Сәлеметсіз бе, Дәулетбек Байтұрсынұлы!
Мен өткен аптада сіздің «Өлместің суы бар ма?» деген кітабыңызды оқып бітірдім. Сол туралы өзімнің пікірімді айтайын деп едім. Тартымды кітап екен. Осы кітабыңыз үшін оқырман ретінде алғысымды білдіремін. Өз басым риза болып, сүйсініп оқыдым. Әрбір бөлімін қадағалап, көңіл қойып, толқыған сезіммен оқып шықтым.
«Қыпшақ қыстағында бензин бар» деген әңгімеңізде Өзбекстанға барғандағы бензин іздеп кеткендеріңіз, ол жердегі қазақтың балаларымен сөйлескеніңіз, олардың күнкөріс қамын сипаттағаныңыз өте нанымды шыққан. Алақандай әңгімелеріңіз өзінше бір әлем. Қысқа, нұсқа және терең астарлы ойымен өзгеше. Әрбір әңгіме бүгінгі күннің шынайы келбетін суреттеп беріпті. Маған қатты ұнады.
«Айтқан жерден аулақ!» деген әңгімеңізде Ауғанстаннан келген қандаспен сөйлесе отырып, Ауған халқының соғыстан көз ашпай келе жатқан тағдырының себеп-салдарын ашыпсыз. Біз сол жағдайларды мүлде білмейді екенбіз. Осы бір алақандай ғана Ауғанстан туралы жазбаңыз мені ойландырып тастады. Адамның ниеті, пейілі оның тағдырына әсер етеді деп айтып жүрміз. Ал бұл жерде түгел бір ұлтты алып отырсыз. Ауғанстан қазір қырық миллионнан асатын ел. Қырық пышақ болып қырқысып жатыр.
Осы әңгімені оқып отырып терең ойға баттым... Расында адамның пейілі мен ниеті түзу болу керек екен. Сонда ғана Алла Тағала оған адал нәсібін, мол ризығын, бейбіт тірлігін береді.
Ұйғыр апа туралы жазған «Мейірім» әңгімеңіз де шынайы шығыпты. Ол апа сізге тәлім-тәрбие беріп, адам болуға баулыпты. Сіз ол кезде бала болсаңыз да, апаның отымен кіріп, күлімен шығып, малын жайғап, суын тасып, сол кісілердің қас-қабағына қарап жұмыстарын айтқызбай істеген екенсіз. Әрине, ондай балаға әрбір үлкен кісі өзінің ақ батасын береді. Бұл әңгіме әдемі, жылы естелік болыпты.
Өз туысқандарыңыз туралы жазылған «Несібелі апа» деген хикаятыңыз өзінше бір әлем. Бұл әулеттің ғана әңгімесі емес, маған ұлттың тағдыры секілді көрінді. Жетісудағы қазақтардың Қытайға қалай көшіп кеткенін, қандай қысымнан ауа көшіп үріккенін, шекарадан өткендегі тартқан азап, көрген қорлығын сезіндім. Анау жап-жас қазақтың айдай сұлу қызы өзін құрбандыққа шала отырып, әулетім аман болсын, ел-жұртым тірі қалсын деп, қалмақтың тосқауылынан құтылып шығудың жолын ашады. Жоңғардың айтқанына амалсыз көніп, тығырыққа тірелген жақындарын аман сақтап қалады. Намыс сынға түсіп, тәуекел таразыға тартылар сәтті жазыпсыз. Ондай сүреңсіз күндер болмай-ақ қойсын!.. Дегенмен, ата-бабаңыздың басынан өткен аянышты жағдайды баяндап отырсыз. Оқырман ретінде қатты қиналдым, жаным қысылды. Бөтен ел, жат жерде жүріп жол табудың қандай қиын екенін сездім. Сіздің ата-бабаларыңыз қалай көшіп кеткенін, ол жақта қалай тіршілік еткенін біле бастадым. Араға қанша уақыт салып барып сол әулеттің бір перзенті ретінде ата-жұртқа қалай жеткеніңізді, елге қалай қосылғаныңызды түсіндім.
Мен бұл мәселені неге тамсанып айтып отырмын?.. Себебі мен ұстазбын. Әлі күнге дейін балаға сабақ бергенде, байқағаным, жергілікті қазақтардың көпшілігі былай ойлайды: «Оралмандарға сол керек!.. Олар қиын-қыстау кезде бәрі байлықтарын алып қашып кеткен. Ал енді заман тынышталғанда қайтып келіп отыр. Жақсы болса, неге туған жерін тастап қашады?» деп көбі сөгіп, сынап жазып жатады. Бірақ оның астарына, себеп-салдарына қарамайды. Адам пенде болған соң біреуді кінәлау оңай. Мына әңгімеңіз арқылы тарихтың шындығын жеткізіп, бүгінгі заманауи қазақтың көзін ашып отырсыз. Не үшін сіздің аталарыңыз елден ауды? Оған не итермеледі? Ол жерге барған соң қалай өмір сүрді? Қандай қиыншылықтар көрді? Ол жерде түпкілікті қалып қалмай, араға ұзақ жылдар салса да, аттың басын атажұртқа қалай бұрды? Осы секілді сұрақтардың жауабы бізге өте қажет. Сіз соған жауап беріпсіз. Ащы шындықтарды халыққа жеткізетін осындай әңгімелер бізге керек-ақ.
Мен мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ бердім. Әрбір сабақта орыс әдебиетіне арналған уақыттың кем дегенде бес минутын қазақ әдебиетіне арнаймын. Мен оқушыларыма: «Құрметті балалар, бүгінгі күннің ақын-жазушыларының аты-жөнін біле жүрейік. Олардың шығармаларымен танысайық. Сендер солардың әңгіме, өлеңдерін оқып келіңдер, соны біз келесі сабақта екі тілде талқылайық», – деп өтінемін. Сол арқылы Мархабат Байғұт, Рақымжан Отарбаев, Қуандық Түменбай, Заря Жұманова, Ділдар Мамырбаева, Лира Қоныс, Думан Рамазан, Құралай Омар, Ерлан Жүніс, Асан Мирас секілді біршама қаламгерлерді оқытып жүрдім. Оқушыларым біліп жүрсін деп көпшілігін оларға таныстырдым.
Дәуке, сіз өзіңіз білесіз, бүгінгі балалар – кітап оқымайтын ұрпақ. Біз оларды отырғызып қойып роман, повесть оқыта алмаймыз. Сондықтан оларға әңгіме оқыту үшін көп ізденемін. Олардың талғамына лайықты дүние табу үшін өзім бір айда аз дегенде отыз әңгіме оқимын. Сол отыз әңгімені саралап шығып, осы баланың түйсігін оята алады, мынау жүрегіне жетеді деген үшеуін таңдап шәкірттеріме ұсынамын.
Міне осылайша, орыс әдебиетінен бөлек біз бір апта бойы осы үш қазақ жазушыны талқылаймыз. Оқушы үйіне барған соң, кешке жақын әке-шешесі жұмыстан келгенде дастарқан басында осы шығармалардан алған әсерін айтып, сюжетін қызықты етіп жеткізеді екен. Оны естіген ата-аналарының шаршағаны басылып, риза болып, әңгімеге қызығушылығы артатын болыпты. Олар уақыты болғанда менімен сыр бөлісіп, өзіме айтып бергенін талай естідім. Баласы үшін әлгі әңгімелерді сұрап алып, сауатын ашқан көптеген ата-ананы көрдім.
Әдебиет – ең керемет тәрбие құралы, ол – ең өткір қару. Жалпы адамды адам етіп шығаратын – әдебиет. Осыдан бірнеше жыл бұрын ұйғыр жазушысы Ахметжан Аширидің «Шағыр» (Палкөз) деген әңгімесін 2 тілде оқытып едім (орыс тіліндегі аудармасына қарағанда қазақ тіліндегі аударма өте сәтті шыққан, қазақша аса шеберлікпен, керемет аударған жарықтық Дидахмет Әшімханұлының әруағына тағзым етеміз). Шығармада жағымсыз кейіпкер шал Нұрсадықтың танасының құлағын кесіп алады. Анау шал өте мейірімсіздікпен, қаталдық танытып Шағырдың құлағын шұнақ етеді. Сол жеріне келгенде балалар қатты толқып, өкініш танытып, сабақ үстінде жылап жіберді. Олар «Майра апай, мынау не деген оңбаған!.. Қайырымсыз, қатал екен ғой!.. Адамдар қандай тасжүрек, қатыгез?! Неткен аянышты?! Неге осындай жауыздыққа барады?!» – деп, әбден қиналып еді. Жазушы Шерхан Мұртазаның «Жүз жылдық жара» атты киелі ағаш туралы сондай бір әңгімесі бар еді, оны да салыстырмалы түрде параллель оқыттым. Балалардың әсерінде шек болмады. Ойларын емін-еркін айтып, көзқарастарын ашық білдірді. Кітапқа деген құлшыныстары арта түсті.
Жасөспірімдерге мейірімділікті, жанашырлықты сіңіретін әдебиеттерді көп оқытамын. Адам өзі жасаған ортасын аялайтын, табиғатқа қиянат жасамайтын, сүйіспеншілігі бай болып өсу керек деген сезімдерді тереңдетуге тиіспіз. Осындай әңгімелер аса қажет.
Ендігі айтарым, шіркін, осы кітабыңызды орыс тіліне аударып, орыстілді қазақ оқырмандарына да жеткізсе, қандай жақсы болар еді!.. Осы кітабыңызды орысшаға аудартсаңыз, өз оқырманын табар еді!.. Мен жақсы шығарма оқығанымды сізге жеткізгім келіп, хат жолдап отырмын.