Қазақстан Республикасы Үкіметінің назарына. Ауыл болашағы – мемлекет қолында

Қазақстан Республикасы Үкіметінің назарына. Ауыл болашағы –  мемлекет қолында

Павлодар облысының қоғам қайраткерлері, ғалымдары, ауылшаруашылығы мамандары Ауыл туралы, оның көкейтесті мәселелері жөнінде, сондай-ақ оны жөндеудің жолдарын айтып дабыл қағыпты. Біз оны қолдаймыз. Жалпы бұл көкейтесті мәселелер республиканың басқа өнірлеріне де тән. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы айтылған мәселелерге жіті назар аударады деген сенімдеміз.

 

Ауыл болашағы – мемлекет қолында

Біз, төменде қол қоюшылар – Павлодар облысының ардагерлері мен ғалымдары, көп жылдан бері ауылшаруашылығы саласында қордаланған аса өзекті әрі күрделі мәселелерге назар аударуды қажет деп санаймыз. Бұл мәселелер, ең алдымен, ауылдың қазіргі жағдайы мен болашағына тікелей қатысты.

 

Ауылдан көшу – ұлтқа төнген қауіп

Біріншіден, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы қан төгіп, жанын беріп сақтап қалған жерден бүгінгі ұрпақ күн көре алмай, жаппай көшу үдерісіне ұшырап отыр. Бұл жағдай бүгінге дейін жалғасуда. Ағымдағы жылдың аяқталуына небәрі 3-4 ай қалғанда ғана Павлодар облысынан 2600 адам ауылдан көшіп кеткен. Көшіп жатқан халықтың басым бөлігі – жер сапасы жоғары саналатын Ертіс ауданынан.

 

Жердің тозуы мен мал шаруашылығының құлдырауы

Екіншіден, егіндік, шабындық және жайылым жерлерінің сапасы жылдан-жылға төмендеп барады. Бұл жөнінде ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор К.И.Қанапиянов бірнеше жылдан бері дабыл қағып айтып келе жатса да, тиісті деңгейде ескерілмей отыр. Соның салдарынан мемлекет тарихында бұрын-соңды болмаған мал санының күрт азаюы орын алды. Бұл деректер №1 кестеде нақты көрсетілген.

 

Өмір сүру кезеңдері

Мал саны (шартты бірлікпен, млн) Халық саны (млн) Бір адамға шаққандағы мал саны

Патшалық Ресей тұсында 40 10 4

Кеңес өкіметі кезінде 240 16 15

Қазіргі кезеңде 19 20 Бір бастан төмен

 

 

Тиімсіз инвестициялар

Үшіншіден, миллиардтаған халық қаржысы нәтижесі мардымсыз болса да, ірі мал шаруашылығы кешендеріне жұмсалуда. Алайда 35 жыл ішінде бұл кешендер облыс бойынша ет пен сүттің небәрі 50 пайызын ғана өндіреді. Қалған 50 пайызы ешқандай мемлекеттік қолдаусыз, төмен бағамен өнім өткізіп отырған жеке қосалқы шаруашылықтардың үлесінде. Бұл жағдай әлі күнге дейін өзгермей келеді. Аталған деректер 2025 жылғы Павлодар облысына қатысты №2 кестеде келтірілген.

 

Қожалықтар Ірі қара малдың саны Тапсырылған 

ет (т) Тап-сырылған сүт (т)

Ірілері  338133 8377 27546

Ұсақтары 223346 11060 22614

Барлығы 561479 19437 50160

Сонымен қатар кешендерден шыққан ет пен сүттің бағасы қымбат, ал сапасы төмен.

 

Мемлекет басшысының ұстанымы

Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та назар аударып: «Неге ауылдағы жеке шаруашылықтардың еті мен сүті қалалықтардың дастарханында жоқ?» – деп атап өтті.

Сондай-ақ:

«АӨК саласында мәселе бөлінетін қаржы көлемінде емес, оны тиімді пайдалануында», – деді.

 

Табиғи заңдар және халық игілігі

Қасиетті Құранда: «Жер, су және жер қойнауындағы байлықтар халықтың игілігі үшін пайдаланылуы тиіс», – деп жазылған.

Бүгінде көпжылдық шөп егуге қаржыны қайдан аламыз деген сұрақ жиі қойылады. Біздіңше, оның жауабы күрделі емес. Жер қойнауындағы байлықты халық игілігіне пайдалана отырып, жер бетіне көпжылдық шөп егу – бүкіл елге ортақ пайда әкелетін іс. Бұл ұстаным еліміздің Конституциясында да бекітілген.

 

Экологиялық апат белгілері

Халық айтқандай, «жығылғанға жұдырық» дегендей, көп жыл қатарынан егін егілген жерлердің бетіне тұз шығып жатыр. Бұл – енді ол жерлерде ешқандай өнім өспейді деген сөз. Мұндай жағдай қазір Ертіс ауданында анық байқалуда.

Жайылым мен шабындық жерлерді мал жемейтін «веничная полынь» (қазақша – сыпырғыш қурай) басып барады. Ғалымдардың айтуынша, бұл – топырақ деградациясының соңғы сатысы.

Сонымен қатар соңғы жылдары күнбағыс (семішке) егу кеңінен етек алды. 2-3 жылдан кейін бұл жерлердің де жарамсыз болып қалуы әбден мүмкін.

 

Тарих сабақтары

Өкінішке қарай, бір адамның ғұмырында осындай ауыр жағдайларды үшінші рет бастан өткеріп отырмыз.

Бірінші – 1930 жылдардағы ашаршылық, жарты халықтан айырылдық.

Екінші – Хрущев реформалары, карточкалық жүйемен әрең аман қалдық.

Үшінші – қазіргі жағдай, оның салдары жоғарыдағы кестелерде анық көрсетілген.

Ғалым-геологтардың болжауынша, 40 жыл ішінде жер қойнауындағы қазбалар таусылуы мүмкін. Халық арасында:

«Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды», – деген сөз бар.

Тоқшылыққа алданып қалмай, қатты ойланатын кез жетті.

 

Ғалымдар мен ойшылдар ескертулері

Лев Гумилев өз еңбектерінде эпиграф ретінде: «Табиғат заңдарын сақтамайтын адам өз-өзін жояды», – деп жазған.

Ал академик Кенжеғали Сағадиев Ахмет Байтұрсынұлының мына ойын келтіреді: «Надандық пен жалқаулыққа салынған халық жерін сатып, той жасап, ертеңінде қаңғырып кетуі мүмкін».

Қазбек биден:

«Қай елдің болашағы жоқ?» – деп сұрағанда, ол: «Ақсақалдары мен билігі шала елдің болашағы жоқ», – деп жауап берген.

 

Ұсыныстар

Осыған байланысты біз, Павлодар облысының ардагерлері мен ғалымдары, төмендегідей нақты ұсыныстар енгіземіз:

*Ата-бабаларымыз қолданған тәсілмен жерді тиімді пайдалану, жайлауда мал бағып, арзан әрі сапалы ет пен сүт өндіру.

*Егістік жерлерде міндетті түрде дәнді-шөпті ауыспалы егіс енгізу, тозған жерлерге көпжылдық шөп егу.

*Ауыл маңындағы жайылымдар мен шабындықтарға жаппай көпжылдық шөп егу.

*Әр облыста көпжылдық шөп тұқымын өсіретін орталықтар құру (Павлодар облысында – бұрынғы Красноармейка тәжірибе стансасы базасында).

*Табиғи заңдарға сай дифференциалдық рента №1 және №2 қағидаларын қолдану.

*Мал өнімдерін қабылдау, тазалау, салқындату және сою пункттерін мемлекеттің бақылауында ұйымдастыру.

*Ауыл тұрғындарының үйлерін тиімді жылыту үшін заманауи жартылай автоматты пештерді енгізу.

 

Күтілетін нәтиже

Бұл жобаларды іске асырсақ:

– жер толық игеріледі;

– ауыл халқының тұрмысы күрт жақсарады;

– арзан әрі сапалы ет-сүтпен халық толық қамтылады;

– ауыл өнімдері әлемдік нарыққа шығады;

– ауылда жұмыссыздық жойылады;

– еліміздің өркениетті мемлекет ретіндегі деңгейі артады. Ол жерді пайдаланудан байланысты. 

Осыған орай, Павлодар облысында ұсыныстарымызды пилоттық жоба ретінде іске асыруды сұраймыз.

Қазақтың дәстүрі бойынша әңгімемізді батаменен аяқтайық. 

Бақытты болсын халқымыз,

Арта берсін даңқымыз.

Қанша қыспақ болса да,

Жоғары болсын санамыз. 

 

Жасөспірім жастарым, 

Қиыншылықтан саспағын.

Еңбек етіп, тер төгіп,

Жаңалыққа бастағын.  

 

Атақ, пайда іздемей,

Ойыңда мақтан жоқ болса.

Қиянатты көздемей, 

Қанағатқа тоқ болса.

 

Өзім-өзім дей бермей,

Өзімшілікті адамгершілікке ауыстырып,

Қой үстінде боз торғай жұмыртқалайтын  заман болсын!

05.02.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23073
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 22828
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 38854
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36365
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 40455