – дейді Тәңірберген ауылдық округ әкімі Медет Бекжанов.
Оның айтуынша, ауылда тек көкөніс өсіру, азық-түлік бағытында ғана емес, ет, сүт өнімдерін қайта өңдеу секілді басқа да кәсіп түрлерін ашу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Сәуле Мешітбайқызы бастаған экспедиция мүшелері Саржансайдағы жеке кәсіпкер Серік Жаппаспаев салған «Алаш» балабақшасына да барды. 75 балаға арналған балабақшада балалар үш топта тәрбиеленеді. Іші түгел қажетті жабдықтармен қамтылған, бала үшін керектінің бәрі бар.
– «Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деген сөз бар. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда, бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды», – деген болатын өз Жолдауында Мемлекет басшысы. Бұл да басты назарымыздағы дүние. Ұлт тәрбиесі балабақшадан басталады. «Баланы – жастан» деген сөз бекер айтылмаған. Ұлттық құндылықтарды балабақшадан үйрету керек, – деген Сәуле Мешітбайқызы білім саласы, ұрпақ тәрбиесі туралы тағылымды ойларын айтты.
Одан әрі экспедиция Мәртөк ауданы орталығында көлік тізгінін тартты. Мұнда ардагер журналист «Amanat» партиясының жергілікті жердегі ғимаратында аудандық ақсақалдар кеңесінің мүшелерімен кездесіп, жастар тәрбиесі, қоғамдағы жат әдеттерден аулақ болу, отбасы құндылықтарын сақтау секілді келелі мәселелер төңірегінде пікір алмасты.