2024 жыл қазақ үшін, қазақ билігі үшін ауыр жыл болды. Орман өрттері мен су тасқыны-ақ (басқасын айтпай-ақ қояйын) төтенше жағдайларға қаншалықты дайын емес екенімізді көрсетіп берді. Әлі де олқы тұстарымыз бен кемшін тұстарымыз жетерлік екен. Артының қайырын берсін! Ел-жұртымыз аман болсын! Бар жамандық ескі жылмен кетсін!
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев әбден былыққа батқан, жемқорлық жайлап, оның тамыры тереңге тартқан кезеңде билікті қолға алды. Содан да болар, ашынған халық көп, кері кеткен шаруа мол. Жаңа Президентті аяқтан шалып, қақпақыл еткісі келгендерді де халық көріп отыр.
Мысық сияқты көзді жұма беруге болмас. Тоқаев билігінің де дәтке қуат етер игі істері бар. Шамасы келгенше елге болсын деп жатыр. Қаншама өміршең бағдарламалар жүзеге асуда. Кәсіпкерлер мен шаруаларды қолдауға, жалпы еңбек адамдарына деген құрмет ерекше!
Ең бастысы шекарамыз бекем, ел іргесі тыныш! Екі бүйірден қысқан екі алпауыт мемлекеттің ортасында, бірін алдап, бірін арбап, дипломатияға жүгініп. Алаш баласының ынтымағы мен бірлігін сақтап қалуға күш салу үлкен ерік пен жігерді қажет етеді. Осы тұрғыдан қарағанда Ел Президентінің еңбегі ерен, қадамы нық.
Былтырғы жылы дәстүрлі іссапарымызда «Ауыл аманаты – ел аманаты» атты «АMANAT» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Ардагерлер кеңесі, «Qazaqstan dauiri» газеті, «Мөлдір бұлақ» журналы, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайтымен бірлескен экспедициясы аясында он облысты араладым. Еліміздің батысы мен шығысы, оңтүстігі түгелге дерлік көз алдымда. Абай, киелі Түркістан, Шымкент, Жамбыл облыстарының ауыл-аймақтарына дейін бардым. Сонда байқағаным – халықтың көңілі тоқ, еңсесі көтерілген, жүздері жарқын. Әрине, ел іші болғасын, түрлі пиғылдағы адамдар да болуы заңдылық. Алайда көпшіліктің тілеуі дұрыс, ниеттері оң.
Экспедиция барысында байқағаным, ауылдар да еңсесін көтере бастаған, бірақ әлі де көп іс атқарылуы керек. Ауылдардың жағдайы керемет болып кетті деуден аулақпын. Менің ойым – ауыл көркейсе деген ізгі тілек. Себебі қазақтың түп-тамыры ауылда.
Біздің экспедицияның мақсаты – жай іссапар ғана емес, билік пен халықтың ортасындағы алтын көпір болу. Елге барсақ, биліктің саясатын бұрмаламай шынайы жеткізуге тырысамыз. Ауылдағы ағайынның даты мен хатын, мұңы мен сырын билікке газетіміз арқылы бүкпесіз айтамыз.
Мысалы уақыт белдеуі туралы Шығыстағы ағайынның жанайқайын билікке жеткіздік. Оның пайдасынан зияны көп екенін айқындап көрсетуге күш салдық. Балалардың сабаққа кеш баруы, кеш қайтуы да айтылды. Жалпы бұл сағаттық белдеуі ешкімге жайлы болып жатқан жоқ. Биылға осы проблема шешілсе дейміз. Бұл халықтың өтініші мен талабы.
Осыдан он шақты жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысында Қарасай деген ауылдың тұрғындарымен бірлесіп арақ-шарапқа тыйым салу жөнінде Үндеу көтергенбіз. Енді міне Түркістанда, Жамбылда қозғалыс бар. Бұл қуанарлық жағдай. Негізі, бұған мемлекет, Үкімет тарапынан қолдау керек. Көпшілік ағайынның көкейінде жүрген той мәселесі жөнінде Жамбылда, облыстың Ардагерлер үйінде кездесу өткіздік. Оны билікке халықтың үндеуі етіп жеткіздік. Қазіргі уақытта еліміздің бар аймағынан ысырапқа итермелейтін дарақы той туралы Үндеуімізге халық үн қосып жатыр. Оны газетімізге келіп жатқан пікірлер мен хаттардан көріп отырмыз.
Газетімізде кітап оқу мәдениеті туралы да бірнеше дүркін жаздық. Негізі менің өмірлік тәжірибемде бұл мәдениет газет-журнал оқудан басталады. Кітап білім бастауы екенін насихаттау парызымыз ғой. Газет-журналға жазылу жайлы да кеңінен толғандық. Бірақ, «Қазпоштаның» жұмысының нашарлығына осы баспасөзге жазылуда зор кеселін тигізуде. Мұны айта-айта әбден шаршадық. Иә, қазақ баласы оқу мен тоқудан ажырамаса екен. Білімнің нәрі бойларына молынан сіңіре берсе екен деген арманымыз бар. Себебі оқу мен білім сарқылған жерде ол ұлттың келешегі бұлыңғыр!
Елдің ішіндегі «әттеген-айларды» да кеңінен қамтыдық. Жақсылықты көрген көзіміз жамандықты да, кемшіліктерді де назардан тыс қалдырмады. Айтар жерінде билікке наз да айттық, дат та айттық! Мақсатымыз билікті мұқату, халықты бөлшектеу емес. Екі ортаға дәнекер болу. Татулықтың туын көтеріп, ізгіліктің суын ішкізу! «Елде елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» деген халқымыз. Біз осыны берік ұстандық! «Qazaqstan dauiri» газеті шындықтың айбалтасы бола білді. Иә, кейде тура айтып, туғанымызға да жақпай қалған шақтарымыз болды. Бірақ оған сынатын біз емес! Елдік мұрат, ұлттық мүдде жолындағы күресіміз ешқашан тоқтамайды.
Алаш арыстарының асқақ арманына берікпіз. Кім әділ, соған серікпіз! Уәдемізге берікпіз! Ахмет Байтұрсынов айтпақшы «...Ел бүгіншіл, біздікі ертең үшін».
Міне, 2025 жылдан күтеріміз көп. Ең бастысы елімізге сабыр мен ақыл серік болғай! Ұлт болып ұйысуға, жердің асты-үстінің байлығы жұртымызға бұйыруға Алла Тағала нәсіп еткей!
Балаларымыз жыламаса, аналарымыз жоқшылықтан қиналмаса, асқар таудай әкелеріміз еңсесі түсіп құламаса, елдің қуаты артса, биліктегілер ел мен жерге мойын бұрса, халыққа одан артық не керек?
Биылғы жыл еліміз үшін табысты болғай! Қазақтың жаңа жылы наурызда ғой. Жылан жылы күрделілігімен, жұмбағымен және өзгерістерге толы кезеңдерімен танымал. Қазақ халқы үшін жылан жылы қашан да жайлы жыл деп айтылады. Мысалы, қазақтың аңыз-әңгімелерінде «жылан жылы жылыс болды, жылқы жылы ұрыс болды, қой жылы зеңгер тоғыс болды» деген сөздер бар. Сондықтан тек жақсылыққа жорығанымыз абзал.
Жылан жылы қазақ халқы үшін тек жыл қайыру жүйесінің бір бөлігі ғана емес, терең мағыналы кезең. Бұл жыл сабырлылықпен, ақылмен әрекет етуге шақырады, ал қиындықтардан сабақ алудың және жаңа деңгейге көтерілудің мүмкіндігі ретінде қарастырылады. Жылан жылы келгенде қазақ халқы үмітпен, сақтықпен және жаңа бастамалармен қарсы алған.
Әр жылдың өз өзгешеліктері бар. Түркі халқы әр жылдан жақсылық күтіп, ырым етеді. Қазақ жұрты шаңыраққа бас сұққан жыланның басына сүт тамызып шығарады. Онда бізде осы жылы қиындықтарды жеңіп, арқа басымыз кеңіп, ана тіліміз Ақорданың ішінде «шаттанып», Үкіметтің залында «мақтанып», Парламенттің қос Палатасында «шоқтанып», Үкімет отырыстарында атылатын мылтықтай «оқталып» тұрса деп тілек тілейміз.
Ресми жаңа жылымыз құтты жыл болғай! Береке мен бірлігіміз қашпағай! Оқырмандарымыз көп болып, Қазақ баспасөзі дами берсін тоқтамай! Елімізде, әлемде тыныштық заман болғай!
Әмин!