Болашақ қаламгерлер, қанаттарың талмасын!

Болашақ қаламгерлер, қанаттарың талмасын!

Ұстаз-жазушы болғандықтан, басты мақсатым-оқушылардың шығармашылық дарынын ашу, жетілдіру, бағыт беру. Кітап оқуға баулы арқылы олардың рухани әлемін байытуды да көздеймін. Сол мақсат жетегінде шәкірттерімнің сөз өнеріне ықыласын ояттым. Бүгінде оқушыларым «журналист болсам, жазушы атансам» деп биік армандайды. Әр жазған шығармалары осы армандарына апаратынына сенеді. Оқыған кітаптары туралы ой бөлісу, кейіпкердің атынан монолог жазу, басты қаһарманға хат жолдау – менің өнерлі шәкірттерімнің сүйікті шығармашыл дағдылары. Бүгін мен талантты шәкірттеріме тырнақалды туындылары арқылы өмір туралы сыр шерткен шығармашылықтарына зор табыс тілеймін! 

Айзат Рақыш, 

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

 

Бейбіт күнді қадірлейік

  Менің соңғы оқыған кітабым – Нұрдәулет Ақыш атамыздың «Қиырдан келген көгершін» атты ертегі-хикаяты. Ертегі дегенде бұл туындының мағынасы да, сюжеті де ғаламат. Бірақ таза фантастика деп айта алмаймын. Себебі мен ішінен өмірде бар елдердің атауларын байқадым. Үзінді: «Чилидегі жендет тұтқынды ату үшін кезей берген мылтығын лақтырып жіберді де, ыстықтан қашып, көлеңкеге қисая кетті». Бұл үзіндіден ертегінің шындықпен араласқан сәтін байқаймыз. Бір сөзбен айтқанда, бұл үзінді фантазиялық қасиеттен алыстап, реалистік сипат алған.

 Шығарманың кейіпкерлері туралы айта кетсек, образдардың бойында терең тәрбиелік мағына бар. Негізгі кейіпкерлер – Бекен мен көгершін Шапағат, ал қалғандары эпизодтық кейіпкерлер. Жағымдысы да, жағымсызы да жетерлік. Мысалы, соғыс министрі – эпизодтық және жағымсыз кейіпкер. Себебі, соғыс министрі Бекен мен Шапағатқа өтірігін судай сапырады. Үзінді: «Үйіңе қайта бер. Ертеңнен бастап, ол жақтағы ссоғысты тоқтатудың шаарсын ұйымдастырамыз. «Эпизодтық кейіпкерлердің жағымдылары өте көп. Мысалы, Жақсылық аралының дәрігері сәуле ауруымен ауырып жүрген Бекен мен Шапағатты емдегісі келеді. Екіншісі – жүк көлігінің жүргізушісі. Ол өз уақытын бөліп, Бекен мен Шапағаттың зымыранының бұзылған тетігін жөндеп берген.

 Хикаят өте әсерлі жазылған. Теңеу, эпитет, ауыспалы мағыналы сөздер – бәрі жеткілікті. Үзінді: «Сонау төменде ирелеңдеген өзендер, көгілдір көлдер мен таулар көрінеді. Әр жерде қалқыған мамық бұлттар мақтаның басындай ілініп тұр. Ауа тұп-тұнық, тап-таза. Осынау әдемі өлкеде тыныш өмір сүруден артық не бар?» Бұл үзіндіде пейзаж өте керемет суреттелген. Тіпті сипаттау мәтіні деуге де болады. Ертегі-хикаяттың тақырыбы соғысты тоқтату үшін жанын салған Бекен мен Шапағат туралы. Идеясы терең: бұл туынды жас оқырманды бейбітшіліктің қадірін түсінуге, баланың қиялын дамытуға, сәтсіздікке берілмеуге үйретеді. Сәтсіздікке берілмеу туралы ойды былай дәлелдеуге болады: Бекен мен Шапағат соғысты тоқтату мақсатында көп қиыншылықты бастан кешірді. Бомба зымыранына тиіп, жарақат алып, сәуле ауруына шалдығып, мәңгі-бақи тыныштыққа кетпей тұрып, елде бейбітшілік орнатып үлгерді. Ал ақ көгершін Шапағат – бейбітшіліктің символы.

  Нұрдәулет Ақыштың «Қиырдан келген көгершін» атты ертегі-хикаяты жүрегімде сақталып қалды. Оқиғаның басталуы, дамуы, шиеленісі, шарықтау шегі мен аяқталуы – есте қалар асыл қазына. Бұл хикаяттың соңы мен үшін қайғылы болды. Әлем жұрты бейбіт өмірге қайтып оралды, алайда Бекен мен Шапағат қауіпті ауруға шалдығып, қайтыс болды.  Бір жылап алдым.

 Бұл ертегіні 5-6-сыныпта оқитын балаларға ұсынуға болады. Әсіресе, қиялы жүйрік, ертегіні сүйіп оқитын балаларға арналып жазығандай. Хикаяттың құндылығы – балалар мен ересек оқырмандарды бірдей қызықтыра алуында. 

Жігер СЕРЖАНҰЛЫ,

8-сынып оқушысы

 

Жаппай кітап оқиық

      Қазіргі технология дамыған заманда адамдардың бос уақытының көп бөлігі телефон мен әлеуметтік желіге жұмсалады. Қысқа бейнелер мен дайын ақпаратқа үйренген оқушылар ұзақ мәтінді түсініп оқуға қинала бастады. Соның салдарынан сөздік қоры азайып, ойды жүйелі жеткізу қабілеті әлсірейді. Ал кітап – адамның ойлауын тереңдететін, қиялын дамытатын, тілін байытатын ең маңызды рухани қазына. Сондықтан мектептерде және қоғамда жаппай кітап оқыту дәстүрін қалыптастыру қажет. Егер оқушылар белгілі бір уақыт аралығында бір кітапты бірге оқыса, кейін оны талқылау арқылы  пікір айтуға,  ой дәлелдеуге, қарсы көзқарасты тыңдауға үйренеді. Бұл тек әдебиетті түсінуді ғана емес, қарым-қатынас мәдениетін де дамытады. Сонымен қатар, кітап оқу баланы сабырлы болуға, ойын жинақтауға, эмоциясын басқаруға тәрбиелейді.

    Кітап адамға тек білім бермейді, ол мінез қалыптастырады. Кейіпкерлер тағдырын оқу арқылы оқушы жақсылық пен жамандықты ажыратады, жанашырлық сезімі оянады. Әсіресе, жасөспірім шақта оқылған шығармалар өмірлік көзқарастың қалыптасуына үлкен ықпал етеді. Сондықтан жаппай кітап оқу – тәрбие құралының да бір түрі. Егер мектеп, ата-ана және қоғам бірігіп кітап оқуды қолдаса, оқушының оқу сауаттылығы артады, ойы анық, сөзі бай ұрпақ қалыптасады. Кітап оқитын адам – саналы адам, ал саналы адамдардан ғана дамыған қоғам құрылады. Демек, жаппай кітап оқыту – тек білім беру әдісі емес, ұлт болашағына жасалған инвестиция.

Аяла ӘБДІҒАЛИ,

7-сынып оқушысы

 

Заманауи оқырманның талабы да басқа

Біздің заманымызда ғылым мен техника, жасанды интеллект қарыштап дамып жатыр,  ал кітапқа қызығушылық төмендеді. Алайда технология мен кітапты бір деңгейде ұстауға болады. Қазіргі жастар көп бос уақытын білім алуға емес ғаламторда уақыт өлтіруге жұмсайды. Меніңше, бұл дұрыс емес, керісінше адам жас кезінде көбірек білім алуы тиіс. Білім алу үрдісін қызықты, жеңіл ету үшін,  жастардың сүйіспеншілігіне құлақ асу  қажет. Мысалы, жас ұрпақ кітапқа қарағанда технологияны ұнатады, онда электронды кітаптарды ұсына аламын. Көлемі үлкен әдеби шығарманың қысқаша мазмұнын жасанды интелект түрлерін қолданып, оқырманға ұсынуға болады. Бұл да оқырманды әдебиетке қызықтырудың бір жолы. Осылайша кітап пен технология қосарлана жүреді.

  Міне, осылай білімді кітаптан да технологиядан да бірге алуға мүмкіндік пайда болды деп үміттенемін. Дәстүрлі кітапты сақтайық. Оған қоса жасанды интелект түрлерін пайдаланып, аудиокітап, бейнежазба, қысқаша мазмұн арқылы қызықтыруға жетелейтін тың түрлерді іске қосқан абзал. Өз басым кітаптың барлық форматын жақсы көріп оқимын.

Мадина БАРАТОВА,

7-сынып оқушысы

 

                                 Арманымдағы тележоба

  Теледидарды, әлеуметтік желіні ашып қалсам, тек әншілердің өмірін қызықтайды. Телебағдарламаларда да тек өнер тұлғалары сөйлейді. Менің қиялымда бір тележоба бар.  Ол – «Уақыт пен бақыт» бағдарламасы.

 Бұл бағдарлама оқушыларға тапсырмаларды орындауға, уақытты тиімді пайдалануға және күнделікті жоспарлауды ұйымдастыруға көмектеседі.

Бағдарлама әр адамның жеке қажеттіліктеріне бейімделеді, мотивация береді және қызықты тапсырмаларды ұсынады. Егер тапсырма дұрыс орындалса, шағын марапат немесе ойын ұсынылады. Бұл бағдарлама жүзеге асса, теледидардан қарапайым білімді оқушылар көбірек шығар еді. Олар өз замандастарын құлшындырар еді. Нәтижесінде  оқу процесіне ерекше қызығушылық оянып, тиімділік артады. Болашақта мен оны әрі қарай жетілдіріп, мектепте қолдануға жарамды мобильді қосымша нұсқасын ұсынғым келеді.

Ибраһим АМАНБОЛ,

6-сынып оқушысы

                                 

 Тортайдың арманы

  Мен қазақ әдебиеті сабағында Оралхан Бөкейдің «Тортай мінген ақбоз ат» әңгімесін сүйсініп оқыдым. Білуімше, Тортай – ақынжанды, қияли, зерек, ақылды бала. Оның арманы – үлкен оқуға түсіп, жазушы болу. Ол қиялында ақбоз атқа мініп, Алтай тауын аралап, Моңғолияға барып, құрметті жазушы болғанын елестетеді. Кітап жазып, жазушы болғысы келді. Сондай-ақ ол –   еңбексүйгіш бала.

Түсінде кісінеп, жер тарпыған арғымақ көреді. Ол өзінің досы Орашқа өтініш жасайды: «Бәлкім, мен міне алмаған ақбоз атқа сен мінерсің».  Тортай тұрмыстық жағдайы төмендеп, жетімдік көрсе де, армандауын қоймайды. Арманын орындауды досына тапсырады. 

 Жоғары білім ала алмады және ақшасы да болмады. Бірақ ол кітапқұмар болып қала берді. Тортайдың арманын қайталап оқып, өзіме үлгі тұтамын. Мен де түсімде ақбоз ат көрдім. Болашақта жазушы болуды арман етемін.

Әлихан ЖЕҢІС,

6-сынып оқушысы

 

Құрмаштың монологы

Мен – қасқырды бауырына басқан Құрмашпын. Біреулер мені ақымақ көрер, енді бірі бөлтірікті асырауымның мәнін түсінбес. Менің бала жүрегімде жамандық атаулы мүлде жоқ еді. Тек жақсы ойлар, жақсы үміт қана бар болатын. Мен бүкіл жаратылысқа, жан-жануарларға, тіпті жыртқыштарға да мейіріммен қарадым. Менің жүрегімде жауыздыққа орын жоқ.

Егер бәрі қайтадан басталса, мен бәрібір Көксеректі асырап алатын едім. Себебі, мен бөлтіріктің көзінен шарасыздық пен мына өмірден қорған таппай қиналудың белгісін көргендей болдым. Оны жаныма алып ұйықтадым, үйіме қондырдым. Суық тиіп қала ма деп алаңдадым. Ауыл иттері оған ұмтылғанда, үнемі қорған болдым. Біздің арамызда достық бар екеніне сендім. Менің бар кінәм – тым сенгіштігімде. Жыртқышқа мейірімді көзбен қарасам, ол да тура солай жауап береді деп күттім.

                                      Жібек ЕДІЛ,

                                    7-сынып оқушысы

07.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23728
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23386
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 40172
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36852
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41054