Байзақтағы табыстар мен игі істер – ел мерейі

Байзақтағы табыстар  мен игі істер  – ел мерейі

«Ауыл аманаты – ел аманаты» атты «АMANAT» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі,  

«Ардагерлер кеңесі» РҚБ, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты, «Qazaqstan dauiri» газеті, «Мөлдір бұлақ» журналының бірлескен экспедициясы Жамбыл облысында

 

 

Байзақ ауданы

 

Жамбыл жеріндегі жұмыс сапары  Байзақта жалғасты

 

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты аясында ел мұңын билікке жеткізуді өзіне міндет санаған «Qazaqstan dauiri» газеті экспедициясы жыл сайынғы дәстүр бойынша Жамбыл облысына ат басын тірегені жайлы газетіміздің алдыңғы сандарында жазған болатынбыз. Басылымның Бас директоры Сәуле Мешітбайқызының бастамасымен қолға алынған экспедиция аясында бұған дейін еліміздің 16 өңіріндегі мәселелер қозғалды, жазылды. Халық қалауын биліктегілерге жеткізуді мақсат тұтқан экспедицияның жұмыс сапары Байзақ ауданында жалғасты.

 

Жемісті жобаның игілігін көргендер көп 

 

Осы мақсатта Жамбыл өңіріне арнайы сапармен келген Сәуле Мешітбайқызы  Байзақ ауданына ат басын бұрып, аудандағы «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысымен танысып, әлеуметтік салалардағы түрлі мәселелерге баса мән берді. Экспедиция басшысы алдымен Үлгілі ауылына барып, мұндағы «Ауыл аманаты» жобасының игіліктерін көріп қайтты. 

Еске сала кетсек, «Ауыл аманаты» жобасы 2019 жылдан бастап «Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыру» пилоттық жобасы ретінде дәл осы өңірден бастау алған болатын. Жалпы 5 бағыттан тұратын жоба аясында Байзақ ауданы бойынша, 2019-2020 жылдар аралығында Қостөбе және Түймекент ауылдық округтерінде, 2021 жылы Үлгілі ауылдық округінде нәтижелі іске асқан. Бұл бастамаларға барлығы

1 миллиард 991,8 миллион теңге қарастырылған. Жоба аясында жалпы 12 514 бас мал мен құс, 43 ауылшаруашылығы техникалары сатып алынып, ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу бағытына 73,3 миллион  теңгеге 12 жоба іске асқан. Игі бастаманың шапағатын көргендердің бірі – Үлгілі ауылының тұрғыны Ләйлә Бесбаева. Үй іргесіндегі жер телімін пайдалану бағыты бойынша мемлекеттен 3,3 миллион теңге несие алып, ауласынан тігін цехын ашқан тұрғын бүгінде кәсібінің нәсібін көруде. Ол алған несиесіне арнайы заманауи тігін машинасын алып, көрпе түрлерін тігуді қолға алған. Бүгінде мұнда қыз жасауына қажетті көрпе түрлері мен қамыр жаймасын төсеуге арналған сыпыра бұйымы да тігіледі. Ал, оларға ою-өрнек салу, көрпешелердің тігісін жүргізу сынды біршама істі осы арнайы станок атқарады. Тек оған нақты тапсырмалар жүктелсе болғаны.

– Тігіншілік – бала кезімнен айналысатын сүйікті ісім. Бүгінде осы қызығушылығымызды кәсіпке айналдырып, табысқа кенеліп отырмыз. Мұндағы көрпе-жастық түрлері тапсырыспен тігіліп, әлеуметтік желі арқылы да сатылады,  базардағы сату орындарына да көтерме бағамен өткізіледі. Жүйкеге жүк болатын қол жұмысының басым көпшілігін арнайы құрылғымыз атқарады. Біз тек көрпенің құрағын құрап, құрылғыға бағыт-бағдар беріп отырамыз. Бүгінде бұл ісіміз отбасылық кәсіпке айналды. Көрпені құрауда қызым, оны сатып алушыға жеткізуде ұлым қолғабыс етсе, жұбайым құрылғымен жұмыста көмектеседі. Алдағы уақытта құны 1,8 миллион теңге болатын қытайлық құрылғыға тапсырыс беріп, кәсібімізді кеңейтсек дейміз. Сол арқылы көрпе ішіне мақта тігу жұмыстары жеңілдеп, жұмысқа жұмсалған уақытты үнемдеу мүмкіндігі туындар еді, – дейді кәсіпкер Ләйлә Келісбекқызы. 

Ауылдық округте өз кәсібін ашқандардың тағы бірі – Мақсатбек Ақышев. Ол мемлекеттен 4,8 миллион теңге несие алып, өз ауласында жылыжай соққан. Үш сотық жерге орналастырылған жылыжайда өсімдікке қажетті жарық пен жылу жағдайы толығымен жасалған. Мұнда маусымдық кезеңге сай жаз айларында қызанақ, қияр, қарбыз түрлері егілсе, қыстың күні пияз өсіру ісі қолға алынған. Үш жыл бұрын басталған тірлік бүгінде өз нәтижесін беріп те отыр. Кәсіпкердің тиянақты тіршілігіне жолдасы Бақыткүл де көмектесуде.

– Жыл мезгіліне байланысты қазірде мұнда пияз өсіріп отырмыз. Оның өзегін алып тастап, сабақтарын 6-7 данадан топтастырып, базар дүңгіршектеріне өткіземіз. Мұның бәрі үлкен ден қойылып жасалатын шаруа. Өйткені, өнімді жиғанда оның тамырын жұлмай, сабағына зақым келтірмей тазалап алу маңызды. Бұл процестерге адам тартып, жұмыспен қамтып отырамыз. Қазір жылыжайға қажетті барлық жағдай жасалған. Алғашында аумақтың жер бедері сазды топырақ болған соң, қажетті жер телімі құнарлы топырақпен алмастырылып, жылыту қондырғылары орналастырылды. Қазір жылыжайдың сыртқы қабатын қалыңдау жұмыстары аяқталып отыр, – дейді кәсіпкердің жұбайы Бақыткүл Ертілесова.

Кәсіпкерлердің қарымды жұмыстары мен табанды талабын көрген Сәуле Мешітбайқызы еңбек адамдарының бастамаларына табыс тіледі. Еске сала кетсек, жалпы ауданда 2024 жылы «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауданның 17 ауылдық округінен 188 жоба іске асырылады деп болжамдалуда. Жоба іске асқан жағдайда 390 жұмыс орны ашылмақ.

 

Жаңа  аурухана құрылысы  қашан қолға  алынады?

 

Сәуле Мешітбайқызы сапар барысында Сарыкемер ауылындағы жаңа емханаға барды. Заманауи жоғары технологиялық құрылғылармен жабдықталған емханада аудан тұрғындарына 260-тан аса дәрігер, орта және кіші санаттағы медицина қызметкерлері қызмет көрсетеді. Облыстағы алдыңғы қатарлы теңдессіз ғимаратта компьютерлік томография, цифрлық рентген және маммография аппараттары бар.

 Нысанның ашылуы салтанатына арнайы ат басын бұрған Мемлекет басшысы «2023-2024 жылдары өңірде 30 медицина  нысанын салу жоспарланған. Былтыр медицина қызметкерлерінің жалақысы 20-30 пайызға артты. Биыл тағы сондай көлемде өседі. «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында республика бойынша 309 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаны салынып, 12 орталық аудандық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 

Ұлттық жоба аясында денсаулық сақтау ұйымдарын 575 дана заманауи медициналық құрылғымен жабдықтау қарастырылған. 2023 жылы қосымша 2,4 миллионнан астам ауыл халқы арнаулы медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі» деп атап өткен болатын. Бұл осы нәтижелі жұмыстың нақты көрінісі.

Десек те, 107 мыңнан астам тұрғынымен облыста адам саны бойынша екінші орынды алатын аудан үшін бұл аздық ететіні де түсінікті. Сондықтан алдағы уақытта емхана жанынан жаңа аурухана салу жоспарланған. Байзақ аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Жандос Рысқұловтың айтуынша, аталған жоба қаржылық мәселелерге байланысты 2027 жылға кейінге қалдырылған.     

 

Бұған дейін аудан тұрғындарының басым көпшілігі облыс орталығына барып емделетін. Қазір емделушілер осында көп келеді. Өйткені 132 адамдық аудандағы орталық аурухананың тозығы жетіп отыр. Орын тапшылығына байланысты емханаға бюджеттен арнайы қаржы бөлгізіп, қосымша 30 төсек орын қосып, емделушілерді Тараз қаласына сабылтпай осында қабылдап отырмыз. Сол себептен аурухана маңынан талапқа сай 200 адамдық аурухана қажет. Бұған біздің кадрлық, базалық мүмкіндіктеріміз жеткілікті. Осында басшы болып келгелі облыстағы білікті мамандарды осында шақырып жұмыс беріп отырмыз. Олардың барлығы да халық игілігіне қызмет атқаруда, – деді бас дәрігер Жандос Ордабайұлы.

Емхананың мол мүмкіндіктерімен танысқан Сәуле Мешітбайқызы өз кезегінде аталған мәселенің маңызды екендігін, халық саны бойынша алдыңғы орында тұрған Қордай ауданының өзінде аурухана мәселесі өзекті болып отырғандығын алға тартып, ақ халаттылардың өтінішін құзырлы мекемелерге жеткізетіндігін атап өтті. 

 

Инфрақұрылым –  ел игілігіне

   

Халықты сапалы тұрғын үймен қамту – маңызды міндеттердің бірі.  Бұл бағытта мемлекеттік бағдарламалар аясында кешенді жұмыстар іске асып келеді. Экспедиция аясында Сәуле Мешітбайқызы Сарыкемер ауылында жаңадан бой көтерген Әл-Фараби шағынауданындағы көппәтерлі үйлердің жай-күйімен танысты. Жамбыл облысы әкімі Ербол Қарашөкеевтің  тапсырмасына сәйкес өткен жылы қала тұрғындарын баспанамен қамту мақсатында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бойынша 60 баспана табысталған. Бұл жұмыстар аудандарда да жалғасын тауып, қыркүйек айында «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес 240 пәтерлі 4 көпқабатты үй халық игілігіне берілген болатын. 

– Жыл санап Байзақ ауданында ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда. Жаңа жұмыс орындары ашылып, аудан халқының саны артып келеді. Осы орайда, тұрғын үй кезегіне сұраныстың артып отырғаны белгілі. Мемлекеттің басым бағыттарының бірі – баспана мәселесін барынша шешу. Бұл бағытта «Асарлатып үй салу» жобасы аясында өткен жылы 10 баспана пайдалануға берілсе, осы жылы 15 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Ал, жыл соңына дейін аумақта 120 пәтерлі екі көпқабатты үй пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр, – дейді Байзақ аудандық әкімінің орынбасары Дулат Жақыпбеков.

Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, аталған аумақта  кәріз жүйесі де жаңадан іске қосылған. Он көпқабатты үйге арналған кәріз жүйесі ерекшелігі жаңа технологиялар есебінен қалдықтарды өңдеп, қоқыс көлемін айтарлықтай дәрежеде төмендете білуінде. Қазірдің өзінде ай сайын мұнда бір жүк көлігі шамасында ғана қоқыс шығарылады екен. Ресейлік мамандардың мердігерлігімен салынған жобаның кепілдігі бес жылды құрайды. Аумақта бүгінде 4 төрт көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2 тұрғын үй өз кезегін күтуде десек, кәріз жүйесі әлі де 4 көпқабатты тұрғын үйді қамтуға қауқарлы.    

«Ауыл аманаты – ел аманаты» бірлескен экспедициясының басым бағыттарының бірі – ұлттық санаға қозғау салу. Өйткені, ұрпақ тәрбиесіне мән беріп, ұлттық сананы қалыптастырмай, әлеуметтік-экономикалық жетістіктерге қол жеткізу мүмкін емес. Осы мақсатта Сәуле Мешітбайқызы Сарыкемер ауылындағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып,  оқу жылының басында пайдалануға берілген жаңа білім ордасының жай-күйімен танысты. 

Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен бой көтерген білім ордасы 600 балаға шақталған. Мұнда оқушылар үшін барлық жағдай қарастырылып, кабинеттер техниканың соңғы үлгісімен жабдықталған. Ғимаратта 35 оқу бөлмесі, 2 спорт зал, 2 компьютер кабинеті, мәжіліс залы, кітапхана және асхана, ұлдар мен қыздарға арналған шеберхана қарастырылған.

Бұдан бөлек, балаларға оқулықтар мен жеке заттарын сақтауға арналған жеке шкафтар қойылған. Бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында жайлы мектепке толығымен бейнебақылау камерасы, сондай-ақ жеделсаты орнатылған. Білім ошағында, тіпті соңғы технологиялармен жабдықталған арнайы студия да жұмыс жасайды. Мұнда оқушылар дағдыларын шыңдап, мектепке арнайы ат басын бұрған қонақтармен сұхбат құру да дәстүрге айналған.  

Сапар барысында Сәуле Мешітбайқызы қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Аружан Әбдіхалықовамен сұхбат құрып, тағылымды ой-пікірлерімен бөлісті. 

Болашағын ойлаған кез келген ел алдымен білім беру ісіне айрықша мән берген. Болашақ ұрпақтың дені сау, білімді, тәрбиелі, мәдениетті болуына жағдай жасау Президентіміздің басты назарында.

Міне, бүгін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында балалардың игілігіне берілген мектептің артықшылықтарына куә болып отырмыз. Осындай жаңа мектепте балалардың шамшырағын жағуға атсалысып жүрген ұстаздар да бақытты. Өзім талай жыл осы салада қызмет еткен ұстаз ретінде әріптестеріме қызыға қарап отырмын. Алдағы уақытта барша қазақ мектептері осындай дәрежеде болса екен деймін, – деді Сәуле Мешітбайқызы ізгі тілек лебізін білдіріп. 

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жамбыл өңірінде 12 мектеп салу жоспарланған. Бүгінде оның 3-еуі ел игілігіне берілді.   

 

Келелі кездесуде  көтерілген  мәселе жетерлік

 

Ал, экспедиция соңы осы білім ордасындағы келелі кездесумен қорытындыланды. Басқосуға Байзақ ауданы әкімінің міндетін атқарушы Болат Сағымбеков, Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Бақыт Сейтімбетова мен ауыл әкімдері, медицина, білім саласының өкілдері қатысты. Жиында Бақыт Сейтімбетова облыста қолға алынғалы отырған мал шаруашылығына қатысты тауарлы несие жобасы жайының мүмкіндіктерін атап өтті. Еске сала кетсек, аталған бастама «Ауыл аманаты» жобасының мал шаруашылығы бағыты бойынша Жамбыл өңірінде өсім байқалмауына байланысты қолға алынған болатын. Бұл жайында вице-премьер Тамара Дүйсенованың өңірге жұмыс сапары барысында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек атап өткен болатын. 

– 2023 жылы мал шаруашылығымен айналысушылар тарапынан 152 мың бас мал сатып алынған. Алайда оның он пайызға жуық мөлшері ғана сырттан келген. Яғни,  мал басы облыстың ішкі айналымында жүру салдарынан өсім байқалмай отыр. Сондықтан биыл жобаның бұл бағытын қаржыландыру тоқтатылып отыр. Оның орнына кәсіпкерлерге тауарлық несие беру тетіктерін қарастырудамыз. Мұнда әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен кәсіп бастаушы және тәжірибелі кәсіпкерлер үштік негізде жұмыс жасайды. Яғни, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы кәсіп бастаушының кепілдігіне жауапкершілік танытады. Соның негізінде үлкен шаруашылық иесі кәсіп бастаушыға 50 бас қой мен 5 сиырға дейін несие береді. Өз кезегінде кәсіп бастаушы жыл сайын мал басының төлі есебінен несиесін өтеп отырады. Мал басы сақтандырылып, мемлекет тарапынан 80 пайыздық қаржы субсидияланады, – деген еді Әбілқайыр Ғалымұлы.

Бұдан бөлек, басқосуда Байзақ ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Еркебай Рсалиев ауданда аталған жоба аясында іске асқан жұмыстардың барысымен таныстырып өтті. 

– Байзақ ауданы бойынша 2019-2020 жылдар аралығында Қостөбе және Түймекент ауылдық округтерінде, 2021 жылы Үлгілі ауылдық округінде нәтижелі іске асты.  

2022 жылдан бастап «Ауыл аманаты» жобасы болып аталып, жобаға Жалғызтөбе ауылдық округі енді. Жоба аясында, ауылдық округ бойынша 143 азамат несие алуға ұсыныс беріп, 138 азамат жалпы 886,2 миллион теңге несие алды. Бұл алынған несиелерге 4816 бас мал, 12 дана ауыл шаруашылығы техникалары алынып және ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу бағытына 13 миллион теңгеге екі жоба іске асты. Өткен 2023 жылы аудан бойынша жобаға Ынтымақ және Көптерек ауылдық округтері ұсынылып, жұмыстар атқарылды. 

Нәтижесінде, екі ауылдық округ бойынша жалпы 345 азамат 2 миллиард 213 миллион теңге несие алды. Алынған қаражатқа, екі ауылдық округ бойынша 13041 бас мал, 9 дана ауылшаруашылығы техникалары алынып және ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу бағытына 10,8 миллион теңгеге төрт жоба іске асты. Бүгінгі күнге аудан бойынша «Ауыл аманаты» жобасына алты ауылдық округ енгізіліп, 1091 азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмыс атқаруда, – деді Еркебай Жарқынбекұлы. 

 

Сонымен қатар жиында қатысушылар тарапынан түрлі сауалдар қойылып, ұсыныс-пікірлер де айтылды. Мәселен, Бурыл ауылдық округінің әкімі Ерлан Әбенұлы аталған жобаның процестеріне ауыл әкімдерінің араласуына мүмкіндік беру қажеттігін жеткізді. Сол арқылы мүлікті қою арқылы сақтандыру, бағыт беру ісі жеңілдемек. Оның айтуынша, бұл қаржының тиімді игеріліп, нақты мұқтаж жанға жетуіне мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, басқосуда ұстаздар тарапынан тауарлы несиені басшылық құрамға алуына мүмкіндік қарастыру, алғашқы әскери дайындық пәніне оқуға арналған қару-жарақ макеттерін қайтару, балаларды ерте еңбекке араластыру, жынысты сауаттылық семинар-курстарына шектеу қою мен оқушыларды тәжірибе алаңына айналдыруды тоқтату секілді ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар, жиында жастарды жұмыссыздықпен қамту бағытында қолға алынған «Жастар практикасы» жобасының кемшіліктері де қозғалды. Нақтырақ айтсақ, аталған жобамен жұмысқа орналасқан жастар бір жыл уақыттан соң жұмыссыз қалып, статистикада жұмыспен қамтылғандар қатарында қалып кететін ақаулар бар екендігі айтылды. 

Жиын   соңында   Сәуле   Мешітбайқызы ұрпақ тәрбиесі, ұлт санасын қалыптастыру бағытында тағылымды әңгіме өрбітіп, жиылғандардың ұсыныстарын Ауыл шаруашылығы, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне жеткізетіндігін айтып өтті. 

Нұрболат АМАНБЕК, Жамбыл облысы, Байзақ ауданы
14.12.2024

Ұқсас жаңалықтар

Байзақтағы табыстар  мен игі істер  – ел мерейі
Нұрболат АМАНБЕК, Жамбыл облысы, Байзақ ауданы - 14.12.2024 423
Еңбектің тайқазанын қайнатқан  жамбылдықтар көпке үлгі
Дариха ҮМБЕТИЯРОВА, Жамбыл облысы - 14.12.2024 487
Қордайдағы игі істер мен табыстар – ел мерейі
Жандос ОМАРОВ, Жамбыл облысы Қордай ауданы - 14.12.2024 441
Еңбектің тайқазанын қайнатқан  жамбылдықтар көпке үлгі
Дариха ҮМБЕТИЯРОВА, Жамбыл облысы - 14.12.2024 472
ӘУЛИЕАТАЛЫҚТАРДЫҢ  ТОЙ МӘДЕНИЕТІ ТУРАЛЫ  ҮНДЕУІ ҚОЛДАУҒА ЛАЙЫҚ
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері - 12.12.2024 663

Топ жаңалықтар

1
Хоккейдегі миллиондар кімдерге кетіп жатыр?
Show more
Айым Кенес - 2024-12-05 1159
2
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 11143
3
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 10085
4
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 13330
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 12288