Ақтөбе облысында 722,3 мың га алқапта көктемгі далалық жұмыстары жүргізілді. Жергілікті диқандар 375,0 мың га жерге дәнді дақылдар, 85,2 мың га жерге майлы дақылдар, 250,0 мың га мал азығы дақылдарын, 6,4 мың га жерге картоп және 5,7 мың га көкөніс бақша дақылдарын екті.
– Егістіктердің негізгі үлесі жылдағыдай облыстың 4 ауданына – Әйтеке би, Қарғалы, Мәртөк, Хромтау аудандарына тиесілі. Сонымен қатар биыл 177 мың гектар жерге – сүр және 88,1 мың гектарға сүдігер дайындалды, – дейді Ақтөбе облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Әбтиев.
Облыстағы белгілі шаруашылықтардың бірі Әйтеке би ауданындағы «Құмқұдық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бидай мен малазықтық дақылдардың әртүрлі сорттары өсіріледі. ЖШС директоры Александр Чемодановтың айтуынша, қатты бидай элитасының тұқымы Орынбор облысынан, жұмсағы Саратов облысынан әкелінген. Тәжірибелік алқаптарға күнбағыстың жеті сорты, сынақ режимінде қызыл дәнді бидайдың «Айна» және «Павлодарка» сорттары, үлкен алқапқа «Саратовская-55» және «Саратовская-70» ақ дәнді бидай сорттары егілген.
– Егіс жұмыстарын аяқтадық. Дегенмен жаңбырдың аздап жұмысты баяулатқаны рас. 20 мың гектардан астам жерге дән түсті. Негізгі дәнді дақылдар – 8 мың гектарға жуық бидай егілді. Сонымен бірге күнбағыс – 3700, мақсары – 4000, сүрлемдік жүгері – 384, құмай – 800-ге жуық және судан шөбі 1200 гектарға егілді, – дейді серіктестік директоры.
Облыс бойынша көктемгі далалық жұмыстарын жүргізуге 1,5 мың трактор, 112 егіс кешені, 1,4 мың тұқым сепкіштер мен 1,4 мың жер өңдейтін техникалар жұмылдырылған. Осы мақсатта Ауыл шаруашылығы министрлігінен қажетті 9,6 мың тонна дизель бөлінді.
– Дизель отынын шаруашылықтарға жіберуші оператор ретінде «Батыс Жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі белгіленді. Шаруашылықтарға дизель отынын жіберу бағасы нарықтағы бағадан 25%-ға дейін арзан (1 литріне – 184 теңге). Бөлінген дизель отыны көлемі көктемгі далалық жұмыстарын жүргізуді толықтай қамтамасыз етті, – дейді
А.Әбтиев.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы көктемгі далалық жұмыстарын жүргізу үшін 1,2 млрд теңге сомасында жеңілдетілген несие бөлген. Сонымен бірге қосымша қаражат бөлу қажеттілігі бойынша мәселелер де оңтайлы шешілген.
«Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының көктемгі-далалық жұмыстарды жүргізуге «Кең дала» және «Агробизнес» бағдарламалары бойынша ауылшаруашылығы құрылымдарына 3,1 млрд теңге несие берілген.
– Бұдан қоса өсімдікшаруашылығы саласын субсидиялауға 1,3 миллиард теңге бөлінді. Олар тұқым шаруашылығын дамытуға, минералды тыңайтқыштардың құнын, пестицидтердің құнын арзандату, суармалы судың құнын арзандату бағыттары бойынша берілді. Қазіргі уақытта ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілерге субсидия төлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – дейді Ақтөбе облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Әбтиев.