Аяғанды аялай алдық па біз?

Аяғанды аялай алдық па біз?

Қазақ киносының тарихына екі сериялы «АЛЖИР. Біз куәміз» деректі-публицистикалық және ««««Жансебіл  көркем фильмімен бірге «Бәйтерек», «Жамбыл», «Әнуар Молдабеков», «Жұмат Шанин», «Толғау» т.б. деректі киноленталары арқылы енген кинорежиссер Аяған Қуандықұлы Шәжімбай тірі болса, жетпіске толар еді... Бар дүниелерін көрермендер үлкен серпіліспен қабылдап, мерзімдік басылымдар жан жадыратар мақалалар жариялаған азаматтың мерейтойы өзі туып-өскен Солтүстік Қазақстан облысында аталып өтпекші. Халқымызбен бірге жасай беретін экрандық дүниелері арқылы кеңінен танылған А.Шәжімбай ескерусіз қалмады: Алматы, Астана мен Петропавл қалаларында көше аттары берілген. Есіл ауданының орталығы Явленко ауылындағы білім алған №3 қазақ орта мектебіне есімі беріліп, мүсіні қойылған. Сондай-ақ, Петропавл қаласындағы оқыған мектеп-интернат музейінде арнайы бұрышы ашылып, ескерткіш тақтасы ілінген. Біз айтулы тұлғаны сағынышпен еске ала отырып, ол туралы төмендегі материалды ұсынып отырмыз. 

ҚАЗАҚТЫҢ ТАҒДЫРЫН ЭКРАНҒА КӨШІРГЕН РЕЖИССЕР | Қазақ Әдебиеті - QazaqAdebieti

Қайраты  қайсар жан еді...

Аяған – менің жастық шағымның куәсі. Тазалықтың, адалдық, достық деген әдемі кезеңнің критерийі. Өмір таусылмайтындай ұзақ, ал кәрілік келмейтіндей, алаңсыз жастықтың шуағына бөленіп жүрген тәтті уақыттар. Аяған қызық жігіт еді. Қандай жағдай болмасын көзі күлімдеп тұратын. Ешқандай қулықтың, арам пиғылдың сызаты жоқ, таза жігіт еді. 

Мен 1974 жылы флоттан қайтып келіп, оқуымды жалғастырдым. Анна Гайфуловна деген оқу бөлімінің меңгерушісі, өзі бір әдемі, сұлу кісі болды. Енді ойласам, сол кездері 30-дың арғы-бергі жағы екен ғой. Әйел адамға сырғаның жарасатыны жайлы сонда ой түйдім. Сол кісі «старосталарың әскерден оралды, күзде келеді. Группаның старостасы – Балтабай» деп ескертіп қойыпты. Сонымен күзде оқуға жиналдық. Екі группа, бәрі де әдемі, өрімдей жас қыздар мен жігіттер. Осындай әдеміліктің ішінде жүргенде өзіңді бақытты сезінесің. Кешке жатақханаға жиналып, бөлмелерге орналасуымыз керек еді. Мен, Жексен, Серік, Құдайберген деген жігіттермен бірге бір бөлмеге түстім де, заттарымды алып кешкісін келетін болдым. Қалғандары бөлмелерін бөлісіп алды да, солай қарай жүріп кетті. Қараңғы түсе мен келдім. Бәрі үрпиісіп, менің бөлмеме жиналды. 

– Не болды? 

– Мұнда жоғарғы курстың жігіттері келіп, кешкісін столда мұншама арақ, тіске басар тұратын болсын. Егер болмаса күл-талқандарыңды шығарамыз деп кетті, – дейді. 

– Жарайды, келсін, қорықпаңдар, – дедім.

Олар бұлардың барлығы сарыауыз, мектептен кеше ғана келген босөкпелер деп ойласа керек. Не керек, кешкісін әлгі жігіттер келді. Цирк бөлімі, көркемсөз жанрының жігіттері. Содан дәлізге шығып, екі жаққа бөлініп тұра қалдық. Олар бірден талаптарының орындалуын айтты. Мен жәйлап қана: «Әй, жігіттер, мен бірінші курсты бітіріп, әскерге кеткенде сендер мектепте жүргенсіңдер. Кімді басынғыларың келіп тұр?» – деп едім, олар екіленіп кетті. Ары қарай қайдан шыдам жетсін, мен төбелесті бастап кеп жібердім. Әп-сәтте ұйпа-тұйпасын шығардық. Бір-екеуін әжетханаға кіргізіп, сөйлесіп те алдым. Сонда байқадым, Аяған басқа студенттерге қарағанда өжет, ештеңеден қаймықпайтын жігіт екенін. Демек, сондай сәттерде арқаға алып, майданға түсе беруге болатынын білдім. Ертесіне тағы үлкендері келді, олардың да жағдайы солай аяқталды. Содан қайтып біздің драма студенттеріне ешкім жақындай алмайтын болды. 

 

Үнемі көзі күлімдеп тұратын

Бізде Венямин Филипович Ким деген ұстазымыз бар-тын. Сахна қимылы, фехтование, ритмикадан сабақ беретін. Орыс ТЮЗ-інде актер болып қызмет жасайтын. Кезекті сабақ үстінде әртүрлі уақиғаға байланысты адамның ішкі жан дүниесін білдіретін эксперимент жасап жатқанбыз. Кезек Аяғанға жетті. Қуанышты сәттерді әдемі келтіріп, ойнап беріп жатыр. Бір мезетте ұстазымыз айқайды салсын: 

– Сен неге өзгермейсің, сен дұрыс сезінбейсің. Неге көзің өзгермейді, неге күліп тұрады? – деп әбден әуреледі. Жаңадан танысып жатқан кезіміз ғой, Аяғанды әлі біліп болмағанбыз. Бір кезде қайтер екен, өзгере ме, жоқ па деген оймен ұстаз Аяғанның жағынан шапалақпен салып қалды. Аяған орнынан атып тұрып, оны ұруға әрекеттенген сәтте Венямин Филипович күліп жіберді де: 

– Таң қаламын, көзі өзгермейтін адамды көргенім осы, – деп отыра кетті. Айош болса, ашудан дірілдеп, көзі болса сол бұрынғыша күлімдеп тұр... 

Кейінірек, екінші семестр басталған шақ еді. Біз жұптас этюдтар жасап жүргенбіз. Аяған мен Алма екеуі этюд жасапты. Бәрін әрекетпен көрсетуіміз керек. Соңында ғана бір ауыз сөз айтуға болады. Екеуі бірін-бірі жақсы көретін екі жас, бірақ сүйетінін білдіре алмай жүргені жайында жасапты. Ең соңында Аяған тізерлеп отыра қалып: 

– Алма, мен сені сүйемін! – дегені. Бәріміз ду күлдік. Райымбек ағаның екі көзінен жас аққанша күлді. 

– Міне, көрдің бе, этюдтің арқасында Алманы сүйетініңді шынайы жеткіздің, – деп, екеуіне «5» деген баға қойды. Сөйтіп, Аяған-Айош болды да, Алма Сандуғаш деген тұңғышына аяғы ауырлап, босанып, дипломдық жұмысқа бір-ақ келді.

Міне, сондай достан айырылғанда жанға ауыр тиеді екен, мен үшін оның орны үңірейіп тұрады. Кейде екеуміз күресетінбіз. Оның салмағы менен жеңілдеу, ол самбис, ал мен еркін күреспен айналысқан кездерім болды. Сонда да менен жығылып көрген емес. Екеуіміз өкпеміз күйгенше алысатынбыз. Қайратты, қайсар жігіт болатын. Екі жылдық студияны бітірген жылы мен киноға кеттім, кетерде түлектердің кешін өткізетін мейрамхана, сурет, т. б. ұйымдастыру жұмыстарын Аяған мен Анета деген Атыраудың қызы болатын, екеуіне табыстап кеттім. Ең сенімдісі сол екеуі болған шығар. Анета да мінезі мен ісі ерлерге бергісіз, курста сыйлы болатын. Қазір Атырауда театрда актриса болып қызмет жасайды. Мен курстастарыма ризамын.  Мені әлі күнге дейін сол курстың старостасы, студсоветтің төрағасы ретінде сыйлап, құрметтеп жүреді. Солай, алаңсыз екі жылдың қалай өткенін де сезбей, Аяған екеуіміз Қарағанды театрынан бір-ақ шықтық.

Аяған болса, өзіммен бірге бітіріп барған, сыр мінез, ескі дос. Сондағы актерлердің көпшілігі студия бітіріп барғандар. Соның ішінен ең дараланып тұратыны, жақыны Аяған еді. С.Жүнісовтың «Тырау-тырау тырналарында» ол – Бақыт, мен военкомды ойнадым. Қ.Бекқожиннің «Абылай хан» үш актілі тарихи драмасында ол – Әмірсана, мен Абылайды ойнадым. І.Есенберлиннің «Ғашықтарында» Аяған Алмамен екеуі басты рольдерде, мен Аманжанның ролін ойнадым. Бас-аяғы екі жылда сегіздей спектакльде, басты  рольдерде  мен де, Аяған да ойнады-ау, шамасы. Қыс болатын, Аяған мен Алма «Юго-Восток» шағын ауданында тұратын. Боран болғанда жол жабылып, екеуі жиі-жиі біздің үйде қалып қоятын. Үй сондай жылы еді. Олардікі керісінше, салқындау болатын. Ақ ұрып, еденде аунап жататын. Бір күні таңертең Аяғанға «сен гастрономға бар, мен сыра алып келейін» дедім де, екеуміз екі жаққа шығып кеттік. Келсем, Айош отыр: «Балташ, оллахи, биллахи мен спортлотодан 5 номерін таптым», – деді. Мен айтам, неге алтау емес? Сөйтсем, үйдегілер «рас, 5 номері шығыпты» деді. Сол күні Айош, Алма үшеуіміз бригадамен Нұра ауданына кеттік. Ұтыс билеті үйде қалды. Тазалық қой, егер Айош арамдау болса немесе маған сенбесе, сонша байлықты тастап кете бере ме? Барған жағымыздан уақытылы қайта алмай, жол жабық, екі-үш күн артық жүріп қалдық. Содан не керек, ұтысты алып, Айош екі мың сомға байып шыға келді. Сол ұтыстан Айош маған: «Балташ, мынау сенің жолыңа», – деп, елу сом ақша берді. Өйткені ол кезде оқуға кетер, кетпесін әлі шешпеген еді. Мен кинодан барғанда Кеңес: «Балта, ақшаңды шығындамай үйге анау-мынау алып ал», – деп, екеуіміз дүкен аралап, театрдың автобусымен үйге жиһаз, телевизор сатып алғанбыз. Соны Айошқа айтып, мен де біраз дүниелер сатып алдырттым.  Үстінде қаракөл жағалы пальто, киімдері түзеліп, үйлері тәп-тәуір реттеліп қалды. Содан екі жыл өткен соң, Айошты театрға парторг етіп сайламақшы болды. «Ей, парторг болған соң, бітті, шыға алмай қаласың. Оқу жайына қалады. Кеттік ВГИК-ке», – деп, мен оны Алматыға алып кеткенмін. Кейін жатақханада 14 жыл тұрғанда: 

– Сен маған ренжіп жүрген жоқсың ба? Қарағандыда болсаң, 3-4 бөлмелі үйің болар еді, – деп сұрадым. 

– Балташ, саған рақмет! Парторг болар едім, кеңдеу үйім болар еді, бірақ творчество болмайтын еді ғой. Саған қайта рақмет айтуым керек, – дейтін еді. 

Алматыда ол «Қазақфильмде» жатақханада, мен «4-Орбита» шағын ауданында тұрамын. Ортамызды үлкен Алматы өзенінің үстіндегі көпір ғана бөліп тұратын. Кейде телефон шалып: 

– Ей, гүжбан, келсейші үйге, бір жарты бар еді, – дейтін. 

Барсам, Айош екі білекті түріп тастап, ыдыс жуып жатады. Алмаға көрсетпей көзін қысып қояды. Біле қоям, бірдеме бүлдіргенде Алмаға жағынып, ыдыс жуып, еден сүртетін әдеті. Содан бір қызығы, оның үйіне барсақ та, біздің үйге келсе де асықпайды ғой. Бәрін баппен ішіп, баппен жеп, баппен әңгіме айтып, не ол – мені, не мен оны көпірге дейін шығарып салып, үйге қайтатынбыз. Кейде «гүжбан, ей, үйде бірдеме бар ма?» деп сұрайтын. Бар десең, «қазір Алмашка екеуіміз барамыз, қазан көтертіп қой» дейді. Етті жақсы жейтін. Ол кезде шешем үйде, жазда ауылға әпкеме, күзде суық түсісімен бізге келетін. Айош: «Апа, біз Балташ екеуіміз көп ішпейміз, екі-ақ жарты», – дейтін. Апам: «Е, аз ішеді екенсіңдер», – дейтін. Кейіннен, ішкілікке салыңқырап кеткенде «Балташқа айтпа, ол білмей-ақ қойсын» деп Алмаға қатаң ескертеді екен. Кім біледі, жақсы дос болғаннан кейін жүрегі ауырмасын дегені болар.

 

«Жансебіл», «АЛЖИР»-ді түсірді. Содан соң...

Облыс театрында жүргенде выездной спектакльдер көп болады. Сондай сапардың бірі – ауылға клубтың алдына барып, заттарды түсіруге көмектестік те, әрқайсысымыз әр жаққа кеттік. Мен дүкенге кеткем. Сол арада ауылдың бір бұзығы келіп, бұларға тиісіп әлек салмай ма. «Мен түрмеден келген адаммын, қазір ойран етемін» дейді. Аузы толған боқтық сөз. Содан Айош: «Шынымен сескеніп қалдық. Сөйтіп тұрғанда сен көріндің, қолыңда бірдемелерің бар екен алған. Сосын мен айттым дейді «Әне, ана келе жатқан сақалды көрдің бе, түрмеде 5 жыл отырған, төбелеспен пышақ салғаны үшін», –  депті. Сөйтсе, әлгі ойланып тұрып-тұрып, зып беріп жоғалған. Мен келсем бәрі ішек-сілесі қатып, күліп отыр екен. Әсіресе, Айош екі көзінен жас парлап, әлгі әңгімені әзер айтты ғой. «Жаңағы жындыны сенің сұлбаңменен-ақ сұлатып салдым», – дейді... 

Айош режиссерлыққа құмар болды. Өзіне деген сенімі де нық еді. Бірнеше фильмдерде екінші режиссер бола жүріп, жасыратыны жоқ, сол кездері режиссерлер түсіру алаңына ессіз мас болып келетін тұстары жиі көрініс беретін. Сондай кезде Аяған білегін түріп тастап, түсіруге кірісіп кететін. Жоспар беру керек, «полезный метраж» деген болады. Оны орындамасаң, айлық жоқ. Солай тәжірибе жинап та алды. Кейін «АЛЖИР», «Жансебіл» фильмін түсірді. Одан кейін Ж.Қорғасбектің «Қасқыр адам» деген әңгімесінің желісімен фильм түсіруге кірісті. Мен басты рольді ойнауым керек еді. Аяған екеуміз бірнеше күн үйде отырып, сценарийдің бастан-аяқ жобасын ой елегінен өткізіп, детально дайындап қағаз бетіне түсіруіміз керек болды. Сол кезде Аяған кішкене ішуді бастап кетті. «Мынаны жазайық» десем:

– Балташ, сен жаза берші, – деді. 

– Мен жазғанменен болмайды ғой, екеуіміз отырып бітірейік, – деймін, – көнбеді. 

Сол дүниеге байланысты көп адамдар Ардақ Әмірқұловты кінәлайды. Ардақ сол кезде «Қазақфильмді» басқаратын. Мен оған кіргенімде, менің алдыма сценарийдің жобасын тастады. 10-12 беттен аспайды.

– Міне, толық метражды сценарий, мұны қалай жіберем. «Қалғаны қайда?» – десем, «басымда» дейді. Мен оның басында не жатқанын қайдан білем, – деді. Толыққанды сценарий жазылмаған соң, кино түсірілмеді. 

Кейін Айош қайтқан соң, бас-                аяғында өзіміз жүріп жөнелттік. Сонда Сламбек Тәуекелов: «Балтабай, екеуің бастап едіңдер, сен өзің қолға алып, жалғастырарсың», – деді. Бірақ ол сөз жүзінде қалды. Міне, Аяған досым осылайша менің көз алдымда да, санамда да қалып қойды. Кей уақытта Аяғанды, Шакизада Құттыаяқовты, Ерсайын Абдрахмановты сағынамын. Бірақ олар қайтып келмейтін, мәңгі ұйқыға кеткен достар. Түсімде ғана көріп, сырласамын. Аяған: «Балташ, мұнда ішім пысып жүр», – дейді.

 

Талғат екеуміз неге жыладық?

Мына жалғанда көп алысып, көп қиындықты басынан өткізген досым 4 бөлмелі пәтердің де қызығын көре алмады. Тірі жүргенде 60-қа келетін еді. Жан досым, таза азамат, еңбекқор, ізденгіш арманын түгел орындай алмай кетті. 

Енді міне, сол Айош жайында кітап жазып, естеліктерімізді жарыққа шығару досым Талғат екеуіміздің міндетіміз болып отыр. Бұл біздің міндетіміз ғана емес, парызымыз деп білем. 

Бірде, қақаған желтоқсан айы болатын. Біздің театрда 1986 жылы 16 желтоқсан оқиғасына байланысты саяси сотталып келген Үсіпхан Сейтімбетов пен әйелі Гүлнәр екеуінің отау құрғанына 15 жыл толуына байланысты той болды. Құрметті қонақ ретінде әйелімізбен екеуіміз сол тойда болдық. Кірсем, Талғат отыр, әйелі Нұрбақыт екеуі. 

– Оу, сендер мұнда қайдан жүрсіңдер? – дедім.

Ол кезде Талғат «Арай» журналында қызмет жасайтын. Желтоқсан оқиғасы жөнінде сол журнал бетінде Талғат бірталай материал жазған болатын. Той барысында адамның эмоциясына әсер ететін талай әңгімелер айтылды. Түн ортасы, масайып та қалдық. Содан үзіліс кезінде Талғат екеуіміз дәліздегі барға келдік. Жаңағы стол басында ішкеніміз аз болғандай, сол жерде екеуден-екеу тағы іштік. Әңгіме Аяғанға келгенде мен оған: «Сен неге хабарласпай кеттің?» – деп едім, Талғат та мінезі жұмсақ, көнбіс жігіт қой, аса ақталмаса да кінәлі болып тұр. Содан мен: «Сен айтшы, біз екеуіміз кімбіз? Доспыз ба, әлде Аяғанның достықты аманат етіп тастап кеткен жай ғана адамдарымыз ба?» – дедім. Талғаттың да көңілі бос, мен де жетісіп тұрғаным жоқ. Екеуіміз жанымыздан өтіп жатқандарда шаруамыз жоқ, дода-дода болып жылап тұрмыз. Аяғанды айтқан сайын көңіліміз босап, бой берер емес. Сосын Талғат айтты: «Жоқ, біз екеуіміз доспыз», – деді. Құшақтасып тағы да іштік. Қасымызға Нұрбақыт келді: «Сендерге не болды? Мына кісілерден ұят емес пе?» – дейді. Біз оған көнеміз бе, мән береміз бе. Талғат айтты: «Кеттік біздің үйге, достығымызды жуамыз», – деп. Сөйтіп, таңға дейін Талғаттардыкінде болып, үйге ертесіне бір-ақ қайтқанбыз. Әлі күнге дейін жиын-тойларда Аяғанға қатысты отырыстарда да көзіме жас келіп, өзіме-өзім билік айта алмайтын жағдайда болам. 

Осы естелікті жазып отырып та көзімнің жасын бірнеше мәрте сүртіп алдым. Жақсы достардың біразы өмірден озды. Енді осы Талғат досым аман болсын. Өзінің денесі кішкентай болғанымен, жүрегіне бүкіл әлем сиятындай үлкен, кең. Дос деген атқа лайық, қуансаң да, ренжісең де қасыңнан табылатын Талғат. Түн демей, күн демей үйге сағынған сәтте кіріп келетін де Талғат. Беймезгіл уақытта үйіне шақырып жататын да досымыз Талғат. Осы кітапқа бел шешіп кірісіп жатқан да Талғат. 

Аяғанның мамасы көзі тірі кезінде жылына бір рет Алматыға келіп кететін. Сонда біз де Алмаларды, Талғаттардың басын қосып, жиналушы едік. Ол үлкен кісі де дүниеден озды, жатқан жері жайлы болсын!  Өле-өлгенше Аяғаным деп кетті жарықтық. Адал досқа деген махаббат та ана мен баланың махаббаттына пара-пар ма деймін. Өйткені екеуі де кіршіксіз таза, ақ тілектен тұрады екен ғой... 

Балтабай СЕЙІТМАМЫТҰЛЫ, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері
19.12.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 36
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 89
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 28
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 36
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 41
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 35
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 83
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 89
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 283
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 278
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 899

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8977
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8371
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11597
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9355
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10581