Бұқараны тұралатқан банктер

Бұқараны тұралатқан банктер

Алдында 16 млн адам кіріптар 

«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» деген рас-ау. Нарық қыспағындағы халықтың жағдайы күн өткен сайын ауырлап бара жатқаны сөзімізге дәлел. Қымбатшылық дейтін азынаған суық жел бұқараның екі бүйірінен қысып, бір жағынан ипотека мен несие алқымнан алып, тынысы тарылып тұр. Етек-жеңді жинайтын кез әлдеқашан келсе-дағы, бұған әзірге қазақ билігі назар аударар емес. Тарихқа көз салсақ, «бұрқ ете қалатын» бүліктер мен «бүлкілдеп қайнайтын» шерулердің қақтығысқа апаруына әлеуметтік мәселе түрткі болған... Қандаладай шаққан қанаушы топтың бассыздығы – елдегі тұрақсыздықтың белең алуына апарып соққан оқиғалар жетерлік. Осыдан сабақ алу – ел басқарып отырған азаматтарға сын еді!  «Әттең, тонның   келтесі-ай!» демеске шара жоқ.

Бұлтартпас фактіге жүгінейік, күні кеше ғана ақпарат таратылды. Несие тарихының деректеріне сәйкес 3 миллион қазақстандық банктерге ғана қарыз емес екен. 3 миллион!  Демек елдегі 19 миллион халықтың 16 миллионы – банк алдында кіріптар. Белшеден қарыз. Ал несие беруші банктердің пайызы адам шошырлық. Бұл дегеніңіз осыншама халықтың жағдайы төмен, тек ішіп-жегенге ғана «мәз» деген сөз ғой. Мұндай халық қалай ашынбайды, қалай шамырқанбайды?!  Шерхан ағамыз айтқандай «Шылқыған байлықтың үстінде  тыр-жалаңаш отырса...».

Закатывание банков | Анекдоты, приколы, веселые истории, курьезы, смешные  фотографии, карикатуры - добавить статью

Адам болғасын маңайын бағдарлап, өзгелердің тұрмыс-тіршілігін бағалап,  жақсыға тамсанып, жаманнан жиреніп отыру өмір талабы. 30 жыл бойы аттандап, кеуде керіп мақтансақ та, көштен қалып қойыппыз. Қалғанда да тұралап қалыппыз. Есімізді жиып, еңсемізді тіктеп қарайықшы: банк секторындағы дамыған елдердегі жағдай мүлдем басқаша. Олар базалық пайыздық мөлшерлемені төмендетуге тырысып, жеңілдетілген несие саясатын ұстайды екен. Мысалы АҚШ-та доллардың кілтті пайыздық мөлшерлемесі 0,25% болса, Еуропа елдерінде де еуроның кілтті пайыздық мөлшерлемесі сол деңгейде сақталған. Бұл үдерістен Жапония да қалыс қалмаған. Базалық пайыздық мөлшерлемесі төмен елдерде алған несиенің үстінен қосып төлейтін пайызы да төмен болып шықты. Мысалы 2-3% көлемінде бекітіледі. Бұған жылдық инфляция деп қарайды, сөйтіп несие алу халыққа артық салмақ салмайды. Төмен пайыз болғандықтан бастапқыда алған қаражатын шетінен «бөліп төлейді». Мұндай жағдайда дамушы елдерде халықтың төлем қабілеті «төмен» тобымен күрес жүргізудің қажеті жоқ.

Ал біздегі екінші деңгейлі банктер ұсынған несиенің пайыздық мөлшерлемесі тым жоғары болғандықтан әуелде алған қарыздың үстіне екі есе қосып төлеуге тура келеді. Мысалы банктердегі кепілсіз тұтынушылық несиенің ең төменгі жылдық пайыздық мөлшерлемесі – 8,3%, орташасы – 15,7%, ең көбі – 25%. Ең төменгі пайызды көптеген банктер ұсына бермейтінін айта кеткен жөн.

 

Халық үстеме пайыздан ес жия алар емес

Обалы қане, кезінде депутаттар несие ставкаларын 7-8 пайызға дейін төмендету туралы үндеу жасағанын білеміз. Бірақ Үкімет «Депутаттың өзі не, сөзі не» деді ме, құлағына да қыстырған жоқ.  

Еліміздегі банктердің пайызының «асқақтығы» сондай, бірінен бірі өтеді. Өзі  тойса да, көзі тоймайтын мешкейді көз алдыңызға әкеледі. Жасыратын түгі де жоқ,  қарапайым халықтың қаражаттан қысылған уақытта барар жері – банк бөлімшесі. «Ағайын-туғаннан қарыз сұрап, қарым-қатынасты құртқанша, мемлекетке қарыз болайын» дейді ғой, қайтсін енді?! Қазір тіптен ұялы телефон арқылы да несиені рәсімдеуге жеңілдік бар. Бірақ банктен белшеден батып қарыз алуға құмар ағайынның көпшілігінің аса мән бермейтіні – пайызы. Жарнамадағы жылына 8 %-дан дегенге алданып, соңынан пайыздық мөлшерлемесі 30-ға жақындағанын білмей қалып жатады. Бұл да банктердің қаржылық сауаты төмен халықты алдап-арбауы! Теспей соруы. Бірақ оларға әзірге «Әй, дейтін Үкімет, қой дейтін билік» болмай отырғаны өкінішті. Біздің көкейдегі сауал: «Бұл енді қаншаға созыла бермек?!».

Как банк "Авангард" наживается на должниках. Я поймала мошенников за руку.  | Елена Гор | Яндекс Дзен

 

Сонымен біздің елде несиені арзандатуға не кедергі? 

«Еуропалық елдер сияқты несиені арзан пайызбен беру үшін инфляцияның деңгейі төмен болуы керек. Өткен жылы бізде инфляция 17%-ға жетті. 

Ал биыл 8,5% болады деп жатыр. Қанша пайыз инфляция болса, сонша пайыз қаржы құнсызданады. Сондықтан да біз инфляцияға байланысты дамыған мемлекеттер тәрізді арзан пайызбен несие бере алмаймыз. Шетел сияқты болу үшін біздің экономикамыздың құрылымы да солар сияқты болуы керек. Яғни шикізат үлесі жалпы ішкі өнімнен төмен болуы тиіс. Бесінші және алтыншы деңгейлі өңдейтін немесе терең өңдейтін тауарлар көп болуы қажет. Арзан несие беру осы сияқты көптеген мәселе шешілгенде ғана мүмкін болады. Сондықтан бұл мәселені әкімшілік әдіспен шешуге болмайды деп есептеймін. Бұл бүгінгі таңда болып жатқан қаржы экономикалық жағдайға сәйкес болып жатқан үрдіс», – дейді экономист Бауыржан Исабеков.

 

Халық пен биліктің алшақтығына олар да кінәлі

Еліміздің экономикалық әлеуеті артып, бай-қуатты болуы үшін несие саясатын сауатты шеше білу маңызды. Бір қызығы осы саясатты жүргізуі тиіс Ұлттық банктің өзі несиені 12%-бен беріп отыр. Ал екінші деңгейлі банктерді бақылап отырған құрылым жоқ. Құрылым болса да бей-жай қарап отыр. Олар ойларына келгенді жасауға бейім.

«Біреудің жоғын біреу ән айтып жүріп іздейді», «Жаны ашымастың жанында басың ауырмасын» деген осы шығар бәлкім. Әйтпесе екінші дейгейлі банктер «көздері қызарып», өз халқына  50, тіпті 100%-бен несие бермес еді ғой! Бұл енді дамыған елдер үшін ойлауға қорқынышты дүние...

Міне, бұдан кейін  халық қана емес, ел экономикасына күш беретін шағын және орта кәсіпкерлік қалайша дамымақ? Ел еңсесін қалай түземек? Банк жүйесі – нарықтық экономиканың маңызды және ажырамас бөлігі. Оны ешкім жоққа шығармайды.  Тек банктер өздерін ғана ойламай, халыққа да жанашыр болғаны тұрақтылық кепілі болмақ. Әйтпесе халық пен биліктің алшақтағаны – алшақтаған!

«Moody’s Investors Service» агенттігінің хабарлауынша, 6 жыл ішінде Ұлттық банк Қазақстандағы банктер санын 34%-ға қысқартқан. Қазір елімізде 22 банк жұмыс істейді. (Мұны да көп дейді мамандар),  оның 14-і – шетелдік банктердің қатысуымен. 

Шынын айту керек, біздің банктердің көпшілігінде әлі күнге корпоративтік мәдениет жоқ. Оның болмауы қызмет сапасының төмендеуіне тікелей әсер етіп жатыр. Мамандардың пікіріне құлақ салсақ «бұдан былай банктердің «басынан сипай берудің» қажеті жоқ. Зейнетақы қорынан да, Ұлттық қордан да ақша алатын банктер халықтың емес, өздерінің жағдайын жасап әуре. Одан бөлек азаматтардың салымы бар. Соны несие етіп таратып береді. Ал несиенің пайызын айттық, тым жоғары. Олардың әрқашан пайдасы түгел. Сондықтан онсыз да жағдайы жақсы банк секторын одан сайын мәпелеп, аялау енді артық. Мейлі, саны 15-ке дейін, 10-ға дейін азайсын. Бұл халықты еш алаңдатпауы тиіс.

Негізі банктер мемлекеттен есепсіз қаржы алып «сауыққасын», елдің де әлеуметтік жағдайы дұрысталып «сауығуына» донор болуы керек еді. Тек өздерін ғана ойлайтын банктерден, берілген қаржылардың қайда кетіп жатқанын сұрайтын тірі пенде болмай тұрғаны өкінішті.

 

 

Банктердің қожайындары кімдер?

Әлде күштінің құйрығы диірмен тартады деген рас па? Бұдан бірнеше жыл бұрын  «Қазкоммерцбанк» пен «Халық банк» бірікпей тұрғанда  «Қазкоммерцбанктің» иесі  – Қазақстандағы ең бай елу адамның алғашқы 7-лігінің тізімінде тұрған Кеңес Рақышев болатын. Ол басқарған банк көш басында еді.

«Казкомның» 71,28% акциясы Кеңес Рақышевқа, яғни Иманғали Тасмағамбетовтің күйеу баласына тиісілі деген ақпараттың желдей ескені де ел есінде. 

Екінші орында – «Қазақстан халық банкі» тұрды. Бұл банк қаржылық активтері бойынша екінші орында тұрғанымен, ел тұтынушыларын қамту көрсеткіші бойынша көш бастаған. Сол уақытта олардың қаржылай активтері 1,4 триллион теңгені құрағаны «сүйіншіленіп» жатты. Ірі қаржы институтының 73,4% акциясы Динара және Тимур Құлыбаевтардың меншігі саналатын «АЛМЭКС» холдингтік тобына тиесілі екені де ашық айтылған.

Үшінші орында – «Цеснабанк» тұрды. Бұл қаржылық институттың негізгі иесі – Президент әкімшілігінің жетекшісі, Қорғаныс министрі,  Астана әкімі т.б. толып жатқан қызметтерді атқарған Әділбек Жақсыбековтың отбасы болатын. Бұлар да шіріген байлардың санатында.

Бұлардан кейін «Банк ЦентрКредит» «аспандады». Банктің 41,93% Оңтүстік Кореяның «Kookmin Bank», 10%-ы – Халықаралық Қаржы Корпорациясына тиесілі және 25,6%-ы қазақстандық олигарх (ең бай 50 бизнесменнің ішінде тізімде 13-ші) Бақытбек Байсейітовтің меншігі болатын.

«Kaspi Bank» те осы кезеңде дәуірледі. Қайта құрылымданған банк «Kaspi» Акционерлік қоғамы деп аталды. Банктің иелері – «Baring Vostok Funds» – 42,77% акциямен, қазақстандық олигарх Вячеслав Ким (еліміздегі ең бай 50 бизнесменнің ішінде 24-ші) – 28,89%, Қайрат Сатыбалдыұлы – 8,94%, Михаил Ломтадзе – 8,94%, Goldman Sachs – 2.47%, ал басқа акционерлердің үлесі – 7,99%. «АТФБанк» ел есінен шыға қоймаған болар. Бұл банктің негізгі акционері – саяси аренаға кеңінен танымал Ахметжан Есімовтың күйеу баласы – Ғалымжан Есенов (еліміздегі ең бай 50 бизнесменнің ішінде 18-ші). Есеновтың үлесі – 99,78%. 

Сол жылдары «ForteBank» «Альянс Банкке», «Темірбанк» пен «ForteBank» қосылып, жаңа банк «ForteBank» деп атала бастады. Бұл банктің негізгі иесі – олигарх, Қазақстандағы №1 ең бай бизнесмен Болат Өтемұратов еді. «Евразийский банк».  Бұл банктің 100% акциясы белгілі үштік – Машкевич, Шадиев және Ибрагимовтің меншігі болып табылатын «Евразийская финансовая компания» Акционерлік қоғамына тиесілі екені ашық дерек көздерде тұр.

Дана бабаларымыздың «Бай – байға, сай – сайға құяды» дегенін уақыт дәлелдеді. Заман әйгіледі. Осыдан-ақ халықтың тағдыры  кездейсоқ байыған, тұңғыш президенттің «шапағатын» көрген,  туған-туыстары  иеленген  – банктерге «байланып» тұр...

Банки Казахстана: лучшее мобильное приложение iOS по версии  юзабилити-рейтинга USABILITYLAB | USABILITYLAB г.Москва

Айтпақшы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылы Ұлттық банк төрағасымен кездескенде шындықтың бетін өзі ашты. Өзі тәрбиелеген бай-шонжарлардың әрекетінің шектен шыққанына өзі де төзбесе керек. «3 трлн теңгеден астам қаржы бөліп, мемлекет банк жүйесіне үлкен көмек жасады. Сол уақытта банктер берген несие көлемі 12,7 трлн теңге болды. Жұмыс істемей тұрған несие үлесі 10%-ды құрады. Биыл банктерді сауықтыру бағдарламасы аяқталды. Ол банктердің акционерлері тиімсіз басқарып, қарызды өсіріп алған, нәтижесінде салымшылар алдындағы өз міндеттемелерін орындай алмай қалды» деп шегелеп еді... Қайтсін енді ар алдында шыдай алмаған да...

 

 

Дамыған елдерде  несие  2-3%, ал бізде...

Биылғы 9 айдың қорытындысында сектордың таза табысы 924,9 млрд теңге болыпты. Экономист Мақсат Сералының пікірінше, 19 миллион халқы бар Қазақстан үшін қазір елде екінші деңгейлі банк саны көп. Ол нарықта бәсекеге қабілетті банктер ғана қалуы керек, соның ішіне мемлекетпен қамтамасыз етілген банктер қалуы қажет, – деп есептейді. Экономистің айтуынша, қазір банктер онлайн банкингке көшіп жатыр. Бұл тенденцияға ілесе алмағандар әлі де қысқара бермек. Қазақстанда 2017 жылдан бері лицензиясынан айырылған банктер тізбегі мыналар: «AsiaCredit Bank» АҚ, «Tengri Bank», «Астана банкі» АҚ, «Эксимбанк Қазақстан»АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «Delta Bank» АҚ, т.б. 

Банк саласындағы сарапшылардың жанайқайына құлақ түрсек, елге берілген, кәсіпкерлерге берілген несиелердің 1/3 бөлігі қайтпай отырған көрінеді.  Халықты несиемен «тұтқындап», «бұғаулап» қойған банктердің өздері кінәлі бәріне. Несиелік тарихын біле отырып, бірнеше банкке қарыз екенін көре отырып неге қарыз береді? Демек, мақсаттары басқа, ойлары бөтен.  Несие «торына түскен» елге ғана обал. Жалақы төмен болса, кірісі аз болса байғұс халық не істемек?  Амал жоқ банкке барады. Ар жағы белгілі... Ал кәсіпкерлік саладағы несиелердің қайтпауына жемқорлықтың салдары тиіп жатыр. Сосын әу бастан-ақ несиені қайтарылмайтындай етіп беріп тастаған... Бұл енді ұзақ әңгіме... Біздің зерттеп, саралауымызға қарағанда ұлттық банк ұтымды саясат жүргізіп отырған жоқ. Шетелдік банктердің елге келіп жұмыс істеуіне түрлі кедергілер жасап отыр. Әйтпесе Ұлттық банк шетелден 2-3%-бен алып келген несиені екінші деңгейлі банкке неге арзан пайызбен бермейді? Егер қаржы ұйымдары бас банктен арзан несие алса, оны 5, әрі кетсе 10%-бен халыққа беруге міндетті болар еді. 

Осы саланың маманы Бауыржан Исабековтің айтуынша Ұлттық банк екінші деңгейлі банкке «несиені 5-10%-бен бер» деп талап қоя алмайды. Себебі өзі қымбат беріп отыр». 

Карикатура «Жена профессора», Виктор Богданов. В своей авторской подборке.  Карикатуры, комиксы, шаржи

Алайда әріптесінің бұл сөзіне экономист, саясаткер Жангелді Шымшықов келіспейді. «Шетелде кәсіпкерге әрі кетсе 2-3%-бен несие беріледі. Егер біздің банктер осы мөлшерде несие беретін болса, онда біздің экономикамыз көтерілетін еді. АҚШ-тың федералды резерв жүйесі банктерге 0,20%-бен несие береді. Ал біздің ұлттық банктің қаржы ұйымдарына беретін мөлшері 12%-бен болып отыр. Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерден талап етпес бұрын өзінің пайыздық мөлшерін түсіріп алсын. Таяуда ғана бұл банк: «Біз несиені 0,5%-ға түсірдік» деп жарияға жар салды. Бұл ұят емес пе? Егер ұлттық банк 0,25%-бен екінші деңгейлі банкке несие беріп, «оны халыққа пайызбен бер» деп талап қойса, одан ешкім ұтылмас еді. Алайда 12%-бен алған несиесін банк басшылары қалайша 20%-дан төмен мөлшерде бере алады», – дейді ол.

 

Мемлекет оларға көмектесуді үзілді-кесілді тоқтатсын!

Сөз соңында айтарымыз, тәуелсіздік алған кезеңде елімізде банк дегеніңіз жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап шыға келді. Өйткені бұл ақша жасаудың ең жеңіл жолы болатын. Зауыттағыдай өндірісті жүргізіп, тауарды өткізіп, жұмысшыларына айлық тауып берудің қажеті жоқ. Дайын ақшаны 2-3%-бен алып, халыққа 20-30% үстемемен несие таратып, «банктік комиссия» деп аталған түрлі қитұрқыларын қосақтап үстінен мол пайда табу қолайлы болды оларға. Олар деп отырғанымыз негізінен сол жекешелендіруде оза шапқандар, халықтың жылдар бойы жинаған байлығын басып қалғандар. Өйткені банк ашатындай қарапайым адамда бір тиын жоқ, жеңіл жолмен капитал жинап үлгергендер өз байлығын осылайша үстемек болды. Ал көк тиынсыз қалған қарапайым халыққа бұл көктен жауған тегін теңгедей көрініп, жаппай несие алуды бастады. Үстеме пайызы тым жоғары болса да, олардың басқа амалы да жоқ еді. «Кедейдің бір тойғаны жарты байығаны» деген тәмсіл осындайда ойға оралады.

Қаржы саясатын дұрыс жүргізбеген банктер артық қыламыз деп тыртық қылғанын, тойымсыздықтың түбі жақсылыққа жеткізбейтінін білетін уақыт болды. Соншама жоғары пайызбен несие берудің соңы өздерін әлсіретті. Халықтың төлем күшімен санаспады. Өйткені жеке ғана емес, заңды тұлғалар да қарыздарын қайтара алмай банктер тақырға отырды. Оларды сауықтыру үшін Үкімет бірнеше рет қазынадан қомақты қаржы бөлгенін жоғарыда айттық. Не үшін? Олар өз пайдаларын ойлаған жекеменшік мекемелер емес пе?

Бұл жерде құйтырқы әрекеттер жатыр. «Ұлттық қордан», ел қазынасынан ақшаны алып шығудың түрлі айла-шарғысы да болуы мүмкін. Әрине ондай қадамға жай адамдар бара алмайды. Жоғарыда аттарын атаған, түрлерін түстеген банк  иелерінің ықпалы зор. Халықты қанап, өздері бабы келіскен аттай жарап жүрулері осының айғағы! Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, қазынадан ақшаны 3%-бен алып, халыққа кем дегенде 15%-бен тарату ақылға сия ма? Елді ойлаған, жерді ойлаған, халықтың арқасында байығандар, ар-ұяттан жұрдай. Бүгінде олар «Ел басына күн туғанда» шетелге артынып-тартынып қашып жатыр. 

Қазақ билігі елдегі тұрақтылықты сақтағысы келсе, халықтың әл-ауқатын көтеруді ойласа несиеге қосылатын пайызды екі есе төмендетуі тиіс. Егер олай етпесе онсыз да тұрмысы төмен халықты тонау жалғаса бермек. Одан кімнің ұтары, кімнің ұтылары белгілі.

Жоғарыда айтқан олигархтар басқарып отырған банктер пайыздық үстемені көтеру жағынан өзара бәсекеге түсіп тұрғындарымызды тұйыққа тіреуін қояр емес. Төлемді уақытында өтемегендерге аяусыз айыппұл салып, жаналғыштан бетер қыспаққа алады. Коллектор дегендерді жіберіп, ипотекалық несиеге алған жалғыз баспанасынан адамдарды бала-шағасымен қоса далаға сүйреп шығарып тастаған кездер де болды. Банк алдындағы борышын өтей алмағандар өз-өздеріне қол жұмсауға дейін жетті. Бірі жетінші қабаттан секіріп мерт болса, енді біреулер асылып өлгені туралы жайсыз жаңалықтарды БАҚ мен телеарналар жарыса көрсетіп келеді. Несиенің үстеме пайызын төмендетеді деп босқа үміттеніппіз, ол тіпті де мүмкін емес екен. Өйткені сол банктердің иелерінің басым бөлігі халықтың әл-ауқатын жақсартады деп сенім артқан жоғары жақта отыр емес пе? Олар мол пайда түсіріп тұрған бизнесін қалай тұншықтырмақ, былайша айтқанда өз қолын өзі  қалай кесіп тастамақ?! Айтпақшы мемлекеттік қызметте жоғары лауазымда отырғандар банкті туыстарына немесе сенімді адамдарының атынан ашып, өздері судан таза, сүттен ақ болып қала берді, әлі де солай болып отыр. 

P.S: Зерттеп саралап қарасақ,  әлемдегі ең қымбат несие пайызы бізде екен. Сонда Қазақстанда бірыңғай миллионерлер тұра ма? Әрине, жоқ. Олай болса экономиканың күре тамыры саналатын біздегі қаржы саласына түбегейлі оң өзгерістерді шұғыл енгізу қажет.  «Жаңа Қазақстанның» банктері де жаңаша құрылуы тиіс. Егер «баяғы жартас – бір жартас» болып, банктер өзгерісті қаламаса, халықты ойламаса, ондайлардың барынан жоғы. Жалпы банктер құрылысына да түбегейлі өзгеріс, реформа қажет. Онсыз экономикамызды дамытып, тұрғындарымыздың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын түзей алмаймыз.

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК
10.02.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 39
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 105
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 32
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 39
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 46
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 38
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 102
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 105
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 299
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 293
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 915

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8989
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8384
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11609
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9367
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10593