2026 жылғы 24-25 шілде күндері Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның өнер ұжымы Беларусь Республикасының Витебск облысына қарасты Глыбокае қаласында өткен халықаралық «Шие» этнофестиваліне қатысып, қазақ халқының бай рухани мұрасы мен төл өнерін шетелдік көрерменге лайықты таныстырды. Ұлттық өнердің өрісін кеңейткен айтулы мәдени шарада филармонияның «Қобыз сарыны» фольклорлы-этнографиялық ансамблі мен «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблі өнер көрсетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
2013 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан халықаралық фестиваль биыл да түрлі халықтардың мәдениетін тоғыстырған тағылымды алаңға айналды. Қазақстанмен қатар Мьянма, Ресей және Беларусь Республикасының шығармашылық ұжымдары қатысқан өнер мерекесі этностар арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға, халықтардың достығы мен өзара түсіністігін арттыруға бағытталды.
Фестивальдің салтанатты ашылу рәсімінде Витебск облыстық депутаттар кеңесінің төрағасы Дмитрий Владимирович Демидов қатысушыларға сәттілік тілеп, өнердің ұлттарды жақындастыратын құдіретіне ерекше тоқталды.
– Глыбокае қаласы – Беларусьтің шие астанасы. Шиелі бақтары мен көркем көлдерінің ортасында орналасқан шағын қаламызға қош келдіңіздер! Өнер халықтарды жақындастырып, бір-біріміздің мәдениетімізді тереңірек тануға мүмкіндік береді. Біздің басты мақсатымыз – этностар арасындағы достық пен өзара құрметті нығайту, ұлттық өнер мен дәстүрдің сабақтастығын сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу, – деді Дмитрий Демидов.
Фестиваль аясында «Қобыз сарыны» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі Бекназар Қалекеев бастаған өнерпаздар қазақтың қасиетті қобызынан күмбірлеген «Аққу» және «Ақыртас» күйлерін орындап, көрермендерді ұлттық музыканың терең болмысымен таныстырды. Күй сазы арқылы қазақ даласының кеңдігі мен халқымыздың рухани әлемі айшықталып, өнер сүйер қауымның зор қошеметіне ие болды.
Ал «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблінің жетекшісі Бегзат Ағиярұлы бастаған бишілер – Әсел Көбеген, Сынбат Өтегенова, Аяжан Досқанова және Әсел Серікбай ұлттық би өнерінің әсемдігін сахна төрінде шеберлікпен өрнектеді. Әсіресе фестивальдің қорытынды концертінде орындалған «Қара жорға» биі көрермендерді ерекше әсерге бөлеп, қазақ би өнерінің көркемдік қуатын айқын көрсетті.
Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның директоры Сәбит Әбдіхалықов мұндай халықаралық мәдени алаңдардың маңызы зор екенін атап өтті.
– Бұл фестивальде әр мемлекет өзінің ұлттық мәдениеті мен өнерін таныстырады. Біз қазақтың қобыз өнерін және өткен ғасырдың 80-жылдары мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен құрылып, өзі атау берген «Алтынай» би ансамблін таныстыруға мүмкіндік алдық. Осындай халықаралық өнер мерекелері шығармашылық тәжірибе алмасуға, кәсіби шеберлікті шыңдауға зор жол ашады. Ең бастысы – қазақ халқының бай мәдениеті мен ұлттық өнерін әлемге кеңінен насихаттауға қызмет етеді. Осы сапардың жүзеге асуына қолдау білдірген Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевке және облыстық мәдениет басқармасына алғысымызды білдіреміз, – деді ол.
Фестиваль барысында Қазақстан Республикасының Минск қаласындағы Елшілігінің кеңесшісі Рашид Равильұлы арнайы қатысып, Алматы облысының өнерпаздарына қолдау білдіріп, олардың шығармашылық жетістіктеріне жоғары бағасын берді.
Беларусь төрінде өткен халықаралық «Шие» этнофестивалі қазақ өнерінің өміршеңдігін, ұлттық мәдениетіміздің терең тамыры мен көркемдік қуатын тағы бір мәрте паш етті. Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармония өнерпаздарының жоғары кәсіби шеберлігі қазақтың дәстүрлі музыкасы мен би өнерінің әлемдік мәдени кеңістікте өз орны бар екенін айқын көрсетті. Ұлттық құндылықтарды халықаралық сахнада насихаттаған бұл өнер ұжымы қазақ мәдениетінің жаһандық өнермен иық тірестіре алатын әлеуетін дәлелдеп, қазақ өнерінің халықаралық деңгейдегі беделін арттырып, ел руханиятының мерейін асқақтатты.
Әсем ФАЗЫЛОВА, Алматы облысы













