Барша қазақтың мақтанышына айналған Ахмет Байтұрсынұлының биыл туғанына 150 жыл толмақ. «Қазағым, елім!» деп еңіреп өткен Алаш қайраткерінің ұлтына жасаған ерен еңбегін бағалау, ұлықтау барша қазақ баласына, әсіресе қолында үлкен қаржылық мүмкіндігі бар билікке сын болғалы тұр. «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» деп өткен Ахаңдай арыстың қадіріне жете алдық па? Ол аңсаған азаттыққа қол жеткізсек те, тіліміз неге шұбар, байлығымыз неге талан-таражға түсіп жатыр? Жоғарыда «Ұлтым деп ұрандататындардың» қарасы неге тым аз?
Кеңес үкіметі алаш арыстарын «халық жауы» деп танып, олардың ұлт үшін істеген көл-көсір еңбектерін оқуға тыйым салды. Осылайша оларды ұрпақ санасынан өшіруді қалады. Алайда «Аққа құдай жақ» болып, алып империя КСРО ыдырады. КСРО қалай құлады, солай 15 республика тәуелсіздігін жариялады. Соның бірі – Қазақстан мемлекеті болатын. Тәуелсіздікпен бірге қазақ даласына еркіндік, азаттық шұғыласы шашырады. Жоғымыз түгенделіп, жотамыз көтерілді. Тап осы кезеңде сонау шалғайдағы, Ахаң туған өлкеде Торғай облыстық «Торғай таңы» газетінде, 1991 жылғы 8 маусымда нақақ жаламен түрмеге қамалған Ахаңнан Алматыда жауап алған НКВД тергеушісі Хамза Нұржановтан сұхбат алынады. Бұл сұхбаттың құндылығы сол, қарт тергеуші ағынан жарылады. Тың деректер айтады. Ахаңның болмыс-бітімін, қайраткерлігін, ұлтына деген кіршіксіз адалдығын жайып салады.
Одан бері 30 жыл уақыт көзді ашып-жұмғанша өте шығыпты. Архивтен алынған осы сұхбат облыс көлеміне ғана таныс. Ахаңның 150 жылдығы қарсаңында бұл сұхбатты барша қазақ баласы оқысын деп қайта жариялап отырмыз.
Хамза Нұржанов 1929 жылы болған Батпаққара (Торғайдағы Кеңес үкіметіне қарсы) көтерілісіне қатысты істі тергеу кезінде көзге түсіп, НКВД-ға қызметке тартылған кісі...
«Оның кеңес үкіметіне істемеген қастандығы жоқ»
Қарт чекист Хамза Нұржанов бұл күнде Амангелді ауданы «Қазақстанның 40 жылдығы» совхозында тұрады. Ол 1937-38 жылдары НКВД-да қызмет еткенде Ахмет Байтұрсыновпен бір жарым айға жуық уақыт бойы түрмеде кездесіп жауап алған.
Ахаң мен Жахаңның Торғай облысындағы күндері қарсаңында біздің тілшілеріміз Хамза ағайға арнайы іздеп барып жолығып, сұхбаттасқан еді. Төменде оқырмандар назарына сол әңгімені қаз-қалпында ұсынып отырмыз.
Т.С. – Хамза аға, өзіңізде күнделікті баспасөз бетінен, радиодан халқымыздың мақтанышына айналған жерлестеріміз Ахаң мен Жахаңның Торғайдағы күндері өткелі жатқанынан хабардар боларсыз. Сіз Ахаңмен оның өмірінің ең бір ауыр да азапты шағында кездескен адамсыз. Сондықтан сол кездері Ахаңмен қалай кездесіп жауап алғаныңыз жөнінде толығырақ айтып берсеңіз.
Х.Н. – ...Мен Ахаңды елде жүргенде көрген жоқпын. Бәрін басынан бастап айтайын, мен 1931 жылдың 1-ші қазанында ГПУ-ге қызметке кірдім, осы аудан онда Қостанай округі, Ақтөбеге бағынады, облыстық ГПУ-дің бастығы Кеннер мені өзіне шақырып, Арал теңізіне қызметке аударып жіберді. Кейін Алматы қаласында бір жылдық курсты тәмамдаған соң мені сонда қызметке алып қалды. Захтан Хворасян деген үшінші бөлімнің бастығы болатын, соның қарамағында істедім. Бір күні сол кісі мені шақырып алып:
– Осында түрмеде Байтұрсынов Ахмет дейтұғын «Алашорданың» бастығы отыр, соның тергеуін сен аяқтайсың, саған сеніп тапсырып отырмын, – деді.
– Бірақ байқа, – деді ол, – Байтұрсынов жай адам емес, «Старый волк», оның Кеңес үкіметіне істемеген қастандығы жоқ, одан жауап алуға үлкен дайындық керек.
Сонымен Ахаңмен сөйлесу үшін архив ақтардым. НКВД-нің бір бөлмесі толған архив. Сонда Ахаңның кітаптары, өлеңдері бар екен, ақыры еріксіз Ахметтің өлеңдерін жаттадым. 5-6 күнге дейін шақырған жоқпын, өзім дайындалдым. Сосын бір күндері шақырып, жауап алдым. Ай жарымға жуық уақыт менің қолымда болды Ахаң. Одан басқа да істер бар жүргізіп жатқан. Ахаңа мен қойған басты сұрақ мынау болды:
– Аха, сіз Лениннің қабылдауында болдыңыз, Қазақстанның Орынборда өткен 1920 жылғы съезіне қатыстыңыз. Сонда да сіз Кеңес үкіметіне қарсы болдыңыз, кедейдің еңбекшілердің үкіметіне неге қарсы болдыңыз? – дедім.
Бұл сұрағыма Ахаң толық жауап бермеді.
– Әй, қарағым-ай, менің орыстан көрген кемшілігім көп. Білесің бе, баяғы да
әкемді айдатқаны бір бар, ал енді орыстың қазаққа істеген зорлығы көп, сондықтан қазақ өзімізше бір бөлек үкімет боламыз ба деген ұсыныс қой ол, әр нәрсенің өзінің заманы бар, – деді Ахаң.
Ахаң өте мәдениетті, сыпайы адам. Мен болсам Ахаңның «Не жазып ем, құдай-ау, мен қазаққа?», «Анама хат» өлеңдерін оқып, жауап алғанда сол өлеңдерді тілге тиек етіп отырамын.
Бірде мен Ахаңа «Алашорда қазақ үкіметін құрамыз дейсіңдер, қалай үкімет боласыңдар, құрал соғып жатқан зауытың жоқ, құр қол сарбазбен қайқы қылыш, найзамен қазақты қалай қорғайсыздар?» – дедім.
Сонда Ахаң: «Қос жүре түзеледі деген, қарағым-ай. Әуелі орысқа тәуелді болмай, бір үкіметті құрып алсақ, сосынғысын көре береміз ғой», – деді.
Т.С. – Ахаң сізден қай жердің баласысың деп сұраған жоқ па?
Х.Н. – Сұрай қойған жоқ. Өзі «халық жауы» деп кінәлана отырып маған алғыс айтты Ахаң. Оның да себебі болса керек. Өйткені орыс кемпірі 15 күн сайын келеді. Тоқтаусыз кездесуге мүмкіндік беріп, кабинеттің шетіне отырғызып қоямын. Екеуі шүйіркелесіп, әңгімелесіп, әкелген тамағын ішіп отырады. Әбден сөйлесіп болған соң, «Аха, болдыңдар ма?» деймін, «Болдық» дейді. Міне осылай мен түрмеде ол кісіні қолдан келгенше сыпайы ұстадым. Өйткені ол данышпан адам ғой. Түрме ішінде басқа да жауапталғандармен бірге отырады ғой, бір келгенде «Басқа тергеушілерден келгендер зәбір көріп келеді екен, қарағым, мен сіздей әділ адамды көргенім жоқ, не зорлығың, не сөгісің жоқ, құдай беретін адамсың, шырағым» деді.
Міне, тілеулі үйімде отырмын ғой, Ахаңның сондағы айтқан тілек, батасы қабыл болған шығар, құдайға шүкір, бала-шағам бар. Бір өзімнен ғана жетпіске тарта ұрпағым бар.
Т.С. – Сіз сол кезде неше жаста едіңіз, аға?
Х.Н. – Мен 33 жаста едім, Ахаң 69 жаста болатын.
Т.С. – Өлеңдерімді қалай жаттадың деп сұраған жоқ па?
Х.Н. – Оны сұрады. «Сіздің өлеңдеріңіз өзіңізге қарсы тұр, сіз ғалым адамсыз, мен сол үшін жаттадым өлеңдеріңізді», – дедім. «Зерек бала екенсің» деді маған.
Т.С. – Сіз Ахаңның соңғы сотына қатыса алдыңыз ба? Жазасы жөнінде не білесіз?
Х.Н. – Қатысқанда ол кезде «үштікпен» соттайтын кез ғой, олар Москвадан келеді. Соттың басында мені шақырып алып, Ахаңнан «дұрыс тергеді ме?» деп сұрады. «Дұрыс тергеді» деді ол кісі. Сосын бізді шығарып жіберді. Арғы жағы не болғанынан мен бейхабармын, оны қазір оқырман жақсы біледі.
Ахаңмен сөйлесу үшін архив ақтардым. НКВД-нің бір бөлмесі толған архив. Сонда Ахаңның кітаптары, өлеңдері бар екен, ақыры еріксіз Ахметтің өлеңдерін жаттадым. 5-6 күнге дейін шақырғам жоқ, өзім дайындалдым. Сосын бір күндері шақырып, жауап алдым.
Т.С. – Ал, Хамза аға, сіз Ахмет атамыздың ақталғандығы жөніндегі хабарға қалай қарайсыз?
Х.Н. – Өте жақсы қуана қарсы алдым. Бұдан сәл ертеректе «Арай» журналынан келіп интервью алған Қырғызбай Дәуітов деген журналистке Ахаң ақтауға тұратын адам дегенмін.
Т.С. – Осы Ахмет ағамыздың туыстарынан, ағайындарынан біреуді көрдіңіз бе?
Х.Н. – Жоқ, ешкімді көрмедім, білмеймін.
Т.С. – Жаңа Ахаңның жолдасын көрдім дедіңіз. Орыс кемпірінің аты кім екен, Ол кісі сізден ештеңе сұраған жоқ па?
Х.Н. – Жоқ, білмедім. Маған ештеңе айтпады.
Т.С. – Ол заманда ешкімді сөйлестірмейді ғой.
С.Б. – Сол кезде орталық партия комитеті тарапынан ықпал болды ма? Орталық Комитет, сіздерден мәлімет сұрап, «тергеу қалай жүріп жатыр?» деп сұрап отырған жоқ па?
Х.Н. – Жоқ, жоқ.
Т.С. – Сосын сіз мана бір сөзіңізде бастықтарыңыз Ахаңды «қазақтың көкжалы» деп айтты дедіңіз. Сонда басшылық тарапынан бұл кісіге қатаң қарау керек, қия бастырып, бетбақтырмау керек деген нұсқау болды ма?
Х.Н. – Енді ол тергеушінің бәріне айтылатын сөзі ғой. басшылар қадағалап отырады ғой. Күнделікті жауап алу протоколымен танысып отырады.
Т.С. – Ал сіз не сұрақ бергеніңізді, оның не айтқанын өзіңіз қағазға түсіріп отырдыңыз ба? Әлде ол кездерде сөзді жазып алатын құрал бар ма еді?
Х.Н. – Ондай құрал қайдан болсын? Жауапты өзім қағазға жазып, соңынан жауап берушіге оқытамын. Протоколды қолына бересің. Жазылғаны дұрыс па, бұрыс па деп сұрайсың. Сосын ол танысып қол қойып береді.
Т.С. – Қақа, мына бір жері қате болып кетті. Мен бұлай деген жоқ едім, мына бір сөзі мынадай болып кетті деп айта ала ма?
Х.Н. – Ондай болса айтады ғой. Бірақ мен ондайға жібермеймін ғой. Жәбірім жоқ қой. Ондайды істейтіндер бар ғой.
С.Б. – Ахаң жауап бергенде өз қателіктерін мойындап, Кеңес үкіметін қорғаймын, коммунистік партияны жақтаймын, ендігәрі қателеспеймін деген сөз айтқан жоқ па?
Х.Н. – Айтады ғой. Бірақ бәрі бос сөз ғой көбі.
Т.С. – Еске түсіріңіз, аға, осы мені неге тексеріп жатырсыңдар, не кінәм бар, Кеңес үкіметіңіз әділ дейді, онда мені неге ұстап отыр деп айтты ма?
Х.Н. – Оның бар принципі орысқа қарсымын дейді. Бітті. Орыстан көрген жәбірім әкемнің жер аударылуы, сосын қазақтың құлдануы дейді. Білдіңіз бе?
Т.Б. – Ахаң «Алда қазақ былай болуы керек. Не былай өмір сүрулері керек» деген ой білдірген жоқ па?
Х.Н. – Ол мені үгіттемейді ғой. Мен оған боламын ба? Тергеуші де қыл үстінде, бақылаудың үстінде бақылау ғой. Сол кезде көптеген тергеуші жауапқа тартылып кетті.
С.Б. – Алашорда партиясының мүшелерін халыққа жүргізген үгіттері бар деп айыптады ғой. Сол кезде Ахметпен қатар қызмет істеп, бір партияда болған, бірге күрес жүргізген адамдардың бәрі атылып кетіп пе еді? Әлде Ахмет солардың алғашқысы болып жазаланды ма?
Х.Н. – Ахмет бір барып, қайтып келіп отыр ғой. Ол кезде қазақтың көптеген жігіттері жауапта жүрді ғой. Мысалы Ізмұқанұлы, Құлымбетов және басқалар.
Т.С. – Сізді Кеңес үкіметіне адал қызмет еткен білімдар тергеуші ретінде Ахметке салып отыр ғой. Ол кісіден жауап алуды кез келген адамға тапсырмайды ғой.
Х.Н. – Солай ғой. Сенген ғой.
Т.С. – Сізге Ахаңнан жауап алуға барғанда өлеңдерін жаттап алыңыз деді ме? Әлде өзіңіз іздендіңіз бе?
Х.Н. – Өзім әдейі жаттадым. Ахмет үшін, тергеу үшін архивтен алдым.
Т.С. – Ал сол өлеңнің мәнінен өзіңізде көп нәрсе ұққан боларсыз.
Х.Н. – Ұққанда қандай?
С.Б. – Сол кездегі Ахаңның кітаптарының бәрі архивте бар деп ойлайсыз ба?
Х.Н. – Болуға тиісті. Ол кезде бәрі бар еді. Аударма «Қырық мысал», Маса» деген кітабы бар еді.
С.Б. – Тергеуді сіз жүргіздіңіз. Дегенмен әркім әртүрлі айтады. Тергеуді сіз жүргізді дегеннің өзі оңай емес қой. Солай емес пе?
Х.Н. – Әрине.
С.Б. – Қазір қалай ойлайсыз? Сол тергеуді сол кезде бекер жүргіздім-ау деп өкінбейсіз бе, кейде?
Х.Н. –Тапсырылғасын. Солдат емеспін бе! Осы істі маған бер деп сұрап алған жоқпын. Бас салып тапсырады. Как солдат революции. Істейсің.
Т.С. – Хамза аға, Ахаңды көрген-білгеніңізді жас ұрпаққа айтып келесіз. Сол кездегі қазақтың алдыңғы қатарлы зиялыларының бірі ретінде ұғып, түсініпсіз. Бірақ айтуға дәрмен жоқ кез ғой ол. Ал енді біздің ұрпақ Ахаңды өмірдде жарқырата көрсету үшін не істеу қажет деп ойлайсыз?
Х.Н. – Ахаң ұрпаққа үлгі боларлық адам. Ғалымдылығымен, әділдігімен олар дүниеге сирек келер біртуарлар ғой. Сондықтан құрметтеу керек Ахаңды. Еңбектерін халыққа көп таратып, жер-жерде насихаттаған жөн. Бір ғана «Қырық мысал» кітабында қаншама ғибратты мағына бар (Хамза аға бізге Ахаңның Крыловтан аударған «Арыстан мен түлкі» туралы ұзақ мысалын жатқа оқып берді)
Міне, осы мысалды аудара келіп Ахаңның өзі:
Кісіге таза жолдас табу қиын,
Көбін-ақ дос қылады мал мен бұйым.
Досың мен дұшпаныңнан бірден сақтан,
Басыңда сірә Ахмет болса миың.
Ойлама, шын достарым мол екен деп,
Сөзіне ере берме жол екен деп.
Досым деп қиын іске қайрап салған,
Білгейсің нағыз дұшпан сол екен деп, – қорытындылайды.
Сосын Ахметті мектеп оқулықтарына кіргізу керек. Оқулық беттеріндегі алғашқы орын Ахаңдікі болуға тиіс.
– Аға, енді әңгімеңізге көп рахмет дейміз. Сізге әлде де ұзақ ғұмыр тілейміз. Сексен беске келдім деп отырсыз (Хақаң күліп «сексен сегізге келдім» деді). Ортамызда аман-сау жүре беріңіз. Тірі тарих деп білеміз сізді.
Х.Н. – Мен бір «живая справкасымын» ғой өмірдің. Тірі тарихпын ғой, мен...
«Торғай таңы» газетінің меншікті тілшісі –
Төлеген Сейдахметов,
Аудандық радиокомитеттің тілшісі –
Сұлтанғали Бейсекеев,
Амангелді ауданы, Торғай облыстық «Торғай таңы» газеті, 1991 жыл, 8 маусым