Бозымбаев Баталовтан қалған былықты жөндей ала ма?

Бозымбаев Баталовтан қалған былықты жөндей ала ма?

Ауызсуға  жарымаған  тескенсулықтар мұңы

Алматыда ауыз су мәселесі шешіледі

Шелек пен Алматының бойында ежелден орналасқан ірі-ірі ауылдар көп. Соның бірі – Тескенсу ауылы. Атына заты сай ауыл. Жерін метрден аса қазсаң, шып-шып су шығады. Бұрын әр-әр жерден тесіп шыққан су бұлақ боп ағып, топырағы сазбалшықтанып жатады екен. Ауылдың дәл ортасында артезиан құдығынан аққан су атқылап тұр. Құбырдан бұлықси аққан таза судан бүкіл ауыл келіп су алады. Біз барғанда  ыдыстарын әкеліп толтырып алып жатты. Оның айналасында әсіресе балалар көп. Артезиан құдығының айналасы жиналмаған қоқысқа толы. Тұрғындарды сөзге тартып:

– Қазір мемлекеттің «Ақбұлақ», «Таза су» бағдарламалары бар. Олардың жоспары бойынша әр ауылдың көшелеріне құбыр тартылып, әрбір үйге таза су жеткізіледі. Үйлеріңізге сол жүйемен су барып тұрған жоқ па? – деп сұрадық.

Алпысты алқымдаған ақсақал басын шайқады. 

– Бізде онсыз да су көп. Әр үйде моторлы құдық бар. Содан күн көріп отырмыз. «Ақбұлақ», «Таза су» дегендерді естігеніміз болмаса, ондай жүйе бізге келген жоқ.

– Әрбір үйде қазып алған құдық болғаны жақсы. Бірақ оның гигиеналық тазалығын ешкім тексермегені анық. Ал бұл бағдарламалар іске қосылса, оны медициналық қызметкерлер тексеріп отырады. Балаларыңыздың денсаулығын ойласаңыздар, осы жүйені әкімшіліктен талап етулеріңіз керек, – дедік біз. 

– Дұрыс айтасыз! Бірақ оны бізге кім орнатып беріп жатыр? Амал жоқ,  құдық қазып алдық. Осы  суды ішеміз, бақша суарамыз.

– Сонда сіздерде аяқсу жоқ па? 

– Су жетеді. Бірақ ауыл ортасында арық қазылмаған. Сырттан келген суды бақшамызға жеткізе алмай отырмыз.

– Әкімшілік неге оны ұйымдастырып, арық қаздырмайды?

– Өзіміз кінәліміз, үй салғанда арықтың орнын қалдырып кетуді ескермедік.

Иә, әрбір үйдің алдында жер учаскесі бар. Егер арық суы келсе, ол учаскеге қаншама дақылдар егуге болады десеңші! Біз Шатырбек ақсақалдың үйіне арнайы барып, оның отбасының жай-күйімен таныстық. Ауласына жеміс ағаштарын егіп тастапты. 12 сотық жері бар екен. Шағын ғана жерге қияр, қызанақ, асқабақ, жусай егіпті. Ал он шақты сотық жері бос жатыр. Су жоқ. Балалары Алматыда жұмыс істейді. Жазғы демалысқа шыққан немерелері келіп, үйдің іші қуаныш-шаттыққа толған. 

– Біздің ауылдың жастарына ауылда жұмыс жоқ. Әрине, егіншілікпен, малмен күнін көріп жатқан отбасылар да бар. Бір жаманы, Мәдениет сарайы болмай тұр. Жастар кешке қайда барып көңіл көтерерін білмейді, – деді ұлы Жандос ренішпен. 

Біз сол күні Референдумға дауыс беріп жатқан ауылдың сайлау учаскесіне келдік. Жамбыл атындағы орта мектептің ішіне кіргенде әкімнің орынбасары Еламан мен мектеп директоры Мақсат есімді азаматтармен сұхбаттасудың сәті түсті. 

– Иә, біздің ауыл әзірге «Ақбұлақ» және «Таза су» бағдарламасының қызығын көрмей тұр, – деді Еламан сұрағымызға жауап беріп. – Жерімізде су 1-1,5 метр жақын жатыр. Сондықтан осы күнге дейін бұл бағдарламаларды пайдалана алмадық. Соңғы жылдары мамандармен ақылдасып, дренаж жасадық. Соның арқасында су төмен түсті. Енді сметалық жоба жасалып жатыр. 2025 жылға дейін жүзеге асып қалар деген үміттеміз. 

Иә, сәл күмәнділеу жауап. Жастардың Мәдениет сарайы жөніндегі шағымдарын жеткіздік.

– Ол рас, ауылда Мәдениет сарайы жоқ. Біз жоғары жаққа айтуын айттық. Өкінішке орай, әлі де нақты жауап жоқ. 

Тағы да бұл проблеманың жуық арада шешілмейтіні анық болды. Мемлекеттік балабақша туралы сөз болғанда, әкімнің орынбасары ауылда екі жекеменшік балабақша барын сөз етті. Енді мемлекеттік балабақша салу жоспарланып, орны дайындалып жатыр екен. Мектеп ескі. Әрі үш ауысыммен оқиды. Бұл мәселе де қолға алынып жатыр дейді Исатай бауырымыз. Жайылым мәселесінде біраз жерлерді қолында құзыры мен байлығы барлар кезінде алып алған. Алайда әзірге одан ауыл тұрғындары таршылық көрмей тұр.

 

Тығырықтан шығар жол бар ма?

 

Жақында Нарынқол, Кеген аудандарында болғанымыз жөнінде өткен нөмірде жазғанбыз. Онда да жол, жайылым, шекара және тағы басқа проблемалар жөнінде сөз еттік. Бір топ ақсақалдармен кездесіп,мынадай көкейкесті мәселені ортаға салдық. Осы жағдайды сіздердің назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік. 

Нарынқол, Кеген – таулы өлкелер. Біздің сүйінгеніміз – күрежолдың екі жағында төрт түлік малдың қарасы көп екендігі. Биыл жаңбырлы болып тұр. Айнала жап-жасыл, шүйгін қалың шөп. Отар-отар қой, үйір-үйір жылқы, табын-табын сиырдан көз сүрінеді. Тіл-көзден сақтасын! Алайда осы төрт түліктің қызығын қазақ көріп жатыр ма? Рас, соғым кезінде малшылар бір жырғап қалады. Ал оның жүнінің, сүтінің, қымызының қызығын көріп, пұлдап жатқан елді көрмедім. Ауылшаруашылық саласында көп жылдар жұмыс істеген, көпті көрген ақсақал – Қасымғазы аға мынадай әңгіме айтты.

– Кеңес өкіметінде жайлауға үлкен қамқорлық жасады. Жазда жайлауға он, жүз  мыңдап төрт түлік мал апарылып, күзде олар қыстауға құлағанда семіздіктен жүре алмаушы еді. Тәуелсіздік алғалы жайлаудың сәні мен мәні кетті. Оған сол кезде жемқорлықтың кесірінен талан-таражға түскен малдың азайып кеткендігі кері әсер етті. Ауыл тұрғындары көпке дейін естерін жия алмады. Тамаша жайлауларымыз біразға дейін құлазып қалды. Соңғы 20 жылдың көлемінде ел малдың мән-маңызына қайта үңіліп, осы саланы дамыта бастады. Мал көбейді. Жайлауға қайта шыға бастадық. Менің де біраз малдарым бар. Жайлауға жыл сайын барып тұрамын. Шүкіршілік етсек те, мынадай көзге ұрып тұрған кемшілікті айтпай кетуге болмас. Бұрынғыдай өз қолымызбен жасайтын аста-төк береке жоқ.Ол уақта қыз-келіншектер, апаларымыз мал күйттеген күйеулерінің жанынан қалмай, жылқысы мен сиырын сауып, қымыз-сүтін, май-құртын жасап, берекені тасытатын.Ал бүгін, өкінішке орай, олай емес.  Қазіргі әйелдердің бірен-сараны болмаса, жайлауға бармайды. Кіл еркектер не істесін? Жайлауға барған сайын осындай сүреңсіз жайларды көріп, қарным ашып қалады. 

– Ол ұмыт болған тамаша дәстүрді қалай жалғастырамыз? – деп сауал қойдық. 

– Ең бастысы ұлттық тәрбиемізді жөндесек. Жасалынатын сондай тағамдарымыздың пайдасын насихаттап, қыз-келіндерімізге ұғындыра алсақ, ол дәстүріміз қайта жандануы мүмкін...

Иә, ағамыздың айтқан уәжі орынды. Ұлттық тағамдарымызды насихаттау аз, бұл дәстүрге мемлекет тарапынан қолдау көрсеткен жөн. Мүмкін арнаулы сиыр фермалар ашып, өнімдерді сатуды кешенді түрде ұйымдастыру керек шығар. Осы жерде ерекше айтып кететін нәрсе – жүн-терінің рәсуа болып жатқаны. Өткізетін орындар жоқтың қасы. Қытайлар ол өнімдерді өте арзанға сатып алады. Сосын одан неше түрлі бұйымдар жасап, өзімізге қымбатқа өткізеді. Не деген масқара жағдай! Әрине, халық малдың байлық көзі екенін ұғынған. Содан да болар, мал көбейді. Енді оған жайылым керек. Осы мәселені тез арада шешпесе, ертең кәсіпкерлеріміз тығырыққа тірелуі мүмкін. Тығырыққа қазірдің өзінде тіреліп тұрмыз. Ал одан шығудың жолы қандай? Әзірге белгісіз...

 

Өз ісіне самарқау қарайтын әкімшілік

 

Патия Халикова есімді оқырманымыз осыдан төрт ай бұрын хабарласқан еді. Басты мәселе дәл үйінің жанындағы ұңғымадан (скважина) үй ішіне, малына, егініне су ала алмай қиналып қалғандары болып тұр еді. Ол зар мен мұң бір күн емес, ондаған жылға созылған. Зарлап қалғандардың саны біршама. Осыған байланысты біз газетімізге «Бір жұтым су бермей зарлатқандар» деген сын материалымызды бергенбіз (24 ақпан 2022ж.). Жазылған жайды тағы бір еске түсіріп көрейікші. Патия-Бәтима Алматы облысы Ұйғыр ауданы Дардалты ауылдық округіндегі Арасан учаскесінде тұрады. Күйеуі Халиков Бахавдун Ауған соғысына қатысқан, 2 топтағы мүгедек, «Бахрам» шаруа қожалығының төрағасы. Отағасы науқас болғандықтан, негізгі барлық жұмыс Бәтиманың мойнында. Екеуінің тағы бір мүгедек баласы бар екен.

Халиковтардың отбасы 1979 жылдан Шонжы-Қалжаттың 51 шақырымында тұрып келеді. Үйлерінің жанындағы ыстық сулы бұлақты шаруашылықтарына пайдаланатын. Жер асты №1598 скважинасының суын бүкіл ауыл адамдары тегін ішіп, қызығын көретін. Скважина ортақ меншікке жататын-ды.

2009 жылы аяқ астынан осы ұңғымаға Алматы қаласының тұрғыны Тұрсынғали Қасымжанов деген адам қожайын болып шыға келеді. Басқа-басқа, тіптен ұңғыманың төңірегінде тұрғандардың рұқсатынсыз жер туралы құжатты жасап алған. Тіпті куәлікке өзінің екі жақын адамын тартыпты (хаттамада есімдері бар). Аудан әкімшілігі және басқа мемлекеттік заңды орындар қаулыға қол қойып, осы жер учаскесін 49 жылға уақытша жалға пайдалануға болады деп, Т.Қасымжановқа құжат жасалған. 8 сотық жерді иеленген ол, суды пайдалануда өзінің заңын жүргізе бастайды. Бұрын ұңғыма суын еркін пайдаланып отырғандарға енді 30 мыңнан 80 мың теңгеге дейін төлемақы белгілейді. Әйтпесе су берілмейді. Ал төлемегендерге түбіртек таратылмайды. Су қожайынының бұл әрекеті ҚР Су кодексінің 3-тарау 8-бабында айтылғанына қарама-қарсы, яғни заңды белінен басты.

2014 жылы Т.Қ.Қасымжанов бұл жер учаскесін жекеменшігіне аударып алады. Сөйтіп, сол кездері ұңғымасымен қосып, Алматы қаласының тұрғыны Мангутов Рафатқа сатады. Әрине, ол да Қасымжановтың саясатын жалғастырады. Жаңа қожайын  Р.Б.Мангутов бұл жерге ешқашан келген емес. Ол Түркіменстанның азаматы Алиджанов Хайдаржанға сенімхат береді. Енді суға осы шетелдің азаматы үстемдік етеді. Міне, осындай заңсыз әрекеттер Бәтиманың арқасына аяздай батады.

2017 жылы Ұйғыр ауданы әкімшілігінің өзі Мангутовты сотқа берді. Адвокаты келді. Үш рет болған сот отырысына Мангутовтың өзі келмеді. Ол келмеген соң, сот нақты шешім шығарған жоқ. Содан соң аудан әкімшілігі тағы да Мангутовты облыстық экономикалық сотқа береді. Тағы да екінші тараптан ешкім келмеді. Үш рет болған сот отырысына екінші тараптан ешкім келмеген соң, онлайн сот шешім шығармады.

– Бармаған, шағымданбаған жеріміз жоқ десе де болады. Ұлттық экономика министрлігіне де хат жаздық. Өткен жылы 5 желтоқсанда осы министрліктегі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің бастығы Арман Сағымбековтың өзі келіп, жасалып жатқан әділетсіздікке таң қалды. «Бәрі шешіледі!» – деп кеткен. Әлі хабар жоқ. Алматы облысының бұрынғы әкімі А.Баталовқа да кірдік. Оның бізді жақтап, әділдікті орнатқан ресми хаты, мінеки! Өкінішке орай, бір аптадан соң Баталов орнынан алынды. Оның хаты күшін жойды. Содан соң Баталовтың орнына келген облыс әкімі Қ.Бозымбаевтың қабылдауында болдық. Облыстық «Жетісу» арнасы тікелей телекөпір жасап түсірді. Әкім біздің жағдайымызбен танысқан соң, сол жерде «бізге су берілсін!» деген үкімін айтты. Әзірге одан да қайыр болмай тұр. Ресми хатымызды әкімнің орынбасары алып қалған. Одан кейін Ұйғыр ауданының әкіміне кірдім. Ол әлі бір шешімге келмей отыр. Содан облыстық мәслихаттың депутаты Ақжолтаева Әлияға бардым. Ол мұнда өзі арнайы комиссиямен келіп, танысып тексерді. Әділдік біздің жақта екенін зерттеген соң, суды қосатын болды. Қуандық. Бірақ әлі де одан нәтиже жоқ. Монополияға қарсы комитеттен де басқа құзырлы органдарда хаттарым жатыр. Мен әбден шаршадым. Денсаулығым нашарлады. Әсіресе мүгедек күйеуімнің жағдайы одан сайын нашарлап, орнынан тұрмай қалды. Көмектесіңіздерші бізге! Қазір де бізде су жоқ. Сусыз өмір қандай болатынын жақсы білесіздер ғой, – дейді ашынған Бәтима. 

Министрлікке, облыс, аудан әкімшілігіне, сотқа бағынбайтын бұл не деген мықты адам?! «Кәсіпкерлікке жағдай жасалынып жатыр» деген жалған ақпар болғаны ма сонда? Бір жұтым суға зар қылып қойған адам неге жазаланбайды? Әлде осының бәрі,  Бәтима айтпақшы, қойылып жатқан жасанды спектакль ме? Депутат та, әкім де, сот та, тіптен біз де аң-таңбыз. Қазір Президентіміз «Жаңа Қазақстан» құрамыз деп жар салып, барлық жерде әділдіктің салтанат құруына пәрмен беруде. Қайда сол орындалып жатқан заң? Әлде бәрі тек сөз жүзінде қалмақ па? Бәтима сияқты жазықсыз қарапайым ананы әуре-сарсаңға салып, зар илетіп, жылатып қойғандарға ешкімнің шамасы жетпейтіндей не құдірет бар? Бұл мәселенің шешімі табылатын күн туа ма өзі? Сұрақ көп... Айтпақшы, Алматы облысының әкімшілігіне ресми хат жіберген едік. Осыған байланысты «мәселені қарап жатырмыз» деген жауап келген. Одан бері төрт ай өтіп кетті. Үнсіз... сонда төрт айдан бері дұрыс жауап қатпаған, өз ісіне самарқау қарайтын әкімшілікке не айтуға болады? Оларға шырылдаған халықтың үні естілмей ме?  Осы іске қатысы бар жандар мен тиісті орындар тез арада өздерінің жауаптарын беріп, нүктесін қояр деп әлі де үміттенеміз...

Ертай Айғалиұлы, Шаргүл Қасымханқызы, Алматы облысы
09.06.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 78
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 600
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 717
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 629
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 639

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8776
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8176
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11405
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9159
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10390