Кейде біз жақын адамдарымызды мәңгілік қасымызда ойнап-күліп жүре береді деп ойлаймыз. Сөйтсек, қамшының қысқа сабындай бұл дүние шолақ екен, барлық адамдар өмірге қонақ екен ғой. Осы әнді жиі айтып жүрсек те астарына үңілмейміз, мән бермейміз. Иә, сондықтан да тірлігінде бауырлар бір-бірімізбен ренжіспей, қадірімізді біліп, бағалап жүруіміз керек екен. Қазір жастар арасында ауырмай-сырқамай бір-ақ күнде дүниеден озып кете бару жиіледі. Иә, ойламаған жерден Бауыржан інімізден осылай айырылып қаламыз деп ойладық па? Ол бір ауырдым деп жатып қалған адам емес еді. Бар-жоғы 54 жас ғұмыр кешті... аз да емес, көп те емес, орта жас. Ажал айтып келмейді екен. Амал нешік?
Есімде Баукең дүниеге келгенде әке-шешем қатты қуанған еді. Бауыржан Момышұлы атасы сияқты батыр, ержүрек, ұлтжанды азамат болып өссін деп ырымдап атын Бауыржан қойды. Ол атына сай бауырмал, қайырымды, намысшыл, ұқыпты, еңбекқор жан болып өсті. Кішкене күнінде «ой, жарайсың, Бауке, мықты екенсің!» десең мақтанып, қора-қопсы, ауланың бәрін сыпырып, айнадай етіп тазалап қоятын. Аға-әпкелері қалаға оқуға кеткенде інісі Нұқашқа қамқор болып, қасынан тастамайтын. Кешке қызықты ертегі әңгімелер мен көрген үнді фильмдерін айтып ұйықтататын. Екеуі жұптары жазылмай, малдарға қарап, шөп пен су тасуға бірге баратын. ҚазҰУ-да оқып жүргенімде Баукең 8- сыныпта оқитын, бір күні мені артымнан іздеп қалаға келіпті. Екеуіміз Көктөбеге барып әбден қыдырдық. Сосын кешке сәлемдеме ретінде қолына «Ертегі» тортын алып беріп ауылға салып жібердім. Сол сәт оның есінде мәңгілік қалып қойыпты, әлі күнге дейін соны айтып жүретін.
Мектеп бітірген соң Қиыр Шығысқа әскери борышын өтеуге кетті. Сол жерде де қосымша жұмыстар істеп табыс тауып, үйдегілерге поштамен сәлемдеме жіберетін. Бауыржанның жіберген орамал, нәски, сабын, шайларын алып, ашып мәз болатынбыз. Кейін отбасын құрып, құрылыс маманы болып жұмыс істеді. Алматыға көшіп келіп, алып үйлер салды. Ол қолынан келмейтіні жоқ, нағыз шебер еді. Осы жағы әкем Қасымханға ұқсайтын. Ол кісі де ауылда ағаш шебері болып жұмыс істеді. Кейінгі жылдары Баукең құрылыс саласы тоқыраған соң одан қол үзіп, күнкөрістің қамымен такси жүргізушісі болып жұмыс жасап кетті. «Күндіз-түні машинада отырып бір тынбайсың, шаршамайсың ба?» десек, «жоқ, өзіме осы жұмысым ұнайды, халықпен араласам, әңгімелесем» дейтін. Көк машинасымен қонаққа, бір жаққа бара қалсақ, жолай бізді де ерінбей ала кететін. «Мен әпке-жездемнің аяғын жерге тигізбей алып жүруім керек!» деп қалжыңдап күлетін. Баукеңнің тұлпарын «Халықтың машинасы» деп атап кеттік. Өйткені күні-түні зымырап халыққа қызмет етуден бір шаршамайтын. Әсіресе жауын-шашынды қолайсыз ауа райында аялдамада бүрсеңдеп тоңып тұрған жолаушыларға жаны ашып, кейде тегін, кейде ешнәрсе сұрамай бергендерін алып жүре беретін. Әдетте ондай кезде жүргізушілер екі есе баға сұрайды ғой. «Бұның не, Бауке-ау, саған да бала-шағаңды асырап, несиеңді төлеуің керек қой?» десек, «Алла өзі маған береді!» деуші еді жымиып. Әй, ақкөңіл бауырым-ай!
Ол балалары десе ішкен асын жерге қоятын өте балажан, қамқор әке болды. Бар тапқан-таянғанын солардың аузына тосып, барлық жағдайларын жасап, әкелік парызын өтеп кетті. Ұл-қыздарына жоғары білім беріп оқытып, тәрбиеледі. Үлкен қызын тұрмысқа беріп, бір немере сүйді. Жары Жанар екеуі қол ұстасып жарасып, тату-тәтті ғұмыр кешті. Кенжесі Айшаны қатты еркелетіп, жақсы көретін. Туғаннан аяғын жерге тигізбей, балабақша, мектебіне өзі апарып, әкелетін. «Осы қызымды оқытып, кейін тойында отырсақ» дейтін. Амал не, арманына жете алмады есіл ер!.. Осыдан 4 жыл бұрын 50 жасын тойлаған едік. Ұзын да кең дастарқан жайылып, өз жұрты мен қайын жұртын шақырды. Бәріміз қуанып, «ақсақал болудың алды» деп, Баукеңнің иығына шапан жаптық. Шіркін-ай, сол кезде бауырларының ортасында жүзі бал-бұл жанып тұрған кезі оның ең бақытты шағы екен ғой! Баукең өмірден өткенше парыз оразасын ұстап, бес уақыт намазын оқып, барған жерінде ылғи имандылық туралы әңгімесін айтып отыратын.
Бауырымыз Қасымханұлы Бауыржанның жатқан жері жарық, иманы қасында, алды пейіш, арты кеніш болуын бір Алладан тілейміз. Артында қалған бауырлары, ұрпақтары аман болсын!
Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ