Бұл мереке бізге қажет пе?

Бұл мереке бізге қажет пе?

Ұлы Отан соғысы деп аталып жүрген соғыста қанша қазақ бостан-босқа мерт болды, қаншасы өмірлік жарымжан боп оралды, қаншасы ақыл-есінен айырылды, қаншасы еріксіз тұтқан болды, тұтқыннан босап келген қаншасы сотталды... Бұл арада бұрын мың мәрте жазылған цифрларды қайталап жатудың қажеті шамалы. Бір сөзбен айтқанда, қазақ ұлт ретінде бұл соғыста адам айтқысыз алапат шығынға ұшырады. Оның алдындағы жаппай ашаршылық, қанды репрессиядан соң іле-шала жығылған үстіне жұдырық боп тиді бұл соғыс. 

 

Соғысқа қатысқан мен танитын шалдар айтатын: «Біз шыбын жанымыз үшін амалсыз соғыстық», – деп. Ал отан үшін деп отқа түскендерді большевиктік насихатқа уланған ұрпақ демеске шара жоқ. Әйтпесе Кремльдің озбырлығын қазіргі бізден гөрі сол әке-аталарымыз көп көріп еді ғой. Алайда соғысқа барудан ашық бас тарта алмаса да, жолын тауып сытылып кеткендер да болған. Олар бұл соғыс қазақтың соғысы емесін түсіне алғандар. Өкініштісі оларды кейінгі кезге дейін кінәлап келді.   

Соғысқа қазақтың, өзбектің, қырғыздың және т.б. түркі елдерінің қатысқанына тәуелсіз Түркия жұрты кезінде қатты қынжылыс білдірген дейді. Сол сияқты қазіргі ресейлік қазақ жігіттерінің көрсоқырлықпен орысқа жақтасып, Украинаға қарсы соғысқа сұранып жатқанына Тәуелсіз елдің көзқарасымен біз де өкініш білдіреміз. Тіпті қазақ тұрғай, Ресей құрамындағы татарлар мен башқұрттарға, басқа да түркі жұрттарына деген көзқарасымыз сондай. Олар үшін Украинаға қарсы соғысудың түк қажеті жоғын жақсы түсінеміз. Бұл соғыстан түркі тектестердің табатыны тек ажал оғы екені Тәуелсіз қазақ жұртына айтпаса да белгілі.

Біздің әке-аталарымыз да соғысқа еріксіз алынды. Соғысуға мәжбүр болды. Менің әкемнің ағасы – Қиуадолла (Қиуаш) танкімен соғысқа кірген. Ленинград қаршауында қалған. Одан аман шығып, Берлинге дейінгі қиын-қыстау жолды жүріп өткен. Бірнеше рет жараланса да, елге аман оралған. Бірақ соғыс салған зардаптан 1946 жылы ауруханада көз жұмыпты. Отбасын құрып үлгермеді. Ұрпақ сүймеді. Сонда кім үшін соғысты? Кім үшін өлді? Бұл сұраққа не деп жауап беруге болады? Айналып келгенде Ресей үшін соғысып, Ресей үшін жанын қиған болып шығады. Басқа жауап жоқ.

Соғыстан тірі келгендер де, соғыс зардабын өле-өлгенше тартып өтті. Елдегі әжелеріміз бен шешелеріміз де қасірет шекті. Сол соғыс салған ылаңды бүткіл қазақ ұлты қазірге дейін сезінеді.

Сондықтан мамырдың 9-ындағы жеңіс қазақтың жеңісі емес. Бұл Ресейдің жеңісі. Қазақтың жеңілісі. Бұл күн тойланатын күн емес, соғысқа қатысқан аталарымыздың қиыншылық өмірін еске алатын, олардың аруақтарына арнап дұға оқитын күн.

Ендеше  Отан қорғаушы күніне арналған әскери шеруді өмір бойы қазақты қанға бөктіріп келе жатқан Ресейдің жеңісіне арнаудың  жөні жоқ. 

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ

 

09.05.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 6696
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 6824
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 21809
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 20419
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 23911